1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісі

1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы                   М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды.

1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Ондағы студенттердің 57,7 пайызы ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан оқиғасы қарсаңында «еңбектен тыс табыс» дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыдағы пәтер жалдап оқып жүрген үш мыңдай студент баспанасыз қалды.

Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д. А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В.Колбин сайланды.

Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек» деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г. В. Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С.М.Мұқашев, Н.Ә.Назарбаев, З.К.Камалиденов, О.С.Мирошхин, М.С.Меңдібаев, А.П.Рыбников, Л.Е.Даулетова, В.Н.Лобов, т. б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.

17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды.

Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11-і университеттен қуылды. Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды.

«Метель» операциясы 1986 жылғы желтоқсаннан бір жыл екі ай бұрын алдын ала ойластырылған еді. Бірақ ол операцияны жүзеге асыратындай жер болмаған соң ол босқа жатып қалған. Ал Алматыда бейбіт жастар шеруі жүріп жатқан кезде КСРО Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Чебриков М. Горбачевке жолығып «Метель» операциясын қолдануға ауызша рұқсат алған. Ал сол күні Алматыға ұшып келген КСРО Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бобков пен КСРО ішкі істер министрінің орынбасары Елисов «Метель» операциясын сынау үшін, Алматыда жаппай күш көрсетуге көшті.

Алдын ала ойластырылған үлкен күш Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарға қасақана жұмылдырылды. Күш қолдану үшін оған негіз болу керек қой. Сондықтан «алаңға шыққандарды маскүнемдер, нашақорлар және бұзақылар еді» дегізу қажет болды. Колбиннің тапсырмасымен Желтоқсан көтерілісі қарсаңында зауыттар түні бойы жұмыс істеп темір таяқ кесіп дайындаған.

1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқ. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны «Қазақ ұлтшылдығы» деп айыптауға дейін барды. Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды.

Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

Енді жазықсыз жапа шеккендер, сотталған, түрлі дәрігерлік «сынақтан» өткен, қорланып, намыстары тапталған жандар өмірінен деректер берейік. Шымкент облысы, Бөген ауданы, Ақжол ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақпал Молданазарованың сол кездегі Конституциялық сотқа жазған арызынан үзінді:

«Менің қызым Кенжегүл Молданазарова Алматы дәрігерлік институтының студенті. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні көшеде келе жатқан кезінде солдаттар «торына түсіп», басынан қатты соққы алды. Ауруханада қызымды дұрыс қарамай, тез шығарып жіберген. Ол алаңға өзінің немерелес сіңілісі, байланыс техникумының студенті Анар Бәдренованың қайда екенін білуге барған. Анар да соққыға ұшыраған.

Қызым Арыс, Шымкент ауруханаларында емделгенімен, нәтиже шықпады. Сосын оны Ташкентке алып бардық. Ондағы зерттеу кезінде басына қатты соққы тигендіктен миына қан құйыла бастағаны белгілі болды. Операция үстінде Кенжегүл дүние салды. Қызымның өліміне кінәлі қанішер солдаттар мен милиция қызметкерлері және соларға бұйрық беріп, жастарды жазалаған басшылар жауапқа тартылуы тиіс. Мұны мен ана ретінде өтінемін».

Көздеріне қан ұялаған жендеттер қолдарына кімнің түскенін де ажыратып жатпады. Ұйғыр жігіті Абайдулла Рузиевтың сол кездегі басынан кешкенін ешкімге де тілемей-ақ қояйық.

«17 желтоқсанда мені тұтқындады да 15 сөткеге жауып тастады. Осы 15 күн ішінде тергеушілер небір сұрақтар қойып, менің қайдағы бір қылмысқа қатыстылығымды айтып, ұрып-соғумен болды. Шағын камераға 30-дан артық адам әрең сиятын еді. Онда сыз тартып, суық болды. Ақыры мен ауырып қалдым. 15 күннен соң жұмысқа оралдым.

Бірақ та 1987 жылдың қаңтарында мені қайта шақырып, түрмеге жауып тастады. Тергеушілер Сафонов пен Бейсалиев менің әскери курсанттарға қол жұмсағаным жөнінде түсінік беруімді талап етті. Көнбеп едім, олар ұрып-соғуға көшті. Қорлыққа шыдай алмай, өз «кінәмді» мойындадым, сөйтіп 5 жылға кесіліп, айдауға кеттім. Әкем дүниеден ерте кетіп еді, үйде шешем үйелмелі-сүйелмелі 7 баламен қалды. Алатыны бар-жоғы 75 сомдық зейнетақы. Айдауда жүргенде ең бір қиын учаскелерде болдым, тайганың 50-60 градустық аязы табанымнан өтіп, арқамнан шыққандай болды».

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Д.А.Қонаевтың орнына Қазақстан Компартиясы ОК-нің төрағасы болып кім сайланды?
  2. Алматыда студенттердің қанша пайызы жатақанамен қамтылды?
  3. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарға қандай айып тағылды?
  4. Желтоқсан оқиғасының қазақ тарихында орны қандай?
  5. Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісін басу үшін қандай операция құрылды?

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *