Қазақстан өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі. Индустрияландыру бағыты

Индустрияландыру – ірі өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр өнеркәсіпті құру және дамыту, ірі өнеркәсіптік өндіріс негізінде бүкіл халық шаруашылығын қайта құру. КСРО үшін бірнеше себептерге байланысты индустрияландыруды жүзеге асырудың қажетітігі туды:

  1. 1925 жылға қарай қалпына келтіру кезеңі аяқталды. Өнеркәсіптік өндірістің өсуін қамтамасыз ету үшін істеп тұрған зауыттарды қайта жабдықтау ғана емес, жаңа заманғы кәсіпорындарды құру қажет болды.
  2. Елдің экономикалық әлеуетін тиімді орналастыру мәселесін шешу міндеті тұрды.
  3. Елдің халықаралық деңгейде экономикалық және саяси оқшаулануы индустрияландыруды талап етті. Аграрлы ел өнеркәсібінің жоғары дамыған ірі мемлекеттермен әскери қақтығыс болған жағдайда оларға қарсы тұру мүмкіндігі болмады.

1920 жылы халық шаруашылығы салаларын машиналық техника базасына көшірудің кешенді бағдарламасы белгіленді. Индустрияландыруды бастау туралы шешім 1925 ж. желтоқсанда XIV сьезінде қабылданды. Сталин индустрияладыруға «КСРО-ны машина және жабдықтарды импорттаушы елден оларды өз күшімен өндіретін елге айналдыру» деген анықтама берді.

Индустрияландыруға қаржы табу мақсатымен мемлекет шаруаларды астығын рыноктық нарықтан арзан бағамен сатуға мәжбүрледі. Бұл міндетті орындаудан бас тартқандар қуғын-сүргінге ұшырады. 1928 жылдың қазанынан 1929 жылдың желтоқсанына дейін 56 498 адам қылмыстық жазаға тартылып, 277 адам ату жазасына кесілді.

Қазақстанда инндустрияландырудың басталуымен бүкіл Жезқазған-Ұлытау ауданындағы пайдалы қазба қорларын жоспарлы түрде анықтап отыруға негіз салған Жезқазған мыс және Байқоңыр көмір кен орындарында алғашқы тұрақты геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру ісі басталды.

Қазақстанда Қарағанды маңындағы Теміртауда ірі зауыт салынуының маңызы зор болды. Қазақстанның көрнекті ғалымдарының бірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бұл зауытты салу қажеттігін дәлелдеді. Қ.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Маңғыстау, Мұғалжар және Торғай минерал қорларын зерттеу ісі жүргізілді. Ол 3 маңызды нәтижеге қол жеткізді:

  1. Жезқазған мыс кен орнын ашуы;
  2. Қазақстанның Ғылым академиясының ашылуына үлес қосып, оған басшылық етті;
  3. Геологиялық ғылымдар институтын құрды.

Алматыдан Семейге дейін созылуға тиіс болған Түркістан-Сібір темір жолы сол кездегі Қазақстандағы ең маңызды құрылыс обьектісі болды. Түрксіб темір жол құрылысы 1931 жылға қарай аяқталды. Бұрын жаңа заманғы қатынас жолдары болмаған аумақтар арқылы 1145 шақырымға созылған Түрксіб темір жолы өндірістік күштерді дамытуда және елдің ауқымды аудандарындағы экономиканы қайта құруда маңызды рөлге ие болды. 1930 жылы 25 сәуірде магистраль бойынша бірінші жұмысшы пойызының жүргізілуі айтулы оқиға болды, оны Қазақстанның бірінші машинисі – бұрын бақташы болған Көшкінбаев жүргізді.

Құрылыс нысандары жұмыс күшімен қамтамасыз ету және жұмысшы қазақтарды үйретуге бөлінетін қаражатты үнемдеу мақсатында биліктегілер елдің жұмыссыздық шарпыған батыс аудандарынан жұмысшылар тартты. 1931-1940 жылдары республикаға 559 мың жұмысшы келді. Жұмыс күшін толықтырудың тағы бір қайнар көзі арнайы қоныс аударылғандар: орталық аймақтар мен Сібірдің кулакка жатқызылып, дүние-мүлкі тәркіленген шаруалары болды.

Республика комсомол жетекшілерінің бірі, ұлттық бағыт ұстанған қазақ зиялысы – Смағұл Сәдуақасов республикаға елдің басқа аудандарынан бос жұмысшы қолын жаппай қоныстандыруға қарсы шықты. Ол өзінің 1928 ж. «Большевик» журналына жарияланған «Ұлттар және ұлт адамдары» деген мақаласында индустрияландыру туралы ұстанымдарын ашып жазды.

1926-1940 жылдардағы индустриялық даму Қазақстанды ірі жетістіктерге жеткізді. Индустрияландыру арқасында Қазақстан 1941 жылы ауыл шаруашылық өндірісі бар индустриялы республикаға айналды. Елде көмір өндірісі қауырт дамыды. 1940 жылы оның 90 пайызы Қарағанды бассейінің үлесіне тиді. Қарағанды көмір бассейіні Донбасс пен Кузбастан кейінгі КСРО-ның үшінші көмір ошағына айналды.

Мұнай шығару жөнінен Қазақстан Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орынға шықты. 1939 жылдың соңында Ақтөбе химкомбинаты іске қосылып, өз өнімдерін бере бастады, Аралсульфаттың өндірістік қуаты артты. Республикада қуатты энергетикалық база жасалып, Қарағанды ОЭС, Ульба СЭС салынды. 1913 жылмен салыстырғанда 1940 жылы республикада электр қуатын өндіру 486 есе өсті.

Индустрияландыру барысында Қазақстан экономикасында өнеркәсіп басым салаға айналды. Екінші бесжылдық (1933-1937 ж.) Қазақстан экономикасы жылдам қарқынмен дамыды. 1940 жылы халық шаруашылығындағы ауыл шарушылығының өнімі 41,1 % болса, өнеркәсіп өнімінің үлесі 58,9 % жеткен. Қазақстанда 1926-1940 жылдардағы индустрияландыру барысында қуатты өнеркәсіп әлеуеті орнықты. КСРО бойынша Қазақстан түсті металлдар өндіру жөнінен екінші, көмір және мұнай өндіруден үшінші, электр қуатын өндіруден бесінші орынға шықты.

Индустрияландыру жүзеге асыру басырында Қазақстанда жұмысшы табы қалыптасты. 1930 жылдардың ортасында халық шаруашылығында жұмыс істейтіндердің 24% жұмысшылар құрады. Индустрияландыру кезеңінде қалалардың урбанизациялану және ірілену үрдісі жүріп жатты. 1940 жылы қала халқының жартысына жуығы 50 мыңнан астам адам тұратын қалаларға шоғырланды.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Индустрияландыру саясатының ұтымды тұстарын көрсетіңіз?
  2. Индустрияландыруды бастау туралы шешім қай сьезде қабылданды?
  3. Қазақстанның бірінші машинисі – бұрын бақташы болған?
  4. Түркісіб темір жол құрылысы қай жылы аяқталды?
  5. Республикаға елдің басқа аудандарынан бос жұмысшы қолын жаппай қоныстандыруға қарсы шыққан кім?

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *