ДУЛАТОВ Міржақып (1885-1935) – жазушы, ақын, драматург, журналист, қоғам қайраткері. Дулатов қазіргі Торғай облысының Қызбел атырабында 1885 ж. 25 қарашасында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеялары тамыр жая бастаған құнарлы топырақтың перзенті Міржақып әуелде молдадан тіл сындырып, артынан Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде бес жыл оқып біліп алады. Бұдан кейінгінің бәрі өз түртінектеуі, өз талпынысымен тапқан олжа, байлық, даналық. Ерте жетім қалған, екі жаста шешеден, он екі жаста әкеден айрылған Міржақыптың бүкіл өмірі жоқшылықпен, азаппен, зорлықпен, әділетсіздікпен жан аямай, қажымай талмай күресудің керемет бір үлгісі іспеттес.
Ауыл мектептерінде мұғалімдікпен өткен алты-жеті жыл ішінде, оң мен солын танып, өмір күресі, тірлік тартысына түсіп, ұлт қамы үшін ширығып, соны сүрлеу іздеген Міржақып алдындағы ақыл-ой ағалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтарды тауып, олармен пікірлес, ниеттес, мұраттас болып шығады. Осы алаш азаттығы үшін бағышталған ерен достық олардың бүкіл тіршілігінің өзегіне айналды.
Д.1904 ж. Омбы, 1905 ж. Қарқаралы, 1906 ж. Орал, Петербор барып, төңкерісшіл ағымдарға араласып, патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтеріп, мұсілмандықты қудалауға тыйым салуды талап еткен ағартушы-демократиялық бағыттағы қазақтың ұлттық озық оқығандарының алдыңғы легінің маңдай алдынан көрінді. Ол өз заманындағы көзі қарақты қазақ баласына қолынан келген қамқорлығын, достық-махаббатын аямаған. Алдыңғы қатарлы татар, орыс зиялыларымен де араласқан. Бұл қатарда Н.Н.Потанин, Ә.Диваев, Крымский, акад. В.А.Гордевскийлер де бар.
Өлең жинағы, роман кітабы басылып жазушылық даңқы шыққан Д-тың “Қазақ” (1913-18) газетінде Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып, тең редактор болып, еңбек еткен жылдары – ұлтының сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік проблемаларын жан-жақты көтеріп, оларға дұрыс жауап берген көкейкесіті публицистика тудырған, қазақтың еркін журналистикасының негізін салған, оның жанрлық формаларын жасаған, баспасөз мәдениетін, тілін қалыптастырған ең жемісті, ең бақытты жылдар.
Ұлттық ояну, Алаш қозғалысы, Алащ партиясы, Алаш өкіметі, Алаш әскері (1905-20) – бұлардың бәріне де Д. бел буып, білек сыбанып қатысқан, оның әр түрлі ұйымдарына сайланған, ұран жазған, күнделікті шаруаларын іске асырған, баспасөз бетінде насихаттаған, қажет десеңіз, керек болса, қолына қару алып та күрескен – осылардың іздері сақталған көптеген тарихи құжаттар, анық деректер толып жатыр. Ол бұл жолда адастым, сандалдым демеген, имандай ұйыған берік сеніммен әрекет еткен.
Кеңес дәуірінде басқа да бұрынғы Алаш басшылары секілді Д.-қа да үлкен іс тапсырылған жоқ, қайта қудаланып, 1922 ж. Кеңес түрмесіне қамалып барып шығады, ол Орынборда педагогтық қызметте, Семейде сот мекемесінде, Ташкентте, Қызлордада газетте елеусіз қатардағы қызметтерде болды да (1920-1928) 1928 ж. ұсталып, содан абақты тауқыметтерін көре-көре, ақыры 1935 ж. 5-қазанда Ақтеңіз-балтық каналының бойындағы Сосновец лагерінде опат болды. Арада 58 жыл өткен соң ақын сүйегі туған жеріне алып келініп, ақ жуып, арулап қойылды.
Д-тың даңқын қазақ арасы ғана емес, Россиядағы түрік әлеміне тұтас жайылған “Оян, қазақ” 1909 ж. Уфада шығып, 1911 ж. Орынборда екінші рет басылды. Бұл – қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарманың бірі. Кітаптың бірінші, екінші басылымдарын патша өкіметі жинатып алдырып, авторды 1911 ж. маусым айында Семей түрмесіне қамап, 19 ай бойы абақтыда ұстаған. Архивтерден осы істердің қалай қозғалғаны, ақыр соңына тыншылардың қалай түскені туралы көптеген материалдар табылып жатыр.
“Терме” (1913), “Азамат” (1915) жинақтары жарық көрді. Прозадағы атышулы шығармасы “Бақытсыз Жамал” романы 1910 ж. Қазанда басылды. Мұның үстіне көптеген оқулықтар, аудармалар, қазақ кітаптарының көрсеткішін қоссаңыз, қысыл-таяң ауыр заманда, үнемі қудалауда жүріп Д-тың, қаншама көп іс тындырғанын көресіз. Ұзақ жылғы үзілістен кейін 1991 ж. Алматыда Д-тың поэзия, проза, драматургия, публицистикалық шығармаларының басын қосқан бір томдық шығармалары жарияланды.
Өзінің көркем шығармаларымен, мақалаларымен, қоғамдық істерімен жас күнінен бастап туған елінің махаббатына бөленген Д.алаштың өзі тұрғылас азаматтары секілді Қазан төңкерісінен кейін аз уақыт қана бостандықта әрекет етіп, артынан жазықсыз қараланып кете барды. Олардың еңбектері жойылып, аттарын атауға тыйым салынды. Сонда да Міржақып өмірі, мұрасы туралы Кеңес елінде бір ауыз жылы сөз айтылмай тұрғанда Түркияда басылған белгілі күрескер, жазушы, публицист Хасен Оралтайдың “Алаш” кітабында онды, жағымды баға берілуін зерттеушінің көрегендігі деп бағалау керек. Қазақстан бостандық алғаннан кейінгі Міржақыптануда ақынның қызы Гүлнар Дулатова, арнаулы диссертация қорғаған Марат Әпсеметов, ғалым Жұмағали Ысмағұлов өз үлестерін қосты.
Қазақ қауымының сан-алуан әлеуметтік, қоғамдық тіршілігі, тұрмыс-салт, шаруашылық жағдайы, мінез машықтары, арман-мүдделері, отарлық езгінің кесепаты туралы толғамдарын әдеби шығармаларында түрлі бейнелер, көркемдік тәсілдер арқылы, кейде астармен, жұмбақпен, ишарамен білдірген Д. журналистика, публицистика формаларымен өз заманы, күнделікті көкейкесті мәселелер, тарих сабақтары жөніндегі ойларын қолма-қол ашық, айқын етіп айтып беріп отырды. Бұл тарапта туған мақалалардың негізгі тақырыптары Қазақстанның отарлануы, шаруашылық, жер мәселесі, 1916 жыл оқиғасы, тарихи тұлғалар – әдебиет, театр, баспасөз, оқулық жасау, халықаралық жағдай, ұлттық мінез сипаттары секілді толып жатқан салаларды қамтиды.
Дулатовтың Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың “Уақыт” газетінде 1908 ж. жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Лермонтовпен үндестігі ескертілді. 1914 ж. “Қазақ” газетінде басылған “Абай” мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадірін білмеу, оны елеп, ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі. Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, тұңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және ақын балалары мен інідерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады. Ең құнарлы ой – Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас деген салыстырма жасайды. Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғап сөз етті.
Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Д. келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатынын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социлогиялық, таптық, атеистік көзқарас, дүниетаным тұрғысына түскен кезде зерттеушілер абайтануды толып жатқан солақайлыққа, сан-алуан қателікке ұрындырғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов Абайдың шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген.
Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы. Ол қуғын-сүргін көріп, түрмелері азабын тартып жүрген азапты күндерінің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарын алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.