1950 жылдардағы Республикадағы қоғамдық-саяси өмір

Кеңес Одағы соғыстан экономикалық жағынан әбден әлсіреп шықты. 32 мың өнеркәсіп орны, сондай-ақ 100 мың ауыл шаруашылық өнеркәсіп орындары үлкен шығынға батты. Өндірістегі жетпейтін жұмыс күшінің орнын толтыру үшін КСРО үкіметі Кеңес Армиясы қатарынан ірі көлемдегі демобилизация жүргізді. Бірінші демобилизация 1945 жылы шілде-қыркүйек айларында жүргізілді. 1945-1946 жылдары армия қатарындағылардың саны 8,5 млн-ға азайды.

1946 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов тағайындалды.

1940-1950 жылдары да ұлт саясатын қудалау ісі жалғасты. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов «Қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар» ретінде сыналды. Ә.Тәжібаевтың «Біз қазақпыз» шығармасы ескі хандар мен бай-шонжарлар өмірін мақтау, марапаттау деп сынға алынды. Белгілі композитор А.Жұбанов «феодалдық-байшылдық дәстүрлерді дәріптегені» үшін қатаң сынға ұшырады. Әсіресе 1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулысы жарияланған соң ұлтшылдықты айыптау кеңінен қанат жайды. Қазан төңкерісінен бұрынғы жазылған ұлттық сипаттағы шығармаларды зерттеуші ғалымдар қуғындалды.

Денсаулығының күрт нашарлауының нәтижесінде 1953 жылы 1 наурызда И.В.Сталиннің миына қан құйылды. Қоғамдық өмірдің демократиялануы жолындағы маңызды кезең жазалаушы органдардың басшыларының бірі, КСРО Ішкі Істер министрі, КСРО Министрлер кеңесінің бірінші орынбасары, Лаврентий Бериияның қылмыстық қызметінің жолын кесу болды. 1953 жылы шілдеде оны ОК құрамынан және КОКП-ның қатарынан шығарды. И.Сталин қайтыс болғаннан кейін партиялық билікке талас басталды. Л.Берия, Г.Маленковтар жеңіліп, бар билік Н.С.Хрущевқа көшті.

Қоғамдық ойдағы екі бағыттың күресі мен өзара бір-біріне әсер етуінің нәтижесі – 1956 жылғы ақпандағы КОКП ХХ сьезінің шешімдері болды. Бұл ниеттердің орындалуы жолындағы неғұрлым байыпты қадам – ХХ сьездің Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптауы болды. ОК-нің Бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің баяндамасында жеке басқа табынушылықтың пайда болу себептеріне, оның мәні мен сипатына, зардаптарына баға беруге әрекет жасалды.

Одақ ведомстволары қабылданған «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы бойынша Қазақстанның солтүстік аудандарында, Сібірде, Оралда және Солтүстік Кавказда дәнді дақылдар егуді шұғыл арада арттыру туралы шешім шығарылды. Жаңа жерлерді игеру есебінен 1954-1955 жылдарда 13 млн гектар жер жыртылып, 1955 жылы одан 1100-1200 млн пұт астық алу жоспарланды.

КСРО-да тың көтеруге байланысты белгіленген тапсырма 1954 жылғы тамыздың басына қарай орындалды: 13,4 млн гектар жер немесе жоспар бойынша 103,2%, оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн гектардан аса тың жер жыртылды. Тың жерлерді игерудің басым көпшілігі негізінен Қазақстанның солтүстігіндегі алты облыста – Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Торғай облыстарында жүзеге асырылды.

Республика еңбекшілерінің алдында 6,3 млн гектар тың және тыңайған жерді игеру арқылы дәнді дақылдар өнімін арттыру міндеті тұрды.

Тың игерушілер қоныстану орнына жеке мүлкімен тегін көшіп келді, отағасына бір жолғы берілетін жәрдем көлемі 500-1000, ал отбасының әрбір мүшесіне берілетін жәрдем көлемі 150-200 сом болды, үй салуға 10 жылға 10 мың сом несие берілді (оның 35% мемлекет өз мойнына алды), мал алуға 1500-2000 сом көлемінде несие берілді, тың игерушілер ауыл шаруашылығы салығынан 2-5 жылға босатылды. 1954-1959 жылдары Қазақстанның тың жерлерін игеруге 20 млрд сом қаражат жұмсалды.

Зерттеушілердің пікірі бойынша, алғашқы 2 жылда Солтүстік Қазақстанға келген 650 мың адамның тек 130 мыңы ғана тың игеру үшін қажет болды. Тың игерілген облыстардың бірқатарында осының салдарынан құқық тәртібі бұзылып, мемлекет қаржысын талан-таражға салу, ұрлау орын алды.

Семей полигоны бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы және Павлодар мен Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Мұнда 1949-1989 жылдар аралығында қуаты әр түрлі 470-тей жарылыстар жасалынды. Оның 90-ы әуеде, 26-сы жер үстінде, 354-і жер астында өткізілген. Алғашқы сынақ 1949 жылы 26 тамызда таңғы сағат 6:30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа ескертілместен жүргізілді. Семей ядролық полигонындағы сынақ қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 есеге асып түскен.

Өзбекстан мен Қазақстан жерінде, Тұран ойпатының шөлді белдемінде, Үстірттің шығыс шетінде орналасқан тұйық көл Арал теңізі деп аталады. 1960-1970 жылдары дүниежүзілік теңіз деңгейінен 53 м биіктікте жатса, 1988 жылы 18 метрге төмендеген. Соның салдарынан 1992 жылы теңіз су айрыққа: Үлкен Арал және Кіші Аралға бөлініп қалды. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл шер шары тұрғындарының денсаулығына төнген зор қауіп. Мақта мен күріштікте және өнеркәсіп орындарында пайдаланылған сулар Арал теңізіне құйылып, теңіз түбіне 1млрд-тан астам улы шөгінділері жинаған. Ауданы 40 мың шаршы шақырымға жуық тартылған теңіз түбінен жыл сайын 70 млн тонна улы шөгінділер көтеріліп, адам денсаулығына үлкен қауіп төндіріп отыр.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қашан Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов тағайындалды?
  2. «Қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар» ретінде сыналған кімдер?
  3. Тың игеру жылдарында Қазақстанда қандай өзгерістер болды?
  4. Семей полигонында алғашқы жарылыс қай жылы болды?
  5. Н. С. Хрущевтің билікке келуімен қандай өзгерістер орын алды?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *