Диаспора, ирредента ұғымдары

Диаспора грекше «шашыранды» деген мағынаны беретін сөз. Бұл өз Отанынан басқа елде өмір сүріп жатқандар туралы ұғым береді. Ирредента өз тарихи отанында өмір сүріп жатқан, бірақ белгілі бір саяси жағдайға байланысты өзге мемлекет құрамында қалып қойған жердегі адамдар туралы түсінік береді. Мысалы, Ресей, Орталық Азия, Қытай құрамына қосылған бұрынғы қазақ жерінде өмір сүретіндерді ирреденталар деп атайды.

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге орналасуы қазақ халқының өміріндегі бірқатар ірі тарихи оқиғаларға байланысты. Бұл үдеріс айтарлықтай көп уақытты – XVII-XVIII ғасырлардан ХХ  ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды.

Қытайдағы қазақ ирредентасының қалыптасуы XVII ғасырда қазақ-жоңғар соғыстары кезінде басталып, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында – Ресей-Қытай шекарасын белгілеу кезеңіне дейін жалғасқан. Ал Ресейдегі қазақ ирредентасы XVIII-XIX ғасырларда Ресей империясының қазақ жерін отарлауы кезінде қалыптасты. Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстан шекарасындағы жерлердің 1921 жылғы әкімшілік шекара белгілеу кезінде РКФСР пайдасына бекітілуі Ресейдегі қазақ ирредентасының қалыптасуына негіз болды. Орталық Азиядағы қазақ ирредентасы 1918 жылы Түркістан АКСР-і және 1920 жылы Қазақ АКСР-і құрылуымен байланысты. Бұл бағыттағы келесі қадам 1924-1925 жылдары Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарын ұлттық-мемлекеттік межелеу болды.

Қазақстан аумағынан тыс жерлерде шамамен 4,5 млн қазақ тұрып жатыр. Олардың 1/5 бөлігі ғана диаспораға жатса, қалған бөлігі қазақ ирредентасы. Мысалы, қазақ ирредентасы қытайда 3 облыс, 2 округ, бір уезді иеленіп отыр. Ал Моңғолияда бір Баян Өлгий аймағында орналасқан.

1723-1725 жылдары демограф М.Тәтімовтың есебінше, қазақ халқының шығыны 1 млн 100 мың адам болған екен. Қазақтар атамекенінен ауа көшіп, Ұлы және Орта жүздің бірсыпыра рулары Орталық Азия мен Ресейге бағыт алды.

Бірінші кезең – ХІХ ғасырда Қазақстан аумағын Ресей империясы мен Циндік Қытай мемлекеттерінің бөліске салуы нәтижесінде Алтай өңірі мен Жетісу қазақтары Моңғолия мен Шығыс Түркістанда қалып қойды. 1883 жылы Шығыс Түркістан қазақтарына бір жылдың ішінде екі мемлекеттің біреуін таңдау міндеті қойылды. 1884 жылы Маньчжур-Цин империясы Жоңғария жерлеріне Шыңжаң (Жаңа өлке) деген атау беріп, өзінің қол астына ресми түрде қосып алды. Қазақтардың бір тобы жаңа жер іздеп Ертіс бойымен ХІХ ғасырдың басында Алтай аймағына көшіп барады. Алтай тауының Өр және Теріскей бөлігі Шыңжаң әкімшілігіне қарады. 1912 жылы құрылған Моңғолия мемлекетінің құрамына Қобда қазақтары да енді.

Екінші кезең – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басып-жанышталғаннан кейін қазақтардың жаппай ауа көшуі байқалды. Ресей әскері Шыңжаңға өтпекші болған қазақтарды зеңбірекпен атқылайды. Қазақтардың біразы қырылып, қалғаны Қытай шекарасына қарай қашады. 1916 жылы Қазақстаннан Қытайдағы Шығыс Түркістанның Іле, Шәуешек, Алтай аймақтарына кеткен босқын қазақтар мәселесін Шыңжаң үкіметі бейбіт түрде шешуге тырысып бақты. Шыңжаңда оған дейін де 500 мыңдай тұрғылықты қазақтар болды. 1916 жылы Орталық Азия мен Қазақстаннан барған қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай, Ақсу, Қашқар аймақтарына қоныстанды. 1917 жылы Іле бойына келгендердің көп бөлігі – 200 мыңдай адам Қазақстанға қайтарылды. Алайда алғашқы қайтқан қазақтарды Қаракөл деген жерде оқтың астына алып, 700 адам қаза тапты. Бұл қырғынды естіген қалған бөлігі Қытайдан кетуден бас тартты. Олар осындағы байырғы қазақтармен араласып кетеді.

Өзбекстандағы қазақтар патшалық Ресейдің Орталық Азия мен Қазақстан жерін саяси-әкімшілік жағынан бөлуі барысында пайда болды. 1867 жылы бұрынғы Қоқан хандығы иеліктері жерлерінде Түркістан генерал-губернаторлығына енген Сырдария облысы Ташкент уезінің 28 болысының 17 болысында қазақтар тұрған. Ташкент уезінің Шыршық, Қарасу аудандарында қазақтар басым болды. Сонымен, ХХ ғасырдың басында Ташкент уезінің 64,1 % халқын қазақтар құрады.

Маңғыстау өлкесін мекен еткен адай тайпаларының бір бөлігі көшпенділік салтымен қазіргі Түрікменстан аумағындағы Жаңғақ, Балқантауға дейін мекен етіп келген. Кеңес Одағы құрылғанға дейін қазақтар Жаңғақ, Бесқала маңын атамекені деп санаған. 1897 жылғы халық санағы бойынша Закаспий облысына енген Красноводск, Ашхабад, Мерв, Тәжен уездеріндегі бүкіл халықтың 1/5 бөлігін (72 589 адам) қазақтар тұрған.

Иран еліндегі қазақ диаспорасы, негізінен, Бендер-Түрікмен, Гүрген, Күмістөбе кенттерінің төңірегінде орналасқан. Ирандағы қазақтар көбінесе Маңғыстау өңірінен кеткендерден тұрады. Иран еліндегі қазақтарды екі топқа жіктеуге болады:

  1. Иранға 1930 жылдардың бас кезіндегі ашаршылық жылдарында Маңғыстау өңірінен қоныс аударғандар;
  2. Ауғанстаннан Иранға қоныс аударғандар.

Үшінші кезең – Азамат соғысы жылдарындағы қазақтарды күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру жылдарында қазақтардың шетел асуы. Халықтың босқыншылыққа ұшырауының басты себебі – күштеп ұжымдастырудағы асыра сілтеулер, бұрмалаулар мен аштық еді. 1931-1932 жылдардағы аштық кезінде қазақтар Батыс Сібір мен Орта Еділ бойына босып кетті. Орта Еділ, Орынбор өңірінде, Самара төңірегінде Батыс Қазақстан жерінен келген 50 мыңдай адам қоныстанды. Ал батыс Сібірдің 33 ауданында 1932 жылы 46 600 қазақ босқындары тіркелген.

1930 жылдан бастап қазақтардың Орталық Азия жеріне ауа көшуі кең ауқымда жүрді. Көрші республикалар – Өзбекстанға, Түрікменстанға, Тәжікстанға кетті. Қарақалпақ жеріне Қазалы, Арал, Шалқар, Темір, Ақтөбе аудандарынан келгендер болды. Оңтүстік Қазақстаннан Орталық Азия республикалары арқылы Ауғанстан асқан қазақтар салыстырмалы түрде көп болған жоқ. Кейін қазақ босқындарын Қазақстанға қайтару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыста С. Меңдешев көп еңбек сіңірді.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Диаспора дегеніміз қандай мағына береді?
  2. Қазақ диаспорасының шетелде қалыптасуына себеп болған оқиғалар?
  3. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің келуіне қандай тарихи оқиғалар әсер етті?
  4. 1723-1725 жылдары демограф М. Тәтімовтың есебінше, қазақ халқының шығыны қанша болды?
  5. Қазақ диаспорасының шетелде қалыптасуы неше кезеңнен тұрады?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *