Қазақстан өлкесіндегі ұлттық автономиялар

Қоқан автономиясының 1917 жылы қарашада өткен IV Өлкелік төтенше мұсылман сьезі орталығы Қоқан болатын Түркістан автономиясын құру жөнінде шешім қабылдады. Сьезде сайланған автономия үкіметін көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер М.Тынышпаев, кейін М.Шоқай басқарды. Мұстафа Шоқай мұсылман халықтарының саяси және мәдени жағынан қайта өрлеуінде елеулі рөл атқарған осы құрылымның дем берушілері мен ұйымдастырушыларының бірі болды. М.Шоқай бүкіл Түркістанды бір автономиялық республикаға біріктіріп, оны демократиялық Ресейдің құрамына енгізу идеясын қозғады.

Алайда большевиктер ұлттық үкіметтің өмір сүруімен келіскісі келмеді. Орта Азия мен Қазақстан аумағында ұлттық мемлекеттілікті құрудың алғашқы әрекеті қайғылы аяқталды. 1918 жылы қаңтарда Ташкент кеңесі Қоқанға құрамына Ташкенттің қызыл гвардияшы бөлімдері, большевиктерге ниеттес қалалық гарнизон солдаттары кірген жазалаушы экспедиция жіберді. Осы үшін большевиктер өздерінің идеологиялық қарсыласы – армян ұлтшылдарының «Дашнакцутюн» партиясымен одақ жасауға да барды. Дашнактардың отряды мұсылман тұрғындарға қарсы жасаған ерекше қатігездікпен көзге түсті. 29 қаңтар күні Қоқан автономиясын талқандау басталды.

Қоқанды қорғаған автономияшылдардың шағын отрядтарының қарсылығы оңай тойтарылып, қала басып алынды. Үш күнгі адамдарды қырғынға ұшырату мен талап-тонаудан соң қала өртелді. Банктің қаржысы тәркіленді, қаладағы 150 мыңдай тұрғынның  қырғын салудың нәтижесінде 60 мыңнан астамы ғана қалды, қалғандары өртелді немесе қашып кетті. 1918 жылдың тек 4-7 ақпанында 15 мыңға дейін адам өлтірілді. Кеңес өкіметін нығайту үшін ескі буржуазиялық мемлекеттік аппаратты қиратып, басқарудың жаңа, кеңестік мемлекеттік органын құру қажет еді. Қоқан автономиясы түріндегі демократияның алғашқы өскіндерін Қызыл гвардия қанға батырды. Аз уақыт өмір сүргеніне қарамастан Қоқан автономиясы Орталық Азия халықтарының тарихы мен өміріндегі маңызды құбылыс болды.

1918 жылы 30 сәуірде құрамына Қазақстанның оңтүстік аймақтары енген Түркістан Кеңестік Федерациялық Республикасы жарияланды. Түркістан АКСР-нің астанасы – Ташкент қаласы болды. 1918 жылы көктемде Түркістан АСКР-інде өнеркәсіптің жетекші салалары банкілер, темір жолдар национализацияланды.

Алаш партиясының көсемдері Петроградта қарулы күштердің жеңгені туралы хабарды ести салысымен Қазақстанда билік Кеңестердің қолына өтіп кетпеуі үшін нақты қадамдар жасай бастады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 26 қарашадағы, яғни Қазан революциясының келесі күнгі нөмерінде өз оқырмандарына былай деп үндеу тастады: «Ресей күйзелісті бастан кешіріп отыр, бір аяғы жерде болса, екінші аяғы – көрде. Ертең не боларын ешкім де білмейді. Біреулер тірі қалу үшін жанталасса, басқалары бұл бүліктен қалай шығамыз деп бас қатырды. Біз, қазақтар, оған қарап тыныш отыра алмаймыз. Мұндай қарбалас кезеңде заң жүрмейді, бізді ешкім де қорғамайды. Сол себепті біз, біріншіден, өлмей тірі қалу үшін, екіншіден, байлықтарымызды талан-таражға түсірмеу үшін, үшіншіден, бұл бүлікшіліктен іргемізді аулақ салу үшін өз күшімізге ғана сүйенуге тиіспіз. Ол үшін ешкім де өз білімі мен күшін аяп қалмауға тиіс».

Бүкілқазақтық ІІ сьезд Орынборда 5-13 желтоқсан аралығында өтті. Оған қатысқан ташкенттік журналист былай деп нақты көрсетті: «Сьезге қазақтың 10 облысынан – Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Ферғана, Сырдария, Каспий бойы және Астрахань губернияларындағы Бөкей Ордасынан 80-ге жуық делегат қатысып отыр. Олардың басым көпшілігі орысша жақсы сөйлейді. Көбінің жоғары және орта білімі бар, еуропаша киінген».

Сьезд президумына Бақтыгерей Құлманов (төраға), Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Әзімхан Кенесарин, Омар Қарашев (төрағаның серік-орынбасары) және құрамына Дәулетше Күсепқалиев, Міржақып Дулатов, Сейітқазым Қадырбаев кірген секретариат сайланды.

Сьезд Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның құрамына Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары, сондай-ақ Каспий сырты облысындағы, Алтай губерняиясындағы қазақтар мекендеген аудандар енгізілді. Сьезд делегаттары Уақытша үкімет құлағаннан кейін қалалар мен селоларда, қырда қазақтардың этнос ретінде өмір сүруіне зор қауіп төндіретін анархияның өсуі күннен-күнге күшейе түсіп отырғанын атап көрсетті. Осыдан келіп сьезд «халықты аман сақтап қалу мақсатында» Уақытша халық кеңесінің тиянақты билігін құруға қаулы қабылдап, оны «Алашорда» деп атады да, Алашордаға қазақтар тұратын жерлердегі барлық атқарушы билікті өз қолына алуын тапсырды.

Алашорда 25 адамнан тұруға тиіс болды. Сьезде үкіметтің 15 мүшесі сайланды, ал 10 орын Қазақстанда тұратын орыс және басқа ұлттардың өкілдеріне қалдырылды. Үкімет басшысы баламалық негізде сайланды. Бұл лауазымға 3 қайраткердің кандидатурасы ұсынылды, олар:

  1. Әлихан Бөкейханов;
  2. Бақтыгерей Құлманов;
  3. Айдархан Тұрлыбаев.

Жасырын дауыс беру нәтижесінде Ә.Бөкейханов 40 дауыс, А.Тұрлыбаев – 20, Б.Құлманов – 19 дауыс алды. Көп дауыс алған Ә.Бөкейханов Алашорда автономиясының төрағасы болып сайланды.

Бекіту сұрақтары:

  1. Қай сьезде Түркістан автономиясын құру жөнінде шешім қабылдады?
  2. Түркістан автономиясын құлатуға қатысқан армян ұлтшылдарының партиясы?
  3. ІІ Бүкілқазақ сьезінде қаралған мәселелер?
  4. ІІ Бүкілқазақ сьезінің нәтижесінде қандай өзгерістер болды?
  5. Жасырын дауыс беру нәтижесінде Ә.Бөкейханов қанша дауыс жинады?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *