ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы ағарту жүйесі және мәдениеттің дамуы

Кеңес өкіметі орнауымен бір мезгілде мәдениетті қайта құру шаралары жүзеге асырыла бастады. Елде ағарту ісін дамытуға баса назар аударылды. Қазақтың ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда табысты еңбек етіп, мәдени құрылыс барысын жеделдетуге зор үлестерін қосты. Қазақ тіліндегі оқулықтар жазылды. Мұндай оқулықтардың авторлары қазақ зиялыларының өкілдері – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин болды. Алгебрадан қазақ тіліндегі бірінші мектеп оқулығын Қаныш Сәтбаев, географиядан – Әлихан Бөкейханов, Қазақстан тарихынан профессор Санжар Асфендияров құрастырды. 1929 жылы араб жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінен латын әліпбиіне көшу жүзеге асырылды.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров еді. Ол ауыл мектебінде және Троицк медресесінде оқып, білім алды. 1913-194 жылдары С.Торайғыров «Айқап» журналында өзінің негізінен әлеуметтік теңсіздік тақырыбына арналған алғашқы өлеңдері мен әңгімелерін жариялады. Ол сол кезде «Қамар сұлу» романын жаза бастады.

Қазақ әдебиетінде көрнекті қазақ ақыны, журналист, қоғамдық қайраткер Мұхаметжан Сералин елеулі із қалдырды. Ол атақты ақынның отбасында дүниеге келіп, медреседе, екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыды. 1900-1903 жылдары «Топжарған», «Гүлқашима» поэмаларын жазды. 1914 жылы М.Сералин Фирдаусидің «Шахнамасынан» «Рүстем – Зұхраб» поэмасын қазақ тіліне аударды. Оның қызметіндегі негізгі сала – журналистік қызмет еді. Ол «Айқап» журналының бас редакторы болды.

ХХ ғасыр бас кезіндегі аса танымал әрі көрнекті әдебиет қайраткерлерінің бірі ақын, түркітанушы-ғалым, аудармашы, педагог, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынов болды. Ол отаршыл әскерге қарсы күреске қатысқаны үшін каторгалық жұмыстарға айдалған ықпалды ру басшысының отбасында дүниеге келді. Әкесіз қалған Ахмет Торғай училищесін бітіріп, білімін жалғастыру үшін Орынборға аттанды. 1895 жылдан бастап А.Байтұрсынов педагогикалық және әдеби қызметпен айналысады. Оның тұңғыш ақындық еңбегі – қазақ тіліне аударылған И.А.Крылов мысалдарының жинағы «Қырық мысал» болды. Жинақ 1909 жылы Петербургте жарық көрді, бірнеше рет қайта басылып шығып, қазақтардың арасында кең тарады. 1911 және 1914 жылы Орынборда «Маса» атты өлеңдер жинағы жеке басылып шықты.

Қазақ тілінің табиғатын зерттей отырып, ол тілтану жөнінде мақалалар мен оқулықтар, кейінірек ғылыми жұмыстарын жазды. Қазақ тілі туралы мақалаларында тілдің тазалығын сақтау, оны әр түрлі шұбарланудан тазартуды жақтады. А.Байтұрсыновты қазақ тілтану ғылымының негізін салушы деуге болады, ол қазақ тілінің ерекшеліктеріне араб жазуын бейімдеді. 1913-1917 жылдар – А.Байтұрсыновтың өміріндегі маңызды кезең. Ол сол кезде қазақ тілінде Орынборда шығып тұрған жалғыз «Қазақ» газетінің редакторы болды.

ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатов. М. Дулатов бастапқыда ауыл мектебінде, соңынан білімін орыс мектебінде жалғастырды, өздігінен білім алды. Қажырлы еңбегінің арқасында ол орыс тілін кемеліне келтіре меңгерді, орыс және шетел жазушыларының шығармашылығын зерттеді. М.Дулатов ақын әрі жазушы, өлең жинақтары мен бірінші қазақ романы – «Бақытсыз Жамалдың» авторы ретінде көпке танылды.

Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы қазақ поэзиясында ерекше орын алады. Ол 1925 жылға дейін Кеңес өкіметіне қарсы болып, ұлттық рухты оятуға, бостандыққа ұмтылуға бағытталған шығармалар жазды. Мағжан өлең жазуды 14 жасынан бастады, оның шығармалары қазақ және татар тілінде шығатын барлық газеттер мен журналдарда жарияланып тұрды. 1912 жылы Қазанда оның өлеңдерінің «Шолпан» атты жинағы шықты. М. Жұмабаев – еуропалық мәдениет биігіне жеткен талантты ақын. Сталиндік басқарудың қаһарына мінген жылдары оның шығармашылығына тыйым салынды. М.Жұмабаев тұтқындалып, алдымен Беломорканал, соңынан Соловкидегі лагерьге жіберілді. 1938 жылы ату жазасына бұйырылды.

Қазақ философиялық ойының дамуына Абай Құнанбаевтың туысы Шәкәрім Құдайбердиев ерекше рөл атқарды. Оның тұңғыш философиялық шығармасы – Орынборда 1911 жылы басылып шыққан «Мұсылмандық шарты» атты еңбегі. Сол жылы қазақтың тарихы жөніндегі алғашқы еңбектерінің бірі «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» жарық көрді. Ш. Құдайбердиевтің қоғамдық-саяси көзқарастары ХХ ғасыр бас кезінде жарияланған «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Үш анық» шығармаларынан кең орын алды.

Қазақ әдебиетінің діни-философиялық бағытының көрнекті өкілі Жүсіп Көпеев болып табылады. 1907 жылы Қазан қаласында оның бірден 3 кітабы «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» жарық көрді. Оларда автор Ресейдің отаршылдық саясатына, Қазақстанға шаруалардың қоныс аударуына қарсы пікірлерін ашық айтты, қазақтарды елдің саяси өміріне белсене араласуға шақырды.

Мәдениеттің дамуына осы уақытқа дейін елеусіз жағдайда болған баспа ісін жолға қою белгілі бір ықпал жасады. Қазақ мерзімдік баспасының гүлдене бастаған уақыты ХХ ғасырдың бас кезіне тура келді. Бұл кезде кітап басып шығару Семей, Омбы, Орал сияқты мәдени орталықтарда қарқынды дамыды. ХІХ ғасырдың соңында «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» атты екі басылым шығып тұрды. 1905 жылға қарай бірқатар жаңа газеттер мен журналдар шыға бастады. 1907 жылы қазақ зиялыларының бір тобы Петербургте редакторы Әбрірашид Ибрагимұлы болған «Серке» газетін шығар бастады. Бұл газеттің екінші нөмерінде М. Дулатовтың «Біздің мақсат» деген мақаласы жарияланды. Патша тыңшылары газетті «қазақ халқын барлық үкімет орындары мен өкілдеріне қарсы қоздырушы» үндеу ретінде қарап, жауып тастады.

1911 жылы Троицкіде «Айқап» журналының бірінші нөмері жарық көрді. Журналдың редакторы мен идеялық дем берушісі Мұхаметжан Сералин болды. Журнал әдебиеттің дамуы мен қазақ әдеби тілінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Журналда түрік және парсы тілдерінен аударылған шығармалар жарияланды. 1911 жылдан бастап редакторы Сағынгерей Бөкеев болған «Қазақстан» газеті шыға бастады. Газетте саяси мақалалардан басқа қазақтар мен ноғайлардың халық әдебиеті жөнінде зерттеу мақалалар да жарияланды.

Ұлттық баспасөздің дамуында Орынбор мен Торғайда 1913-1918 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған «Қазақ» газеті ерекше рөл атқарды. Газеттің негізгі міндеттері қазақ халқының мәдениетін көтеру, қазақтың әдеби тілі мен әдебиетін дамыту болды. Газет беттерінде Ә. Бөкейхановтың ауыз әдебиеті мен А. Байтұрсыновтың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті жөніндегі еңбектеріне көп орын берілді.

1913 жылы қыркүйектен Петропавлда татар және қазақ тілінде «Есік даласы» атты газет шыға бастады. Оған жылдың соңында «революциялық идеяларды таратқаны» үшін тыйым салынды. 1916-1917 жылдары Ташкентте К.Тоғысов басшылық жасаған апталық «Алаш» газеті шығып тұрды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін әр түрлі бағыттағы бірқатар газеттер мен журналдар шыға бастады:

  • Семейде – «Сарыарқа» апталық басылымы, «Абай» әдебиет журналы, «Халық сөзі» газеті;
  • Оралда – «Ұран» газеті;
  • Ташкентте – бас редакторы Мұстафа Шоқай болған «Бірлік туы» мен «Жас Алаш» газеті;
  • Ақмолада – «Қазақ» газетіне жақын позиция ұстанған «Тіршілік» газеті.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қай жылы араб жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінен латын әліпбиіне көшу жүзеге асырылды?
  2. «Айқап» журналының бас редакторы болған кім?
  3. «Қазақ» газетінің қазақ тарихындағы орны қандай болды?
  4. Еуропалық мәдениет биігіне жеткен талантты ақын?
  5. Бас редакторы Мұстафа Шоқай болған газет қандай

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *