Маралтай Райымбекұлының «Қаратау ғазалдарын» оқыған соң


Даласында Тұранның ұшқан кезі бүркіттің,
Арулары Тараздың иіскеген сәт – хош иіс.

Фирдауси

Содан бері жазылып сан Ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар!

Маралтай 
Тұран – әлемнің төрі еді. Тараз – Тұран­ның меңі еді. Әулиелер мен данышпандардың, ақындар мен батырлардың, ғашықтар мен сұлу­лардың мекені еді. Дүние өркениеті мен мә­дениетінің қос нүктесі – Тараз бен Рұм еді. Бү­гінгінің мысалында Париж бен Нью-Йорк се­кілді болған екен. 
Бұл аңыз емес еді. Ал, сол Тараздың сұлу­лары мен батырлары, тұлпарлары мен қы­ран­дары, шеберханалары мен ұстаханалары, гүлі мен қылышы жарты дүниеге аңыз еді…
Бірде қарлұқтар, бірде саманидтер, енді бір­де қараханидтер билеп, олардың ізін ала Хо­резм шахы Мұхамед, кейін мұңғылдар мен ша­ғатайлықтар жермен-жексен етіп қиратса да, ежелгі Троя секілді топырағынан тоқсан тү­леп, қайта өрлеген, қайта гүлденген өлместің қа­ласы екен. 
Бірі – Тарса, Таласио – Тәңірі қаласы де­се, бірі – Тараз – әсемдік пен тазалықтың үлгі­сі дер еді. 
Шығыстың даңқты шайырлары мың жылдан астам уақыт Таразды өз дас­тан­дарын­да, ғазалдары мен қасидаларында жыр етті. Ізгілік пен сұлулықтың дүрі етті. Кербездік пен сылқымдықтың гүлі етті. Көркемдік пен кемелдіктің нұры етті.

***
Маралтай Райымбекұлының «Қаратау ғазалдарын» оқып отырған сәтте осы бір мың­жылдық тарих көз алдыңа бір тамшы жас се­кілді дөңгелеп келеді. Кітаптың «ғазалдар» деп аталуы оған енген өлеңдердің формасы емес, өлеңнің табиғатынан хабар береді. Шығыстың шайырлары сүйген Тараз, оның даңқы мен рухы, сұлулары – «Қаратау ға­зал­дарында» жаңа бейнеде, ақын тағдырының өзегінен шымырлап өте отырып, сыр шертеді. Фирдауси мен Рудаки, Хафиз бен Мәулана сырттай ынтық болған Тараз рухын ақын іш­тен жырлайды. Олар пәкзада сұлулардың гүл дидарын көре алмай, ділгір болса, ақын сол сұлулардың отты ерні сызған өз тағдырындағы от­ты шеңбердің ішінде мәңгілік іңкәрлік күйін кешеді. Азабы мен рақаты, қуанышы мен қайғысы, қасіреті мен қасиеті, бәрі-бәрі – сол отты шеңбердің ішінде. Бұл махаббат – сұлуға деген махаббат қана емес, сұлу жү­ре­гінен өтіп, ел жүрегінің аппақ аспанында ша­рықтай ұшқан ынтызарлық құсы. Ма­хаб­баттың осы бір мыңжылдық майданында арпалысқан «арыстан жүрек» ақын Таразды жырлау арқылы тұтас Тұранның, тұғырлы ел­дің, тұмарлы жердің – Қазақ елінің өткені мен болашағы туралы толғанады. Маңдайға тұт­қан темірқазығы – қазақ әлемі. Ақын жыр­ларындағы ең қасиетті әлем. 
Бұл жазбамыздың мақсаты шығыс шайыр­лары мен ақын Маралтай Райымбекұлының Тараз культінің кеңістігінде тоғысу нүктесін табу болғандықтан, әрі осы әдіс оның шы­ғар­машылық табиғатын, көркемдік әлемін ашу­дың бір кілті болар деп ойлағандықтан, кітап­тың беташар өлеңі – «Көне Таразды» тұтас бергенді жөн көрдік: 
Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төктім қағазға.
Ғасырлардың саусағында нұр шашқан
Гауһар жүзік секілденген Таразға.

Көне шаһар көз алдыңда көлбесе,
Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе. 
Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса,
Таразға кел, Таразды көр ендеше. 

Ғашық жүрек жырға ынтық, гүлге әсем
Қожа Хафиз, мұңымыз бір, сыйлас ең.
Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың
Таразымның түйір тасын қимас ем.

Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған,
Нәйдің назы, дутар сазы тараған.
Шайханада қорқор тартып көпестер,
Мәйханада мұңаяды марал ән.

Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген,
Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен.
Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа
Пәран жасыз пүліш киген сылқыммен.

Серпі, уақыт, заманалар түнегін,
Тарихыма тартып туған ұл едім.
Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі,
Рүстемнің елжіреткен жүрегін.

Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төгіп қағазға.
Ақтық рет қағылғанда кірпігім,
Бір ұлы көш бетін түзер Таразға!
Он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп, Әмір-ош-шоәра (шайырлардың әміршісі) деген ла­қап ат алған Иранның атақты ақыны, білім­паз әдебиетшісі Әдиб-ол-Мәмалек өлеңінің бір жолы шығыс шайырларының Таразға деген аңсары мен махаббатына соңғы нүкте қой­ған екен. Оның ойы былайша өрбиді: «Қа­шанғы Тараздың, ей, ділмәр шайыры, Сүйік­тілер жайын баян етпексің?!». Ұстаз, шы­ғыс­танушы Ислам Жеменей оның бұл сөзін бұрын­ғы даңқынан айырылған, өзге елдің бода­нында қалған шаһарды қашанғы жыр­лайсың  деген мағынаға саяды деп топ­шы­лайды. Біздің шығыс шайырлары мен Марал­тай ақын­ның жырларын қатар беріп, әде­би­ет­тегі бү­гінгі Тараз бен бұрынғы Тараз культін са­лыстырғымыз келуі де осы себептен еді.
***
«Батырлықта тараздықтай, 
жомарттықта арабтай,
Нәзіктікте ирандықтай, 
шешендікте хи­жаз­дай» 
деп әзәри тайпасынан шыққан Иран ақыны Кәт­ран Табризи (он бірінші ғасыр) Тұ­ран пер­зенттерінің асқан батырлығын жыр­ға қосып, мадақ айтады. Арада он ғасыр өт­кен соң, сол Таразда туған Маралтай ақын өз өлеңінде:
«О, Кер Далам, сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен,
Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға
Бөрінің де көкірегін иіткен!
Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді,
Бүлдірткен жоқ тіліңді!» деп сол қаһар­ман­дық рухтың өлмегенін, қанда бар өмір­шең­дік пен жасампаздықтың қайта бүр жар­ғанын жырлайды. Сол рух бізге тәуелсіздікті алып бергенін айтады.
***
Он бірінші ғасырда өмір сүрген Иранның тағы бір шайыры – Горгани өз әміріне мадақ жырында:
«Арабы тұлпар шабысынан жел соқса, 
Тараз тұлпары одан кем бе?» деп Тараз тұл­парларының даңқын асырады. Бұл даңқ Ма­ралтай ақынның жырында тіпті, ерекше мәнде көрініс береді:
«Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын!». 
Көшпенді рухы – тарпаң мінезділік яғни, жылқы мінезділік қазақ қанындағы құдіретті элемент. Сол элемент жырда қасиетке айна­ла­ды:
«Жал бітті, 
кенет… жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.

Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…». Еуро­паны үрейде ұстаған ғұн баһадүрлерінің елесі – Кентаврға айналады. Сондай-ақ, ақын қа­зақы ойлау жүйесінің тағы бір ерекшелігін көр­сетеді:
«Жер бетінен бір жойылса табылмас,
Діні, ділі өзіңменен тамырлас.
Әспеттеген әміріңді әлінше
Түркітілді тұлпар тектес қарындас». Жал­пы, сұлуды тұлпарға, тұлпарды сұлуға теңеу – қазақ ақындарының ғана еншісіндегі дүние болса керек. 
«Тараздық оны Тараздан деп күмәнданар,
Хижаздық оны Хижаздан деп ойлайды» деп сол Горгани шайыр жырламақшы, жақсы нәр­сені өзімізге телу де – жақсылық шығар. 

***
«Жүрегіміз Хотан сұлуларының 
пістесінен майдалау, 
Ал, жанымыз Тараз аруларының 
қолаң шашынан да қаралау» 
дейді он екінші ғасырда өмір сүрген Иранның данышпан ақыны Әнвәри. 
«Менің жаным аппақ емес, қап-қара,
Қапияда от тигендей мақтаға.
Қарап қоям айнасынан уақыттың
Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға» дейді Маралтай ақын.
Тағы бір жолы:
«Менің жүрегім Хотан 
сұлуларының шашынан да қаралау, 
Түн ортасы Тараз сұлуларының 
көзінен де қаралау» дейді Әнвәри.
«Сен-дағы, ол да, бәрің де мұны білесің,
(Жылайтын іске несіне, достым, күлесің!)
Бір тамшы қаным түбінде қатты жүректің,
Қоғамнан көріп кесапат үкім үлесін» дейді Маралтай ақын. 
Ақынның жаны мен жүрегін қарайтатын не нәрсе еді? Ол да бір су секілді ме екен, өзгені шайып, өзін шая алмайтын? Жоқ, әлде өртелген қағаз ба, отты сөздерге шырмалған? Әлде, жауапсыз, я баянсыз махаббат па?

***
Фирдауси өзінің даңқты «Шахнамесінде»: 
«Шарап ішіп мастанып, думанды кешке кіреді,
Қара көз Тараз аруын қасына алып сүйеді» десе, Маралтай ақын:
«Ару сүйдім ернімді күйдіріп,
Шарап іштім шараяққа құйдырып» дейді. Ақындардың өмір сүру образы, бейнесі, мі­нез-құл­қы, қалауы мен аңсары қай ғасырда да өз­гер­­мейді. Мейлі, ол тұрандық болсын, о, мей­лі, иран­дық. Әсіресе, олар Тараз жайын жыр ет­кенде. 
***
«Гәршәсб наме» эпопеясында Әсәди Туси (он бірінші ғасыр):
«Шекерлігің өтті ақын сынынан, 
Шарапты іш, Тараз кербездері қолынан…» дейді. Тараздың сол кербездеріне Маралтай ақын он ғасыр өткеріп барып, былайша наз айтады:
«…Құйып қой, құрбым, уыңнан,
У-шу қалада тәлтірейінші.
Кеуіп барамын»;
«Қапа боп күнде адасып қалып қалқамнан,
Зіл батпан қайғы нығырлай басса арқамнан,
Сондай бір сәтте 
оны емес, сені аңсап мен,
Шарапқа күйіп жатқанмын жылап шалқамнан»;
«Сансыратса сансыз қайғы, ауыр мұң,
Мен сияқты күй кешесіз сіз де кіл.
Шарап пенен гүлін сүйген сәуірдің
Шайырлардың сарқытымыз біз де бір». Шарап жайы осымен тәмам болсын. Ақын үшін де ол – тәмам дастан.
Әсәди Туси тағы бірде: 
«Күзетуге ай жүзді екі жүздей сан шекті,
Тараз аруларының өрумен шашын күн кешті» дегенде, Маралтай Райымбекұлы:
«Қара шашың шашылса,
Менің қара мұңымдай.
Ерінің сәл ашылса,
Шым батырар шырындай» деп шығыстық өрнекпен жырлайды.

***
«Бой жетпеген Тараз арулары,
Тәңірі жаратқан оларды әдеп пен наздан» деп Фирдауси Тараз аруларының тазалығы мен пәкзадалығын жырлайды. «Сол әдеп пен наз әлі бар ма?» дейді уақыт.«Бар» дейді ақын жүрегі: 
«Сүйісіп те көрмеген сүйкімді қыз
Жүздесетін едім ғой сізбен мен де»
немесе
«Тағдырға басымды имедім,
Мені де тәкаппар еттің сен.
Тым болса бір рет сүймедім,
Қолыңнан ұстатпай кеттің сен»;

«Солай, көзім, гүлім-ау – назым ерке,
Көлдей болдым қайтқан бір қазым ерте.
Тым хабарсыз кеттің ғой, 
хат жазбастан,
Не болса да жүректі жазып өрте»;

***
Көңілді көктемнің таңындай еліткен сол Тарази сұлулар «түріктердің дастарқанды то­на­ғанындай жүрегін тонаған» (Хафиз) Рудаки:
«Михрабқа жүзді бұрғанменен не пайда, 
Көңілі құрғыр Бұхара менен
 Тараз аруларында болған соң…» 
десе, Санай: 
«Барлық жандар қағбаға қарай бет түзесе, 
Жүрек құрғыр Қытай, Тараз сұлуына беттейді» 
деп жырлайды.
Мыңжылдан кейін де сол сұлулар тараздық ақын көңілін қалай еліткенін оқып көрейік:

«Аңсарын алған асындай болып жеріктің,
Көрініп көзге көңілімді несін еліттің?
Түсінесің бе,
Түбірсіз мына дүниені,
Пейілі таза, жүрегі аппақ көріктім?»;

«Өмірім неге өксікке толы екен деп,
Көңілім көкке күрсініп қалып, көтерді от.
Сондай бір сәтте жолығып қалдым
Мен Саған,
Жер бетін жүрген әдемі жан-ау мекендеп»;

«Қас-қағым сәт…
Әсерлеу жоқ айтып көп.
(Бұл тірлікке шыдар дерсің қайтіп бет!)
Жақтырмасаң құмырсқа бел, ақ тәнді
Құдай қуған қу жұмаққа қайтып кет»;

***
Сол сұлулардың садақтай қасы, жебедей кір­пігі ақын жүрегін қалай жараламасын?! Фирдауси:
«Екі қасы Тараздың садағындай иілген,
Кірпігіне жас шыбықтай сүйінгем» дегенде, Санаи:
«Бабылдықтың садағынан көрдім 
Тараз жебесін, 
Ұқсап кетеді сенің қасыңа тартылған кере» деп әспеттейді.
«Қаратау ғазалдарында» бұл сұлулық бы­лай­ша реңк алады:

«Менің жасыммен шамалас,
Құрбым едің ғой – қара қас…
Қамығып қалған жоқ па екен,
Қасынан өтсең сипай сал,
Менің шашымдай…
Қарағаш!»
және
«…Қисаймастай қылы оған қала мына,
Аяп кетем, сүйенем қаламыма.
Сені көзден сүйгендей сүйем сосын
Кірпігіңді сап қойып шарабыма».

***
«Сыланған кербез қалпымен өткен түні, 
Тараздық жарым жаныма келді ақырын» деп сыр ашады Мәсһүд Сәд. Жар қасына келгендегі Маралтай ақынның сыры:

«Жаныма жылы тигеннен кейін гүл демің,
Өзіңе аштым тот басқан жүрек ілгегін.
Қанаты дал-дал сұңқармен бірақ сапарға,
Ғұмырын қиып, шыға да қояр бірге кім?!»;

«Сырымды түсінер деп саған ашам,
(Сырласар адамдар да аз, сараласаң)
Көресің – тереңімде не жатқанын
Жанымның жағалауын жағаласаң»;

«Қаңырадым сауап емес, обалдан,
Тәж-Махалдай жаһұттары тоналған.
Менің жаным сүйкімді бір ботаның
Жүрегіне түсіп кетті, о жалған»;

***
«Айнала ұшқан шырақты көбелек құсап,
Түркіше ойлап, өзі де түркі боп кеткен» (Маралтай) шығыс шайырларынан бір мысал осы.
Маралтай Райымбекұлының шығармашы­лығы тоқсаныншы жылдардарғы жас ұрпақ­тың санасы мен жанындағы жаңару мен жаң­ғыру, толқу мен түлеу, абдырау мен абыржу, қа­мығу мен күйзелу, аласұру мен алға ұмтылу­дың, махаббат пен ғадауаттың бейнесі. Тәуел­сіздік тарихи сананың оянуы мен ұлттың ру­хани серпілуіне алып келді. Ұлт өзінің та­­мырын жә­не тағдырын іздей бастады.

Ерлан ЖҮНІС

Дереккөз: «Айқын» газеті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *