Рүстем Ідірұлы Жанай – Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев колхозындағы Диқан айылында 1944 жылы 2 мамырда дүниеге келген.
1961 жылы № 420 орта мектепті бітіріп, алғашқы еңбек жолын бастайды. 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтының филологмя факультетін бітірген ол, Ақтөбе облысы, бұрынғы Шұбарқұдық, қазіргі Теміртау ауданында № 484 орта мектебінде қажақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, кейіннен ауылдағы № 420 орта мектебіне өз мамандығы бойынша еңбек етеді.
Өзінің алғырлығымен, белсенділігімен ерекше көзге түсіп, қоғамдық қызметтерге араласа бастады. Ел ағаларының сенімінен шыққан ол, аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшылығына жоғарылайды. Кейін ел ішінде ысылып, қала мен даланың өзіне тән жұмыстарын әбден төселген уақытта аудандық ауылшаруашылығы кәсіподағында төраға:«Партсъезд» кеңшарында партия ұйымының хатшысы;Аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары;Аудан әкімінің орынбасары;Қазалы қаласындағы № 8 кәсіптік-техникалық мектептің директорыАл өмірінің соңына дейін аудандық оқушылар Үйінің директоры қызметтерін талмай атқарды.
Өзінің бар саланы ғұмырында елге жолбасшы бола жүріп, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Үздігі» белгісімен марапатталып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болды. Өмір жолында өзі талай ағаларынан сабақ алса, енді өзі жас маман кадрларды тәрбиелеп шығаруда ерен ебек етті, ақыл-кеңесін аямады, нәтижесінде «Шапағат», «Астана» медальдарын төсіне қадады.
Ақынның алғашқы жинағы «Мәуелі махаббат» деген атпен 1974 жылы жарық көрген. Сондай-ақ, 1977 жылы «Бақыт босағасы», 1982 жылы «Мезгіл мақамдары», 1999 жылы «Бір өзіңе», 2004 жылы «Сағынып кеттім мен сені», 2004 жылы «Жанайқай», 2006 жылы «Әйелдердің жүрегімен ойнама» атты кітаптары бірінен кейін бірі оқырмандар сұранымына ие болса, ақындық өнері шыңдала келе поэма, дастан жазуға да ерекше ден қояды. «Жанқожа батыр», «Дәулет батыр» дастандарын жазуы – ерлік пен елдікті, адалдық пен намысшылдықты ту еткен батырларымызды ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсетеді.
2007 жылы бұрынғы облыс әкімі қызметін атқарған, қазір Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның тәкелей атсалысуымен 200 томдық «Сырдария» жинағына Рүстем Жанайдың шығармалары енді.
Рүстем Жанай жаны нәзік, лирик ақын. Ол қай салада қалам тартпасын ойын іркілмей жеткізіп, көптің ойынан шығатын, дөп баса білетін.
«Қазақпыз – ұлы халықпыз» өлеңінде қазақ даласының шексіздігі, халқының дархандығы, өнері, әдебі, тарихы жырланса, «Егеменбіз» өлеңінде еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін паш етіп, ұрпақтарға егемендіктің бағасын, нарқын түсіндіре білді.
Өмірбаян орнына
Түсіп келді демеңіз ісі бүгін,
Жаны нәзік,
Бойында күші мығым,
«Дихан» деген ауылда туып- өскен,
Дихан деген атаның кіші ұлымын.
Бар мен жоқтың сезінген жарасымын,
Ерте тартқан еңбектің дана сырын.
Отан үшін шайқасқан ақсақ шалдың
Тұңғышымын-
Тентектеу баласымын.
Үлкендерге еліктеп көзі қанық,
Іске мығым, сөйлесе сөзі анық,
Есеюді үйренген ауылымнан:
Өлең жазып,
Шөп тасып,
Қозы бағып.
Ісі құрсын осының дегізбедім,
Он бітіріп, жөнімді көп іздедім.
Айтқанымен қаталдау басқарманың,
Бақтым біраз колхоздың өгіздерін.
«Сандалмай- ақ қойсаңшы босқа бала»,-
Деген сөзге қарамай басқаға да.
Баққан малды тапсырып інішікке,
«Тәуекел»,- деп кеткенмін астанаға.
Астанадан жырларым жарық көрген,
Жан- тәнімді білімге салып бергем.
Төтр жыл деген төтр күндей өте шығып,
Қып- қызыл ғып диплом алып келгем.
Жүріп келем,
Мен әлі жүріп келем,
Асау жүрек айтарын ірікпеген.
Баяндама жазылған папкаларда,
Ұмытылмай жазылып жүріпті өлең.
Іздемеймін қашанда жанға тыным,
Арманымды сүйрейді алға күнім.
Мақтанышым-
Одақтың мүшесімін,
Қызметім-
Еңбектің солдатымын.
Сыйла ақынды
Жылы сөз айт, ағайын,
Ақындарға.
Ақындардан жүрекке жақын бар ма?
Тілейтіні татулық бәріңе де,
Жалау болып жаныңа жатын барда.
Жылы сйле,ағайын,
Ақындарға.
Тегі жайлы төгіліп,
Тағы жайлы.
Бұқар бабам тоқтатқан Абылайды.
Асқан ханды келтірген тәубесіне
Болмасын деп еліңде тақы қайғы
Бұқар жырау тоқтатқан абылайды.
Би бол мейлің,
Әкім бол мөр ұстаған.
Болғайсың тек жарамды келісті адам.
Жырларына құлақ сал ақындардың,
Жаны-жайлау,
Тұлғасы-өріс-далаң.
Сыйла ақынды
Сындырма сағын оның
Азаматтар қолына мөр ұстаған.
Жансебіл
(тарихшы-этнограф,зерттеуші,жазушы Әбдісаттар Оспановқа)
Қашан да таудай талабы,
Іздейтін інжу тереңнен
Тірілткен талай дананы
Өнерді қуған
ӨЛЕРМЕН!
«Тоқыған ойдың өрмегі
Қалсын,- деп жүрген ,-мәңгіге»
Жасынан қорғап,
Сенгені-
ЖАНҚОЖА батыр-Әулие!
Таланты түпсіз ,өр кеуде,
Өмірде ерен жыр-тұлғам-
Әбекең қанын бергенде ,
Саңқ етті қайта Нұртуған!
Алпысқа тақап келгенде,
Емпеңдеп жүрген елім деп-
Әбекең жанын бергенде
Толғады тағы
ЕРІМБЕТ!
Шыдаған,
Ешбір қыңбаған
Өмірдің талай тезіне
Тірнектеп жүріп жинаған-
Кеудесі толған шежіре.
Бақытын тапқан терменен
Еңбектен тұрған барша өмір.
Мақтаныш кеуде кермеген,
Ел үшін туған
ЖАНСЕБІЛ!
Он тоғызыншы парақ
Мектепте төртінші-бесінші сыныптардың бірінде оқимын.Кітапханадағы жүз шақты кітаптарды тәмамдап тастадым.Әсіресе,асқар Тоқмағамбетовтың сықақтарын жатқа білетінмін.Қолхозда жиналыс болыпартынан концерт бергенде Асекеңнің «Желіккен жеңгейлерге», «Бірін тапсам,бірі жоқ»тағы басқаларын тақпақтап тұрғаным.Ұялмаймын.Жұрт ду қол ұрады.Ертеңіне мұғалімдер мақтайды.Қыздар мен балалар қызыға қарайды.Бір күні сахнаға шығып,қолымды оңды-солды сілтеп тақылдап тұрғанмын,шалбарым түсті де кетті.Тоқталмадым.Жұрт күлкіден қырылды.Бәрібір аяқтап шықтым.Сол ерлігіме әлі де ризамын.бірақ сахна сыртына шыққаннан соң жылағаным рас.Егер тақпақты тоқтатып,шалбарымды киіп қашқанымда қалай болар еді!
Кейде қиын сәттерден абыржымай шығуды сонан бастасам керек.
Отыз төртінші парақ
Қазалы қаласында панасыз қарттар болатын. Үй дегені болмаса, мал қорадан артық емес. Сонда он шақты адам паналайды. Сол үйге аудан басшылары шетелдіктерді апарып, көмек сұрады. Менің шын мәнінде арым келді. Ол үйде ол кезде бір де бір басқа ұлт жоқ- бәрі де өзіміздң қаракөздер. Бір күні аудан әкімі Болат Пұсырманов інімізге қарап: «Айналайын, ел үшін ұят- пақырларды анадай үйде ұстау. Мен үй салып берейін»,- деп ұсыныс жасадым. Қуанып кетті.
Балаларымның қаржысынан басталған құрылысқа өзімнің №8 кәсіптік мектеп ұжымы, жеке азаматтары көмекке келді. Он бөлмелі үйді екі айда бітріп, әр бөлмеге қажетті дүниелер, ақ төсек, ыдыс- аяқ, теледидар т.б. қажетті дүниелер қойылды. Көп түкірсе- көл деген ғой. Осы бір істің үстінде есімнен кетпейтін ойландырған бір оқиға болды: Көне қарттар үйінде тұратындардың ішінде бойы метрден сәл- ақ асатын, бір аяғында келсаптай балдағы бар жетпістегі бір кейуана болды. Өзі көшеде шемішке сатады. Құрылыс басталғаннан әлгі кейуана күнде келеді. Күнде бір уыс шемішкесін тықпалап, қарсылығыма қарамай беріп кетеді. Айтатыны: «Пештің түбіндегі бөлмені маған берші, балам», «Сөз жоқ, апа» — деймін де.
Құрылыс бітті. Жиын жасап, қарттар үйін аштық. Қуаныштарында шек жоқ. әлгі кейуанаға пештің түбіндегі кең де жылы бөлме тиді. Батасын беріп, қолындағы бары- шемішкесімен қарық қылды.
Ертеңіне мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Жаңа үйде, өзі қалаған бөлмесіне бір- ақ рет түнеді. Ақ төсекте бір- ақ рет жатты.
Бұл не өзі?! Тағдыр ма? әлде байғұстың тілегі адам сияқты бір күн өмір сүру болды ме екен?
Тағдыр солай шығар?
Кім білген?
Алла тағдырыңды алдын ала білдірмегені үшін де ойлану керек. Бүгін байсың- ертең жарлысың дегендей. Болжай алмайсың.
Алла солай дұрыс жасаған ғой.