ОТБАСЫ – КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ

ОТБАСЫ – КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ

Отбасы – адамның өте маңызды, өте жауапты жан ұясы, себебі отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Отбасы қоғамдық құрылымның кіші тобы, алғашқы ұясы.
Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, берік отбасына байланысты.
Отбасы әлеуметтік институт есебінде адам қоғамының қалыптасуымен бірге пайда болады. Отбасының дербестігі болғанымен, отбасылық қатынастар қоғаммен, оның дамуымен тікелей байланысты.
Отбасы кіші әлеуметтік топ, ал оның мүшелері некемен немесе қаны бір туыстығымен, тұрмыстың ортақтығымен және өзара адамгершілік жауапкершілікпен байланысты. Отбасы – қоғамның әлеуметтік құрылымының негізі болып табылады.
Ер мен әйел – отбасының екі ірге тасы, бұл іргетас үйленумен құрылады. Отбасында адамдар ұрпақ жалғастырады. Сонымен қатар қоғамның қартайған, еңбекке жарамсыз мүшелеріне қамқорлық та осында іске асырылады.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол»,- дейді.
Қиналарлық жағдайлар да бар. Арақ ішу, тәртіп бұзу, бұзақы сөздер сөйлеу, жатып ішерлік – мұның бәрі адам тәрбиелеуге теріс әсерін тигізеді.
Отбасының тәрбиелеушілік міндетіне тікелей байланысты оның тағы бір қызметі бар. Оны дамытушы міндет деп атауға болады. Ата-аналар балалардың жеке ерекшеліктерін неғұрлым ертерек байқау керек. Сонда ғана балалар өздерінің ішкі қабілеті мен дарынын тез дамытады. Жас күнінен бастап олардың қабілетін байқап, соған сәйкес тәрбиелеу, бағдар беру қажет.
Балалардың үздіксіз дамуы, шығармашылық қабілетін іске асыруы отбасынан басталады. Әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапкер.
Кейінгі кезде қалыптасқан «білім мектептен басталады» — деген көзқарас дұрыс емес. Бұл процесс отбасынан басталуы керек. Біздің айтайын деп отырғанымыз, кітапқа деген сүйіспеншілік, кітап оқу әдеті, кітап оқудан алатын қанағаттанушылық және кітапсыз өмір сүре алмауға баулу – нағыз «отбасылық дүние». Қазіргі ақпараттық технологияның даму, Интернеттің өмірімізде жаппай кең өріс алу кезеңінде «Мұның қажеті не?» — деген сұрақ туары сөзсіз. Өте дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге көп көңіл бөлуде. Өйткені, тек оқырман ортасы «ойшыл, саналы» орта болып табылады. Кітап оқу — әрбір баланың бойындағы әлеуметтік бағалы қасиеттерін дамытып, жағдайды тура бағалай білетін, жылдам және дұрыс шешім қабылдайтын, еркін жазатын және сөйлейтін, анық тұжырымдай алатын адамды қалыптастырады.
Олай болса біздің жазушыларымыз жазған көркем әдебиеттерге көз жүгіртіп көрейік. Оларды оқи отырып та отбасылық тәрбие жайлы көптеген мағлұмат аламыз.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы: Әйелдер галереясынан: Зере, Ұлжан, Айғыз, Ділда, Тоғжан, Әйгерім, Салтанат, Керімбалалар, көненің көздері – Бөжей,Байсал, Құнанбай, Жақып, Абай тұстастарынан: Жиренше, Ербол, Базаралы, Абылғазы, Тәкежан, Оспан, Көкбайлар ас пен тойда, құдалық пен руаралық қақтығыста, жаулықта, жер мен жесір дауында, жан жадыратар жаз жайлаулары мен аязды, боранды қыс-қыстауларында, аңшылық-саятшылықтарында бірге болып, бірге тыныстады: күйінсе – күйінді, сүйінсе – сүйінді, ауыр-жеңілін бірге көтерісті.Ұлы жазушының бұл роман – эпопеясынан отбасы жайлы, ондағы адамдардың қарым – қатынасы жөнінде көптеген мағұлматтар алуға болады.
Абай. Қара сөздер: Абайдың жетінші сөзінде бала туралы, ақыл үйрену мен насихат тыңдау мәселелері сөз болады. «Жас бала – анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары… Біреуі білсем…көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Осы Абай айтқан екі мінезден автордың өзіне екіншісі ұнап тұрғанын, жүрегіне жақын қонымдысы да сол екенінде дау жоқ. Абай осы екінші мінезділерді тыңдайды, оларды ұнатады.
Ал Оныншы сөзінде: Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?
Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?
Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?
Артымнан балам құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?
Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?
Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі — өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейрімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай.
… Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол. Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.
Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды десе,
Отыз сегізінші сөзінде: Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш, есте қалу) қалдырайын. Ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат — әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселербірлән. Мұның табылмақтығына себептер — әуелі һауас сәлим (жақсы сипат) һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады.
Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.
… Енді біліңіздер, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (Шек, шама. Бұл жерде өлшеусіз, артық деген мағынада) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы.
Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет біледі. Бұл істердің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы кезіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не райда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.
… Өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі!
Әуелгісі — әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екінші — өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік күңшілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.
Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын…
Ұлы Абай өз заманына налып қана қойған жоқ, ол оны зор күшпен алға сүйреді, ілім – білімге, мәдениетке шақырды, орыс тілі, мәдениеті, сол арқылы бүкіл әлемдік өркениетке үндеді. Ол өркениеттің ұлы көшіне қазақ халқын ілестіруде ерекше зор үлес қосты. Абайдың азаматтық, ақындық қызметі халқының тығырыққа тірелген тұсына дәл келді де, ол тыңнан жол табуға тиіс болды. Оның сөздерінің күш – қуаты жаңашылдығында, тереңдігінде.
Абайдың қара сөздері – оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына.
Аймауытов Ж. Ақбілек романы жанр табиғаты мен талабына толық жауап берумен бірге кемел ой мен көркемдікке, нақышты тіл мен келісті суреттеулерге де толы. Оны, атап айтқанда, Алтай мен ауыл көріністері, Ертіс – Күршім сипаты, Марқакөлдің мөлдір суы мен оның айналасындағы аң-құс, жан-жануарлар әлемі, алуан түсті адам портреттері мен этнографиялық деректер байыта, толықтыра түседі. Сайып келгенде, қазақ қызының өмір, тағдыр жолын баяндағанда да Ж.Аймауытұлының ескі ауыл, этнографиялық суреттерді, адамдар қарым-қатынасын ой мен сезім өрілімі арқылы риясыз жеткізер тіл байлығына, шеберлік иірімдерінің үлгі-өрнектеріне көз жеткіземіз. Сондай-ақ, романдағы әлеуметтік-психологиялық иірімдерден, жекелеген кейіпкерлерді мүсіндеу мен олардың ішкі монологтарынан, ең негізгісі қазақ тұрмысы мен заман көріністерінен, уақыт сырынан реалист суреткердің қолтаңбасы айқын көрінеді. « Ақбілек» әлемі – халқымыздың өткен өмірі мен тарихының, қазақ қызы мен әйелінің тағдыр – талайын кең көлемде суреттеген тағылымды туынды. Жазушы Р. Тоқтаров «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» деп қысқа да нақтылы түйін жасайды.
Мүсірепов Ғ. Қазақ әйелі: Жазушы ана, әйел тақырыбына шығарма жазуды үзбей, бұдан кейін де жалғастыра берді. Бірақ бір кездегі өзінің ізіне қайта түсіп шиырлауға бармай, көркемдік ізденістің соны өлкесіне, тың өрісіне жол тартты. Яғни, өзінің шығармашылық басты мұраты: ана, әйел өмірінің жаңа қырларын, мінез-характерінің тың сипаттарын көрсетуге барды. Олардың бейнесін сомдауға жаңа көркемдік құрал, ғажайып бояулар таба білді. Бұған оның Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Ер ана», «Ақлима» әңгімелері толық дәлел.
Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де «Ұлпан» романы. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан тек қана жазушының өз шығармашылығы емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби бейне.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, шын өмірде болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автордың сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасағаны мәлім.
Әрине романдағы басты кейіпкер – Ұлпан.
Әр заманда, әр халықта өмірдің айрықша құбылысы болып жарқ ете түсетін төтенше дарынды, жарқын тұлғалар болатыны аян. Ұлпан өткен ғасырдағы қазақ топырағында пайда болған сондай ғажайып құбылыс еді. Жазушы ел өміріндегі тарихи фактіні ала отырып, өзінің суреткерлік қарымымен халық дарынының, ақыл-ойының типтік көрінісіндей адам характерін үлкен зергерлікпен сомдап берді.
Романдағы Ұлпан – негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес.
Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы, моральдық тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген.
Бегалин С. Бала Шоқан: Шыңғыс өзі оқып білім алған және келешек ғылым-білім өрісі орыс мектебінде екенін біле тұрса да, баласына шығыс әдебиеті мен тарихынан хабардар болсын деп, Әубәкір молданы әдейілеп Орынбордан көшіріп алып келгенді. Алдымен балаларын ана тілінде сауаттандырып және өзімен өмірлес шығыс елдерінің мәдениетімен де таныс ету ниеті болған. Сондықтан да ол:
— Шоқанға өзің білетін барлық оқуыңды үйрет. Бұларға енді жеті
жұрттың тілін білу керек,- дейтін. Бұл үзіндіден балаға деген ақылды әкенің ақ тілегі, қамқорлығы көрінеді.
Момышұлы Б. Ұшқан ұя: Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Еркеш деген кісіге берген екен. Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдың кіші–гірім әкімі болса да бүйірі томпайып, мал біткен емес. Бар байлығы жалғыз аттан артпапты.
Әйтсе де кедейдің қолы жомарт. Әкемнің қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып, той – томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін. Бір жолы мен, ес біліп, етек жиған кезім, базар барып азын–аулақ ақшаны жаратып қойсам керек, өгей шешеміз мұныма күңкілдеп ұрса берді.
— Әлден ұрма, ақша бітсе шашып жүреді, тұра бара не болады?!
Әкем сонда өгей шешеме жай ғана:
— Е, ақша дегеннің өзі шашуға шығарылған нәрсе де,- деп тастады.
… Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кіші–гірім той сияқты жиын болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді. Сонда өрік– мейізге бір тойып қаламыз.
Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Ол қуанса – шын қуанады. Ал ересектердің арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездесетінін, құдайға шүкір көріп жүрміз — деп отыратын. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық. Қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы өзінің әкесі туралы осылай ой қозғап, сыр шертеді.
… Тағы бір жай ойыма оралады… Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен… Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда» — деп сыбырлады. Мен қатты қызырақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкум, аталар» деп әр сөзді қадап–қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан « әлейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып, мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам ! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді»- дейтін. Міне, әке тәрбиесі осы деп, батыр Бауыржан ата жиі есіне алатын.

-Аққұл атамның немере інісі Дембай ұлды болды.
Шын айтасыңдар ма, жұртым – ау? Әке болдым ба, шынымен? Ұл көрдім бе? Үмітім жанғаны ма, халқым – ау! Е, айналайын жаратқан ием, көз жасымды көрген екенсің ғой. Жарылқадың ба, шынымен! Тоба! Тоба! – деп ол әркімнің кеудесіне басын сүйеп тұрып алды.
Біздің ауылға да сүйінші сұрап, елбе–делбесі шығып, бір бала жүгіріп келді. Әр сөздің аяғын жұтып, ентігіп, әрең тұр. «Сү – сү –йінші! Сүйінші!» «Де-ем -б – ай кө- кө-ем. Ұлды болды»- деп әрең айтты. Бұл үзіндіден отбасында баланың дүниеге келуі ата–ананы, туған-туыстарды шаттандырып, зор қуаныш сезіміне бөлейтінін көреміз.
Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа: Қадыр – менің әкем. Еһ, шіркін дүние-ай десеңші. «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық. Балалар менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды деп мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені, ол майданға аттанғанда, мен екі жастамын. (Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады…)
Еһ, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер-әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде «жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп, еске алып, армандап отырмай ма? Шіркін, менің әкем тірі болса деп, бала Қожа еріксіз әкесін есіне алып, сағыныш сезіміне беріліп кетті. Отбасында әке орны бөлек, асқар тау ғой!

Ал күйеу керек пе әйелге? Меніңше, әбден керек. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, бір түрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шалынады… Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін. Бұл бала Қожаның ішкі жан сезімі. Қамқоршы жар — әрбір әйелдің арқа сүйер тірегі.

Мектеп күзетшісі Сәйбек менің қасыма келіп отырды. — Әй, Қожа. Сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгіл, одан үлкені боласың. Бірақ оған тартпағансың. Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. Қалай дейсің ғой. Міне, былай, алғаш колхоздасқан жылдың күзінде мен, оның келіскен бір жорға күрең аты бар еді,- ол кезде жұрттың бәрі жаяу, — соны диірменге мініп барып, сазға батырып, өлтіріп қойдым. Суып, қаңсып тұрған атты суармай отқа қоям деп, өзімнен болды. Аяғы шідерлеуі еді. Су ішем деп барып, оппаға түсіп кетіпті. Ертесінде қарасам, суға сүңгіген үйректей арт жағы ғана көрініп, тоңқайып жатыр. Он шақты жігіт жабылып, арқан сап әрең суырып алдық. Міне, басқа біреу болса, соны қыңқ еткізбестен төлетіп алар еді ғой. Ал, Қадыр марқұмның кең пейілдігі соншалық, сіз қас қып өлтірген жоқсыз ғой, ажалы солай тура келген шығар деп, үнсіз қоя салды. Міне, әкең осындай парасатты, ақылды жігіт еді – деп үнсіз қалды. Міне, бұл үзіндіден жақсы әке балаға өмірбойы азық деген қорытынды жасауға болады.
Айтматов Ш. Боранды бекет: Қазанғаптың әкесін кулак деп тап жауы ретінде жер аударып жіберген ғой. Сөйтсе, кулак тұрмақ бәлесі де жоқ, асыра сілтеу жаласы жалмаңдап тұрған шақта, тектен–текке жазықсыз айдалғаны анықталып, айдаудан туған еліне босанып қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады. Ақтауын – ақтады-ау, бірақ кеш болып қалды да. Отбасы – бір туған бауыр, іні–қарындас, аға–апалары – жел ұшырған қаңбақтай тоз–тоз болып, құлақ естімес, көз көрмес жаққа жосылып, жоғалып кетті. Қазанғап онда жап–жас жігіт қой, ауылдың әпербақан белсенділері күнде жиналыс шақырып, Қазанғапты қыстайды–ай келіп: «Айт, мына халыққа, әкемді жат элемент ретінде дұрыс соттады деп айт.Осы бағытты қолдаймын деп айт. Мұндай әкеден бездім деп айт, менің әкем сияқты тап жаулары жер бетін басып жүрмесін, бәрін де жаппай жою керек деп айт. Айт, айт!»
Ондай дозақы масқараға белшесінен батпас үшін Қазанғап елден безіп, қиян–қиырдан бір–ақ шықты. Самарқант маңындағы Бетпақдалада аттай алты жыл жұмыс істеді.
Бұл үзінді әңгімеден Қазанғаптың қиын–қыстау кезеңдегі өз отбасына деген шынайы махаббатын көреміз.
Әшімұлы А. … Жан бөлек: Менің отбасыма сөз жоқ көз тиді. Небәрі алты жылдың ішінде үш алтынымнан айырылдым. Бұл үлкен соққы еді, бірақ «жыланның үш кессе де кесірткедей қауқары бар» демекші, осы жылдар ішінде мың өліп, мың тірілсем де бәрібір жан бөлек екендігіне көзім жетті. Қайғы–қасіреттің құзар басына шығандап шығып кетсем де, сендердің рухтарың мені қара жерге қайта түсіреді. Ырымшыл, тәубәшіл халықпыз ғой, кеудеңде жан болған соң, әйтеуір, үміттің үлбіреген нәзік жібін үзіп алғың келмейді.
… Әсіресе жаратылысынан ақ жүрек, ақ көңіл Сағиым кей сөздеріме онша мән бермейтін, өзінше ойлайтын, өзінше ақылды шешім қабылдайтын. Доспен де, дұшпанмен де ортақ тіл тауып жүре беретін. Бауыры болған соң оңай ма, Мәди нашарлаған сайын Сағидың да жаны шүберекке түюлі еді. Күн–түн қасынан бір елі шықпай, кірпік қақпай күзетті. Мәдидің кететінін ойласа жаны шырқырайтын. Бірде: « ағаң анау кеткелі жатыр» дегенім бар, болмашы нәрсеге ренжіп. Сондағы Сағиымның «не айтып тұрсың, аға!» деп айғай салғанын қазір есіме алсам, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Мен балаларымды іштей сүйген екенмін. Бар сезімімді лап еткізіп сыртқа шығара алмаппын. Бәлкім, жаратылыс, мінез солай болар. Бір шүкіршілік ететінім, олардың да сол мінезімді сезетіндей, түсінетіндей қабілеті жеткілікті екендігі. Бұл үзінді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлының ұлдары туралы жан толғанысы.
Қабанбаев М. Арыстан мен виоланчель және қасапхана: Мамамның ойынша, тәрбие атаулы екі түрге бөлінбекші. Алғашқысына әңгіме айту, жақсы көру, бастан сипау құралыптас жағымдылары саналады; соңғысына керсінше зеку, нұқу, ақыл айту шамалас жағдайсыздары жатады. Мамам біріншісін көкем өзіне бейімдеп, жүйкені жұқарта-жұқарта қырқыншы жіптің жіңішкелігіне жеткізетін екінші жағын өзіне итере салғанына риза емес. Өз сөзімен айтсақ: «Көкең барып тұрған өзімшіл, эгоист!».
Мамама, көкеме бағышталған қара қазандай өкпем жуырмаңда жібімес. Шыңғысқан екеумізді татуластыру үшін соншама тыраштанып жатқандары несі? Құрығанда төбелес себебін сұраса етті.
Олар – ересектер тілесе болды, біз – балалар бір-бірімізге арнап қойнымызға қара тас сап тұрсақ та құшақтаса кетуге тиіспіз. Иә, солай, жаңа ғана үлкендердің жан тыныштығына бола Шыңғыс хан екеуіміз бір-бірімізді іштей жек көре тұра сырттай дос екенімізді жұртқа түсіндірмек болдық, сөйттік. Кімді алдадық сонда? Өзімізді ме? Шыңғыс хан бұдан былай кептерді көршілерге сата ма, Арыстанның жанын қинап шанаға жеге ме, жоқ па, тым болмаса ол туралы ләм-мим сөз қозғалсашы. «Татулас, көгершін ұрлап, ит жексе де, өкпе-бауырың езіле елжіреп ұрының, ұрғыштың мүбәрәк қолын құшырлана қысып татулас, татулас…
Жер шарындағы және көршілер арасындағы бейбітшілік жасасын! Ура-а!». Айтары да, істегендері де солай болды ғой.
Жанжал себебін білгілері келмесе, білмек түгіл жұмған ауыздарын ашпаса шынында да біз не, бағасы екі тиын жанбыз ба? Егер мен ойлаған оймен, бастан өткізген күйініш-сүйінішіммен санасқылары келмесе, онымен тынбай алдап-сулап татуластыруға тырысса, «өзіме тартса татуласа салады» деп кещеге (мақұлыққа) санаса расында да құным көк тиын екен. Отбасында кейде баланың көңіл-күйімен де санасуға болатынын айтады.
Ахметова З. Шуақты күндер: Осы естеліктен біраз үзінділер беруді жөн көрдім.
… Атамның қасында отырып шай құйып беруді күнделікті дағдылы тіршіліктің ешқайсысына теңемеймін. Бұл деген мен үшін өзгеше бір үлкен дәреже, ұсынған кесені қолымнан алып шай ішуі маған істеліп жатқан ерекше құрметтей сезінемін.
Атамның ақ жүрегінің мейірімді шуағына бөленіп, дауысын естіп, жүзін көріп отырғаным үшін тағдырыма мың мәрте рақмет айтатынмын.
… Қазіргі әңгіме жемісі ерлік туралы болып жатыр екен. Дастарқанды дыбыссыз жасап, шай құя отырып, сөзге құлақ түрдім.
— Ешкім батыр болып тумайды. Басында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағатыны секілді, өнегелі ата-ананың тәліміне сусындап – адалдық, еңбек сүйгіштік, бауырмашылдық рухта ер жеткен бала, мектеп, қоғам тәрбиесін де бойына жақсы сіңіреді.
Мен бауырмалдық дегенді бірнеше рет қайталадым. Оның кең мағынасы халықаралық достық — интернационализм. Батырлықтың бір негізі осы бауырмашылдықтан шығады. Ерлік аспаннан түспейді, ол Отанды сүюден туады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, от басынан өседі. Ата-ананы, апа-қарындасты, аға-ініні сыйлап құрметтеген халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген сын-сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады. өйткені ерлік бірлікте емес, елін сүйе білген адал жүректе…
Атам қашан да «Отан, Халық» дейтін ұлы ұғымдар жайлы ой қозғағанда «айту керек» болғандықтан емес, өзінің бар болмыс-жаратылысымен елін, жерін қалтқысыз сүйіп, қастерлегендіктен бүкпесіз ағытылатын. Сондықтан да… Отаны үшін отқа түскен… атамның өмірі халық өмірімен жіксіз бірігіп, халық тағдырымен тұтас өріліп кеткен.
… Қазір атам арамызда жоқ, бірақ «Артында баласы қалса көзі қалды де, сөзі қалса өзі қалды де» дегендей, атамның өзі де, сөзі де арамызда. Сондықтан болар әкеміз бар кездегідей үйімізден кісі үзілмейді. Ырым әлі жалғасып жатыр. Дастарханымыздан нан ауыз тиіп, Бақытжан мен Ержанды көруге келеді. Атам отырған көнетоз креслоға отырып, «Москва үшін шайқас» кітабы жазылған үлкен жазу үстелінің үстін алақандарымен сипайды. Атам ойған оюға сүйсінеді, атам салған суретке таңданады. Осының бәрі – халықтың атама деген аппақ пейілі, толастамас сүйіспеншілігі. Халық кез келгенге сенбейді, өзі қадірлеген, өзі қастерлеген қыран перзенттерін ғана ырым көреді. Атамның биіктігінің, даралығының тағы бір қыры — өзі қайтқан соң да адамдарға көңіл сыйлап, сенім тарту етіп жатқаны еді.
Үзінділерде ақылы мен адамгершілігі мол, батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың естелігі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай шынайы, жан – жақты ашылады.
Керқұла атты Кендебай: … Кендебай осылай аң аулап, ел аралап жүре беріпті. Ол мейлінше қайырымды болыпты, жылағанды жұбатыпты, қысылғанға жәрдем беріпті, өзімдікі дегенді білмепті, жатсынуды сүймепті, табысына бүкіл ел ортақ болыпты. Керқұла атты Кендебай батыр атанып, әлемге аян болыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап, алысқа ұзап кетіпті. Кетіп бара жатып, қозысын бағып жүрген бір балаға кездесіпті. Бала еңіреп жылап жүр екен. Кендебай жетіп келіп:
— Көзің жасты, көкірегің қайғылы не еткен жансың?- деп сұрапты. Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.
— Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың? Асқар таудай әкеңді алса, көрген күнің құрысын,- деп зарлап қоя беріпті.
— Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір алтыға шықтым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетті. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жортуылдан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Осы ұйқыда жатқан әкемді жау әскері байлап әкетті. Әкемді арашаламақшы болып жетіп барған шешемді қайырымсыз жау алдына өңгеріп жөнеп берді. Мен жетім қалдым. Ішерге азығым, киерге киімім болмаған соң амалсыздан Тасқара байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде – жас, көңілімде – қайғы. Мен әке-шешеме жылаймын, бай жылқысына жылайды.
— Олай болса жылама. Мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін,- дейді Кендебай. Жақсы сөз жарым ырыс, баланың қуанышында шек болмайды.
Қарттың ұлына өсиеті. Қазақ ертегілері:
Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:
— Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же,- деп өсиет айтыпты.
Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып, басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да, жігітке:
— Неғып отырсың?- дейді.
Жігіт:
— Жәй отырмын,- деп жауап береді.
Шал:
— Шыныңды айт!- деп қыса бастайды.
Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал:
— Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін,- дейді
Жігіт:
— Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым,- дейді.
Шал:
— Қандай өсиет айтып еді?- дейді.
Жігіт:
— Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал»,- деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал»,- деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же»,- деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды,- дейді.
Шал тұрып жігітке:
— Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал»,-дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» — дегені. «Қала сайын үй сал» — дегені. «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» дегені еді. «Ас ішсең, бал же»- дегені: «Еңбек істеп, ас ішсең, балдан тәтті болады» — дегені еді,- деп, қарт өз жөніне кетіпті.
Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті.
Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркемдік-эстетикалық рөл атқарады. Ертегілер халқымыздың ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ғып қалдырған ауыз әдебиетінің бай қазынасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *