ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы толқулар, қозғалыстар және көтерілістер

50-жылдардың орта шенінде И.В.Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеу кезінде ұсынылған перспективалық саяси шешімдер жарамсыз деп танылды. Адам еркіндігін басып-жаныштау, оның құқықтарын жоққа шығару саяси жүйеге тән еді. «Жоғарыдан төменге» сатысы бойынша басқарудың әкімшіл-әміршіл әдісі сақталынды. Республика үкіметі экономиканың экстенсивті, көп шығынды сипатына, Қазақстан республикасының экономикалық дамыған аймақтардың шикізат көзіне айналуына қарсы тұра алмады. Орталық ведомстволар, одақтық министрліктер, республика аумағында жаңа өнеркәсіп алыптарын сала отырып, елді әлеуметтік тұрғыда дамытуда, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда жанашырлы танытпады. 1954 жылы мамыр-маусым айларында Кеңгірде (Жезқазған) саяси тұтқындардың толқуы болып, ол танкінің көмегімен басып тасталды.

Әлеуметтік қиындықтарға қашанда немқұрайлы қарау тектен-тек кетпеді. Наразылықтың келесі үлкен жарылысы 1958 жылы жазда Орталық Қазақстанда болды. Теміртауда салынып жатқан металлургия комбинаты екпінді комсомолдық құрылыс деп жарияланған соң 1958 жылдың соңына дейін облысқа 132 мың адам келді. Келесі жылы оның саны тағы 70 мың адамға толықты.

Жаңадан келушілерге тұрғын үйлер жетіспеуіне байланысты жұмысшыларды шатырларға орналастыруға тура келді. Жаңа табиғи ортаға үйренудің қиындығы, ауыз судың жетіспеуі, тамақпен қамтамасыз етудегі кемшіліктер жұмысшылардың заңды наразылығын туғызды.

1 тамыз күні бір топ жастар көпшілік тамақтандыру орындарында ашық наразылық білдірді. Алғашқы құқық қорғау әрекеттері біртіндеп тәртіп бұзушылықка ұласты. Өкінішке орай жастардың заңды наразылығын қылмыскерлер тобыры пайдаланып кетті. Олар дүкендерді, базарды, асхананы тонады, милицияның қалалық бөлімін қоршауға алды. Көтеріліс үш күнге созылды. Оны басуға әскерлер тартылды, қару қолданылды. Көтеріліске қатысқандардың ішінде мерт болғандар, ал әскерлер мен милиция қызметкерлерінің қатарынан жараланғандар мен мертіккендер болды. Теміртау жұмысшыларының ұйымдастырушылары сотталды.

Қазақстандықтардың, әсіресе қазақ халқының оппозициялық көңіл күйлері 1979 жылы Целиноградта барынша өткір көрініс тапты. Осы оқиғалардың өрбуіне қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық және ұлттық арман-мүдделерін көп жылдар бойы елемеу, проблемаларды күш қолдану әдісімен шешу дағдылары түрткі болды.

Ақмоладағы оқиғаларға ОК Саяси Бюросының 1979 жылғы 31 мамырдағы «Неміс автономиялы облысын құру туралы» № 153/ХІ қаулысы себеп болды, қаулыда былай айтылады: «Неміс халқының ұлттық мәдениетін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау және халықтың арасында идеялық тәрбие жұмысын жақсарту, сондай-ақ облыстың құрамына кіретін аудандардың экономикасын жетілдіру және табиғи байланыстарын игеру мақсатында Қазақ КСР құрамында республика органдарына тікелей бағынатын неміс автонмиялы облысын құру орынды деп есептелсін». Осы шешімді қабылдауға ОК-тің бір топ жауапты қызметкерлері Ю.В.Андропов, И.В.Капитонов, Н.А.Щелоков 1978 жылы тамыз айында қол қойған жазбасы себеп болды, жазбада Қазақстанда неміс автономиясын құру қажеттілігі дәйектелді және осы автономияны құру тәртібі туралы нақты ұсыныстар қоса берілді.

Бір қызығы, тікелей қазақстандық және оның миллиондаған азаматтарының мүдделерін қозғайтынына қарамастан қол қоюшылардың қатарында Қазақстанның бірде-бір өкілі жоқ еді. Тек бір жерде ғана «Қазақстан Компартиясының ОК-нің хатшысы Д.Қонаев осы ұсынысқа қарсы емес» деп сырғақтатып өте шығады.

Еділ бойындағы неміс автономиясы таратылғаннан кейін оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне көшірілді. КОКП 20-съезінен кейін 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында таратылған көптеген автономиялы республикалар қалпына келтірілгенімен Еділ бойынан көшірілген немістер жөніндегі шешім қайта қаралмай қалды. Осыған байланысты жер аударылған немістер арасында тарихи отандары — ГФР-ға көшу мәселесі жиі көтеріле бастады. Бұл процесті тоқтату үшін кеңес өкіметі немістердің тарихи отанына оралуына шек қойды және Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім қабылданды. Ол шешім 1979 жылғы көктемде КОКП ОК Саяси Бюросының мәжілісінде республика үкіметі мен Жоғарғы Кеңестің келісімінсіз қабылданды. Бұл шешімнің конституцияға сәйкес келмейтініне қарамастан, Қазақ КСР-і үкіметі мен Қазақстан Коммунистік партиясы ОК елеулі қарсылық көрсете алған жоқ. Бұл автономиялық облысқа АқмолаПавлодарҚарағанды және Көкшетау облыстарының біраз аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы болып белгіленді.

Автономия құру туралы шала түсіндірілген шешім қабылдау жергілікті тұрғын халықтың арасында наразылық туындатты. 1979 жылы 16-19 маусымда қалада қолмен жазылған үндеухаттар таратылды. Сол күндерде негізінен қазақ ұлтының жастарынан тұратын көпшілік қала көшелерінде митингілер мен демонстрациялар өткізе бастады. Көп ұзамай толқулар саябыр тартып, тыйым салынды, ал неміс автономиясын құру туралы шешім кейінге қалдырылды.

Келесі митинг 19 маусымда болды. Оған 2-4 мыңдай адам қатысты. Митинг жасағандарға облыстық атқару комитетінің төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов шықты. Өзінің ұзақ та ұзын сонар сөзінде Морозов дегенмен жиналған адамдарды Целиноград облысында ешқандай автономия құрылматынына иландыра білді.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қашан Кеңгірде саяси тұтқындардың толқуы болып, ол танкінің көмегімен басып тасталды?
  2. Теміртауда 1958 жылдың соңына дейін қанша мың адам келді?
  3. Целиноградтағы көтерілістің басты себебі неде?
  4. Неміс автономиясына неше облыс кіретін болды?
  5. Неміс автономиясының орталығы қай қала?

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *