Экономикалық реформаларды жүзеге асыруда Қазақстан үлкен қиыншылықтарға кездесті. Экономиканы күштеп басқарудан нарықтық жүйеге көшу аса қиын әрі күрделі болып шықты. Бұрыннан қалыптасқан шаруашылық байланыстарының үзілуі, келісім тәртібінің нашарлауы салдарынан көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды. Жағдайды Қазақстанның 1992 жылға дейін Ресеймен бір экономикалық кеңістікте болғаны қиындата түсті.
Тұтынушылық рынок мәселесі барынша шиеленісті, азық-түлік, киім жетіспеді, алыпсатарлық пен жемқорлық өрістеді. Ұ.Қарамановтың орнына сайланған республиканың жаңа премьер-миниистрі С.А.Терещенко Жоғарғы кеңес сессиясында: «Тапшылық тұрғындардың барлық топтарын дерлік жайлады», — деп мойындауға мәжбүр болды.
Қағаз ақша шамадан тыс шығарылып, 1990 жылмен салыстырғанда 1991 жылы 8,7 млрд сомға жетті, ақшаның құнсыздануы күшейді. Халықтың қолында тауармен қамтамасыз етілмеген 13 млрд сомға жуық ақша шоғырланды. Дүкен сөрелері бос қалды. Сонымен бірге өнім өндірудің барлық түрі азайды, ол өндіріс саласында да, аграрлық салада да орын алды.
1992 жылдың басында Егор Гайдар үкіметінің Ресейде бағаны босатуы жағдайды қиындата түсті. Ресей әрекетін Қазақстан да қайталауға мәжбүр болды. Қалыптасқан жағдайда Республика Президенті Жоғарғы Кеңес Президиуымымен келісе отырып, республика аумағында 1992 жылғы 6 қаңтардан бастап бағаны босату туралы Жарлық қабылдады.
Тәуелсіздігін баянды етуге ұмтылған кез келген мемлекеттің ішкі саясатындағы маңызды мәселе – меншік түрлеріне қатысты мәселені дұрыс шешу болып табылады. Сондықтан Қазақстанда нарықтық құрылымның дамуын жеделтету мақсатында мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру бағдарламасы жасалды. Экономика саласын реформалаудың алғашқы жылдарында республикадағы негізгі қордың 80%-ы мемлекеттік меншік үлесіне тиісті болды. Ең бірінші кезекте өзін-өзі ақтамаған мемлекеттік секторларды жекешелендіру міндеті қойылды.
Қазақстандағы жекешелендіру 4 кезеңде өтті.
Бірінші кезеңде (1991-1992 ж.) жекешелендіру белсенділік байқату сипатында жүзеге асырылды. Мемлекеттік органдар белгілі бір кәсіпорынды жекешелендіру мәселесін кәсіпорын ұжымынан өтініш түскеннен кейін ғана шешті. Осы тәртіппен 4,5 мыңнан астам мекеме жекешелендірілді, оның ішінде 0,5 мың совхоз ұжымдық меншікке берілді.
Жекешелендірудің екінші кезеңі (1993-1995 ж.) «Қазақстан Республикасында 1993-1995 жылдары мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасын» бекітуден бастау алды. Екінші кезеңнің өзіндік ерекшелігі – мемлекет иелігінен алу, монополияға қарсы шаралар қолдану принципінде еді. Кәсіпорындарды акционерлік қоғамдарға айналдыру жұмыстары қатар жүргізілді. Алғаш рет жеке жоба бойынша Алматы темекі комбинаты мен Шымкент кондитер фабрикасы сатылды.
Жекешелендірудің үшінші кезеңі (1996-1998 ж.) – электр қуаты мен мұнай-газ саласын жекешелендірудің басталуы, секторлық бағдарламаларға өту кезеңі.
1999 жылдан басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып отырған төртінші кезең мемлекеттік меншікті реттеу мен жүйелеуге қатысты мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттілікті бөлудің жаңа әдістерімен сипатталады.
Қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқылап, Қазақстан Республикасының басшылығы өз валютосын енгізу керек деген шешім қабылдауға тоқталды. Өз валютасын енгізерде Қазақстан өзге мемлекеттердегі ақша реформасы мен ұлттық валютаны енгізу тәжірибесін есепке алды. Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк ұлттық валюта банкноттарын дайындауға кірісті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді.
Ұлттық валютаны одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жарлығы шықты. Онда тұрғындар мен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар белгіленді. Бірақ инфляцияға қарсы күрес бағыты өндірістің құлдырауы мен жұмыссыздықтың көбеюіне әкеліп соқты. 1995 жылы өнімдер мен тұтыну тауарлары өндірісі нашарлай берді.
1995 жылдың ішінде жұмыспен қамту қызметтері 153 мың жұмыссызды ресми түрде тіркеді, бұл 1994 жылмен салыстырғанда 1,9 есе көп еді. Жұмыссыздықтың жалпы көлемі 643 мың адамды құрады. Өндірістің толық тоқтауынан 192 мың адам еріксіз еңбек демалысында жүрді, өндірістің жартылай жұмыс істеуі салдарынан 451 мың адам толық емес жұмыс күнінде еңбек етті.
Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиыншылықтарын бастан өткеруде. Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастады. Алайда тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет орнату оңайға түспегені белгілі. Қазақстанның тоталитарлық жүйенің күйреуінен кейінгі экономикалық саланы қайта құру тәжірибесі бұл қиындықтарды да жеңіп шығады деген сенім ұялатады.
Бекіту сұрақтары:
- Қашан бағаны босату туралы Жарлық қабылданды?
- Жекешелендірудің бірінші кезеңінде қанша мекеме жекешелендірілді?
- Жекешелендірудің қай кезеңінде Алматы темекі комбинаты мен Шымкент кондитер фабрикасы сатылды?
- Қашан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта айналымға енгізілді?
- Жекешелендірудің экономиканы қайта қалпына келтіру жолында маңызы қандай?