«АБАЙ»
“АБАЙ” – 1939 ж. М.Әуезов пен Л.Соболев бірігіп жазған 4 актылы 7 суретті трагедия. Пьеса алғаш рет 1940 ж. 30 қазанда қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылды. (реж. – А.Тоқпанов, суретшілері – Э.Чарномский, Қ.Қожықов). 1950, 1960 ж. қазақ тілінде, 1941, 1944, 1948 ж. орыс тілінде жарияланған, қазақша басылған 2 нұсқасының арасында ешқандай айырма жоқ. Әуезовтың әдеби-мемориал мұражайының архивінде “А.т-ның” 3 түрлі нұсқасы сақтаулы. Олардың ғылыми жағынан ең бағалысы – 102-103 санды папкідегі нұсқасы бастан-аяқ қара қарындашпен араб әрпімен жазылған. “А.т-ның” автографы. Бұл нұсқа бұрынғы нұсқалармен салыстырғанда көп өзгеріске түскен, біраз жері қысқарған, кейбір кейіпкерлері алмастырылған. Әйтсе де, пьесаның қолжазба мәтіні мен жарияланған мәтінінің арасында кереғар, үлкен алшақтық жоқ. “А.т-дағы” қаһармандар өмірде болған адамдар, олардың көбінің аты дәл қалпында алынады. Пьеса арқауы – Абай өмірінің кешқұрымы, тірліктің ұзақ жолындағы ақырғы жылдары өмір күресінің сан қилы қалтарысында қажыр-қайратын, барлық қуатын түгел жұмсаған алып жүректі ақын азамат қашан көз жұмғанша тұғырдан түспей, надандықпен, зұлымдықпен табан тіресе алысып өткен. Абай өмірінің трагизмін, әрине, оның отбасындағы бақытсыздықтардан жырып алып қарауға болмайды. Бірақ ең шешуші түйін, жұлын құрт ұлы адамның иделдарының, асыл армандарының жүзеге аспауында, дәуірмен кереғар келуінде жатыр. Пьеса ықыласты бірден тартып алатын оқшау, қысталаң оқиғадан басталады. Басбостандығы үшін алысқан Айдар – Ажар екеуінің қыл көпір үстіндегі сәті, өлімнің жар қабағына келіп қалған қиын-қыстау шағы трагедияның алғашқы көріністерінде ширақ, шымыр бейнеленеді. Қаһармандар аузындағы сөздердің қысқалығы, өткірлігі, нақтылығы ситуацияның психол. атмосферасына лайық, нанымды күйде келіп, мінездердің шындық болмысын реалистікпен қалыптайды. Шу дегеннен Оразбайдың ожарлығы, кеудемсоқтығы, Жиреншенің усойқылығы, Нарымбеттің әпербақандығы аян болса, Абайдың қара пәле жапырыла кеп басына құласа да тайсалмай көтерер ерлігі, Ажардың сүйіспеншілік жолында жанын пида етер шешімділігі көрінеді. Келіспес, бітіспес топ – Оразбай тобы жаулық, өштік отын шашып, Айдарларды өлтіріп бір-ақ тыным таппақ. Мағауия, Әйгерімдердің араша тілеп, басалқы айта сөйлеген сөздері олардың достық көңіл, бауыр ниетін аңғартады, бірақ бұлар Оразбай, Жиреншелерге пара-пар келе алмайды. Боймен басып, тіземен қағып-жығып бара жатқан дүлей күш Абайдың туған ағасы, Тәкежанға да өз шоқпарларын соқтырады. Зорлап, күштеп жатқан бұлар жоқ. Тәкежанның өзінің моралі, сонау Оразбайлар қорғаштайтын ата-баба дәстүрі – мұның да табынар асылы. Пьесадағы Ажар, Әйгерім, Қаныкей, Қарлығаш, Зейнеп, Мағыш мінездері бөлек-бөлек, дара-дара бейнелер. “А.т-дағы” қаһармандар саны көп болғанымен, әр түрлі орта өкілдері көрсетіледі. Қазақ қырының көптеген типтерімен қоса, авропалық білім алған 2 қаһарман бар. Олар – Долгов пен Әзімхан. Долгов – Абайдың досы, Әзімхан – Оразбайлардың шашбауын көтеруші. Екеуі бетпе-бет келіп қалғанда әрқайсысы өз ішін ашады, опалы интеллигенция мен сатымсақ интеллигенция арасындағы күресті – осы Долгов, Әзімхан кейіптері арқылы бейнелейді. Әзімхан – торын әр жерге тастаған алаяқ. Гуманист, күрескер Абайдың ата жүрегі, әділетшіл жүрегі орамды өткір, айтқыш шешендігі пьесаның қай тұсынан болсын көрініп отырады. Абай жалғыз емес. Маңайында дос-жаран, іні-шәкірттері, көңілдес жақын жуығы бар. Олар: жақсы әкеден туған есте ұл – Мағауия, тапқыр, әзілқой Көкбай, ақкөңіл, адал Қарлығаш, ел анасы, халықтың өлең-жырын арқалаған аяулы Зейнеп, адал жар, жанашыр дос Әйгерім, махаббат сертіне берік Мағыш, айдауда жүрсе де жасып, жабықпаған Долгов, әңгіме – қызық дүкені – Баймағанбет. Бұлардың бәрі де сәтімен табылып, дара-дара драмалық күйлерімен бейнеленген қаһармандар. Зұлымдық жоспарын сыртқа білдірмеуге келгенде Керімнен асқан алаяқ болмайды. Той-томалақ ішінде Долговтың келуі қарбаласында Айдармен татуласқан болып отырып, оған у береді. Айдардан айрылу – Абай үшін тірегінен айрылу, ең талантты шәкіртімен қоштасу. Ақын жүрекке жас өмірдің көктей орылуын көру – қаны сорғалаған қазақ, орны толмас қаза. Айдар дерті аямай жаншыған Абай енді аяулы ұлы Әбіштің қаралы, қайғылы, құпия сырын естиді.
Пьесада күрескер Абай, демократ, дана, ойшыл Абай, ақын Абай драмалық қуатты әрекеттермен жан-жақты бейнеленеді. Трагедияның алғашқы қойылымында Абай рөлінде ойнаған Қ.Қуанышбаев ақынның психол. Ішкі сезім толғанысын, шабытының шырқау сәтін нанымды ашып, дәл жеткізді. Трагедия 1962 ж. 29 мамырда Қазақ драма театры сахнасында 2-рет қойылды (реж. – Ә.Мәмбетов, суретші – А.И.Ненашев). Бұл қойылымда актер Ы.Ноғайбаев күрескер Абай бейнесін сомдаса, М.Сүртыбаев ойшыл, гуманист ақынның тұлғасын жасауға күш салды. Трагедия Қарағанды, Семей, Жамбыл, Шымкент, Атырау, Қызылорда обл., театрларының сахналарында қойылды. 1968 ж. Алматыдағы орыс драма театрының сахнасында көрсетілді.