Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майданында. Бейбіт құрылысқа көшу

Германияда үкімет басына фашистердің келуі және олардың Еуропадағы агрессияшылдық іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен гитлерлік Германияның арасында соғыстың болмай қоймайтындығын айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына басып кірді. И.В.Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В.Лебедев-Кучмач пен композитор А.Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.

1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан шебіне шығуды көздеді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда немістер КСРО-ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхкомиссариатын – герман провинцияларын құруды жоспарлады.

1941 жылдың соңында түрік-моңғол халықтарын жою жоспарлаған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталардың жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық» және «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарларын қайта қарап, КСРО-ның орыс емес халықтарының өзін-өзі басқаруына уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтар Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды.

Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарында фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеткерлерге шақырылды. Соғыстың алғашы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды.

Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы айқасқа кірісті. 312-дивизиямен дерлік, бір мезгілде солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-дивизия өзінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, генерал-майор И.В.Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағы Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизиясы) генералдың есімі берілді.

Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен қаза тапты. Олардың ішінде Кеңес Одағының батырлары – Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтар бар. Мәскеу үшін шайқаста полковник Г.П.Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталып, табандылығы мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев қатысты.

1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе қалаларындағы әскери училищилердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылды. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79-атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М.Тоқтамысова, Р.Момынова, А.Бекетова болды.

Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандық жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» сақтауға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қаһарман қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды.

Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон қалаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нұркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларына халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің».

Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысына қатысты. Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов т.б. батырларының есімі көпке танылды.

Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі – бір орденмен, төртеуі – екі орденмен, екеуі – үш орденмен марапатталды. 5 дивизия гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңес Одағы Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Лугнский Кеңес Одағы Батыры атығана екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шешінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы  полковник шенінде аяқтады. «Даңк орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида ектен қазақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2  мамырда Ресей Федерациясының  Батыры атағы берілді.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Германияның КСРО жаулап алуға құрған жоспары қалай аталады?
  2. Жеңіске жетудегі қазақстандықтардың үлесі қандай?
  3. Қазақстандық партизандардың қандай ерліктерін білесіздер?
  4. Қанша қазақстандық Кеңес Одағы Батыры атағын алды?
  5. Соғыста ерлікпен көзге түскен дивизиялар?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *