Парасатты арулар мен ержүрек азаматтар
«ПАРАСАТТЫ АРУЛАР мен ЕРЖҮРЕК АЗАМАТТАР» атты сайыс байқауының сценарийі
Кітапханашы: Сәлеметсіздер ме, құрметті жиналған қауым! Қош келдіңіздер, парасатты арулар мен ержүрек азаматтар!
Залда отырған барлық әйел қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Көктемнің шуақты күндерімен сабақтаса келетін бұл мейрамды тойламайтын халық жоқ. Халық арасында «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бар.
Қазірет пайғамбарға бір адам келіп:
— Мен бір зор күнә істедім. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе? — деп сұрайды.
Сонда пайғамбар:
— Анаң бар ма? — деп сүрайды.
— Бар, — дейді өлгі адам.
— Онда анаңа қызмет көрсет, — деген екен пайғамбар.
Хадис: Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: «Кімде-кім үш қыз бала тәрбиелеп өсірсе, оған жәннәт бар». Сонда бір кісі тұрып: «Я. Расулуллаһ! Екі қызы болса, оған не бар?» дегенде, «Оған да жәннәт бар» дейді, сонда тағы біреу: «Бір қызы болса ше?» — деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Оған да жәннәт бар» деп жауап берген екен. «Ананың алдында асқар тау да аласа» дейді халық. Ана бәрінен биік. Олай болса, құрметті аналар, қыздар! 8 наурыз — аналар мейрамымен тағыда құтты болсын демекпін!
Қадірменді қонақтар, ендеше бүгінгі көктемнің алғашқы мерекесі 8-наурыз мейрамына орай өткізгелі отырған «Парасатты арулар мен Ержүрек азаматтар» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер! Шараға қаладағы орта және жоғары оқу орындарының студенттері (әр оқу орнынан қыздар мен ұлдардан құралған 5 адамнан) қатысып отыр.
Шараның мақсаты:
-Ана мен әйелді құрметтеу тақырыбына көңіл аударту,
— жастар арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты жалғастыру;
— кітапхана — руханияттың орталығы екендігін бекіте түсу;
— жастардың бос уақытын қамту.
Сайыстың шарттары:
-«Өзін өзі таныстыру»;
-«Жорға» (танымдық сұрақтар);
-«Поэзия минуттары» (әйел, ана тақырыбына арналған белгілі бір ақынның немесе өзінің өлеңін оқу);
-«Үй тапсырмасы» — («Нағыз әйел» бейнесін сомдаған 5 минуттық көрініс дайындау);
-«Шешендік өнер» — («Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа десекте…» сөйлемін жалғастыру);
-«Өнер сайысы» — (ән, би, өнердің кез келген түрі)
Сайысқа қыздар мен ұлдардың бірдей қатысуы: Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретіңде қолданған. «Қыздың жиған жүгіндей», «қыз тіккен кестедей» деген сөздер әдемілікті, қыз балаға деген құрмет, сұлулыққа деген сүйіспеншілікті білдіреді. «Қыз елдің көркі, гүл жердің көркі» деген де мақал бар. Осының бәрі де қыздың сүйкімділігінен, жанының нәзіктілігінен, алғырлығынан шыққан сөздер болса керек. Сондықтан да біздің халық қыз баланы ардақтап төрге отырғызып, оған қатты сөз айтпай, аққудың көгілдіріндей етіп өсірген.
Ал «Ұлға отыз үйден тыйым, он үйден сын» демекші ер жігітке де айтылатын сын көп, қойылар талап жоғары. Ер жігіттің қандай болуы керектігі халықтық талғамда былай делінеді: «Кескін келбетті», «қадыр қасиетті», «қабілеті икемді», бұлар жігіттің басындағы үш асыл мінез деп аталады. Бабаларымыз ер жігіттің басында алты асыл қасиет, үш асыл мінез және ажырамас үш серік болу керек деген. Тарқатып атар болсақ зерде-зейіні, өнер өрісі, тапқырлық талабы, күш-жігері, білімі болсын, міне осы талаптар ер жігіттің басындағы алты асыл қасиет делінеді. Сондықтанда бүгінгі жастарымыздың бойынан осы қасиеттерді көрсек деп ойлаймыз.
Қазылар алқасымен таныс болыңыздар:
— Ахметжанова А.Қ.
— Жиенбекова Ж.М.
Кітапханашы: Бұл жастар келіп жетті жарысуға,
Бойындағы бар дарынды дарытуға.
Қорықпастан сахнаға шығып тұр,
Әдеппен, ізетпен танысуға, — дей келе сайысымыздың алғашқы шарты — «Таныстыруды» бастаймыз.
(Әр топ өзін өзі таныстырады)
Кітапханашы:Атадан қалған асыл сөзге, ақыл кеніне құлақ түрсек. Ертеде бір жігіттен үйдің алтын қазығы кім деп сұрапты қарт.
Жігіт: Ата, үйдегі алтын қазық бала, — депті жігіт.
Ата: Жоқ балам, үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі, — депті қарт. Осы қарттарымыздың қалдырып кеткен өнегелі де үлгілі сөздерінен мол ғибрат алып жүреміз. Жалпы зерде-зейіндеріңізді анықтайтын «Жорға» кезеңіне де келіп жеттік. Қазір сендер қойылған сұрақтарға жауап айтасыңдар. Егерде сұрақ қойылған топ мүшесі жауап бере алмаса, онда қарсылас топтан жауап беруіне болады. Сұрақтардың жауаптары «5» ұпайлық белгімен бағаланады. Дұрыс жауап бере алмаған топтың жауаптары бір ұпай кеміп отырады.
Ал, сайысқа қатысушы арулар мен азаматтар, кім жылдам жауап береді, сол көп ұпай алады. (Әр топ мүшелеріне кітапханашы кезекпен сұрақтар қояды)
1 топ:
1) Қыздарға кәрі жілікті немесе құймышақты неге ұстатпайды?
Көп отырып қалады, шошақай болып кетеді деп тұжырымдаған.
2) М.Әуезовтың қандай пьесасы алғаш Әйгерімнің отауында қойылды?
(«Еңлік – Кебек»)
3) Бүкіл бір халықтың анасына айналған қасиетті аналар.
(Домалақ ана, Белең ана, Жұбан ана, Бегім ана, Болған ана)
4) Қазақта топ аттылар жарысын не деп атайды? (Бәйге)
5) Сорқұдықтың басына
Copғa бола қонды атам.
Жалмауызға жалғызын
Жанынан қорқып берді атам.
Бұл сөзді кім, қандай ертегіде айтқан? «Ер Төстік», Кенжекей сөзі.
6) Айша-бибі мавзолейі қай жерде? Таразда
7) Әйел көркі неде? Ақылда
8) Әйелдің күші аз, нeci көп? Айласы
9) Қыпша бел, алма мойын, бота көзді,
Сипаты жаннан асқан ол бір серім.
Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізін басты.
Гүл төгілер аузынан меруерт тicтi,
Ондай жан дүниеде жаралмасты.
Бұл кiмнің портреті? Баян
10) Бүкіл шығыс әйелдері арасынан бірінші болып жоғары білім алған кім?
Аққағаз Досжанова
11) Жегеннің тісіне, жемегеннің түсіне кіретін ас. Ет
12) Үш кескенде де кесірткелік әлі қалатын жыртқыш. Жылан
13) Жүндеуге жақсы жануар. Жуас түйе
14) Қандай жағдайда айнаға өкпелемеу керек? Бетің қисық болса
15) Құдайы нанның саны — 7
2 топ:
1) Қызға таңдай берудің мәнін түсіндір?
Жауабы: Таңдайы тақылдап пысық, ділмәр болсын деген.
2) Қазақ халқын дүниежүзіне танытқан шығарма қандай?
(М. Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы)
3) Біздің еліміздің жерінде кездеспейтін аңдар мен жануарларды атаңдар
(Піл, арыстан, мүйізтұмсық, қолтырауын, керік т.б.)
4) Бір топ аттылар тартыспағын қазақта қалай атайды?(Көкпар)
5) «Үш қуаныш» дегеніміз не?
(Алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, ісіңнің өшпеуі)
6) Б.э.д. VI ғасырда өмip сүрген сақтардың патшайымын атаңыздар?
Томирис
7) «Сұлу» деген сөздің синонимі? — ару.
8) Ұлы Отан соғысының қызу шайқас күндерінде Москва түбінен бастап Берлинге дейін небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, жауынгерлерді женіске бастауға өз үлесін қосқан әнші, Қенес Одағының халық әртісі, Халық Қаһарманы жерлесіміздің атын атаңдар?
Р. Бағланова
9) Қазақтың әнші композитор қызы? Майра Уәлиқызы
10) Түйені жел шайқағанда, көкте ұшып жүретін жануар. Ешкі
11) Ысқырығы жер жарып жүрген адамның айдаған малы. Бес ешкі
12) Айран сұраушының жасырмайтын ыдысы. Шелек
13) Бір қарын майды шірітетін не? Бір құмалақ
14) Тауықтың түсіне кіретін дән. Тары
15) Сәтті күн – сәрсенбі
3 топ:
1) Асықты жілікті кімге ұстатады? — Кәделі мейманға, қонаққа.
2) Абайды екі шешесінің ортасында жүргендіктен кім деп атаған? (Телғара)
3) Ертедегі елін жаудан қорғаған қазақ батырларының адам жинауын қалай атаған?
(Қол жинау)
4) «Ата тұрып ұл сөйлесе – ержеткені болар,Ана тұрып қыз сөйлесе – бойжеткені болар» деп айтқан кім? (Сырым батыр)
5) «Бес қатер» деген не? (От, жау, борыш, ауру, сөз)
6) Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Өлеңнің авторын атаңыздар. А. Құнанбаев
7) Қазақтын атақты бишісi кім? Шара Жиенқұлова
8) Е.Брусиловскийдың «Кыз Жібек» операсында Жібек рөлін алғаш орындаған кім?
К. Байсейітова
9) Қазақ әйeлдepi арасынан шыққан тұңғыш дәpiгep? Асфендиярова
10) М. Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Әйгерімнің шын еciмін атаңыздар?
Шүкімән
11) Қырсыққанда іритін сусын. Қымыран
12) Құдыққа құлаған құланның құлағында ойнайтын не? Құрбақа
13) Жолы болатын жігіттің алдынан шығатын кім? Жеңгесі
14) Мүйіз сұраймын деп жүріп құлағынан айырылған жануар. Тоқал ешкі
15) Аптаның төртінші күні — бейсенбі
4 топ:
1) Қазақтар қандай дала өсімдігін отанның символы деп есептейді? (Жусан)
2) Әдебиет арқылы сан ғасырды көктей өтіп, бүгінгі күнге аты аңыз болып жеткен кейіпкерлер.
Қыз Құртқа, Қыз Жібек, Ақжүніс, Баян, Айман, Гүлбаршын, Айша бибі, Данагүл.
3) Қазақ тарихында алғаш қыздар мектебін ашқан кім? (Ыбырай Алтынсарин)
4) Үш дана кім? (Абай, Ыбырай, Шоқан)
5) Шешеңнің әкесі саған кім? (Нағашы ата)
6) Орынбор-Ташкент жолының бойында Москваға кетіп бара жатқан жолда Шалқар станциясындағы соңғы станция қазақтың, белгілі жазушысының романындағы бас кейпкердің атымен аталған. Ол қандай станция?
F. Мүсіреповтың «Ұлпан» романы. Ұлпан станциясы.
7) Қорқыт бабамыз әйел адамды қанша түрге бөлді? — 4.
8) азаттық үшін күрескен әйелдер қозғалысының жетекшілері кімдер?
Алма Оразбаева, Сара Есова
9) Табиғат жыршысы, махаббат жыршысы, «Қыз тағдыр», “Жаулықтар», «Махаббатсыз сезім». «Дос іздеп келем» атты өлеңдердің авторын атаңыздар
Ф. Оңғарсынова
10) Б. Майлиннің әйел бостандығы тақырыбына арналған әнгімесі?
Шұғаның белгісі
11) Тоңбайтын, бірақ қалтырайтын кім? Сыпайы
12) Жал біткенде жанына торсық байлатпайтын жануар. Жаман ат
13) Қуаныштың белгісін білдіретін қандай сөз? Сүйінші
14) Саусақта самсап тұрмаса, басқа шабатын созылмалы ауру. Сақина
15) Түйе сүті — шұбат
Кітапханашы: Келесі «Поэзия минуттарына» кезек берелік.
(Өлеңдер оқылады)
Үй тапсырмасы орындалады:«Нағыз әйел» бейнесін сомдаған 5 минуттық көрініс көрсетіледі
Кітапханашы: Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт- дәстүрлері, тілі болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Ендеше «Шешендік өнер» сайысына кезек берелік.
(Топтар шығып, өнерлерін ортаға салады)
Кітапханашы: Өнерлінің өнерін,
Тағыда байқап көрейік.
Жүйрік аттай желейік,
Өнерге кезек берейік. Келесі сайысымыз «Өнер» сайысын тамашалайық.
(Қатысушылар өнерлерін көрсетеді)
Кітапханашы: Әділқазылар алқасына сөз берейік.
Соңы: «Қош» демейміз, әлі талай сайыстар бар,
Өнерлерің шыңдала берсін, қалыспаңдар.
Оқырманым көбейсін күннен – күнге,
Келе берсін қонақтар ғарыштан да.
Тіршілік – арман, бәрімізге де орын бар,
Қуаныш та бар, өкініш те бар жолдарда
Оқырмандарым менің, достарым менің
Бәрің де аман болыңдар!
Жалғыз жүріп жол табам деу далбаса,
Жігіт болсаң жар табуға қам жаса!
Ол бар жерде сен өзіңді зор сана,
Ол бар жерде басқа бақыт аңсама! — деп Тұманбай ақын ағамыз жырлағандай мынау бүгінгі 8-наурыз халықаралық қыз-келіншектер мерекесінің ұйтқысы қадірлі біздің гүлдеріміз!
Құстың қос қанаты бар, адамның екі жанары бар. Күн мен түн бар, Ай мен Күн бар. Сіздерсіз жігіт жүрегі — жетім. Бүгінгі сіздердің мерекелеріңіз өз сыңарын іздеген «жетім» — жүрек жігіттер бақытының бастауы болса екен! Мереке мерекеге ұлассын!
Қосымша: Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлық, тамаша тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздер бар. Соның бірі:
Әкесі қайтаратын қарыздарын есептеп отырады, оны көрген бала бірден бөлмесіне келеді. Басына бір ой келіп, анасына жасаған ұсақ-түйек көмегі үшін ақша сұрамақшы болады.
Келесі күні анасы ас үйдегі үстелдің үстінен қағазды көріп оқыды. Онда былай деп жазылған екен:
Анасының ұлына қарызы: нанға бардым – 100 теңге, бөлмемді жинадым — 50 теңге, «5» алдым — 50 теңге, қоқыс төктім — 100 теңге, компьютер ойнамадым — 50 теңге, құлайын деп тұрған ыдысты ұстап қалдым — 50 теңге, киімдерімді реттедім — 100 теңге, кір киімдерімді кіржуғыш машинаға қойдым — 50 теңге. Барлығы: 550 теңге қарызыңыз бар! уақытысында төлемесеңіз % қосатынымды айтып қояйын!
Келесі күні бала үстелдің үстіндегі 550 теңгені көріп қатты қуанып кетеді. Оның қасында бір есеп қағазы жазылған екен. Онда ұлымның анасына қарызы: саған ана сүтін бердім — 0 теңге, түнде қорқып оянғаныңда қасыңда болдым — 0 теңге, тамақ пісірдім — 0 теңге, науқастанғаныңда қасыңнан кетпедім — 0 теңге, түсінбеген сабағыңды түсіндірдім — 0 теңге, көңілсіз болғаныңда қолдаушың болдым — 0 теңге, көңілді болғаныңда бірге қуандым — 0 теңге, сені қандай да болсын жамандықтан қорғауға тырыстым — 0 теңге, сені еркелеттім — 0 теңге, ұнататың заттарды сатып алдым — 0 теңге. Оны көрген бала ұялғанынан анасына қарай жүгіреді. Анасын құшақтап кешірім сұрайды.
Сенің жалғыз анаң бар- Сенің бір жасыңда, анаң сені емізді, кіріңді жуып, тазалады. Бұның рахметіне сен түні бойы жыладың.
— Сен екі жасқа толғаныңда, анаң саған жүруді үйретті. Ал сен болсаң, анаң шақырғанда қашатын едің.
— Сен үш жасқа толғаныңда, анаң саған ең дәмді тағамдар әзірледі. Ал сен болсаң табақтарды жерге лақтырдың.
— Сен төрт жасқа келгеніңде, қолыңа қалам беріп, жазуды үйретті. Ал сен болсаң дуалдарды шимақтадың.
— Бес жасқа толғаныңда, анаң сені әдемі киімдермен киіндірді, бұның рахметіне сен үйге кір-қожалақ болып оралар едің.
— Алты жасқа толғаныңда, анаң сені мектеп қабырғасына алып келді. Ал сен болсаң «оқымаймын» деп, «бақырып жылап» сабақтан қаштың.
— Он жасқа толғаныңда, анаң сені құшағына алу үшін мектептен қашан келер екен деп сарғая күтіп отырды. Ал сен болсаң дереу бөлмеңе қарай асықтың.
— Сен он сегізге толып, ер жеткеніңде, анаң балам «есейді» деп көзіне жас алды. Ал сен болсаң мен «машина» мінгім келеді дедің.
— Жасың жиырмаға толғаныңда, анаң «балам біршама уақыт үйде отыршы» деп өтінді, ал сен болсаң бар уақытыңды достарыңа ысырап еттің.
— Сен жиырма беске келгеніңде, анаң той жасап сені үйлендірді. Ал сен болсаң «лажы болса үйден ұзақ болайын» деп анаңды тастап, әйеліңмен бірге еншіңді алып кеттің.
— Жасың отызға толып бала-шағалы болғаныңда, анаң «бала тәрбиесінде» көмек бергісі келді. Ал сен болсаң «менің жеке басымның тірлігіне, жеке өміріме» араласпа дедің.
— Сен отыз беске келгеніңде, анаң сені «тамақтануға» үйіне шақырды. Ал сен болсаң, «тығыз шаруаларым көп, уақытым жоқ» дедің.
— Сен қырыққа келгеніңде, анаң саған телефон соғып «балам мен науқаспын, сенің қолғабысыңа мұқтажбын» дегенде, сен «ата-ананың проблемалары балаларын мазалайды» дедің.
— Бір күні «анаң» о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Білгін, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егерде сенің анаң әлі күнге дейін тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық істе. Ол қандай сөз айтса да, анаңды бақытты қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланушы болма. Оның саған деген махаббаты орналасқан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма.
— Сенің жалғыз ғана «анаң» бар.
Сергіту сәті:
Тойдың болғанынан … (боладысы қызық)
Таз таранғанша… (той тарқайды)
Әншейінде ауыз жаппас… (той дегенде өлең таппас)
Жүзігің алтын болғанша… (жүзің жарқын болсын)
Бала жетіге келгенше… (жерден таяқ жейді)
Ұяға отыз үйден тию… (қызға қырық үйден тыйым)
Қыз жоқ жерде… (қызық жоқ)
Әкенің жақсылығы… (жездедей-ақ)
Астың дәмін тұз келтірер… (ауылдың сәнін қыз келтірер)
Атаңның баласы болма… (адамның баласы бол)
Білекті бірді жығар…. (білімді мыңды жығар)
Шешен сөз бастар… (батыр қол бастар)
Әке көрген оқ жонар… (шеше көрген тон пішер)
Жақсы байқап сөйлейді… (жаман шайқап сөйлейді)
Әдепті бала – арлы бала… (әдепсіз бала – сорлы бала)
Жақсыдан үйрен… (жаманнан жирен)
Баланың ұяты әкеге… (қыздың ұяты шешеге)
Балапан ұяда не көрсе,.. ( ұшқанда соны алады)
Қына тасқа бітеді,.. (ақыл басқа бітеді)
Ата – бәйтерек,.. ( бала – жапырақ)