ХАСЕН ОРАЛТАЙ

ХАСЕН ОРАЛТАЙ

Рымғали Нұрғали

ХАСЕН Оралтай (1933 ж.т.) – шетелде тұратын қазақ қайраткері, ұлт азаттық қозғалысын зерттеуші. Тарихшы, публицист, түрік, қазақ, ағылшын, неміс т.б. тілдерде жазылған еңбектердің авторы. Алаш сыйлығының лауреаты (1994), Түркістан Қазақ-түрік халықаралық университетінің құрметті профессоры (1994). Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған түрік тілінде жазылған “Қазақ түріктері” (Измир, 1961), “Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы” (Измир, 1965), “Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер” (Стамбул, 1975), “Коммунизммен шайқас” (Измир, 1965) кітаптары шыққан. Мәжит Айтбаевтың “Абылай” дастанын және өлеңдерін (1971), тұңғыш рет “Қазақша-түрікше” сөздік бастырды. Түрік халықтарының тарихи тағдырына арналған материалдар жарияланатын “Биік Түркелі” журналын (17 сан) өз қаржысына шығарып тұрды 1962-1986. Стамбулда 1973 ж. басылған “Алаш” кітабында қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт азаттық қозғалысына шолу жасалынды, әсіресе, Алаш қозғалысына, Алаш Орда партиясына, Алаш өкіметіне дұрыс баға берілді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, О.Қарашев, М.Жұмабаев, Р.Мәрсеков, Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, Н.Төреқұлов, О.Жандосов, С.Қожановтың т.б. Шығыс Түркістаннан шыққан қазақ зиялыларының өмірбаяны, қоғамдық қызметі көрсетілді. Абай дәстүрлерінің Алаш азаматтары шығармаларында тамыр жаюын жан-жақты баяндады. Қытайдағы зорлықшыл үкіметтің тепкісіне көнбей азаттық үшін алысқан қазақтардың үлкен бір азапты көшін (1947-54) Тибет, Индия, Пакистан арқылы Түркияға бастап барған әйгілі батыр, өз әкесі туралы “Арыстан туған Әлибек Хәкім” (“Жұлдыз”, 1993, № 7) шығармасын жазды. Желтоқсанның (1986) қанды оқиғалары тұсында Х.дүниежүзіне дабыл қағып, жазықсыз қараланған қазақ ұлтын қорғау туралы үн көтеріп, қоғамдық ойды ұйымдастырды, сөз сөйледі, мақалалар, кітап жазды. Сол тарихи “1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстан оқиғалары” еңбегі түрік тілінен аударылып, қазақша жарияланды (“Жұлдыз”, 1992, № 2). Мюнхендегі “Азаттық” радиосында қызмет істеген (1967 жылдан) Х.дүние жүзі қазақтарына тарих, қоғам, заман туралы ақиқатты жеткізуге көп еңбек сіңіріп, ұлы Абай көздеген ұлттық сананы, еркіндік мұраты қалыптастыруға үлес қосты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *