Ырықсыз, ортақ етістер

Ырықсыз, ортақ етістер

Іс-әрекеттің қимыл иесі арнайы айтылмай, кімнің істелгендігі көрсе-тілмей, не істелгендігі көрсетілген етістіктің түрі ырықсыз етіс деп аталады. Мысалы: шөп тасылды, шөп жиылды, хат жазылды дегендерде істі істеуші де, істетуші де жоқ, қимылға түсетін зат қана аталаған.
Ырықсыз етіс -л, -ыл, -іл жұрнақтары (киім ілінді), кейде -н, -ын, -ін (бөлме тазаланды) жұрнақтары арқылы сабақты етістіктен ғана жасалады және өзі жалғанған сабақты етістікті салт етістікке айналдырады: сөз айт-ыл-ды, уәде бер-іл-ді, шарт жаса-л-ды, үй тазала-н-ды, қамал ал-ын-ды, үй сал-ын-ды т.б.
Қимыл, іс-әрекеттің орындаушысы біреу емес, бірнешеу болып, -ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы жасалатын етістің түрі ортақ етіс деп аталады. Мысалы, төгісті, алысты, санасты, күресті; Омар мен Оспан хат жаз-ыс-ты. Қыз бен жігіт сөйле-с-ті. Ол бізге үй сал-ыс-ты деген сөйлемдердегі жазу, сөйлеу, салу қимылдары бір ғана субъект (іс иесі) тарапынан емес, бірнеше орындаушы (Омар мен Оспан, қыз бен жігіт, ол мен біз) арқылы іске асатынын көрсетеді.
Ырықсыз етіс пен өздік етіс жұрнақтары сабақты етістікке жалғанып, оны салт етістікке айналдырады: әңгімені айтты — әңгіме айтылды, сөзді сөйледі — сөз сөйленді, қолын жуды — қол жуылды т.б. Өзгелік етіс жұрнағы салт етістікке жалғанса, салт етістікті сабақты етістікке айналдырады: шам сөнді — шамды сөндірді, оқушы орындыққа отырды — оқушыны орындыққа отыр-ғызды, хат жеткізілді — хатты жеткізді т. б. Ал ортақ етіс жұрнағында ондай қызмет жоқ: (хат) жазысты — сабақты етістік, сөйлесті — салт етістік.
Етіс жұрнақтары кейде бірінің үстіне бірі қабаттасып та жалғана береді: сөйле-с-іл-ді, жүр-гіз-дір-іл-ді, айт-ыс-тыр-ды т.б.
Ортақ етістің мағынасы өзінің субъектісімен бірге келгенде айқындалады.
Мысалы: айтыс, айтыс басталды. Сондықтан ортақ етістің жұрнағы зат есім тудыратын (-с, -ыс, -іс) жұрнақтарымен омонимдес келетіндігін ескеру керек. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана береді. Мысалы: ки-ін-дір, сөйле-с-тір, жаз-дыр-т-қыз, азай-т-тыр-ғыз.
Жаттығулар жинағы.
1-жаттығу. Берілген етістіктерге жұрнақ жалғап, ортақ етіс жасаңдар. Түбір мен қосымшаның арасын дефис арқылы ажыратып жазыңдар.
Үлгі: айт-ыс-ты, …
Ал. Бөге. Тасы. Тік. Бақ. Тазала. Жу. Айт. Қой, Жөнде. Апар. Тоқы. Тер. Жаз. Жина. Тара. Сал. Бітір. Тұрғыз. Сөйле. Іл. Ақта. Көтер. Жек. Шегеле.
2-жаттығу. Сөйлемдерден ортақ етісті тауып, қалай жасалып тұрға-нын байқаңдар. Оларға тұлғалық талдау жасаңдар.
Үлгі: Ортақ етіс — дуылдасып. Түбірі – дуыл, -да -бұйрық рай тудыратын жұрнақ, -с — ортақ етіс жасайтын жұрнақ, -ып — көсемшенің жұрнағы.
1. Ел ішін Еламанның дақпырты алып барады. Оның келе жатқан хабарына уанып, дуылдасып жатыр. Тәңірберген ағасымен оңаша сөйлескісі кеп тырған-ды.(Ә. Нурпейісов.)
2. Мектепте бірге оқыған, студент тұрмысының ащы-тұщысын бірге татысқан жолдастар шетінен ыстық көрінеді. Соларды бір көрсем, сырласып, шер тарқатсам деп аңсайсың… Аспанда мың сан жұлдыздар жымыңдасып, гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Мадияр мен Бұғыбай шықты. Балзия кақпаның алдында бір қызбен сықылықтасып күлісіп, мәз болып тұр екен. Екеуі шүңкілдесіп, ретін тауып тілдесіп қалайық деген оймен қыздардың қасына барды. (С. Омаров. )
3-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазыңдар. Құрамындағы етістерді түрлеріне қарай ажыратып, тұлғалық талдау жасаңдар.
1. Жолаушыларды Ахмет басқарды. Адам тізбегі он километр бойына созылған. Он адамнан бір звено. Әр звеноға жер өлшеп берілген. Жолшылар электршілермен ғана емес, өзара да жарысуда. Әзіл, күлкі, кейде анадайдан дауыстап сөйлескен үндері тұтасып, тынымсыз күшті гуіл естіліп тұр. Әр қилы адамдар көрінді. (F. Мұстафин.)
2. Жаз бойы күнде қанат серпісіп, күнде қамшы сілтесіп, қақтығысып келген екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай емес сияқты. (F. Мүсірепов. )
4-жаттығу. Етістіктердің түбірі мен қосымшаларын дефис арқылы ажыратып жазыңдар.
Үлгі: жина-л -ма -ды,…
Жиналмады. Ашылды. Аттандырылды. Ілінбеді. Көшірілді. Өткізілді. Төселді. Шегеленбеді. Сөндірілді. Терілмеді. Орылды. Көрсетілмеді. Салынды. Алмастырылды. Бергізілді. Жинақталды. Тазартылды. Қаланды.
5-жаттығу. Мына ырықсыз етістерді қолданып сөйлем құраңдар.
Үлгі: Қазақстанның көптеген аудандарында жаңа мектептер мен балабақшалар салынды.
Төленді, салынды, отырғызылды, кешіктірілмеді, шақырылды,өсірілді.
6-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазыңдар. Ырықсыз етістерді тауып, қандай жұрнақтар арқылы жасалып тұрғанын айтыңдар.
Бұның бәрі «Құнанбай ауылы» деп аталады. Жер ошақтан шыққан түтіндері де біріне-бірі қосылып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үлкен үй мен күншығыс жаққа тігілген қонақ үйдің екі арасында бір топ жан тұр екен. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері жан-жақтан ағылып келіп жатыр. Қысылып қалған бала шешесінің салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай бұрылды.
Әкесі құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай ымырт жабылғанша осында болды. (М. Әуезов.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *