«Дала мен қала» газеті
14 қыркүйек 2009 ж.
Қансейіт Әбдезұлы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филология факультетінің деканы,ф.ғ.д., профессор
Қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университетінде әр жылдары ұлтымыздың алыптары еңбек етті. Қазақтың кең байтақ даласының әр түпкірінен арман қуып, білім алам деп келген дарынды жастарына сабақ берді. Солардың барлығы да білім мен ғылымның әр саласында із қалдырған, өз биігіне қыранша самғап көтерілген дарабоздар еді.
Ұлтымыздың кемеңгерлері, Алаштың біртуар перзенттері М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, М.Балақаев, Т.Тәжібаев, Ө.Жолдасбеков, Б.Бірімжанов, А.Қасымжанов, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Қожакеев сынды ағаларымыздың осынау университетте әр жылдарда сабақ бергендігі, шәкірт тәрбиелегендігі және әрқайсысының өзінің іргелі ғылыми мектептерін қалыптастырып кеткендігі жалғыз университеттің ғана емес, тұтас ұлтымыздың, мемлекетіміздің игілігі болды десек артық айтқандық емес.
Отызыншы жылдардың ортасында қазақтың қаймағы болған арыстарымыз, руханиятымыздың көшбастаушылары репрессияға ұшырап, ұлтымыздың болашағына енді қалай қам жасаймыз деген тұста, құдай қолдап, 1934 жылы осынау Қазақ ұлттық университеті ашылды. Алаштың бас көтерер азаматтары, қайраткер ұлдары мен қыздары осынау университет төңірегіне топтасты. Ұлтымыздың санасын оятып, болашаққа мықты буын тәрбиелеу миссиясы енді осы университке жүктелді. Міне дәл осы тұста Қазақстанның түпкір-түпкірінен Сталиндік режимнен ғайыптан аман қалған ұлт зиялыларының барлығы ҚазҰУ-ге келіп ат басын тіреді.
Ұлттық саясаттың қайнар бұлағы да осы университет болды. Ұлттық ғылым мен білімнің іргетасы да осы шаңырақта қаланды. Әлемдік деңгейдегі ғылымның үздік жаңалықтары да осы университет те бастау алып жатты. Бір ғана, ұлтымыздың кемеңгер қаламгері, әлем таныған саңлақ жазушы Мұхтар Әуезовтің отыз жылға жуық табан аудармай университетте сабақ бергендігі неге тұрады?! Осынау университетке сабаққа келіп жүріп әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазды. Қазақ фольклорының тарихынан қайталанбас лекциялар оқыды, «Абайтану», «Әлем әдебиетінің тарихы», «Алаштану» атты жаңа ғылыми курстың негізін қалады. Факультетте сол 50-60 жылдары оқыған, Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, тағылым-тәрбиесін алған қаншама буын қазақ жастары кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері атанды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері қаншама.
Айталық, кеше ғана дүниеден озған академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» атты романында осының барлығын бейнелі тілмен төгілте суреттеді. Бүгінгі классик қаламгер Әбіш Кекілбаев Әуезов тағылымын тереңнен тартып, өз мақалаларында қаншама рет толғанды. Әуезов қаламының өз шығармашылығына тигізген игі әсерін айтты. Ә.Қайдар, М.Жолдасбеков, Ә.Нұршайықов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ө.Айтбайұлы сынды белгілі тұлғалар Әуезов дәрістерін әрдайым сүйсіне еске алады. Әуезов салған ұлы жол, Әуезов еккен дән қазақ руханиятының бүгінгі тыныс-тіршілігінде де жарқырап көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі Әуезов мектебінің, Әуезов дәстүрінің әсер-ықпалы әлі талай жүздеген жылдарға өз жарығын түсіреді. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың алтын әріппен жазылған бір белесі міне осылай Әуезов есімімен біте қайнасады.
Бүгінгі осынау университеттің 75-жылдық мерейтойы тұсында Әуезов ұлағатын қалайша еске алмай өте аламыз. Ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов туралы тағылым тарихын ұстазға шәкірт бола білген, өзі де Әуезов дәстүрін жалғастырып, соңынан қазақтың саңлақ қаламгеріне, ұлтымыздың ғұлама ғалымына айналған академик Зейнола Қабдолов шығармашылығына табан тірей ой тартқатсақ болады.
Мұхтар Әуезов 1934 жылдан көзі жұмылғанға дейін, яғни 1961 жылдың маусымына дейін Қазақ Ұлттық университетінде, қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық еңбек етті. Қазақ әдебиеті тарихынан студенттерге дәріс оқып, әдебиет теориясы, әдебиеттану ғылымы, әлем әдебиетінің әйгілі тұлғалары, олардың шығармашылығы жайында сандаған оқулықтар мен оқу құралдарын, монографияларын осы қара шаңырақтың қабырғасында жүріп жарыққа шығарды. Осы жылдары қаншама шәкірт тәрбиелеп, бірнеше талантты әдебиетші жастарды ғылымға жетектеп әкеліп, ғылыми жетекшілік жасап, қазақ әдебиетінің білікті мамандарын дайындауға өлшеусіз үлес қосты.
Мұқаңның сол кезеңдегі өмірінің куәсі болған, жазушы төңірегіндегі орын алған барлық қалың оқиғалардың ортасында жүрген, солардың барлығын көкірегіне түйіп, ой елегінен өткізген жас шәкірт, жазушы Зейнолла Қабдолов бұл тақырыпқа кездейсоқ келген жоқ. Ұлы Мұқаңның алдымен бес жыл бойында шәкірті бола жүріп, кейіннен он жылға жуық бір кафедрада бірге қоян-қолтық еңбек етіп, бірге тағдыр кешкен жылдарындағы жүрегімен қабылдаған бар оқиғаларды төгілтіп кітап бетіне түсірді.
Кішкене шегініс жасасақ, сонау қиян түбіндегі Атырау топырағында дүниеге келген бозбала Зейнолла Қабдолов сол тұста қол жетпес тұлға, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің өзімен жолығам, сапарлас, тағдырлас боламын деп ойлады ма екен. Ауылда, мектепте жүргенде-ақ талант көзі ашылды. Аудан, облыс мойындаған ақын бала атанды. Сөйтіп жазушы, әдебиеттанушы — ғалым болам деген үлкен арман жетегінде жүрген жас талапкер Алматыға бірден келеді. Қара шаңырақ, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, яғни қазақ тілі және әдебиеті факультетіне 1945 жылы студент болып қабылданады. Тағдырдың жазуы, осы сәттіліктің өзі сол кезде ҚазҰУ-де ұстаздық етіп жүрген Мұқаңның арқасында, Мұқаңның тікелей қолдауымен жүзеге асады.
Академик — жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі 1997 жылы «Санат» баспасынан жарыққа шықты. Көлемі 225 беттік роман-эссенің тақырыбы мен негізгі сюжеттік арқауы қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өмірбаяндық тағдырына, қаламгерлік, ұстаздық қызметінің үлкен бір белесіне негізделіп жазылған көлемді прозалық шығарма.
Ұлы Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленді. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында Ұлы ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті.
Өзі еңбек еткен Қазақ ұлттық университетінің филология, журналистика факультеттерінде студент жастарға арнап “Әуезовтану” атты арнайы курс дайындап, соны оқытуды өмірінің соңғы сәтіне дейін бірде-бір рет тоқтатқан емес. Осы еңбегінің түйіні ретінде Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай қаламгер Ұлы ұстазының рухына бағыштап өзінің ұзақ жылдар бойы қимас асылындай жан дүниесінде тербетумен, ұштаумен, шыңдаумен келген еңбегін “Менің Әуезовім” атты романына ұластырды.
“… Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, — Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы.
Сократ-маңдай деген маңдай болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп…”, деп алғашқы әсерді суреттеуден басталатын көп қырлы, қымбат дүниесі — роман-эссесі арқылы өзінің ұстазына мәңгілікке қалатын көркем сөзден ескерткіш соқты. (Қабдолов З. Әуезов. Алматы: “Санат”, 1997, 22-б).
Осылайша қаламгердің әрдайым жүрегінің түкпірінде жүрген асыл бейне ұлы көркем туындының бас кейіпкері болып оқырманға тіл қатты. Ұлы Мұхаңның ұлы тұлғасы бұл роман-эсседе айрықша әсерлі, айрықша терең сөз құдіреті арқылы қазақ жүрегіне жол тартты. М.Әуезовтің ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен мерейтойына арналған бұл біртуар дүние Зекең қаламынан шыққан көркем прозаның саңлақ үлгісі. Осылайша қазақ сөзінің қас шеберіне айналған тарлан қаламгердің барлық көркем туындылары, ғылыми-зерттеу еңбектері, бір сөзбен айтқанда тұтас адамдық, азаматтық және ұстаздық тағдыры ұлы Мұхаңның суреткерлік әлемімен терең астасып жатты.
Роман-эсседе Мұхаңдай, Мұхтар Әуезовтей қаламгердің, суреткердің күллі жан дүниесі, адамдық болмысы, ұстаздық еңбегі автор көзімен бағаланып, авторлық баяндаулар арнасында ашылады. Романның негізгі оқиғалық арқауы – М.Әуезовтің 1930-60 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінің (сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің) қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет еткен кезеңінен бастау алады да, ары қарай лирикалық шегіністер, авторлық ремаркалар, кейіпкерлер диалогы арқылы ұстаздың осыған дейінгі тағдыр белестеріне де шолу жасалады.
Әсіресе, Мұқаңның балалық кезеңі өткен туған жері – Шығыстау, Бөрілі өңірінің суреттемелері, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсер-ықпалы, Абай және оның ақындық айналасы, Мұқаңа үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятқан, тарихи тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой-толғамдар, 1920-30 жылдардағы белең алған тарихи, саяси оқиғалар тізбегі, сол тұстағы әпербақан, асыра сілтеушілердің кесірінен жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең арналы, бірнеше тарауларды қамтитын әсерлі баяндаулар ауқымында сөз болады. Осы эпизоттардың барлығын да жазушы бірде авторлық көзбен, бірде лирикалық шегіністер арқылы іштей сабақтастыра, жымдастыра отырып, кейіпкері Әуезовтің көзімен жіті қадағалап, жігін тауып, шығармасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші тарауларына енгізіп отырады. Тұтас бір желінің бойында шебер қиюласқан ғұмырбаяндық сюжеттер, авторлық толғамдар қамшының өріміндей жарасым тауып, күрделі тұлғаның бүтін ғұмырын, қайшылықты тағдырын терең поэтикалық аяда суреттеп жеткізеді. Образбен ойлау, төгілген тіл кестесімен сөйлеу автордың суреткерлік стилін, қаламгерлік қарымын анық аңғартады.
Ең бастысы романның барлық тарауларында сол романның өз кейіпкерінің бірі автор-студенттің танымы, көзқарасы арқылы университет ғалымдары мен ұстаздарының өміріндегі көп сырлар, көп шырғалаңдар өте әсерлі баяндалады. Әсіресе, осы оқиғаларды баяндау үстінде, автордың өткір де ұтқыр юморы, кей тұста сарказмға айналып кете баратын, оқырманын селт еткізетін терең сатиралық бейнелеулер ағыны, күлкілі эпизодтар мен адамдардың пұшайман күй кешуі, тағы да басқа тосын суреттемелер оқырманды өзіне тартып, сюжеттік арналарды ширата түседі.
Бас кейіпкердің бірі – Мерген (өмірдегі прототипі – қаламгер Сафуан Шаймерденов) төңірегінде өрбитін қайшылықты, қалың оқиғалар тізбегі түптің-түбінде келіп Мұқаңның тағдырына тіреледі. Осы оқиғаны суреттеу арқылы қаламгер Әуезовке келудің, оның жан дүниесін ашудың жолын іздеген. Роман кейіпкері, университет оқытушысы белгілі Бегеймен (прототипі – профессор Белгібай Шалабаев) сабақ үстінде ұстасып, өз дегенінен бір елі шегінбей отырып алатын Мергеннің (ол да роман авторы сияқты студент) іс-әрекеттері насырға шауып, бұл іс ушыға келе, қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісіндегі бүкіл ұстаздар қатысқан үлкен жиынға ұласады.
Осы жиында барлығының сиынары да, сүйенері де Әуезов болды. Осы эпизоттарда, әсіресе Мұқаңның ұстаздық келбеті, ғалымдық болмысы, кемеңгерлігі, ең бастысы суреткерлік тағдыры, трагедиясы, өмір белесі, жүрек қуаты, барлығы дараланып көрінеді. Жазушы осынау бір қарағанда студент пен ұстаздың арасындағы тартысты романына саналы түрде енгізіп, оның көркемдік шешімін үлкен арналарға, биік белестерге көтеріп алып кетеді. Осының барлығын автор Әуезов тұлғасын танытуға түгелдей бағындырған.
Белгілі Бегеймен ұстасқан студентті ұлы Мұқаң қорғауына алады. Осы арқылы күллі қазақ әдебиетіне олжа салған ұлы қаламгердің жай пендешілік, күнделікті тұрмыстық тіршілігінің өзінен ұлағатты, тағылымды оқиғалар өрбітетін автор өз ой-толғамдарын әрдайым ұлы Мұқаңның сөзі арқылы, ой-пікірі арқылы бағалатып отырады. Әсіресе осынау оқиғалар үстінде көрінетін ұлы қаламгер Мұқаңның күллі ой-арманы, үлкен мақсаттары тереңіне тартады. Жазушы Мұхтар Әуезовтің өзін көбірек сөйлете отырып, оның күллі ішкі сырын ашуға тырысады. Осы орайда автордың:
«Мұхтар тағдыры – қиын тағдыр. Өйткені ол – талант тағдыры. Ал талант жолы қашан да тар, тайғақ.
Бірақ осының бір-ақ өтеуі бар: ол суреткер өмірінің нақты деректері оның затты өнеріне көшуі. Ал өмір өнерге көшкен жерден жазушы басталады.
Сергей Есениннің өз қолымен жазған ғұмырнамасы жарты бет қана. «Өмір тарихымның, — деп аяқтайды автор сол жарты бетті, — қалған деректерінің бәрі менің өлеңдерімде».
Бұл тегін емес.
Мұхтар Әуезовте де солай.
Гәп Мұхтардың бас-аяғы он жылдың ішінде үш рет үйленгендігінде емес. Әңгіме Мұхтар өміріндегі осы үш түрлі оқиғадан қазақтың сөз өнеріндегі үш түрлі көркем туынды – Кәмиладан «Қарагөз», Райхан мен Валентинадан «Үйлену» мен «Сөніп-жану» дүниеге келгенінде жатыр. Бұл аз. Бұлар тұсындағы Мұхтар басынан өткен сезімдер мен сырлар, өзгелерін өз алдына қойғанда, тіпті «Абай» романындағы Тоғжан мен Әйгерім тағдырларына барып тоғысқан.
Бұл бұл ма, творчество психологиясының тереңіне бойлап байқасақ, Флобердің «Бавари — өзім» дегені дәл: Құнанбай мен Абай – бәрінен бұрын Мұхтардың өзі. Бұлар ғана емес, сайып келгенде «Абайдағы» күллі кейіпкердің күллі сезімі мен сыры, ақылы мен ойы, парасаты мен философиясы – бәрі Мұхтардікі. Әуезовтікі!
Бұл ғажап нәрсе»,- деп келетін толғамдары пікірімізге дәлел (Қабдолов З. Әуезов. Алматы: “Санат”, 1997, 200-б).
Осы тұста роман сюжетіне автор сол жылдары ұстаздық еткен, дәріс оқыған қазақ әдебиеті кафедрасының мүшелері: Дүйсен Байкенжин, Шой Ғалиев, Есенбек, Айсина сынды кейіпкерлерді сахнаға шығарады. Бұл кейіпкерлердің әрқайсының прототиптері өмірде болған, яғни Мұқаңмен сол тұста, сол кезеңде бір кафедрада қоян-қолтық өмір кешкен, сабақ берген нақты тұлғалар.
Елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалымдар: Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев, Темірғали Нұртазин, Тұрсынбек Кәкішев, Мәстура Сармурзина, жазушы Сафуан Шаймерденов сынды тұлғалар роман-эссенің басты-басты кейіпкерлеріне айналып, оқырманмен жүздеседі. Мұхаңды қоршаған ғылыми орта, ұстаздық орта бар болмысымен қайта тіріледі.
Әдебиет тарихындағы үлкен жаңалықтардың, іргелі сөздің әрдайым көш басында, қайнаған ортасында жүретін Мұқаңның тағдыры жеңіл болмағанын, азап шегетін, күйзеліске түсетін күндерінің көп болғанын қайта көз алдымызға елестетеміз. Романда осынау тұлғалардың әрқайсысының өзіндік болмыс-бітімі, кескін-келбеті, ішкі жан дүниесі, барлығы нақты оқиғалар үстінде көрінетіндіктен роман сюжетіндегі арналар іштей жымдасып, астасып, тұтаса келе бас кейіпкер Мұхтар Әуезовтің характерін жан-жақты ашуға қызмет етеді.
Кафедра тіршілігіндегі қым-қиғаш аңдысулар, сан-қилы көңіл құбылулары, осы тұстағы бір қулығын, бір сұмдығын ішіне бүккен көп қыртысты адам мінездері, көзімен арбап, сөзімен алдайтын, момақан көрінетін кейбір оқытушы-профессорлардың іс-әрекеттері, барлығын Мұқаңның көзімен де бағалатып отыратын тұстар да романда мол кездеседі. Мұндайда автор күллі кафедраның құнын Мұқаңның бір сөзімен түйіндетіп отыратын эпизодтарға да жол ашады.
Ұлы суреткердің тағдырындағы елуінші жылдардың басында қайта басталған шырғалаң, қудалау, саяси қуғын-сүргін, барлығын автор өмірдегі шынайы көріністер арқылы, адамдар тағдыры арқылы терең аңғартады. Мұқаңның атақты «Абай» романы үшін басы дауға қалып, көре алмаушылар мен қызғаншақтардың, солақай сыншылар мен асыра сілтеушілердің талауына қалай түскені, қаламгердің осынау азапты күндер мен түндердің барлығын жүрегінен өткізетіндігі романда тарихи оқиғалар арнасында ашылады. Ұлы суреткердің жүрегіне оқ болып қадалған қаншама қиянат, қараулықтар боямасыз сөз болады. Әуезов тағдырындағы ащы шындықтардың беті ашылады.
Заман ызғары, шын таланттың жолын байлап, жанын жаралаған неше түрлі айла-шарғылар, қулық-сұмдықтар, өсек-жала, барлығы автор көзқарасы арқылы, нақты кейіпкерлер төңірегінде бейнеленетіндігі роман көтерген тақырыптық-идеялық жүктің ауқымын тереңдете түседі. Ұлы қаламгердің басындағы трагедия ешбір боямасыз нақты оқиғалар арқылы алдыңғы қатарға шығады.
Яғни, Мұқаңдай қалам қайраткерінің басынан өтетін сан түрлі оқиғаларды, тағдыр белестерін сол жылдардағы қазақ әдебиеті төңірегінде өткен әртүрлі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларды бір-бірлеп, сатылай саралай отырып, асықпай, аптықпай баяндайтындығы қаламгер шеберлігінің арқасында оқырманға өте әсерлі жеткізіледі. Осы орайда жазушы өз романында Әуезов басындағы шырғалаңды төмендегідей суреттейді: «Әуезов жиырмаға жетпей, отыздан өтпей әуезовтігін танытты. Бас-аяғы он жылда, өзгелерін өз алдына қойғанда, сөз өнерінің інжу-маржаны секілді үш көркем туынды берді. Алайда, амал қанша сол үш туындының үшеуі де еңбектің зейнеті емес, бейнеті болып шықты: «Еңлік-Кебектен» кейін ескішіл Әуезов, «Қаракөзден» кейін ұлтшыл Әуезов, «Қилы заманнан кейін» кейін алашордашыл Әуезов сыннан сынға ұшырап, соққыдан соққыға жығылып, ақыр-аяғында қасқа маңдайына «халық жауы» деген қара таңба басылды да қамауға алынды.
Одан отыз екінші жылы жария баспасөз бетінде «жаздым, жаңылдым» деп ашық хат жазып әрең құтылады.
Бірақ қамаудан құтылғанмен аңдудан құтылған жоқ.
Аңду Әуезовті Семейден қуып Тәшкентке апарды, Тәшкенттен қуып, Ленинградқа кетуге мәжбүр етті.
Әуездің бір кездегі ордасының да, Әуезовтің орда жанына тіккен отауының да ойраны шықты.
Жанұя дегеніңіз әдірә қалды.
Әуезов жалғыз». (Қабдолов З. Әуезов. Алматы: “Санат”, 1997, 222-б). Осылай суреттелетін өмір кезеңдеріне, Мұқаңның тұтас өмір тағдырының әрбір белесіне байланысты роман ішінде автор қайта-қайта айналып соғып, суреткер бастан өткізген өмір соқпақтарын лирикалық шегіністер арқылы түйіндеп отырады.
Мұхтар Әуезовтің ұзақ та, ұланғайыр шығармашылық сапарын, суреткерлік ерен еңбегін автор әр тарауда қиялай соғып әңгіме арқауына айналдырады. Осы беттерден Мұқаңның жеке пендешілік тіршілігі де, от басы, ошақ қасы тіршілігі де, ағайын-туыс, дос-жаранға қатысты мол өмірдеректік суреттеулер де өз орнымен, өз кезегімен көз алдымыздан өтеді. Олардың бірде-біреуі де Мұқаңның өміріне қатыссыз айтылмайды. Хакім Абай жырлағандай «соқтықпалы», «соқпақпыз» ғұмыр кешкен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра қалдырған суреткер қаламгердің тұтас тұлғасымен роман соңында оқырман қимай қоштасады. Осылайша роман-эссенің күллі эстетикалық әсері, көркемдік күші Мұхтар Әуезовтің өз туындыларымен қатар жарыса биіктей береді, биіктей береді.
Қорыта айтқанда, саңлақ суреткер, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик Зейнолла Қабдоловтың аталған романын ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университетінде өткен өмір белесін, жазушы тағдырындағы азапты күндер мен шұғылалы сәттердің тарихын қайта тірілткен, яғни ұлы гуманист жазушының қайталанбас көркем бейнесін тұлғалаудың үздік үлгісі ретінде қарастыруымыз қажет. Үлкен суреткерлікпен, шұрайлы да құнарлы тілмен баяндалатын тартысты оқиғалар арнасы, толыққанды кейіпкерлер шоғыры, ең бастысы Мұқаңдай қалам қайраткерінің ішкі жан дүниесін қопара танытатын, күллі дүниетанымын, әдебиетке, өнерге деген әлемдік деңгейдегі, ауқымды көзқарасын тұтастай, шынайы бейнелеп бере алған бұл көркем туындыны қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтағы үлкен табысы ретінде бағаласақ орынды.
Мұхтар Әуезов және оның Қазақ ұлттық университетіндегі биік орны мен өлшеусіз сіңірген еңбегін бағалаған тұста да «Менің Әуезовім» романы алдымен көзге түседі. Түйіндей айтқанда, Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар еңбек еткен (М.Әуезов отыз жылға, З.Қабдолов алпыс жылға жуық ұстаздық жасаған) осынау ұлтымыздың заңғар тұлғаларының тағдыр кешкен заманы, олардың қаламгерлік, ғылыми шығармашылықпен айналысқан ұзақ та тағылымды белестері университет тарихында алтын әріппен жазылғандай жарқырап көрінеді.
ПІКІРЛЕР
- Әзілхан Нұршайықов, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: «Менің ұшқан ұям – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойы ұлтымыздың тойы деп есептеймін. Мен бұл оқу ордасына ұлы Отан соғысының қан майданын кешіп, жеңіске жетіп, солдаттық шинеліммен 1945 жылы келдім. Бүгін университет бітіргеніме 60 жыл толыпты. ҚазҰУ-дегі студенттік өмірім туралы «Махаббат қызық, мол жылдар» атты роман жаздым. Бүгінге дейін осынау қасиетті қара шаңырақты аса қастерлеп, ардақ тұтамын, одан бір сәтке де қол үзбеймін».
- Өмірзақ Айтбайұлы, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор: «Мен ҚазҰУ-де 1954-1959 жылдар аралығында филология факультетінде студент болдым. Ұлы Мұхтар Әуезов бастаған әйгілі Алаш арыстарының, ғұлама ғалымдардың, ұлы ұстаздарымның ұлағатын көрдім, сабағынан өттім. Сол сабақтар бүгінге дейін мені өмір жолымда бастап келе жатыр. Сол сәттерді аңсаймын, қайта бір соғып өтсе деп армандаймын».
Ғарифолла Есім, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Қазақстанға ғана емес, бүгінде әлемге белгілі білім мен ғылым ордасы – Қазақ ұлттық университеті ел тәуелсіздігіне еселеп еңбек етіп жатқан қара шаңырақ. Өзім осы университетте білім алғаныма, жеті жыл философия және саясаттану факультетінің өсіп өркендеуіне өз үлесімді қосқанымды мақтаныш сезіммен айтамын. Қазақ елінің айбыны мен абыройының символына айналған осынау оқу ордасының бүгінгі 75 жылдық мерейтойы құтты болсын!»