БАЛА, БАЛА, БОЛАШАҚ…
Жерінде – бабасының,
Елінде – атасының,
Көңілінде — әжесінің,
Қолында – анасының,
Жолында – ағасының,
Төсінде – даласының,
Тапқан өз жарасымын,
Мен – қазақ баласымын.
Е. Өтетілеуұлы.
Бала — әке-шешенің перзенті, ұрпағы. Жыныс ерекшелігіне қарай ұл, қыз, жас шамасына қарай: нәресте, сәби, бөбек, балдырған, жеткіншек, жасөспірім болып жіктеледі. Ұл қыздың жарық дүниеге келген сәтінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңі бала ұғымына саяды.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған.
Ата-бабаларымыз жазу-сызуды білмеген кездің өзінде де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адам құқығын қорғауды назарда берік ұстаған. Мысалы, «Қасымның қасқа жолы» (1511-1518), «Есімнің ескі жолы» (1598-1628), Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» (1680-1718) сияқты көрнекті заңдардың өзі қағазға түспеген. Бұл – заңдық құжаттар.
Ата-заңды аттаған азғындарды «етігін кесіп, елден қу» деген қағидамен аяусыз жазалаған. Халқымыз ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Бала тәрбиелей отырып, артына із, өшпес мұра қалдырған.
Қазақстанда 17 жасқа толған бозбала мен бойжеткен ресми түрде кәмелетке толған ересек адамдар қатарына қосылады. «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы». (ҚР Конституциясы 27 бап). Қазақ халқы бірінші туған баланы тұңғышым, одан кейінгілерін «ортаншы», ең соңғы туған перзентін «кенже» деп атайды. Бұрынғы дәстүр бойынша әке мұрасы кенже ұлға қалған. Оның үйі қара шаңырақ деп аталады. Балалар ата-аналарын асырауға, сыйлауға, құрметтеуге тиіс.
Бала ата-ана өмірінің жалғасы. Сол үшін ата-ана жатта – жалынып құдайдан перзент тілеген, перзент көргенде, жүрегі жарылардай қуанған (аңсаған перзентін көргенде, қуаныштан жүрегі жарылып, өліп кеткен шеше де, әке де, ата мен әже де болған), содан кейін «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, әлпештеп өсірген. Перзент ауырып, не басқа бір қатер төнгенде, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» – деп құдайға жалбарынған, өздерін балалары үшін құрбан еткен. «Бала – ата-ананың бауыр еті», « Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», — деген сияқты толып жатқан мақалдарда да ата-ананың балаға деген ұлы сүйіспеншілігі жатқан жоқ па?!
Ата-анаға көз қуаныш –
Алдына алған еркесі,
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі, —
деп, ұлы Абай баланың ата-ана қуанышы, гүлденген үміт-арман екенін тебірене жырлайды. Әлемге әйгілі ғұламалар мен ақындардың ата-ана махаббаты, перзент парызы жайында тебірене айтпағаны, жазбағаны аз деуге болады. Олардан қалған асыл сөздер қаншама!
Осындайда тағы да дана Абайдың сөзі ойға оралады: «Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды- дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».- деген.
Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы — мейіріммен, жақсылықпен өтелмек. Бала – ата-ананың көз нұры, көңіл қуанышы.
Ұл-қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін, ең әуелі, әдепті болуы керек. Әдепті болып өскен бала ата-анасының қас-қабағына қарап, қал жағдайларын айтқызбай аңғарады және олардың жеп-ішу, киім-кешек, ұйқы-демалысын қадағалап, әр нәрседен көңілдерін тауып, мерейлерін өсіреді.
Бала өзін әлпештеп өсірген ата-анасын дәл солай әлпештеп аялауға – міндетті, сәби шағында өзін қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып мәпелеуге борышты.
Әдепті де адал ұл-қыз ата-аналарына көзі тірісінде қызмет көрсетулерімен қатар, дүниеден қайтқаннан кейін де оларды жиі-жиі еске алып, олардың өсиет-аманатын қалтқысыз орындап, қалып қойған қарыздарын өтеп, замандас-достарына құрмет көрсетіп, зиратына барып тұрады. Ендеше, баланы сеніммен тәрбиелеу – зор нәтиже береді деп ойлаймын. Балаңмен дос, сырлас бола біл. Ешқашан қаталдықпен адамды адам ете алмайсың. Қатыгездік баланы ашындырады, жүрегіне өшпенділік тудырады. Содан сырттай бағынышты көрінгенімен, ішкі қарсылығы өсе береді. Қарсылық қарсылықты туғызады деген физиканың заңы бар ғой. Қай уақытта да жұмсақ қаттыны жеңеді. Су жұмсақ, тамшылап тұрып, тасты теседі. Әке-шеше ретінде қоқаңдап, өз ойыңды тықпалай берсең, баланың тұлғалық қасиеттері ашылмай қалады. Бетінен қақпа, бірақ белін буып жолға сал. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені – ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру.