Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылы Ресейде басталған революция қазақ ұлттық зиялыларының өз халқының құқықтарын қорғау жолындағы қызметін жандандыра түсті. Ұлттық қазақ партиясын құру жолындағы алғашқы қадамдар бірінші орыс революциясы кезінде жасалы. 1905 жылдың соңында-ақ Орал қаласында қазақ ұлттық партиясын құру жөніндегі шешімдер қабылдауға тиіс болған Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысқан делегаттық сьезд шақырылды. Онда партия құру ниеті туралы айтылды. Осындай жағдайларда хал-ахуалдың жылдам өзгеруі мен саяси күштердің екі жаққа бөліну үрдісінің тездеуін ескерген қазақ либерал-демократиялық қозғалысының басшылары жалпықазақтық сьезді өткізуді жылдамдату жөнінде шешім қабылданды.
Қазақстанның барлық облысынан дерлік өкілдер қатысқан І Бүкілқазақ сьезі 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды:
- Мемлекеттік басқару жүйесі.
- Автономия.
- Жер мәселесі.
- Милиция ұйымдастыру.
- Әйелдер құқы.
- Құрылтай жиналысын шақыру.
- Бүкілресейлік мұсылмандар сьезі.
- Саяси партия құру.
- Халыққа білім беру мәселесі.
- Жетісу облысындағы оқиға.
- Сот.
- Дін.
- Земство.
- Киевте өтетін Бүкілресейлік Федеративтік кеңеске қатысуы.
Делегаттар басты назарды ұлттық автономия, жер, Құрылтай жиналысы сайлауына дайындық, ұлттық саяси партия құру мәселелеріне аударды. М. Құл-Мұхамедтің пікірі бойынша, сьезде екі ұстаным басымдылыққа ие болды. Біріншісі А. Байтұрсынов пен М.Дулатовтың «тәуелсіз автономия құру» идеясы. Екіншісі Ә. Бөкейханов пен Ж.Ақбаевтың «аймақтық-ұлттық автонoмия құру» туралы ұсынысы.
Сьездің басталауынан бір ай бұрын-ақ «Қазақ» газетінде осы аталған мәселелер, алғашқы кезекте автономия мәселесі бойынша әр түрлі көзқарастар айтылған мақалалар топтамасы жарияланған болатын. Газеттің 24 маусымындағы санында: «Егер автономия қажет екені жете түсінікті болса, онда қазақтар үшін қандай нысаны – мемлекеттік әлде федеративтік автномия, қайсысы қолайлы болады? Егер біз аймақтық автономияға тоқтайтын болсақ, онда оның базисі не болмақ – жер аумағы ма, әлде мәдени немесе ұлттық ерекшелігі ме? Қазақтар тәуелсіздікті талап ете ала ма немесе оған басқа халықтармен одақтасып барып қол жеткізе ме?».
Сьезде «Алаш» партиясын құру жөнінде шешім қабылданды. «Алаш» партиясының басшылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов сияқты либерал-демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының өкілдері еді. «Алаш» партиясының басшылары мен бүкіл партия, негізінен, Қазан революциясын қолдаған жоқ. Петроградтағы толқулар басталысымен «Қазақ» газетінде 21 қарашада «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Бағдарлама жобасы 10 мәселені қамтыды:
- Мемлекеттік құрылыс.
- Жергілікті бостандық.
- Негізгі құқық.
- Дін.
- Билік пен сот.
- Ел қорғау.
- Салық.
- Жұмысшылар мәселесі.
- Ғылым мен оқу-ағарту ісінің дамуы.
- Жер мәселесі.
«Алаш» партиясының мақсаты – XVIII ғасырда жойылған қазақтардың ұлттық мемлекетін қайта қалпына келтіру болды. Партияның негізгі бағдарламалық міндеттері ретінде: елді отарлық құлдықтан құтқару, қазақ қоғамын ортағасырлық жағдайдан алып шығып, мәдениетті елдер қатарына қосу, қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде түбірлі өзгерістерді жүзеге асыру жарияланды.
«Үш жүз» социалистік партиясы ұсақ буржуазиялық сарындағы ұлттық саяси ұйым еді. Партия большевиктерге ниеттес бағыт ұстап, «Алаш» партиясына Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген мәселелері бойынша негізгі қарсылас болды. Партияның негізін 1917 жылы 17 қарашада Мұқан Айтпенов қалады. Бастапқы кезеңде басшылық қатарында К. Тоғысов, Ш. Әлжанов, А. Досов, И. Қабековтер енді. Партияның орталық баспасөз органы «Үш жүз» газеті болды. «Үш жүздің» саяси көзқарастары «Алаш» партиясының саяси көзқарастарынан 3 өзекті мәселенің төңірегінде алшақтанды:
- Қазақ облыстары автономиясының сипаттары.
- Жер мәселесін қайта қарау.
- Дін мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының сипаты.
Партияның идеялық бағыты большевиктік қағидалардың күші ықпалында болды. Партия басшылығына Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін К.Тоғысовтың келуімен «Үш жүздің» саяси қағидалары елеулі өзгерістерге ұшырады. Өз қызметінің бастапқы кезеңінде үшжүзшілер социал-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, ал 1918 жылдың қаңтарынан бастап жергілікті жерлерде Кеңес өкіметін орнату мен нығайту жұмысына белсене араласа бастады. 1918 жылдың басынан бастап үшжүзшілер басқа қозғалыстарға қарсы күрестегі большевиктердің сенімді одақтасына айналды. Осының бәрі большевиктік ұйымдардың белсенді материалдық және рухани қолдауы жағдайында өтті. Белгілі бір әлеуметтік негізі мен айқын бағдары болмаған, сөйтіп елеулі саяси күшке айнала алмаған. «Үш жүз» 1918 жылдың жазында тарап кетті.
Түркістанның елеулі саяси ұйымы 1917 жылдың 17 наурызында Ташкентте құрылған «Шура-ислами» (араб тілінен аударғанда «Ислам кеңесі») болды. Оның құрамына ұлттық буржуазия мен зиялылардың, жер иелері мен мұсылман діни қауымының өкілдері енді. Ұйымды жәдитшілдік ілімнің басшысы М.К.Абдурашидханов басқарды. «Шура-исламидің» идеялық бағыт-бағдары өзара тығыз байланысқан 3 міндеттің негізінде қалыптасты:
- Ұлттың өзін-өзі билеу құқығына жету мақсатында түркі-мұсылман халықтарын біріктіру;
- Орыс революцияларының теріс ықпалдарын жоққа шығару;
- Түркі-мұсылман халықтарының жалпы этникалық және діни біртұтастығына бет бұру.
Ұйымның орталық баспасөз органы «Шура-ислами» газеті болды. Ұйым жергілікті халықтың дәулетті топтарының мүддесін білдіре отырып, буржуазиялық Ресейдің құрамында Түркістан ұлттық-діни автономиясын құруды, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне қолдау көрсетуді, оқу-ағарту мен тұрмыс саласында реформалар жүргізуді жақтады. 1918 жылдың басында Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесі мен жергілікті кеңестер «Шура-ислами» ұйымын Кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері үшін таратып жіберді.
1917 жылы 10 шілдеде Ташкентте қазақтың белгілі қайраткері С.Лапиннің жетекшілігімен «Шура-улема» қоғамдық саяси ұйымы құрылды. Ұйым Түркістан өлкесі халқының мүддесін қорғау ислам діні қағидаларымен ұштастырғанда ғана жүзеге асады деп деп есептеді. Түркістан өлкесіне Ресей Федерациясы құрамында аумақтық автономия берілуін жақтады. Күнделікті өмірдің өзекті мәселелерін шариғт жолымен шешуді айтты. 1918 жылы «Шура-улема» ұйымы Кеңес өкіметі тарапынан таратылды.
Бекіту сұрақтары:
- І Бүкілқазақ сьезінде күн тәртібінде қандай мәселелер қойылды?
- «Алаш» партиясының басшылары мен бүкіл партияның Қазан төңкерісіне көзқарасы қандай болды?
- Ташкентте қазақтың белгілі қайраткері С. Лапиннің жетекшілігімен қандай қоғамдық саяси ұйымы құрылды?
- «Үш жүз» партиясы мен «Алаш» партиясының арасындағы байланыс қандай?
- 1917 жылдың 17 наурызында Ташкентте құрылған «Шура-ислами» партиясын кім басқарды?