Халықаралық байланысты жүзеге асыруда Қазақстанның сыртқы саясаты дүние жүзінде қалыптасқан жағдайға байланысты көпбағыттылығын ескеру принципінен шығуы керек. Дүние жүзіндегі саяси және экономикалық үдерістердің ғаламдық сипаты жағдайында, жекелеген елдер қауіпсіздігіне кепілдік ұжымдық күш-жігерімен ғана қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы өзімен шекаралас елдердің бәрімен сенімге негізделген тату көршілік қатынас орнатуға тырысады.
Қазақстан дипломатиясы Азия бағытында елеулі табыстарға жетті, ал бұл аймақта экономикалық жағынан жақсы дамыған Қытай, Үндістан, Вьетнам бар. Қазақстанның азиялық Тынық мұхит процесіндегі интеграцияға араласуы оның Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы қызметіне қатысуы маңызды жағдай туғызды. 1995 жылы Индонезия, Пәкістан, Түркия басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Қазақстанның Түркиямен байланысы кең көлемде дамыды. Мысалы, Қазақстан аумағында жүздеген қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары пайда болды. Алматыда қысқа мерзім ішінде «Анкара» қонақ үйі тұрғызылды. Қазақстан телеарнасынан түрік тіліндегі хабарлар тұрақты түрде жүргізіле бастады.
Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен де өз байланыстарын жемісті дамытып келеді. 1993 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынас орнады. Қазақстан Республикасы Президенті мен Германия және Франция басшылары арасындағы келіссөздер Қазақстанның сыртқы саясатындағы еуропалық бағытты жандандырды. Мәселен, Герхард Шредер Астанаға келген сапарында: «Қазақстан Орта Азиядағы ең маңызды ел және Германияның басты экономикалық әріптесі» деп атап көрсетті. 2003 жылға қарай республикада неміс банкі және ірі компанияларының 145 өкілдігі мен бөлімшелері жұмыс жасады, ал тіркелген Қазақстан-герман біріккен кәсіпорындарының саны 266-ға жетті. Танымал неміс компаниясы «Сименс» пен «Қазақтелеком» арасында байланыс және халықаралық тасымалдаушы «Қазақстан темір жолымен» ҚР мен ГФР бірнеше министрліктері арасында қазақстандық менеджерлердің біліктілігін көтеру және негізгі экономикалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Республика Президентінің Германия үкіметінің басшысы Гельмут Кольмен, Франция Президенті Жак Ширакпен жүргізген келіссөздері Қазақстанның Еуропа бағдарындағы сыртқы саяси бағытын жандандыруға елеулі үлес қосты.
1995 жылы тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқасында республика Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев атап өткендей, «Шығыс Еуропа елдеріндегі Қазақстан сыртқы саясатының қамалы рөлін Венгриядағы елшілік атқарады». ҚР Президентінің Венгрияға сапары барысында екі ел арасындағы саяси және экономикалық тығыз ынтымақтастыққа берік негіз қаланған көптеген келісімдерге қол қойылды.
Экономиканы одан әрі интеграциялау мақсатымен Қазақстан 1995 жылы 28 қаңтарда Ресей Федерациясы және Белоруссиямен кедендік одақ құру туралы шартқа қол қойды. Одаққа Қырғызстан мен Тәжікстан қосылғаннан кейін бұл альянс Еуразиялық Экономикалық Одақ болып қайта құрылды, кейін Орталық Азиялық экономикалық қауымдастық дүниеге келді. Өзара достық, көршілес қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін 2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылы, ал 2004 жылы Қазақстандағы Ресей жылы болып жарияланды. 2005 жылға қарай Қытаймен, Өзбекстанмен және Ресеймен шекара мәселесі шешілді.
Бекіту сұрақтары:
- Индонезия, Пәкістан, Түркия басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өтті?
- 2003 жылға қарай республикадағы Қазақстан-герман біріккен кәсіпорындарының саны қаншаға жетті?
- Қ.Тоқаевтың пікірінше Шығыс Еуропадағы сыртқы саясат қамалы рөлін қай мемлекет атқаруда?
- Қазақстан 1995 жылы кедендік одақ құру туралы қандай мемлекеттермен келісім жасады?
- Қай жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнады?