Мақсаты: Студенттерге ұлы жазушымыз, өлкеміздің мақтанышы Зейнолла Қабдоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін кеңейту. Өз еліне деген патриоттық сезімдерін жігерлендіре түсіп, қазақ төл ақын-жазушыларының шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыра түсу.
Көрнекілігі: Зейнолла Қабдоловтың шығармашылығына байланысты кітап көрмесі; жазушының өмірі мен шығармашылығына байланысты деректер, слайд материалдары.
Жүру барысы:
Ұйымдастыру. Оқушылар орындарынан тұрып, сәлемдескеннен соң, топ сағаты басталып кетеді.
Бүгінгі топ сағатымыздың тақырыбы – «Зейнолла Қабдолов – көп қырлы талант». Бұл топ сағатымыз ұлы жазушы, академик, профессор, өлкеміздің мақтанышы – Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.
Қабдолов Зейнолла (1927-2006) — жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазақ сөз зергерлерінің бірі – әрі ойшыл, әрі шешен академик Зейнолла Қабдолов біздің өлкеміздің ұлы мақатанышы.
Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген. 1945 жылы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген.
Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
З.Қабдоловтың осындай қоғамдық жауапты қызметтер атқара жүріп, қазақ әдебиетін өркендетуге, жас таланттарды тәрбиелеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жазушының қаламынан туған “Ұшқын”, “Жалын”, “Менің Әуезовім” романдары әдебиетіміздің алтын қорынан орын алған туындылар болды. «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. Республика сахналарында кеңінен қойылған “Сөнбейтін от” драмасы, “Адам”, “Сыр” атты очерктер жинақтары кезінде әдеби сыннан да, қалың жұртшылықтан да жоғары бағасын алды.
Жазушының “Менің Әуезовім” романы 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген.
Мұнайшылар өмірінен жазылған 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды. Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаздың “Әдебиет теориясының негіздері” атты монографиялық зерттеуі отыз жылдан астам уақыттан бері сөз өнерінің сыры туралы қолдан түспес оқулыққа айналды.
Ұзақ жылдар бойы З.Қабдолов өзі дәріс алып, аялы алақанның, ыстық лебізінің шапағатын көрген ұстазы — ұлы Мұхтар Әуезовтың ғылым ордасындағы киелі орнын жоғалтпай, Әуезов кафедрасының ісін жалғастырып, отын өшірмей келген.
ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өткен М.Әуезовтың 100-жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерген. Эссе әдебиетіміздің алтын қорына құнды қазына болып құйылды.
Аударма жұмыстарымен де айналысып, бұл салада да аса жемісті еңбек етіп, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.
З.Қабдоловтың Отан алдындағы елеулі еңбегі жоғары бағаланып, «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты атағын иеленген.
Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілге
Жазушы туралы жылы лебіздер.
«Теңдесі жоқ кемел суреткердің қаламынан аз да болса саз болып, қапысыз сомдалған, қыздың баласындай сүйкімді, Қызырдың алақаны сипағандай, жан-жүрегіңді елжіретіп қоя берер абзал да әсем прозалық шығармалары мына дүниеде талайды тамсантып, мәңгі қалмақ…»
Ә. Кекілбайұлы
«Атырау жұрты Зейне ағаңдай заңғар жазушыға жерлестігін мақтан тұтатын еді…
Сол әзиз жан, жанашыр аға, даңқты жазушының артындағы мол мұрасын біздер мәңгі медет тұтамыз.»
Аслан Мусин
«Ешкімге бөтені жоқ бөлек ерім»
Жан аға, асыл ұстаз, ардақты есім,
Арманың кетті өмірдің шарлап төсін.
Қолымнан жетеледің жеткізем деп,
Айтайын мен оларды зарлап несін.
Шарладың дүниені құс-қанатпен,
Тұрмадық сол биікте ұстап, әттең.
Жүрдің сен кемеңгерлер қатарында,
Көрмедім сені олардан кем санап мен.
Өсірді баптап сені өрелі елің,
Ешкімге бөтені жоқ бөлек ерім.
Өзіңнен дәріс алған өмір бойы
Біздерге өте-мөте керек едің…
Тұманбай Молдағалиев
«Адам баласының ананың ақ сүтінен кейінгі қарыздар бейіл кешері – Ұстаз!
Жұмыр басты пенденің жанын нұрландырар ұғымның ұлысы – Ұстаз!
Өмірде ұқсағымыз келіп тұрар ұстаз еді, Зекең!
Өнерде ұқсағымыз келіп тұрар ұстаз еді, Зекең!»
Құлбек ЕРГӨБЕК, профессор. Түркістан.
Қорытынды .
Дуалы ауыз сөз зергері, ел ағасы З.Қабдолов айтқан өнегелі уағыздар ұлтты елдік пен бірлікке үндейді. Қазақ қауымының рухани өмірінде азаматтық пен кісіліктің, кішілік пен зиялылықтың орасан үлгісі бола білген осынау аяулы тұлғаның ардақты бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.