ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ

ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ

“Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…” – Абайдың 1886 жазған өлеңі. Көлемі 30 жол. Бұл шығармада тұтас халыққа арнап айтылған терең де күрделі ойлар шерлі жүректен шамырқанып, толқып шыққан. Үлкен адамгершілік, қайраткерлік, оқымыстылық биікке көтерілген ақын үні бірде айбарлы, бірде кекті, бірде мұңлы. Қазақ халқын бөлмей-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлеңнің әлеуметтік салмағы орасан зор. Ақын алдымен көз алдыңызға мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, алғашқыда шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың кескінін алып келеді. Осыдан кейін барып оның ішкі әлемін, мінез ерекшеліктерін айқындап аша бастайды. Бұл өзі іске жоқ, қу сөздің адамы, өзі сөйлесе болды, өзгені тыңдауды білмейді, мылжың, бөспе, қырт. Күндіз күлкі, түнде ұйқысының бұзылу себебі – өз малына өзі ие емес сорлы. Байлауы жоқ көрсе қызардың әлеуметтік қалпы тіпті сиықсыз, тұтастық, ірілік жетіспегендіктен, әрқайсысы шолтаңдап жеке қамшы үйіріп, би болғансып, қиқымданып кеткен жерде елдің күйті қашқан, бірлік жоқтықтан, береке жоқтықтан дәулеті шайқалып, байлық шашылған. Жыртың-жыртың мағынасыз күлкіге малданған тиянақсыз, байлаусыздың түбіне жеткен елдің соры биліктен айрылып өзгенің табанына түсіп, құл болатынын ақын ашына зар етеді. Ұлттың бойындағы сордың үлкені – күндестік, бірін-бірі көре алмау, етектен тарту, пыш-пыш, халқымызды сан рет орға жығып, өртке қамаған алауыздық. Зығырданы қайнаған шерлі ақын елді түзеудің амалын қарап, тығырықтан шығар соқпақ іздеп, басын тауға, тасқа соқса да, жол таба алмай, ақыры елінің ырқынан айрылып, өзгеге бодан болатынына бармағын шайнайды. Халқының бойындағы қаны сорғалаған жараларды аша отырып, ақын омырауы жасқа толса да, сай-сүйегі сырқыраса да, сесті, кексінді күйінде қалады. Жеңіл-желпі басу айту, оңай өріс нұсқау жоқ. Ары ширығып, намысы қайнаған ұлы ақын туған халқының барлық буын, барлық нәсілін өзі күйдіріп, айтқан кесел-кесапаттардан, сор-сұмдықтардан арыл, тазар, сонда ғана белге шығасын деп тұрғандай. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісінде жазылған. Алғаш рет 1909 ж. С.-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі” атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған мәтіндік өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 12-жол “Бір күн тыртын етеді, бір күн жыртың” делінсе, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда “Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың” болып алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта 13-жол “Өз басына би болған өңкей қыйқым” болса, кейінгі басылымдарла “Бас-басына би болған өңкей қыйқым” деп берілген. Туынды ағылшын, араб, азербайжан, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, орыс, өзбек, ұйғыр т.б. тілдерге аударылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *