Абай жолы. Қайтқанда

5-сынып
2-кезең
I тапсырма. «Абай жолы» романынан «Қайтқанда бөлімін оқыңдар. Тапсырмаларды орындаңдар.
1. Асыққан бала Абай бойынан қандай қасиеттерді байқаймыз?
1.1. Туған жерін сүюі: қарақшы, ұрысына қарамай, тұтастай жақсы көруі.
2. «Үш күндік жолдың соңғы күнінде» неге шәкірт бала асығып келеді? Автор нені айтқысы келеді?
2.1. Осыған бала Абай емес, болашақ дана Абай асығып келе жатыр деп қоссақ, Сіз қалай өрбітесіз?
3. Қарақшы болып ойнаған баланың бойынан қандай қасиеттер, мінездер көрінеді?
4. Бірінші аналарына ұмтылған сәби, екінші әке алдында есеп берген шәкірт: қаншалықты бір-біріне жақын, қаншылықты алыс?
5. Балалыққа шақырған Оспан, ыстық құшақты аналар және билікке икемдеген әке мақсаты Абай бойынан қалай көрінеді? Сіз Абай орнында болсаңыз, қайсысын қалаған болар едіңіз?
6. Абай бағалауындағы Тобықты ру басыларын болашақ суреткер қаншалықты дәл тани алды?
7. Ел шошытқан Оспан тентектігі болашақ оқиға өрбуіне әсері бар ма? Құнанбай қайратты Оспанды емес, зерек Абайды ортаға шақыруының мәні неде? 8. Құнанбай портретін жаттап алыңыздар.
9. Құнанбай мінезін неғұрлым дәл ашатын бір ғана сөйлемді жазып алыңыздар.
10. Үзіндіге жоспар құрып, әңгімелеңіздер.

II тапсырма.
«Жас баланың туған жері сүюі мен ересек адамның туған жерді қадірлеуінде қандай өзгешеліктер байқайсыңдар?» осы мәселе төңірегінде ойланып, 60 сөзден тұратын эссе жазыңдар.

III тапсырма.
Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар.
Алтай, Күршім – не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы — қыспақ, жазы — самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған – ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі – Алтай жары тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.
Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді.
(Ж. Аймауытов)

құбыла – шығыс жақ
мәйек –
тыраңдасып –

1.Үзіндіні мәнерлеп оқыңыздар. Табиғатты суреттеуде қолданылған сөздердің мағынасына, өзара ұйқасына, құрылысына, айтулы сазына назар аударыңыздар.
2. Жазушының Марқакөлдің сипатын, орналасқан жерін суреттеуінде қандай ерекшеліктері бар:
а) Өскемен, Бұқтырма, Алтай, Күршім жер атауларын не үшін пайдаланған?
ә) Жоғарыдағы ел, жер, өзен, көл, таудың суретін, табиғатын бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестерінің қызметін анықтаңыздар.
3. «Ар жағында», «оң жағында», «қақ басында», «алақанның аясында» тіркестерінің синонимдерін жазыңыздар.
4. «Күз күзеткен», «қысы қыспақ», «түрі де аспан, сыры да аспан», «жазы самал» тіркестерінің мағынасын ашып айтыңыздар.
5. Сөйлем ішіндегі бір сөздің екі рет қайталанып берілуінің мағыналық, эмоциялық әсері қандай?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


6-сынып
2-кезең.
I тапсырма.
1. Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін мәнерлеп оқыңдар. 2. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін мазалайтын не? 3. Өз ортасы туралы қандай ой айтылады? 4. Өлеңнің алғашқы шумағында не туралы айтылады? А) Қуаныш. В) Бақыт. С) Табиғат суреті.. D) Тіршілік мәні. 5. Өмірдің қысқалығы немесе ұзақ тіршілік туралы екінші шумақтың қай тармағында айтылады? 6. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» тармағын қалай түсінесің? Бұл дүние мен о дүние туралы қандай діни кітаптарды білесіңдер. Оларда екі дүние туралы не айтылады? Абай жан қиналысы қандай ойларға жетелейді? 7. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» , «мыңмен жалғыз алысқан» шарасыз ақын бейнесі естеріңе кімдерді түсіреді? Талант пен қоғам туралы ойларыңды ортаға салыңдар. 8. «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» тармағы жөнінде не айтуға болады? А) Өлең – ақыннның жан сыры В) Ақынның өнерден, поэзиядан көңілі қалған

ғадауат (арабша) – дұшпандық, ашу, жек көру
шалыс басқан – қателескен
албырт – беті қайтпаған, әрнәрсеге еліккіш, тауы шағылмаған
етек басты – кедергі, бөгет, қарсы әрекет, қиянат
сандалмамен күн кешу – бос жүріспен уақыт өткізу
дүрдей – бұл жерде: жоқты бар қылып, көтермелеп көрсету мағынасында

II тапсырма.
«Менің кітаптарым» деген кестені толтырыңыздар. Әр бөлікке бір сөйлеммен себебін жазыңыздар.

Көңіл құлазыған кезде оқитын кітаптар Қуанған шақта оқитын кітаптар Уақыт өткізу үшін оқитындар Көпшілік пікіріне сүйеніп оқылатын кітаптар Оқуға міндетті кітаптар

 


III тапсырма.
1. Сөйлемдерді үлгі бойынша толықтырып, көркемдеп жазыңыздар.

Күннің көзін бұлт жапты.
Үлгі: Күн бұлттанды Күннің көзі көмескі тартып, бұлттар астында
қалды.
Күнді ентелеп, бұлт қамап тұр.
Аспан түнеріп, дала күңгірт тартты.
Күн қара бұлттар уысында қалды.

1. Балалар ән шырқады. 2. Қоңырау соғылды. 3. Айбек өзен жағасында тұр. 4. Бақшада гүлдер көп. 5. Ақ лақ сүйкімді екен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


7-сынып
2-кезең.
I тапсырма.

«Миллионердің үйі» – С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романының алғашқы бөлімі. Жазушы 20-ғасырдың бас кезіндегі қазақтың тек қана мал бағып, оның шикізаттарымен ғана күн көрмегендерін, кәсіп үйреніп, еңбекті қоғамның бір бөлшегі, ажырамас негізі ете алғандығын суреттейді. 21- ғасырдың бас кезінен бастап қазақ қоғамына еркін енді дейтін нарық салттары ұлттың ежелгі кәсібі үшін де жат болмағандығын көркем жеткізеді.
«Миллионердің үйі»
(үзінді)
Мен іздеп шықсам, Ықыш ағаш сарайдың ішінде үлкен сепараторға кәрәсін фонарьдың жарығымен сүт тарттырып жатыр екен. Мұндай сепараторды мен казак-орыс станицаларының сүт заводында көргем. Құлағын екі қарулы жігіт кезектесіп, мықшия әрең айналдырып тұр. Қырынан қойылған кең қарағай бөшкеден екі әйел сүтті кезек көсіп ап, сеператордың көмекейін әрең дегенде толтырып тұр. Сүттің қаймағынан айырылған абыратын екі-үш әйел үлкен науаларға қотарып жатыр.
– Бұл абыратты қайтеді? – деп сыбырласам, мені ертіп барған бала:
– Көп бұзау бар бұл үйде, соларды суарады, – дейді.
– Қанша?
– Жүзден астам.
– Сонша сиыр саудыра ма, бұл үй?
– Одан да көп. Бұзауларының көбін сатып жіберді.
– Қанша май алады сонша сиырдан?
– Кім білсін. Әнеугүні Қорғанға апарып, сексен пұт май сатты деп естідік.
– Қой да сауа ма?
– Әрине!.. Май береді десе, қой түгіл итті де сауады бұл үй!..
– Қанша қой сауады сонда?
– Төрт-бес жүздей. Ондағы бас сауыншы – Әлти хажының бәйбішесі Ділдабайдың өзі. Қазір ол кісіні іздесең, көгенделген қойлардың арасынан табасың. – Осындай күн суытқан кезде ме?
– Бұл үйге қыс болса да, мейлі, тек, малдың сүмесінен сүт шықса болды. Сиырды қыстыгүні де саудырады…
Сеператормен арпалысқан Ықышқа мен Бәкеннің қоштасуға шақырғанын айтып ем: – Қап, қол тимей жатқанда! – деп қабақ шытып қалды да, – тездетіңдер жұмысты!.. Мен қазір келем! – деген команда беріп, маған ерді…
Ықыш келіп амандасқаннан кейін біз жүріп кеттік. – « Дүние ұстай білген кісінің қолында тұрады» деген рас-ау! – деді былай шыға Боржабай. – Көрдің бе, Бәкен, әлгі үйдің адамдарының шаруаны қалай бағуын? Миллионер болуы да сондықтан ғой, бұл үйдің. Өзгеміз миллионер болсақ, көзіміз көрмей жүр ме!..

1. Ықышты іздеп шыққан бала нені көрді?
2. Нені естіді?
3. Неге таң қалды?
4. Дала тұрмысында қой сауу – көп еңбекті қажет, табысы аз қажырлы іс. Соған қарамастан, көп күшпен ақша тауып, байлық құрап отырған миллионердің үйі қандай қасиетті көрсетеді?
4.1. Дүниеқорлық;
4.2. Сараңдық;
4.3. Еңбекқорлық;
4.4. Табыскерлік.
5. «Көрдің бе, Бәкен, әлгі үйдің адамдарының шаруаны қалай бағуын? Миллионер болуы да сондықтан ғой, бұл үйдің. Өзгеміз миллионер болсақ, көзіміз көрмей жүр ме!..» деген Боржабайдың сөзінен қандай ой түйдіңдер?
5.1. Біреудің байлығына қызығуы;
5.2. Миллионер ісі – ел байлығын көрсетіп мақтану;
5.3. Білгендерге үлгі-өнеге болу;
5.4. Көзін таба білгенге байлық еңбек етсе, қай істен болсын табылатындығы. 6. Миллионер байлығына қандай жолмен жетті деп ойлайсыңдар? 7. Әлти бейнесі үлгі бола ала ма? Неге? 8. Бүгінгі күннен Әлтидің отбасы өзгешеліктері бар ма? 9. Миллионердің отбасында еңбекқорлықтан басқа тағы қандай жақсы қасиеттер бар деп ойлайсыздар?
сепаратор – сүттен майды айыруға арналған машина кәрәсін – керосин
көсіп ап – молынан алып науа –мал суаратын астау абыратын – майдан ажыраған көк сүт
пұт – өлшем бірлігі
көген – қозы, қойды, лақты тізіп байлап қоятын жіп

II тапсырма.
« Молшылықтың жолы» деген тақырыпта эссе жазыңдар. 80 сөзден аспасын.

III тапсырма.
Төмендегі сөздердің мағыналарын анықтап, кестеге толтырып, әрқайсысымен сөйлем құраңыздар.
Ақберен, ақбөкен, алаша, әбес, айтымпаз, айығу, алагеуім, әупілдек, өрескел, әлеумет, сергу, томаға, бесін, сөзуар, кілем, керік, ләйлек, сұңқар, әсемпаз, қылаң, сөйлеу, жүгіру.

Зат атауы Жан-жануар, құс аты Сын, бейне, түс, қасиет Қимыл — қозғалыс Уақыт

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *