Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы

1992 жылдың 28 қыркүйегінен 4 қазанға дейін Алматыда Қазақтардың І Дүниежүзілік құрылтайы өтті. Оған дүние жүзінің 13 елінен өкілдер қатысты, ресми құрылтай қонақтары 800-дей болды. 1992 жылы 30 қыркүйекте салтанатты жиналыс болып, онда Н.Ә.Назарбаев құттықтау сөз сөйледі: «Біздің бүгінгі құрылтайымыздың басты мақсаты мен маңызы – бүкіл дүние жүзіне тарыдай шашырап кеткен қазақ халқының болашағы туралы ой бөлісу, қазіргі тарихи өтпелі кезеңге тап болған ұлттың тағдырына көз жіберіп, шолу жасау», — деді Елбасы.

Құрылтай күндері ұлттық бірігу орталығы ретінде Қазақтардың Дүниежүзілік ассоциациясы құрылды. Осы шараға орай өткізілген тұсаукесер рәсімінде Қазақтардың дүниежүзілік ассоциациясы төралқасының төрағасы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. 1996 жылы ҚДА ұсынысымен шетелдердегі қандастарымызға мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасы қабылданды.

Бүкіл әлем қазақтары тарихта тұңғыш рет бас қосып, өзекті мәселелерін көпшілік талқысына салды. Құрылтай қазақ халқының болашақ даму бағыттарын белгілеп, әлемдегі 4 млн-нан астам қазақтың болашақтағы бірлігіне жол салды. 1997 жылы 24-30 наурызда Стамбулда Түркі халықтарының құрылтайы өткізілді. Ол Мәдениет сарайында өтті. ҚДА өз қызметінде бірлестікке көмектесуге, шетел қазақтарының сан қилы мәселелеріне, талап-тілектеріне көмектесуге тиіс болды.

Дүниежүзілік қазақтар ішінде түркиялық ғұлама ғалым, ислам дінінің білгірі әрі таратушысы Халифа Алтайдың есімі белгілі. Жаппай ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде алыс жаққа қоныс аударған «қызылтабан басқыншылықты» басынан өткерген Х. Алтайдың тағдыр тауқыметін айтып жеткізу қиын. Сонау Такла-Макан шөлі арқылы, Тибет пен Гималай тауларынан асып, Үндістан мен Пәкістанға жетіп, ең соңында түбі бір туыс Түркия жеріне тұрақтанған.

Қазақтарға арнап діни кітаптарды аударумен шұғылданған. Шыңжаң қазақтары үшін алғаш діни кітаптарды аударуды қолға алады. Қытайдан Түркияға келген қазақтар үшін иман шарты, Құран әліппесін, намаз шарттарын, Құранды араб қарпімен басып шығарады. Шетел баспаларында «Қазақ түріктеріне тән шәжіре», «Ата-жұрттан Анадолыға дейін», «Құран жолы және имандылық шарттары» еңбектері жарық көрген.

Оның түрік мұсылман жұртына баяғыдан танымал кітаптары Қазақстанда еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана белгілі бола бастады. Бұрын «Отан» қоғамының шақыртуымен бірнеше рет Қазақстанда болып қайтқан. Бұл қоғамның «Шалқар» деп аталған газеті шетелдегі қазақтармен байланыс орнатуда көп еңбек сіңірді. Соңғы, 1990 жылғы Қазақстанға сапарынан соң Х.Алтай Құранды кириллица қарпіндегі қазақ тіліне көшіруді қолына алады. Сауд Арабиясындағы Дүниежүзілік ислам бірлігі ұйымының көмегімен Құранды басып шығарды.

2002 жылдың 23-24 қазан күндері Түркістан қаласында Қазақтардың ІІ Дүниежүзілік құрылтайы болып өтті. Құрылтай қазақ халқының рухани жаңаруын және ұйымшылдығын арттыра түсуге, республиканың демократия мен экономикалық дамуын одан әрі өркендетуге бағытталды. Құрылтайда бүгінгі күннің өзекті мәселелері, соның ішінде көші-қон, қазақ жастарының тарихи отанында білім алуы, Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақ халқының тарихи ескерткіштерін қорғау мәселелері сөз болды.

2005 жылғы қыркүйек айының соңында Қазақстан Республикасының жаңа астанасы – Астана қаласында Қазақтардың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайы болып, оған алыс және жақын шетелдерден 300-ден астам өкіл қатысты. 2005 жылдың 29 қыркүйегінде өткен салтанатты жиналыста Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзін Тәуелсіз Қазақстанның І Дүниежүзілік құрылтайының тарихына, содан кейін Тәуелсіз Қазақстанның ілгерушілік даму жолдарына тоқталды.

Құрылтай жиналысында шетелдік қонақтар да сөз сөйледі. Мәселен, Астрахан қаласындағы «Жолдастық» атты қазақ мәдениет қоғамының төрағасы Никита Исқақов «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекетаралық байланысты дамытуды ұсынды.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында қазақтардың тарихи отанына оралу мәселесі үкімет деңгейінде шешіле бастады. Бұл мәселенің күрделігіне орай, мемлекет қазақтардың шетелдерден оралуын біртіндеп жүзеге асыру бағдарламасын дұрыс көрді. 1991 жылы көктемде Талдықорғанға таяу Сарыөзек станциясына Моңғолиядан шыққан оралмандар келіп түсті. 1991 жылы 18 қарашада Н.Ә.Назарбаветың ұсынысы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер Кабинеті «Өзге республикалар мен шетелдерден Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкілдерін көшіріп алу тәртібі мен жағдайлары туралы» қаулы қабылдады.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қазақтардың алғашқы дүниежүзілік құрылтайы қай қалада өтті?
  2. ІІ Қазақтардың дүниежүзілік құрылайының Түркістан қаласында өтуінің себебі неде?
  3. І Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында Елбасы қандай тақырыпта мақалада оқыды?
  4. «Құрылтай» сөзінің орта ғасырлардағы мағынасы қандай болды, ол қазір қандай?
  5. Қазақтардың дүниежүзілік ассоциациясы немен айналысады?

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *