БАЙТҰРСЫНОВ Ахмет

БАЙТҰРСЫНОВ Ахмет (1873-1938) – ғалым, тілші, түрколог, әдебиетші, ақын, публицист, аудармашы, мемлекет қайраткері. Б. қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында дүниеге келіпті. Ахметтің өзінің “Өмірбаянында” көрсетуінше, мешін жылы, 1872 ж. Туған, № 5 ауыл, Тосын болысы, Торғай уезі, қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің ұлы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық, зорлыққа шыдамай, 1885 ж. 12 қазанда ояз бастығы полковник Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты дүние-мүлікті тартып алумен, абақты, Сібірге 15 жылға жер аудурылумен тынады.
Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-84 ж. әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-91 ж. Торғай қаласындағы екі класты орысша-қазақша училищеде, 1891-95 ж. Орынбордағы мұғалімдік мектепке оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады. Ақтөбе, Қостанай, қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күйбеңіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Ауылдық, болыстық, кейін екікласты мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқулықтар жазады, аударма жасайды, өлең-жыр тудырады, фольклор нұсқаларын жинайды. Ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың беделі, атағы өте бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкийдің жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909 ж. 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап қорлық көріп, торығады, қиналып, ширайды, ақыры күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстан тұру хұқынан айрылғандықтан, 1910 ж. 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор ө-на келеді. Бұдан кейін Б.өмірінде ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталады. 1913-16 ж. арасында “Қазақ” газетінде болып, орасан зор әлеум.-тарихи қызметт атқарады, халық өмірінің сан алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.
Алаш қозғалысы тұсында (1918-19 жылдан басы) Ахмет күрестің алғы шебінде болады. Енді жаңа өткел, соны өріс іздейді. Азапты толғаныс, өзгеру эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының көптеген өкілдерін өзімен бірге алып, Кеңес өкіметі жағына өтеді – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-рев. К-ттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады.
Республика оқу халық комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1930-26 ж.), Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғарғы оқу орындарында профессор болады, сөйтіп, жаңа заман үшін күреске түседі.
Адамгершілік нормалар бұзылып, сталинизм қылышынан қан тамған кезеңде Б.әуелі 1929 ж. бір ұсталып, абақтыға қамалады, лагерь тепкісінде ұзақ азап көріп, 1936 ж. қайтып келеді, бірақ 1937 ж. тағы да репрессияға ұшырап, 1938 ж. атылады. Б-тың Абайға арнаған негізгі еңбегі “Қазақтың бас ақыны” (“Қазақ”, 1913, № 39-41) деп аталады. Бұл мақалада көптеген мәселелерге мән берілген. Абай шығармаларының Семей, Ақмола облыстарына таралып, Торғай жағында белгісіздеу болу себептері ашылады. Абайдың әдебиет тарихындағы орнын зерттеуші дәл анықтап, оны қазақтың бас ақыны деп көрсетеді. Шыққан тегін, бабалары Ырғызбай, Өскенбай, әкесі Құнанбай, анасы Ұлжан, нағашылары Қаракесектің Бошан руынан шыққан Қаздауысты Қазыбек ұрпағының Бертіс би тармағынан өсіп-өнген күлдіргі, қалжыңның әйгілі ұсталары Қантай, Тонайт екендігін таратады, Абай қайда, қанша жыл оқыды, әлеум. Іске қашан араласты деген сауалдардың жауабы бар. Жер аударылып келген оқығандар Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс кеңесімен ақынның орыс жазушылары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, А.Н.Толстой, М.Е.Салтыков-Щедрин, Ф.М. Достоевский, В.Г.Белинский, Н.А. Добродюбов, Д.И.Писарев, Батыс оқымыстылары Спенсер, Льюс, Дрепер шығармаларымен танысқандығы айқындалады. Зерттеуші Абайдың жастық, жігіт шақтағы қалжың, ғашықтық өлеңдерден бірте-бірте терең мағыналы ғажап көркем поэзияға келгендігін дәлелдейді. Ақын шығармаларының үлгілеріне мән беріліп, “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Көк тұман алдындағы келер заман” өлеңдері талданады. Ұлы Ақы шығармаларын қазақ баласына түгел таныту үшін насихаттау, көпке тарату жолдары айтылады.
“Әдебиет танытқыш” (1926) теориялық еңбегінде Б.сөзбен қалай сымбаттауға, кескіндеуге болатының көрсету үшін, Абайдың “қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы…”, “Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан…”, “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…” өлеңдері тексін берген. Сөз өнері табиғаты, өлең айшықтары, ағындары, түрлері, бунақ, тармақ, шумақ, ұйқас үлгілерін көрсеткенде, Абай шығармаларынан мысал алған. “Қырық мысал”, “Маса” кітаптарында ұлы Абайдың көркем ойлары, поэтик. үлгілері, өлең өлшемдері жаңғыра құлпырып, жандана түсті, жаңашыл дәстүр ілгері жалғасты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *