(араб. әджал – белгіленген уақыт, мөлшерлі мерзім) –адамға фәни дүниедегі белгіленіп берілген мөлшерлі мерзімнің, аяқталуын білдіретін діни-теологиялық ұғым. А. ұғымының түпнегізі Құран Кәрімде (3:145), Алла Тағаланың құдіретімен белгіленіп қойылған деген түсінікті береді. А. – Шәкәрім шығарм–дағы кездесетін тірек ұғымдардың бірі. «Мұсылмандық шарты» еңбегінің «Ажал туралы» бөлімінде А. ұғымын таратып айтады. Осы еңбегінде, Құран Кәрімнен және Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтіріп, мол түсіндіріп келеді де, өз ойын: «шайх Сағди айтқан: «Кісі ажалсыз өлмейді, Өйтсе де ажалсыз өлмеймін деп айдаһардың аузына кірме деген» деп түйіндейді. Шәкәрім өзінің көркем философиясында А. ұғымына кең өріс береді. Поэзиялық шығармаларының шарықтау шегінде, шешімді сәттерінде А. ұғымын Алла Тағала, асық (ғашық), тағдыр, сөз құдіреті т.б. ұғымдармен астастыра береді. «Қалқаман–Мамыр» поэмасында «Қош, Баба бата бер! – деп түрегелді, «–А, құдай, сақтай көр! – деп бата берді. Жөнелді күрең атпен сырылдатып, А–ға көпе–көрнеу байлап белді» және «Ат қойды құдайлап көп бозбала, А–дан қақты ғой деп хақ тағала» деген жолдарда А–ды екі рет атап, оның алғашқысында Көкенай шешімінің әділетсіздігіне тәуекелмен қарсы тұрудан хабар берсе, екінші сәтте Алла Тағаланың А–дан қорғаған құдірет күшін суреттейді. Алла Тағаланың әділеттілігі мен Көкенайдың әділетсіздігін бейнелеу арқылы, А–ды әділетті және әділетсіз ұғымдарымен астастыра теол.–философиялық контекс аясында береді. Өзінің ойтанымын, сөз құдіретінің мәңгілігін А. және өлім ұғымдарымен астастыра беретін сәттері де қуатты: «Алмаймын патшалықты берсең де, Қайтейін, өлім тартып алады, Мендағы, А. жетіп өлсем де, Ғаскерім ақ қағазда қалады», немесе «Дәл кесімді А. келіп жеткенше, Ойдан, Сөз теремін жемістей». Сөз өнерінің орнын осылай анықтау, сондай–ақ, ойдан сөз теру, оның мәңгілік ажалсыз әскер екенін айту Шәкәрімнің жаңалығы. Филос. лирикада ұғымдар суреттеліп, не бейнеленіп қана берілмейді, сол ұғымның түп мәні жайында ой толғау тән. Осы бағдарда, әділеттіні А–дан Алла Тағаланың қаққанындай, Шәкәрімнің асыққа (ғашыққа) да А–дың келмейтінін бейнелеуінде символдық мән бар: «Асыққа А. келмейді, Қандай қаза көрсе де, Көңілі жанды өлмейді, Тәні жанды өлсе де». Көңілі жанды, тәні жанды ұғымдары арқылы өмірдің, тіршіліктің субстанциялды бастауларына бойлайды. Сондай–ақ, «Дүние мен өмір», «Қош, жүртым», «Жастарға», «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» сияқты шығар–ында көтерілген ойтаным аясында А. ұғымы көрініс тапқан.