Әбдісаттар Оспанов

Әбекең ағамыз  Аралдан болатын. Үш жасынан сегіз жылдай сартөсек боп жатып, кейде қос балтақпен, мүгедектіктің ащы дәмін тата жүріп, қолынан қаламын тастамаған.

 Әбекең тағдыр сыйлаған тауқыметке мойынұсынбай, керісінше, қайсарлығы мен мынау жалған дүниеге деген құштарлығы арқасында, сырқатын қалай да жеңудің жолын іздейді.

 Әбекең Қазалы ауылшаруашылығы техникумының жоспарлау бөліміне оқуға түседі. Алматы қалсында қызмет істей жүріп, ҚазМУ-дің тарих факультетінің кешкі бөлімін және екі жылдық жоғары эконоимка мектебін қатар тәмамдайды.

 Мүгедектікпен арпалыса жүріп, Әбекең өзі жинаған мұраларының негізінде: «Өмір, неткен тәтті едің…» естелік эссе кітабын жазады.

  Әбекеңнің Арал мен Сыр өңірінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық мектептерлің сан алуан мақамдарын нақышына келтіре орындайтын домбырашылығы мен термешілігі барын ескерсек, бұл «Жаратқан Әбекең сияқты көнбіс пендесінің басына өзі салған ауыртпалықты жеңілдеткісі кеп, әрі сол пендесінің өршіл мінезіне, қайсарлығына тәнті болып, үйіп-төгіп бере салған шексіз дарыны ма екен?!»

…Елордада жазушы, ақын, композитор Әбдісаттар Оспановтың «Ән ұшып, күй төгілді жүрегімнен…» атты концерті өтті. Қазақ жыраулық өнерін зерттеуге тарихшы-этнограф 40 жыл өмірін сарп еткен. Өнер университетінің кітапханасына зерттеуші Жанқожа батыр, Нұртуған жырау туралы кітаптарын тарту етті. Оның жеке мұрағатында әлі де зерттеліп үлгермеген, төте жазумен жазылған көптеген құнды қолжазбалар бар. Халқымыздың жыраулық дәстүрі мен термешілердің ел аузына тараған жырларының терең тамырына көз салып, асыл сөздердің төркіндеріне ой жүгіртем десеңіз, Әбдісаттар Оспановпен болған сұхбатты тамашалаңыз!
Сілтеме : http://bmtv.kz/kz/opicanie/itemlist/tag/

Бұл трилогияның дүниеге келуі оңай болған жоқ. 14 жасымнан бастап 23 жылдан астам істеген  қызметім колхоздың жұмысы еді.  Көп уақытым осыған кетті. Бірақ, мен Жанқожа Нұрмұхамедұлының бесінші ұрпақтарымен бір ауылда тұрдым.  

Ол кісілер анда-санда әкеммен әңгіме-дүкен құрып кететін. Сонда батырдың ерлігі туралы айтатын. Бірақ, Кеңес уақытында батырлар, билер жөніндегі әңгімеге  тыйым салынатын.  

Сондай-ақ, ұрпақтарының үйінде батырдың сауыты сақталған екен.  Сауытты көргеннен кейін балалық арман пайда болды. Тарихта неге мұндай батырлар көрінбеуі керек, деп ойлайтынмын. Батырдың батырлығы өз алдына, көріпкелдігі, шешендігі бар адам болған»,-дейді жазушы.

«Кітапқа 57 жыл арнадым. Жанқожа батырдың бала кезінен бастап, 86 жасында қайтыс болғанға дейінгі ғұмыры қамтылған. Мұнда батыр туралы ел аузындағы әңгімелердің мұрағат құжаттарымен сәйкес келетіндері ғана кірді. Кезінде Мұхамеджан Тынышбаев: «Жанқожа батыр – қазақта көзі тірісінде үш жүздің биі, әрі әулиесі атанған адам», деп жазады. Осындай деректер бар»,-дейді Әбдісаттар Оспанов.

НАРКЕСКЕН

тарихи-көркем трилогия

1-том

БАС КЕСКЕН БАЛТА(Үзінді )

Әбілқайыр хандық құрған жылдары Кіші Жүз қазақтары жан-жақтан анталаған жау қыспағында қалды. Шығыстан жоңғарлар, солтүстік пен батыстан патшалық Ресейдің Неплюев, Давыдов сынды әккі генералдары басқарған әскерлері, оңтүстіктен күші басым Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтары Түркістаннан Арал теңізіне, Әмудариядан Жайық өзеніне дейінгі аралықтағы қазақтарға, тіпті олармен көршілес, құдандалы-жекжат боп аралас-құралас отырған қарқалпақ ауылдарына дүркін-дүркін қанды шабуылдар жасап, қарсыласқандарды қырып-жойып, малдарын барымталап, қыз-келіншектері мен жас жігіттерін олжалап, бейбіт халықтардың  берекелерін кетірумен болды.

Ресей патшалығы 1-Петр кезінде-ақ бастаған кең көлемді басқыншылдық һәм отарлау саясатының – ұланғайыр даланы мекендеген, бірақ өздерінің сол ежелгі атамекендерін біртұтас ел боп қорғау орнына, Шыңғысхан мен оның ұрпақтары билеген  заманнан бері қарай жүз-жүзге, ру-руға, тіпті аталық-аталыққа бөлініп алып, басы бірікпей, әр төбенің астында тоз-тоз боп көшіп-қонып жүрген қазақтарды бағындырудың – жаңа бағыттарын жүзеге асыра бастаған-ды.

Кіші Жүз қазақтары арасындағы өздерінің әлі де болса орныға қоймаған саяси ықпалын бекемдеу үшін, Өсек пен Жәдіктен тараған топтарды басқарып отырған қазақ ақсүйектері мен рубасыларының өзара араздығы мен қақтығыстарын орыс патшасы барынша ұтымды пайдаланып бақты.

Осы тұста, Өсек тобынан шыққан Әбілқайыр ойда жоқта Кіші Жүзге хан болды. Бұл басқа қазақ шонжарларының зығырданын қайнатпай қоймады. Бір жағынан, өз ішіндегі алакөздіктен, екінші жағынан, осы жылдары Жетісу жерінен де асып, Қаратау мен Сырдария аралығында жатқан қалың елге көз тігіп қана қоймай дендеп кіріп, үстемдік жүргізе бастаған жоңғарларға басыбайлы құл болудан қорыққан Әбілқайыр хан әрі ойланып, бері ойланып, сол кездері Евразия кеңістігіндегі азулы  ел саналатын патшалық Ресейдің қолтығының астында болуды дұрыс санады.

Сөйтіп Анна Иоанова патшайымға өтініш білдірді және көп ұзамай қоластындағы беделді ру басылары мен белгілі батырларды көндіріп, ант та қабылдады.

Ал, Жәдік тобынан шыққан Батыр сұлтан болса, Орта Жүздің ықпалды топтарын басқаратын Барақ сұлтанмен және таққа  жаңа ғана иелік еткен Абылай ханмен тығыз байланыста болды.

Кіші Жүздің  хан тағына отырған Әбілқайыр Сыр бойындағы Жәдік  ұрпақтарын енді Түркістан  мен жоңғарлар басып алған басқа аймақтарға, сондай-ақ  Сырдарияның Арала теңізіне құярлығы мен сол теңіздің шығыс жағалауын қашаннан қазақтармен аралас мекен  етіп келе жатқан Сәтемір ханның қарауындағы қарақалпақтарды Хиуа хандығының жеріне күштеп ығыстыра бастады. Бұл Орта Жүз сұлтандарына да, қарақалпақтарға да онша ұнай қойған жоқ болатын.

Ақырында, мұндай өзара текетірес пен келіспеушілік Орта жүздің сұлтаны болып отырған Барақтың Әбілқайыр ханға у беріп өлтірумен аяқталады. Осы сәтті пайдалаңған генерал Неплюев өлтірілген хан тағына оның баласы, момын Нұралыны тағайындау қажеттігі  жөнінде патша ағзамға өтініш білдіреді.

Бірақ, Нұралының орнына орданың барлық ісімен оның анасы Бопай айналысты. Малдың жағдайымен қысы-жазы Сыр мен Жиделі-Мамыт арасында көшіп-қонып жүрген ханның отбасы мен ұрпақтары, тіпті осы өңірдегі қазақтар мен оларға құдандалы-жекжат болып сіңісіп кеткен қарақалпақтардың да ханы танылған Нұралының өзі де, соңғы жылдары әкесінің Сырдарияның ежелгі Жент шаһарына жақын ағатын оңтүстік салаларының бірі Адам-Ата бойындағы қысқы сарайына қоныс тебуді бірте-бірте азайтып, кейін мүлде қойған-ды.

Сондықтан, Сырдың төменгі ағысы мен Арал теңізінің шығысын мекендеген Кіші жүзге қарасты Әлім тайпасының  «Сыр Шектілері» атанған біраз бөлігінің басын қосар адам болмады. Жан-жақтан аш бөріше анталаған жаулардан әбден мазасы кеткен әр ру, әр аталық тек өз араларынан шыққан белгілі  билер мен батырларға иек артты.

Солардың жаужүректік әрекеттерінің арқасында жан сақтап, шамасы келгендері тұтқиылдан шабуылдап қан қақсатып кеткен жауларын тек өздері естерін жинағаннан кейін ғана қуып барып қарымта қайтарып, шамасы келмегендерді барымтадан бет-бетін бассауғалап, шексіз шырғалаңнан, тіпті көз аша алмай, жылап-еңірей жүріп күндерін көріп, амалсыздан итшілеп өмір сүріп жатты.

Мал бағып ұлтарақтай жерге егін екеннен басқа амалы жоқ шаруалардың көпшілігі Сыр мен Қуаң бойындағы қалыңды қыстап, бірде-екілі аша тұяқтылары  мен күш көліктері барлары көктем туысымен, қашыққа кетпесе де жақын жайлауларға көшіп, ерін жібітер ешкі-лағы жоқ кейбір кедей-кепшіктер қысы-жазы өзен-көлдерді, әсіресе көктемгі қатты тасқын кезінде негізгі арналарынан қашқан таяз суларды жағалап, түрлі тәсілдер қолдана жүріп балық-шабақтарын аулап жеп, әйтеуір, ашқұрсақ бала-шағалардың өзектерін талдырмауға тырысатын.

Жылда қысты «шықпа жаным, шықпа» деп, осылай қоңторғай күйде өткізетін олар, көктем шыға ортақ соқаларын, шығырларын, атыз-жаптарын жөндеп әуреге түсетін. Дария мен үлкенді-кішілі көлдерді жағалай өскен ит тұмсығы батпайтын қалың шеңгелге борбайларын жыртқыза жүріп, әупірімдеп аршып алған ұлтарақтай жерлерін үй-ішімен жабыла кетпендеп, тырмалап күн батыратын.

Күн шығып, жер шығып, әбден бабына келген соң, оған қыста бала-шағаларының аузынан жырып, қап түбінде қалдырған азын аулақ азын-аулақ дәндерін «үпілеп-сүпілеп»  сеуіп тастайтын да, қамыс шошала, не өздері  шауып алған шеңгелден қабыстырып қо стігіп, бозала таңанан ымырт үйіріліп, қас қарайғанша тынып таппай митыңдасып, кетпен шауып жүрер еді.

Сонау оғыз-қыпшақтар ұлысы қоныс тепкен бағзы замандарда «Ұлық Ене», «Ұлы Сейхұн» аталған Сырдарияның теріскей жағындағы азын-аулақ малы бар ағайын-туыстарын ілестірген кәнігі байлар шөп шүйгін шыққан жылдары іргедегі «түгін тартса майы шыққан» Қарақұмға, әрі асса Ырғыз, Елек, Ойыл өзендері мен қоныстанып алып, онсыз да ойын-сауыққа толы жаздысейселе құрып, аз ғана күнгі қызықтарын масаттана жүріп, мейілінше думандатып өткізетін.

Көктем ерте шыққан жылдары Арқадағы Торғайдыңмаң даласының шегіне жеткенше шашырай көшіп, өздерімен етектесе қоңсы қонатын Орта Жүздегі құда-жекжаттарымен, тамыр-таныстарымен бірге отырып, жайлаудан асықпай, күзем мен күйек алып, күз ортасына таман қайтатын.

Ал өзеннің оң жағалауы мен оның Адам-Ата, Сағыр, Қуаң, Құрдым, Қараөзек сияқты салалары бойындағы қозақтарға қыстау салғандар малдарын төлдетіп алған соң, сәуірдің алғашқы күндерін өткізе сала, оңтүстікті бетке ұстап үдере көшіп, иатақты Қызылқұм шөлінің су көздері  мен құдықтары бар өңірлерін, кейде Жаңадария алабынан да әрі өтіп Тамды, Үшқұдық, Заңғар-Төбе, Боқан тауларына қарай ойысатын.

Кей жылдары, оңтүстік-шығысында Бозшаның қуысы арқылы Мырзалықазған құдығынан, оңтүстік-батысында бүйректің құмы мен Жаманқызылдан да әрі қарай өтіп, Дәуқарадағы Бөрше тауы, Тақтакөпір, Қызылқала, Шымбайға жететін.

Қашаннан қазақтың Кіші жүзі мен Орта жүзінің көптеген руларының ежелгі мекені болған ол жақта бұрыннан қоныстанып қалған ағайын-туыстарымен, жергілікті қарақалпақ байларымен жазды қоян-қолтық, қанаттаса өткізіп, күзгі суыққа ұрынбай, ертерек кері қарай қайтуға тырысатын.

Алайда, Сыр бойы қазақтарының мұндай еркіндік өмірі ұзаққа бармады. Кезінде Әбілқайыр хан Хиуа жеріне ығыстырып тастаған қарақалпақтар мен қоқандық бектер соңғы ондаған жылдар бойы Әлім, Шөмен тайпаларының осы өңірлердегі қолбасшысыз қалған тұрғылықты руларын қалай да Сырдың теріскейіне қуып салып, егіншілікке ыңғайлы шұрайлы жерлерді өз иеліктеріне өткізіп алуды ойлап, түн ұйқыларын төрт бөле бастады.

Бірақ, ой жеткенмен қол жетпей, іштерінен тынатын. Әсіресе, әр жерде шашырап жатыр дегенмен, сырттан төнген жауға шашау шықпай тас-түйін қарсы тұра қалатын, атысса атысып, шабысса шабысып, өліспей беріспейтін Шектілер мен Әлімнің басқада бес баласының ұрпақтарынан қаймығатын олар, анда-санда ғана түнделетіп ұрымтал келіп торуылдап, мал ұрлап кетердей шағын жортулар жасаумен ғана тынатын.

Қашаннан көрші жатқан түбі мен тегі бір, туыс екі халықтың бай-шонжарлары мен би-батырлары осылайша арбасып, бірінің ауылынан бірі барымталап мал қуып, жазықсыз жандардың канын судай төгіп жатқанда,  өздерінің оңтүстік-шығысындағы Үндіқытай түбегінің басым бөлігін отарларына айналдырған ағылшындармен ауыз жаласқан Хорезм шахы мен Қоқан бектері де қазақ жеріне кезек-кезек  қол салып, кейде сұғына кіріп, басып алған жерлеріне қорғандар тұрғыза бастады.

Ал, Қытай, Үнді және Таяу Шығыс елдерімен сауда-саттық жасасудан да тіпті шамасы келсе өктемдігін жүргізуден де кет әрі емес Ресей патшасы осы елдермен екі арада жатқан иен даланы еркін жайлаған қазақтардың атамекендерін өзінің отарына айналдырып, жерлерін кеңейтуді, оларды «бұратан» атандыруды ойлап, Кіші жүз басшыларының өз еркімен қосылу жөніндегі келіссөзін желеу етіп, бекініске қолайлы Сыр мен Арал бойына батыстан барлай көз тігумен болды.

Патшаның қанды қол генералдары көз тігіп қана қойған жоқ, жыл сайын ілгеріллей отырып, шекарасын жылжытып, қазақтарды батысы мен арқа беттен және шығыс жақтан ішкі шөлді, шөлейт аймақтарға қарай тықсырып, бекініс – қалаларының бірінен кейін бірін салып қыспаққа ала түсті.

Әбілқайыр ханның Кіші жүзді «қамқорлық» алу жөніндегі хаты мен ант қабылдағанын сылтау етіп, оның көзі тірісінде-ақ Ресей патшалығы Сыр мен Арал бойынан Гладышев, Муравин сияқты тісқаққан әскери тыңшылары мен топорграфтарын жібере бастаған-ды.

Олардың басты міндеттері – болашақта шекаралық бекіністер салуға мейлінше ыңғайлы жерлерді тезірек тауып, картаға түсіру еді. Осындай жасырын істерді қашаннан-ақ қолына алған патша өкіметінің әкімшілігі бұл кезеңде Еділден де өтіп, Жайық бойына әскери құрылысшылары мен солдаттарын әкеліп, берік бекіністер тұрғызып, өзендер мен теңіз жағалауларына шағын-шағын плодтар жасақтауды қолға алды.

Ал, қарақалпақ ағайындардың оңтүстіктегі шекараға жақын қоныстанған біраз руларын басқаратын кейбір белгілі бектері атақты батырлары Хорезм шахының тікелей қолпаштауы мен үнемі көрсетіп отырған көмегінің арқасында Әмудария бойынан арқаға қарай қайтадан жылыстап, Қазақдария мен Жаңадариядан бері қарай, ал қоқандың бектер Жаңадарияның жоғарғы ағысынан тіпті Іңкәрдариядан да өтіп, Сыр бойына елу-жүз сарбаздық саз қорғандар тұрғызылып жатты.

Сөйтіп, иек астына келіп беініп алған олар, енді Сыр мен Арал өңірін мекендеген қазақтарды барымталауды жиілете берді. Мал қуып қана қоймай жолындағы шағын ауылдарды ойрандатып, халықты қырғынға ұшыратып, тұтқынға түскен ер-азаматтарды құлақтесті құл қылды, қыз-келіншектерді жәбірлеп, күлімен шығар басы байлы күң етті.

Бұл өңірдің қазақтарының осындай дүрбелең мен өксікке толы өмірі тіпті, жарты ғасырдай уақытқа созылды. Сонау Балых пен Хиуа шаһарларынан шығып, қазақ жерлерін басып өтіп, Қазан мен Сант-Петербург қалаларына дейін баратын үлкен керуен жолы бойындағы көшіп-қонып жүрген қазақ ауылдарының жай-күйлерін, жерасты байлықтары мен жер жағдайын әбден біліп алу мақсатында, хиуалық һәм қоқандық қарақшылар Ұлы Жібек жолының осы Тармағымен күндіз-түні ағылып жатқан саудагерлер арасына өз тыңшыларын жіберіп, кейде солардың  өздерін де осындай жіміскі тірлікке пайдаланып отырды.

Тыңшылары арқылы нақты мәліметтерге қанығып алған олар, шағын ауылдарға құныққан қасқырдай қайта-қайта шабуылдап, әбден берекелерін кетірді. Тұтқиылдан талауға түсіп, ойда жоқта ойрандалған сорлы қазақ ауылдары үнемі қанды қырғынға, есепсіз шығынға ұшыраумен болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *