ДРАМАТУРГИЯ

ДРАМАТУРГИЯ

Драматургия – қазақ әдебиетінде 20 ғасырдың басында әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық түр. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі фактордың бірі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген бай фольклоры. Тұңғыш қазақ пьесаларына ауыз әдебиетінің жасаған әсер-ықпалы жанрлық формалардың дамуындағы күрделі процестен айқын көрінеді. Алғашқы драматургтар эпостық материалдарды арқау ете отырып, Еуропа, орыс, татар әдебиеттеріндегі драмалық формаларды пайдаланып, жаңа жанрдың үлгілерін жасады. Сюжеті, образдары эпостан, ауыз әдебиетінен алынған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесалары драматургияның жанрлық сырларын, поэтикалық ерекшеліктерін меңгерудегі қазақ әдебиетінде ең алғашқы тәжірибелер. Бұл пьесаларда эпоста баяндалатын оқиғаларды диалогқа көшіру, жырдағы толғауларды өз қалпында алу, детальдарды, сөйлемдерді сөзбе-сөз пайдалану жиі кездеседі. Эпос үлгілерін сахна ерекшелігіне қарай ықшамдап, артистер ойынында лайықтап, драмалық формаға түсіре, инсценировкалау тәжірибесі де көрінеді. Фольклор материалында сүйеніп жасалған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов шығармалары бұл жанрға деген жаңаша көзқарастың, әдебиеттің дамуы жолындағы жауапкершіліктің айғағы. Эпостан алынған дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеал, суреткерлік концепция тұрғысынан қайтадан сомдалып шыққан. Олар фольклор үлгілерін сөзбе-сөз көшіріп, вариация жасамайды, белгілі мотивтерді қайталамайды. Халық даналығына өз тараптарынан терең ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар жасау арқылы өнерді байыта түседі. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары – эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырудан туған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика. Қазақ драматургтарының социалистік реализм әдісін меңгеру жолындағы ізденістерді ең алдымен жаңа тақырыптарды, Ұлы Октябрь социалистік революциясы тудырған әлеуметтік өзгерістерді, халық санасындағы айрықша құбылыстарды бейнелеу мақсатымен терең ұштасып жатыр. Бұл жаңалық С.Сейфуллиннің революционер бейнесін жасаған «Қызыл сұңқарлар» драмасынан басталып, қазақ әдебиетіндегі берекелі, жемісті мақсатқа айналды. М.Әуезовтің ескі ауылды көрсететін пьесалар топтамасының өмірдегі құбылысқа лайық түр тауып, негізінен трагедия болуында заңдылық бар. Бұл туындылар формасы жөнінен Еуропа, орыс әдебиеттеріндегі классикалық пьесаларға ұқсас. Социалистік қазақ ұлтының өміріндегі елеулі кезеңдердің бәріне де драматургтар үн қосып отырды. Бұл орайда М.Әуезовтің жаңа адамды, советтік шындықты, социализм мұраттарын арқау еткен пьесалары тақырыптарының әр алуандығымен көзге түседі. Революционерлер, тарихи адамдар бейнесі («Октябрь үшін»), советтік интеллигенцияның қалыптасуы («Тартыс», «Алма бағында», «Дос – бедел дос»), жаңа семьяның тууы («Тас түлек»). Ұлы Отан соғысындағы халық қаһармандығы («Сын сағатта», «Қынаптан қылыш», «Намыс гвардиясы», «Асыл нәсілдер»), партия қызметкерлерінің, коммунистердің тұлғасы («Шекарада», «Алуа») – осы секілді әр саладағы идеялық-эстетикалық ізденістердің өзегі типтік ортада шынайы тартыс үстінде көрінген типтік ортада шынайы тартыс үстінде көрінген типтік характерлер жасау, қаһарманның психологиясын ашу талаптары болып табылады. М.Әуезовтің советтік өмірді бейнелейтін пьесаларында ұзақ мерзімді тартысты қамту, көпшілік көріністеріне айрықша мән беру, астар, символ, шарттылық, фантастика, эпика элементтерін кірістіру секілді қазақ драматургиясында тұңғыш рет қолданылған формалық жаңа сипаттар бар. Алғашқы қазақ комедияларының арқауы – халық арасында ұрпақтан ұрпаққа жетіп, үнемі жетілдірілумен келген аңыздар, күлкілі әңгімелер, болған оқиғалар. Ж.Шаниннің шағын көлемді, қысқа қайырылған «Торсықбай», «Айдарбек» секілді комедияларының сюжеті ел аузында айтылатын қалпынан көз өзгеріске түспеген. Фольклор материалын сахнаға лайықтау, диалогтар жасау, кейіпкерлер мінезін айқындау, тартысты күшейту арқылы драматург-аңыздан төл шығарма жасаған. Ж.Шаниннің «Қара құлып», «Жанды сурет» сияқты шағын пьесаларының сюжеті авторлық қиялдан туғанн. Қазақтың тұңғыш сатиралық комедиясы «Үш бажа» — эпостық дәстүрлер арнасынан әлі шығып болмаған, сюжетін, ситуациясын, көркемдік құралдарын фольклордан алып жасайтын кезеңнің жемісі. «Айман-Шолпан» пьесасының соңғы вариантында М.Әуезов фольклорды пайдалана отырып, реалистік комедия жасаудың творчестволық үлгісін көрсетті. Қазақ комедиясының атасы аталған Б.Майлин драматургиясының реализмі ең алдымен шығармаға күнделікті өмір құбылыстарын комедияға лайық ситуацияларды екшеп, сұрыптап ала білуден аңғарылады. Комедиограф қоғамдық аренадан кететін таптардың моралін, психологиясын характерлер арқылы көрсетіп, күлкіге әлеуметтік салмақ артқан. Б.Майлин комедияларының жанрлық формалары сан алуан, олардың ішінде водевиль де, скетч те, сатира да бар. Күлкі тудыруда ситуация, психология ерекшеліктері, характерлер тартысы, шарттылық амалдар, затты, детальды ойнату, тілдік сипаттамалар, неше түрлі көркемдік құралдар еркін қолданылған. Б.Майлин комедиялары атының өзі астарлы, символды мәні бар болып келсе, кейіпкерлердің есімі олардың әлеуметтік ортасының моралінен, идеалынан жақсы хабар береді. Кейіпкерлер тілі лексикалық, синтакситік, интонациялық жағынан өзара дараланып берілген. Әлеуметтік мәнді мәселелерге құрылған, әр түрлі мінез-құлықтары бар, сан алуан күлкіге негізделген, жанр шарттарына толық жауап беретін Б.Майлиннің реалистік комедиялары қазақ драматургиясының кейінгі дамуына үлкен әсер етті. Қазіргі қазақ комедияларында социализм табиғатына жат құбылыстар, адам мінезіндегі олқылықтар – бюрократизм, махаббат тұрлаусыздығы, жағымпаздық, парақорлық, зиянкестік, дүниеқоңыздық күлкі болады. Комедиографтар бүгінгі драматургияның жетістіктерін, театр, кино ықпалымен келген жаңалықтарды, шарттылық тәсілдерін, соны формаларды творчестволарында қолдана бастады. Ә.Тәжібаев, Қ.Сатыбалдин, Қ.Мұқамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов секілді комедиографтардың сахнада қойылып жүрген шығармалары ситуациясы, күлкі тудыратын тәсілдері, жасаған бейнелері жағынан бір-біріне ұқсас болғанмен, олар – дараланған мінездер бар, неше түрлі жанрлық формаларда туған реалистік комедиялар. Өмірлік шындық пен көркемдік арасындағы диалектикалық байланыстың қырлары қазақ драматургиясында тарихи-революциялық, ғұмырнама өмірбаяндық тақырыпты игеруден де көрінеді. Творчество адамдары, Абай, Шоқан, Ақан сері туралы пьесалар сол тұлғаның тарихтағы рөлі жөніндегі маркстік-лениндік ілімнің тұжырымын терең ұғынып, күрескер тағдыры мен халық тағдырын ұштастыра суреттеуден туған. Әр драматург дәл фактіні, нақты деректі, негізгі оқиғаны пьесаға арқау еткенде өзінің идеалына мұратына орай оларды әр түрлі пайдаланады. Бұған ақын-революционер С.Сейфуллиннің өміріне арналған. С.Мұқанов, Қ.Сатыбалдин, Ә.Әбішев, А.Сатаев пьесаларын зерттегенде айқын көз жекізуге болады. «Майра», «Дала дастаны» драмаларының тарихи материалды зерттеп пайдалану принциптерінде, характер жасау, тіл ерекшеліктерінде поэзия дәстүрлері, ақындық тәжірибелердің ықпал-әсері бар. Бірқыдыру тарихи драмалары психологиялық тереңдік, астарлы ойлардан гөрі публицистикалық, патетикалық идея басымырақ. Қазіргі қазақ драматургиясында қызықты творчестволық процестер жүріп жатыр. Ескі дәстүрлер жаңғырып, оның орнына жаңа тенденциялар көріне бастады. Совет адамдарының, социалистік қазақ ұлтының бүгінгі өмірін бейнелейтін драматургиядағы негізгі, орталық қаһарман – күрескер, жаңа дүниетанымның, жаңа моральдің, жаңа психологияның адамы З.Шашкиннің «Ақын жүрегі», Т.Ахтановтың «Сәуле», Ә.Әбішевтің «Белгісіз батыр», Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» пьесаларындағы кейіпкерлер әр түрлі мінез-құлықтың, әр түрлі мінездің адамдары, бұл шығармалардың өмірлік материалды сұрыптау әдістерінде, стиль қалыптарында көп ерекшеліктер бар. Деректі материалды, фактіні, шартты тәсілдерді пайдаланып жазылған, күрделі мәселелерді қозғайтын, қазақ драматургиясының тақырыптық шеңберін кеңейткен Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде», Ә.Тәжібаевтың «Қыз бен солдат» драмалары сахнада қойылып келеді. Жанрлардың өзара тоғысуынан, бір-бірін байытуынан туған формалар, драмалық тартысы күшті, характерлері айқын туындылар негізінде жасалған инсценировкалар қазақ драматургиясында көріне бастады. Драматургияда реалистік тіл үшін күрес, ақ өлең жасау ізденістері бел алды. Қазақ дараматургиясының дамып, өсуіне классикалық туындыларды аудару тәжірибесі үлкен әсер етті. Алғашқы аудармашылардың М.Дәулетбаев, Н.В.Гогольдің «Үйленуін», У.Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаласа, М.Әуезов аударманың драматургиядағы классикалық үлгілерін тудырды («Ревизор», «Отелла», «Асауға тұсау», «Любовь Яровая» т.б.). Театр репертуарларына әр түрлі тақырыптарды арқау еткен, Ә.Әбішев, М.Хасенов, С.Жүнісов, Ә.Тарази, Ш.Мұртазаев, Қ.Ысқақов, Р.Сейсенбаев, О.Бөкеев, Д.Исабеков т.б. драматургтардың пьесалары енді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *