Төл сөзді төлеу сөзге айналдыру жолдары
Біреудің сөзінің автор тарапынан өзгеріске ұшырап берілуін төлеу сөз дейді. Біреудің сөзі төлеу сөз түрінде берілгенде, бастапқы сөйлемдік қасиеті жойылып, автор сөзімен тұтасып айтылады. Мысалы: Жолаушы бала Украинаның астанасы Киев қаласынан шығып, Рузаев ауданының «Бірлік» колхозында тұратын комбайншы ағасына қонаққа келе жатқанын айтты. (Н.Ғабд.). Бұл сөйлемдегі төлеу сөз — Украинаның астанасы Киев қаласынан шығып, Рузаев ауданының «Бірлік» колхозында тұратын комбайншы ағасына қонаққа келе жатқанын; автор сөзі — Жолаушы бала … айтты. Егер төлеу сөзді төл сөзге айналдырсақ, былай болар еді: Жолаушы бала: Украинаның астанасы Киев қаласынан шығып, Рузаев ауданының «Бірлік» колхозында тұратын комбайншы ағама қонаққа келе жатырмын, — деді. Мұнда төлеу сөзбен салыстырғанда мынадай өзгерістер бар: 1) төл сөз — дербес сөйлем болып айтылады; 2) оның баяндауышы жіктік жалгауының 3 жағында тұр; 3) төлеу сөзде ағасында болуы тәуелдіктің III жағында айтылса, төл сөзде ағама барып тәуелдіктің I жағында айтылып тұр; 4) автор сөзінде «айтты» дегеннің орнына деді қолданған
Төл сөзді төлеу сөзге айналдырғанда, негізгі өзгеріс төл сөздің тұрлаулы сөйлем мүшелерінде болады; екіншіден, бір жақтың орнына екінші бір жақ айтылады; үшіншіден, автор сөзіндегі де етістігінің орнына айт, сөйле, сұра, бұйыр деген сияқты етістіктердің бірі айтылады.
1. Төл сөздің баяндауышы етістіктің ашық райынан болса, төлеу сөзде ол сәйкес шақтағы есімшеге айналып, оған -дық/-дік жұрнағы, тәуелдік жалғауы және табыс септігі жалғанады да, толықтауыш болады. Мысалы:
Колхозшылардың жалпы жиналысы болады, -деді Рамазан. (Н.Ғабд.) Баяндауышы — болады (ауыспалы келер шақ). Биыл біздің бөлімшеде жеті жұмысшының рационализаторлық ұсынысы өндіріске енгізілді,- деді Ра-шида Байғарина, сұрағымызға жауап беріп. («Қаз. әдеб.» газ.) Баяндауышы — енгізілді (жедел өткен шақ). Рамазан колхозшылардың жалпы жиналысы болатындығын айтты. Болатындыгын -толықтауыш (ауыспалы шақ).
Рашида Байғарина, сұрағымызға жауап беріп, биыл өздерінің бөлімше-сінде жеті жұмысшының рационализаторлық ұсынысы өндіріске енгізілгенін айтты. Енгізілгенін — толықтауыш (есімшенің өткен шағы)
Жаттығулар жинағы.
1-жаттығу. Берілген мысалдардан төл сөзді өз алдына, төлеу сөзді өз алдына топтап жазыңдар да, төл сөз бен төлеу сөздің астын түзу сызықпен, автор сөзінің астын ирек сызықпен сызып, олардың жігін көрсетіңіздер.
1. Көкбай, Ербол да өздерінің көз алдында осы күзде Абай тапсырған жайды естеріне алып, Дәрменнің дастанын тыңдамаққа бейімделді.
Абай Дәрменді барлап қарап отырып:
Бітірмесең де, бастағаның мақұл екен. Аздап айтып көресің бе? — деді.
2. Базаралы Дәрменді көргенін айтты. Оның өнеріне жұрт сүйсінгенін, әсіресе Абай ден қойып отырғанын айтты. 3. Ербол Абайдың мұндай ашу артынан, қатты кақтығыс, сілкіну артынан өлең жазса, мысқылсыз жаза алмайтынын біледі. Дәрменге күбірлеп:
— Бала, Абай өлеңге кетті-ау! Дәл осы жолы кімге шаншылатынын аңғарасың ба, жоқ па? — деді. 4. Абай баласының мұншалық ішкі жасырын үйлесімдерге қалайша қанықты болғанын сүйсініп сұрады. 5. Әбіш бұл жайларды Петербургтың кәрі жұмыскері Ереминнен естігенін айтты. (М.Ә.) 6. Аз күнге ауыр жолда туғанымдай болып кеткен жерлесім Миша жер үйден шыққанда, отыра алмадым. Ол үнсіз төс қалтасына қол салып, мұқият оралып бүктелген документтерін берді.
— Осының ішінде менің анамның адресі бар. Егер… — деп күмілжіп, — хат жазарсыз, -деді.
— Жақсы, сен тапсырманы орындап келген соң, батырлығыңды айтып жазармыз, -дедім. Ауыр минутта анасын есіне алғаны мені де толқытты. «Ай, ана, бала үшін сенен ардақты, сенен қымбат кім бар?» — дедім ішімнен. (А.Лек.)
2-жаттығу. Берілген төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңыздар.
1. -Үйлеріңде басқа ересек адам бар ма? — деп, сұрады ол менен.
-Бар, — дедім мен, басымды изеп. 2. Анам ән естілген жаққа қарап отыр.
— Бұл — біздің қойшы баланың әні, — деді анам бір кезде маған қарап. 3. Осы кезде Саттардың: «Адамның өзі дайындап ішкен асы қандай тәтті болады!» — деген сөзін тағы іштей қайталадым. 4.- Сендердің өздерің де шаршаған боларсыңдар, аз да болса көздеріңнің шырымын алыңдар. Мен түтін шықпайтын қубұтақ жинап, ас әзірлейін, — деді Николай атай, бізге қамқорси сөйлеп. 5.0л маған таңданған адамдай қарап: -Аз күнде қалай өзгергенсің? Саған да демалу керек екен, — деді. (А.Лек.)
3-жаттығу. Көшіріп жазып, төл сөзге байланысты тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар да, олардың қойылу себебін түсіндіріңіздер.
1. Бауыржан қазір қатты толқыған кеудесін керіп тұрып, аязды суық ауаны соншалық ұзақ бір жұтты… Жұтты да аяз не деген тәтті еді деп ойлады. 2. Қартқожа сөз сөйледі сөз емес, іс керек. Құрысын надандық деп сөзін бітірді. (Ж.Айм.) Сал, сал бар сергек ойды осыған деп, Бауыржан іштен тағы ширығып алды. (М.Ә.) 4. Ұланның сыртқы бейнесі тап-тұйнақтай болғаны дұрыстау болар еді, бірақ мына әжімі құрғыр ертерек түсіп қалған ба, қалай деп, бетін сипай түсіп Көрдіңіз бе қатпарланып тұрғанын деді маған. 5. Әжімнің әр қатпарында өмірдің ізі ғана емес, сырлары да жатыр ғой дедім мен. 6. Баланы балаға телу деген мүлде теріс әдіс екенін тұрмыс өзі көрсетті дейді Бану. 7. Озық оқушы екені рас деді Жақыпбек бірақ кемшілігі бар. Менің байқауымша, Жарқын тым өзімшіл, мақтаншақ болып барады. (М.Иманжанов.)
4-жаттығу. Әуелі оқып шығып, төлеу сөз бен автор сөзінің жігін табыңыздар, содан кейін жазып, төлеу сөздің астын түзу сызықпен, автор сөзінің астын ирек сызықпен сызыңыздар.
1. Қария, жөн сұрасқаннан кейін, осында ширек ғасырдан артық еңбек етіп, зейнетке шыққанын, бірақ зауытқа келіп-кетіп, цехтарды аралап, көз көргендермен, әсіресе жастармен әңгімелесіп тұруды өзіне ғанибет санай-тындығын айтты. («Қаз.әдеб.»газ.) 2. Мұғалім өзінен оқитын жоғары сынып-тағы балалардың бәрінің өмір сұлулығын, өмір қызығын сүйетіндігін, осы мәселе жөнінде көп сұрақтар қоя беретінін жазыпты. 3. Полковник Файнберг ертең кешке дейін осында болатындығымызды, мүмкін, мүлде осы қалада қалып қоятынымызды ескертті.(А.Лек.) 4. Ұзақ сөйлесіп, әбден біліскен соң, редактор оған әзірше хат бөліміне әдеби қызметкер болуды ұсынды. 5. Сәбит Мұқанұлы бір кітапты бітіріп, екіншісін бастағанда, дем алатынын айтты. («Атақты адамдар өмірінен»)