Ерте ауылдардың тері – терсек, жүн – жұрқа, түбіт басқа да мал өнімдерін шалғайдағы Бұқар, Самарқан, Әулиеата, Ташкент, Орынбор тағы басқа қалалардағы үлкен – үлкен жәрменкелерге шығарып, сатып, өткізіп немесе айырбастаған. Қалашыларға жол жүргенде «жеңіл барып, ауыр қайт», — деп ауылдастары сәт – сапар тілеген. Содан ай жүріп, апта жүріп, қала базарлап, елге оралған қалашылар керуеннің алдынан қуанып жүгіре шыққан ауыл бала – шағаларына ойыншықтар, қыз – келіншектеріне айна, тарақ, иіс су, орамал, шаршы т.б. базарлықтар үйлестірген. Міне, бұл ауылдастардың бір – біріне қуаныш сыйлауының бір түрі.