АДАМГЕРШІЛІК

адамдық сипатты анықтайтын, адамныңрухани кемелденуінде шешуші рөл атқаратын этикалық ұғым. Адам. – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы. А–тің шығуы мен дамуы адамзат қоғамының пайда болуы және дамуымен тығыз байланысты. А. нормалары қоғамның ең алғаш пайда болған кезеңінен бастап адамдардың өзара қарым–қатынастарын белгілеп отырған. А. “кісілік”, “ізгілік”, “имандылық” сияқты ұғымдармен мәндес. А. адамның адамшылық сапасы шеңберінде өмір сүру қабілетінің біріне жатады. Халықтық дүниетанымда мінез–құлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Қабуснамада: “Адамның адамгершілік қасиеті хайуандықтан аулақ болуында” (Қайқаус) – деп көрсетіледі. Мінез–құлық пен іс–әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей А. белгілерін атап өтуге болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар–ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, қайырымдылық, кісілік, адалдық, кешірімділік, кең пейілділік, сыйластық, әділдік, қанағатшылдық және т.б. А.ға жүгінген – адамның теңдігін құрметтейді, мейірімділігін мақұлдайды, кешірімпаздығын қолдайды, құмарын кешіреді, адамның тұлғалық ерекшелігін сыйлайды Құран Кәрім – А. ережелерін тек идеялық тұрғыдан мойындаумен ғана шектелмейді, керісінше, оларды әдеп ережелері ретінде күнделікті тіршілікте қолдануды талап етеді. Өйткені мораль қағидаларын іске асырудағы негізгі тәсіл – талап. А. талап – ішкі әлемнің рухани мазмұнын сыртқы қатынаста іске асыру. Құран бойынша, адам А. қасиеттерінің арқасында қоғамда жақсы көрінеді, Алланың сүйген құлына айналады. Хадисте: “А. – тақуалық” деп көрсетіледі. Орта ғасырдағы мұсылман философиясының өкілі, Әл–Ғазали исламдық А. концепциясының негізгі мазмұны – жақсылық пен жамандықты ажырата білу деп тапты. Оның А. ілімі “көркем мінез” немесе “кемел адам” бағдарламасы арқылы көрініс тапты. А. – мейірімді жүректі адамның тіршілік жолы болып танылды. Ғазали түсінігінде адам ғұмырының мақсаты – А. кемелдігіне жету. Ол А. категориясының құрылымына: жақсылық, туралық, адамның өзін–өзі бақылауы, достық, адалдық, сабырлық, жомарттық, ерлік, ұят, әділдік, кешірімшілдік сиқты сапалық қасиеттерді жатқызды. А. ұстанымдары – әлеуметтік–мәдени дамудың жемісі. А. қасиеттердің қалыптасуына ерекше ықпал жасайтын факторлар: туыстық қатынастарды реттеу, қандастарын өлтіруге тыйым салу, әлсіздерге қамқорлық жасау, еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі және адамдар арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуы.

Қазақ дүниетанымы А.–ті “адамдықтан үлкен ат жоқ”, “адам болып туған соң, адам болып өлу лазым”, “адам бір–біріне қонақ” –деген ұстанымның шеңберінде мойындайды. А. ұғымын қазақ би–шешендері аса маңызды феномен ретінде қарастырған. “Қайырымды туыс бар болса, бар–жоғыңа қарасар” (Ақтайлақ шешен). Шәкәрім адам өмірінің мәнін, оның руханиятымен өлшей отырып, адамның болмысының негізгі мәні тіршіліктің мазмұнды болуында, ал мазмұнды болуды адамгершілік қасиетпен байланыстырады. А. – адамның қоғамдағы харекет факторы, адамның толықтай мәні, руханиятының өлшем бірлігі ретінде анықталады.

А. құндылықтарының қалыптасуы үшін жүйелік (қоғамдық, мемлекеттік) және тұлғалық субъектілердің ара салмағын дұрыс айқындаудың маңызы зор. БҰҰ қабылдаған “Адам құқықтарының жалпы декларациясының” басты баптарын адамдық қарым–қатынас нормаларына айналдыру А. құндылықтарын қастерлеу шарттарының біріне жатады. Оның басты әдептік баптары төмендегідей: барлық адамдар тең құқылы, ерікті және қадірлі; азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, шыққан тегіне, дініне, сеніміне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарамай заң алдында бірдей; өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.

А. қағидаттарының сақталуы өтпелі қоғам жағдайында ерекше маңызды мәнге ие болады. Бұл кезеңде ескі ұстанымдар мен мінез нормалары мәнін жойып, жаңасы әлі қалыптасып, орнығып үлгермеген кезде халықтың әлеуметтік мінезінде әртүрлі ауытқулар орын алып, девиантты құбылыстар пайда болуы мүмкін. Ол адамзат тарихында дәлелденген нәрсе. Өркениеттілікке апаратын жол халықты Аке, имандылық пен ізгілікке, салауатты өмір салтына баулу.Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе – өз бойындағы адамшылықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік–жігерді, қайратты қажет етеді. Адам баласы ежелден–ақ бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсап–армандап, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады? Қай жерде, қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді? Міне мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған.

Халқымыздың ұлттық дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу, оның кісілігін үйрену әрбір жастың парызы болып табылады. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, үлкен адамға орын беру, оны төрге шығарып құрметтеу, оған сәлем беру, көңіліне қарау – адамгершілік борыш ретінде қалыптасқан дәстүрлер. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен сүйіспеншілдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын–жырауларымыздың жыраулық поэзиясынан орын алған, осының өзі – болашақ ұрпақтарыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинақтауға зор көмек беретін бала тәрбиесінің бастау бұлағы.

Жалпы кісілік құндылық болып табылатын: салауаттылық, инабаттылық, ізеттілік, ар–ұятты болу, қайырымдылық, перзенттік парыз, ата–анаға, отанға қызмет ету, ұлтын, халқын отанын сүю, қорғау, әдептілік, имандылық, ар–намыстылық, өнерпаздық, ата–текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім–тәрбиеде кісілік өлшемдердің көрсеткіші деп санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда жыраулық позэиядан аларымыз өте көп.

Тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық–әлеуметтік, тарихи сипатын таныта алатын дидактикалық–философиялық сарындағы толғаулармен қатар сөз зергерлері адамгершілік, этика, мораль тақырыптарын да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты келістіре жырлап, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғаны байқалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *