Үстеу, қүрамына қарай түрлері

Үстеу, қүрамына қарай түрлері

Сөйлемде қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі белгілерін, амалын, тәсілін, ме-кенін, мезгілін, себебін, мақсатын, сипатын, жай-күйін білдіретін, өзгер-туге, грамматикалық түрлендіруге көне бермейтін сөздерді үстеу деп атайды. Үстеулер құрамына қарай негізгі түбір үстеулер, туынды түбір үстеулер және күрделі үстеулер болып үшке бөлінеді.
Негізігі үстеулерге қазіргі кезде құрамы жағынан түбір және қосым-шаға бөлшектеуге келмейтін үстеулер жатады. Мысалы: Жылда, тез, ақырын, ерте, кеш, бұрын, жорта, жоғары, төмен, қазір т.б.
Негізгі үстеудің көпшілігіне сын есім шырайының -рақ, -рек,- ырақ, -ірек және -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары жалғана алады. Мысалы: Жылдам — жылдамырақ, жылдамдау (жүр), тез-тезірек, тездеу (бер), ілгері-ілгерірек, ілгерілеу (отыр), кеш-кешірек, кештеу(кел) т.б.
Туынды үстеулерге жұрнақтар арқылы және кейбір септік жалғауларының түбірмен сіңісіп, көнеленуі арқылы жасалған үстеулер жатады. Туынды түбір үстеу тудыратын жұрнақтар:
1. -ша/-ше: адамша (сөйледі), балаша (күлді), бұлбұлша (сайрады), көзінше (айтты), өзінше (оқыған) т.б.;
2. -лай, -лей, -дай, -дей, -тай, -тей: шикілей (әкелді), қыстай (дайындалды), осылай (жаз), ақшалай (берді) т.б.
3. -дайын, -дейін, -тайын, -тейін (бұл — -дай, -дей, -тай, -тей және -ын, -ін қосымшаларынан құралған құранды жұрнақ): тотыдайын (таранған), сұңқардайын (сыланған), бұлақтайын (сарқырап), жорғадайын (шайқалып) т.б.;
4. -шама, -шеме (-ша +ма, -ше + ме) және -шалық, -шелік (-ша +лық, -ше +лік) құранды жұрнақтар: осыншама (сөйледі), соншалық (қуанды), осыншалық (жүру) т.б.;
5. -майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, пейінше құранды жұрнақтар: айтпайынша (келмейді), оқымайынша (білмейді), тыңдамайын-ша (түсінбейді) т.б.;
Түбірмен сіңісіп, көнелену арқылы үстеу жасаған септік жалғаулар:
1. барыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: бірге (жүр), кешке (қайт), босқа (жүрме), зорға (көтерді), текке (ұрысты) т.б.;
2. жатыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: баяғыда (болыпты), аңдаусызда (сөйлеп қалды), қапыда (қалды) т.б.;
3. шығыс септіктің көнеленуімен қалыптаскан үстеулер: шалқасынан (құлады), кеңінен (әңгімелесті), шетінен (біледі), тосынан (сөйледі) т.б.;
4. көмектес септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: жөнімен (айт), кезекпен (бар), шынымен (ойлады), ретімен (жүрді) т.б..
Күрделі үстеулер екі я одан көп түбірдің немесе сөздің бірігіп, тіркесіп немесе қосарланып тұрақтануынан жасалады:
1. Сөздің бірігуі арқылы жасалған күрделі үстеулер: жаздыгүні (жаздың+ күні), таңертең (таң+ертең), ендігәрі (енді+гіден+әрі), биыл (бұл+ жыл), бүгін (бүл+күн) т.б.;
2. Сөздердің қосарлануы мен қайталану арқылы жасалған күрделі үстеулер: жоғары-төмен, анда-санда, жата-жастана, енді-енді, әрең-әрең, қолма-қол, бет-бетімен, қолды-қолынан т.б.
Сөздердің тіркесуі арқылы тұрақтанып қалыптасқан күрделі үстеулер: күні бүгін, ала жаздай, ертеден қара кешке дейін, қаннен-қаперсіз, күн ілгері, күн ұзаққа, т.б.
Жаттығулар жинағы.
№1. Көшіріп, үстеулерді табыңдар. Сұрақ қойыңдар.
Биыл Әлімнің Жарасов мәслихаты бойынша машинаға алғаны – Қо-жахмет.(М.Ә.) Ол ауыл жартылай көшіп, Шақпаққа қонған. (М.Ә.) Еділден асып айқара, зулатты мені отарба, Жорғадайын шайқала. (Ж.) Үй төбесінде Ушаковтың көрінуін күтіп тұрған Байжан домалап төмен түсіп барады (Ғ.М.) Арагідік үйдегі бала-шағасын елестетіп, іші қан жылайды. (М.Ск.)
№2. Үстеулерді тауып, жазып алыңдар.
Ақкүріштің атасы Ыбыкең қатты жүрген молотилканың жем беруші-леріне өзі жәрдемдесіп, өзі де араласып кетеді. Бункеріне кұйылған дәнді әрең тазартып, қырманның қорына әкеліп, үздіксіз қосып жатыр. Ағаш шанасын сүйретіп, таудай маяларды көшіріп жүрген тракторлар әлсін-әлсін келіп, қайта оралып кетіп жатыр.
Қызу еңбекке бас-көз болып тұрған Ыбыкеңді біресе колхоз председа-телі, біресе агроном шақырып, түскі өнімнің алғашқы қорытындысын айт-қалы жатыр. Ойып алған бір гектардан жүз центнерден аса өнім түсті дегенде, Ыбыкең қатты бір күрсінді де, нарттай қызарып, күн шалған күрең жүзі күлімсірегендей болып кетті.
Қызылдана түскен қырманнан басында ондаған машина қатарын тізіп тұра-тұра қалды. Қаптар ашылып үлгерсе, салынып үлгеруі оңайланып кетті. Әні-міне дегенше, олар тиеліп те үлгерді.
Қызыл керуенді бастаған Ыбырай Жақаев ауданға қарай жалауын желбіретіп кетіп бара жатты.
№3. Үстеулерді тауып, сұрақ қою арқылы қандай мағына білдіріп тұрғанын көрсетіңдер.
Бүгін таңертең алакөбеңнен аттанған шолғыншылар қамал іші әдетте-гіден өзгеше жым-жырт екенін аңғарыпты. Қазір ойлап отырса, дәл сол мезетте бұл есеңгіреген кісіше орта жолда сілейіп қатып қалса керек. (М.Сқ.) Есейген сайын көз алдым ашылып, жүрген сайын көкжиек әрі жылжып кете береді. (Ү.Уайдин.) Ұйықтап кетсе, біраз тыным табар еді, бірақ қасақана соңғы күндері түн баласында көзін іліндіре алмай әлек. (Ө.Қанахин)
№4. Көшіріп жазып, үстеулерді тауып, оларды құрамы жығынан талдаңыз.
Әрі-беріден кейін мылтық дауысы естілгенде, үйдегілер елең ете қалды. (Н.Әбут.) Шыдамы таусылған милиция: «Айтпасыма қоймадың ғой, қарағым, ол жігіт бағана таңға салым жан тәсілім етті», — демесі бар ма. Осынша дүлей болар ма. (М.Сқ) Әрлі-берлі дөңбекши беруге серіктерімді оятып алармын деп тағы қысылдым. Жастығын темір керуеттің арқалығына тақай биігірек қойып, екі қолын желкесі астына салған күйі көзін анда-санда бір ашып қойып Ахмедияр шалқасынан жатыр. (Ө.Қанахин) Ысқақты алғаш жүзбе-жүз көріп отырғаным осы. (М.Ә.) Әнеугүні келетін ақтар әскерінің бастығы түсіп, орнына жаңа бастық келді деп есіттік. (С.С.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *