Қазақ тілінің мұңы

Міржақып Дулатұлы:

Қазақ тілінің мұңы

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбылдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.
Енді қандаймын?
Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.
Мен не көрмедім?
Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлдем жоқ қылғысы келгендер де болды. Өліде үшбақы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды. Мен жылы сөзді алдымен айналып кетейін, осы күнгі Ахмет (Байтұрсынұлы – Д.Д.) деген кісіден ғана естідім.
Төңкеріске шейін көрмегенім қалған жоқ. Төңкеріс болмаса, менің һәм – бейшара қазақ менен айырылатын да шығар деп едім.
Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Жаны жәндем кеткір миссионерлердің, молдалардың, тілмәштардың қолжаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа қуанған екенмін…
Жанның бәрі теңдік алып жатқан кеңес өкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып кім көрінген созғылай бастады. Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейтін білім кеңесі де мені аямады. «Егістік», «сәрсендеме» деген жалаларды әкеп жапты маған. Бұйырмасын, біздің арамызда мұндай атты соғылғандар туғалы болып көрген емес. Не амалың бар? Құдай басқа салған соң көніп отырмыз. Кітаптарында, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы тағы жоқ.
«Қазақыландыру» бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазады да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жақын арада Қазалы дейтін қалада «кәператиб күні» деген бір күн болып, жұрттың бәрі желігіп, көшеге шықты. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таба алмадым. Қолдарындағы қызыл туына сондағы жазғаны мынау: «Арзан тауара де дебенге һәм ауылдарға арзан астыт жұмыскерлер кетубі жақсу. Назыққанда амал би лелдік жеккуле-к пл! Жоғарелатуна керек канун есамклдің арзандаыға тауарлерде өсемен жегере уктабр іңқлаб».
Міне, жұртым, Қазалының «қазақыландырғандағысы» осы! Жасаған-ай, мұндай да қазақыландыру болады екен!
Енді қайтемін? Бұл мұңымды кімге айтамын, кімге шағамын!..
Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен нағыз қазақтың белбаласы едің. Сен адырайған адай едің. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге кәмессиялардың көбіне сенбеймін. Олардан да жақсылық көрмедім, орысша жазады да, шала-шарпы тілмәштарына аудартып жанымды шығара жаздайды. «Тасты жапалаққа ұрса да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрса да жапалақ өледі» дегендей, баз баяғы менің сорым.
Жалаужан, мен саған жалынам, «Ауыл тілін» шығарамын, газетім нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегенде ішім елжіреп кетеді. Мұныңа тілектеспін. Жортқанда жолың болсын, жолдасың Маркс, Ленин болсын, сенің не керегіңе мен дайынмын. Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмәштарыңа тағы да қор қылма. Әсіресе, Қазалы сықылдылардың «қазақыландырғанынан» қорға. Азар коменес болып кетсеңде ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *