Қызым менің

Қызым менің
Үйлендім. Балалықтан із қалмады,
Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы.
Өмірге сен келдің де гүлін жарды
Менің жас семьямның қызғалдағы.

Көңілге сырын құйып дала, көлдің,
Сен маған әкелік ат ала келдің.
Жатқандай жақсы арманым тербетіліп,
Айналып бесігіңе бара бердім.

Көп шеккен азабымды байғұс анам,
Құшағын менен де кең жайды саған.
Кім білсін,
Жылдар бойы аңсап күткен,
Шығарсың аяулысы айға ұқсаған.

Әйтеуір сен туғанда ол күле берді.
Бойынан бір тың қуат түрегелді.
Ән бастап таңертеңнен домбырасыз,
Кеудесі күйге толып жүре берді…
Т. Айбергенов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *