Тәшенов Хрущев үшін неге ұялды?
Жұмабек Тәшенов қызметке араласқан кез құдайсыздар құрған қызыл империяны отыз жылдай емін-еркін билеп-төстеген мұртты көсемнің қылышынан қан тамып тұрған шағы еді. Пенде біткеннің бәрі әсіресақ, қосүрей тартқан кезең болатын.
1.Тәшенов – ерлігі еленбеген халық қаһарманы
Тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар. Сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады.
Ж.Тәшенов.
Жұмабек Тәшенов кім еді? Оның энциклопедиялар мен анықтама-лықтардағы ресми өмірбаяны мынадай:
«Тәшенов Жұмабек Ахметұлы (20.3.1915, Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылы – 18.11.1986, Шымкент қаласы) – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. 1934–1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939 – 1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944 – 1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашы-лығы бөлімінің меңгерушісі, 1947 – 1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 – 1952) болды. 1952 – 1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955 –1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Осы қызметте жүргенде Н.С.Хрущевке қарсы шығып, қызметі төмендетіліп, 1961–1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Өмірінің соңғы кезеңінде “Қаракөл” ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. 14 жыл осы облыста еңбек етіп, әйгілі Желтоқсанға бір-ақ ай қалғанда, 1986 жылы 18 қарашада өмірден озады. Сүйегі Шымкент қаласында жерленген.» (2)
ХХ ғасырдың 20-жылдары Мәскеудің ұйғаруымен Қазақстанның құрамынан Қарақалпақ АКСР-і алынып, Өзбекстанның құрамына қосылғаны мәлім. Осы кезде қарақалпақ халқының тілі мен салт-дәстүрінің өзбектен гөрі қазаққа жақындығы, халықтың мақсат-мүддесі, қарақалпақ зиялыларының жоғарыға бірнеше рет жазған хаттары, ондағы талап-тілектер мүлдем ескерілмеді. Қазақстанның жері онсыз да көлемді, басқару қиынға соғады деген сылтау айтылды. Осы аздай 50–60-жылдары орталық басшылықтың мүддесіне сай Қазақстанның жерін тағы да бөлшектеу әрекеті басталды. Міне, дәл осы кезде қарақан басының қамынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қоя білетін Жұмабек Ахметұлы сынды шыншыл қайраткер бұл саясатқа бірнеше рет қасарыса қарсы тұрды. Мысалы, Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік бес облысты Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Жә, енді осыны рет-ретімен баяндайық.
Біріншісі, 1954-1956 жылдары қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға беруге қарсылық. Қазақстан-Өзбекстан шекарасы 1924-1925 жылдары межеленген соң осы екі ел арасындағы шекара мәселесі 20-50-жылдары 5-6 рет көтеріліп, сонша комиссия жұмыс істепті. Біріне өзбектер риза болмаса, келесісіне қазақтар келіспеген. Үшіншісін Мәскеу бекітпеген. Үш тараптың мүддесі бір арнаға құйылмаған. Өзбектердің негіздемесінде, бұл аудандарға қазақтар Ташкент арқылы өтетіндігі айтылып (қазірдің өзінде Шымкент-Сарағаш тасжолынан Ташкент қаласы 20 шақырым жерде ғана, ал кейбір тұстарда жол шекарадан 5-10 шақырым жерден өтеді – автор), оның үстіне мақта мол шығатын аудандардың басшылығын бір қолға беріп, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек деп көрсетілді. Сөйтіп бүкіл КСРО-ның тұралаған экономикасын көтеруді желеу еткен ала тақиялы ағайындар оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосып, өз жерлерін кеңейте беруді көздеді. Ал қазақтар болса, бұл ежелден өздерінің атамекені екенін алға тартып, ол жерлердің Қазақстанға да керектігін дәлелдеп бақты. Міне, осы кезде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің төрағалығымен (мүшелері: М.Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков, А.Морозов, В.Голосов, В. Шереметьев) арнаулы комиссия құрылады. Ол комиссия: “Өзбек ССР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз” деген шешім шығарады. Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.Брежневке жіберіледі. Л.Брежнев басқарған Орталық Комитет: “Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін” деген қаулы қабылдайды(4). Сөйтіп сол жолы Мәскеу мен Өзбекстанның бірлескен қитұрқы әрекетінің жолы кесіледі.
Алайда, қадалған жерінен қан алатын өзбек басшылары бұған тоқтай қоймайды. Олар ұзақ уақыт бойы Мәскеудегі басшылардың басын шыр айналдырып, 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданының Тимирязев атындағы совхозын Өзбек КСР-ының құрамына қосып алады. Бұған Өзбекстан басшысы Ниязовтың өндіріс академиясында Хрущевпен бірге оқығаны, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің төрайымы Насреддинованың бал тілге салып, Хрущевтің көңілін тапқаны, ал қазақ басшыларының ортақ пікірде болмағаны, т.б. жайттар аз әсер етпесе керек. Кейін өзбектер осы тәсілмен Мақтарал ауданын, Түркістан, Бағыс ауылдарын иемденіп кетеді. Ал қазақ басшылары бұл мәселеде салғырттық істеп, тіпті кейбірі қу құлқыны үшін ала тақиялы ағайындарға жақтасады.
Сөйтіп, Киров ауданының Шымқорған, Арнасай, Амангелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, «Известия» совхоздары берілісімен Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Еңбекшілердің қайсарлықпен сұрауынан және әділетті талабынан кейін 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы Қазақстанға қайтадан қайтарылды, бірақ олардың алты совхоз және жеті ауданындағы көлемді бөлігі – жалпы берілген жердің төрттен үші Өзбекстанда қалды (5).
Екіншісі, Жұмабек Тәшеновтің еліміздің солтүстік облыстарын Ресейге қосылудан аман алып қалуы. 1953 жылы 5 наурызда КСРО-ны 31 жылдай басқарған И.В.Сталиннің қайтыс болғаны мәлім. Оның орнына Г. М. Маленко́в (1902 – 1988) КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып сайланады (1953 — 1955). Шын мәнінде ол Кеңес мемлекетіне 1953 жылдың наурыз-қыркүйек айларында ғана басшылық жасайды. Өйткені 1953 жылғы 7 қыркүйекте Н.С.Хрущев (1894–1971) КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Оның жеке басқа табынуға қарсы оңды әрекеттерге барғаны, ғарышты игеруде недәуір табыстарға қол жеткізгені, ол билік құрған заманның «жылымық» деп аталғаны мәлім.
Осы Хрущев басқарған КСРО коммунистері еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, орталығына Ақмоланы (Целиноград) белгілеп, оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Орталықтан Т.И. Соколов деген өз адамын жібереді. Ол әлгі аталған Тың өлкесін Ресейге қосуға бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Мұны сезген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж. Тәшенов 1960 жылы күзде Целиноградқа шұғыл түрде ұшып келіп, мәселені дереу шешеді. Ол республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей, бассыздық жасағаны үшін Соколовты қызметінен босатып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.
Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары А.И. Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,– деп қыр көрсетеді. Мұндай ашықтан ашық астамсуға төзбеген Ж.Тәшенов оны былайша тәртіпке салады: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз – сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінезді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз…». Алдында ғана Н.Хрущевтің қырына ілігіп, қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А. Козлов зәресі ұшып, табан астында кешірім сұрайды. Халық, ел намысын қара басының қамынан биік қойған Ж. Тәшенов Н.С.Хрущевтің жіберген кеудемсоқ адамдарын осылайша тәубесіне түсіріп, Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық түрде мәлімдеген (6).
3.Ұлттық намыстың шарқайрағы
Біріншісі, Ж.Тәшенов Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланған соң-ақ Алматының ең үлкен даңғылын Абайдың атымен атауды және көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін тұрғызуды ұсынғаны.
Екіншісі, сталиндік қызыл террордан жазықсыз жапа шеккендерді ақтау кезінде айрықша белсенділік танытуы. 1956 жылы 25 ақпандағы КПСС-тің ХХ съезінен кейін жылымықтың басталғаны мәлім. Сол кезде репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына Жұмабек Ахметұлы сайланып, Е.Бекмаханов, Қ.Мұхаметханов, Х. Есенжанов, З.Шашкин сынды қазақ ғалымдары мен ақын-жазушыларын сөзбұйдаға салмай, абақтыдан дереу шығаруда үлкен еңбек сіңіреді.
Және бұл мәселеде кіршіксіз адалдығын тағы дәлелдеп, «Маған қарсы «ұлтшыл» деп айып тағуға ұмтылғандарға түкірдім» деген екен(10) сабазың.
Үшіншіден, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін абыроймен өткізуге барын салуы, бес бірдей қазақ өнерпазына ең жоғары атақ – “КСРО халық әртісі” атағын алып беруі.
Төртіншіден, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін жабылудан аман алып қалуы.
Бесіншіден, Медеу мұз айдынын салып бітіруге күш салуы. Кейіннен Қазақстанның мақтанышына айналған бұл құрылыс кезінде салынып басталып, әр түрлі сылтаулармен сақалды нысанға айналады. Жұмекең өзінің Мәскеудегі әріптесі, әрі тікелей бастығы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошиловты Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын көрсетеді. Оны тынықтыра жүріп, бұлтартпастай дәлелдерді алға тарта отырып, К.Ворошиловтың көмегімен құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті.
Алтыншыдан, халық батыры Б. Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағын алып беруге әрекеттенуі. Жазушы Әзілхан Нұршайықов “Брежневке хат” мақаласында Б. Момышұлына Қеңес Одағының батыры атағы берілуін сұрап 1980 жылы хат жазылғанын, оған қазақтың ең атақты деген біраз адамдарының қол қойғанын жазады.
Жетіншіден, ол қолында билік тұрғанда қазақтың барлық талантты өнерпаздарына, дарынды тұлғаларына жақсылық жасаған. Және бұл игі істерін жақсы атты көрінудің қамы емес, жүйелі әрі мақсатты түрде, риясыз жасаған. Еңбек майталмандары Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың Еңбек Ері атануы да, Нұрмолда Алдабергеновтің екінші рет Еңбек Ері атануы да Жұмекеңнің тікелей араласуымен біткен іс. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының Лениндік сыйлық алуына да Жұмекең көп күш салған дейді білетіндер. Көп жылдардан бері жайлы қонысқа қолдары жетпей, әркімге телміріп, сөздерін өткізе алмай жүрген қазақ зиялыларына 120 пәтерлік үйді толығымен бергізген де Жұмабек Тәшенов еді. Оның осы ерлігін көнекөз ақын-жазушылар күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып жүреді.
Сегізіншіден, ұлттық кадрлардың өсуіне, олардың жоғары өрлеуіне де Жұмекең қолдан келген барлық жақсылығын аямаған.
Тоғызыншыдан, ол өзінен жоғары мансаптағыларға иіліп-бүгілмей, терезесі тең адамша мәміле жасаған. 1959 жылы 1 қазанда ҚХР-дың 10 жылдық мерекесіне орай КСРО басшысы Н.С.Хрущев бастаған делегация Қытайға барады. Делегацияны ҚХР басшысы Мао Цзэ дунның өзі қарсы алады. Әңгіме үстінде Мао Цзэ дун Н.С.Хрущевтің қыр көрсетуіне қарымта ретінде: «Кеңес Одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз», – депті. Н.С.Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП – дүнежүзілік коммунистік қозғалыстың авангарды», – дейді. Мао Цзе дун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой», – дегенде Н.С.Хрущев сөзден тосылып қалады. Сонда Ж.Тәшенов: «Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Солардың тікелей көмегімен қытай коммунистері жеңіске жетті ғой», – деп тығырықтан жол табады. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалады. Хрущев әңгіме біткен соң риза болып Тәшеновке: «Сен өзің марксист екенсің ғой», – депті. Келесі күні кеңес делегациясының құрметіне қонақасы беріледі. Сонда араққа тойып алған Н.С.Хрущев орынсыз лепіреді. Бірге барған Ж.Тәшенов ыңғайсызданып Хрущевті шынтағынан түртеді. Ол ызғарланып: «тище» деп қойып, лепіруін жалғастыра береді. Мұны байқап қалған Мао Цзэ дун аудармашыға әлдене деп ақырын тіл қатады. Іле аудармашы Ж.Тәшеновке қазақша сыбырлап: «Сіз ұялмай-ақ қойыңыз», – депті. Осы жәйіттен кейін Мао Цзэ дун кеңес делегациясын шығарып салуға келмейді. Қайтар жолда Н.С.Хрущев: «Саған әлгі Мао Цзэ дун кеше не деді?», – деп сұрайды. Сол оқиғаға зығырданы қайнап келе жатқан Ж.Тәшенов: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», – деп жауап береді. Н.С.Хрущев қызараңдап Тәшеновке сұқ саусағын безейді(17).
Оныншыдан, Ж.Тәшенов Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанда да ұлт ісі үшін қызмет ете берген. Бірде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Ж.Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып, тиесілі 500 тоннаға тағы 500-ін үстемелеп, 1 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102, 7 пайыз орындайды. Сонымен қатар Жұмекең Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан тас моншаны қалпына келтіріп, іске жаратуға да мұрындық болады.
Иә, Жұмабек Тәшенов әсіресақ, қосүрей заманда билікке келсе де, Компартиялық иерархияның бұралаң баспалдақтарымен көтерілуді ғана көздеген шенқұмар басшы, қара басының қамын ғана күйттеген көп шенеуніктің бірі болмай, ұлтын сүйген аяулы азамат, ұлттық қаһарман деңгейіне көтеріле білді. Қазақ жерінің тұтастығы үшін азуы кереқарыс КСРО басшыларымен қасарыса күресіп, айтқанын орындата білді. Ұлттық құндылықтар мен ұлт мүддесі үшін биік мансап пен қарақан басының, отбасының, әулетінің, ұрпағының рахатынан бас тартты. Есесіне алтынға да, ақшаға да сатып ала алмас халқының, елінің, ұрпағының ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Сондықтан да Ж.Тәшеновтей патриот жандар қазақ деген ұлт барда мәңгі-бақи жасай бермек.
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ, жазушы, Ы.Алтынсарин, Б.Момышұлы, С.Нұрмағанбетов атындағы медальдардың иегері
Пы-сы: Бүгін «Бөрілі Байрақ» ұжымы ұлт мүддесі үшін, қазақ үшін, жер үшін «Маған қарсы «ұлтшыл» деп айып тағуға ұмтылғандарға түкірдім» деп қасқайып қарсы тұра білген Жұмекеңдей азаматты жас ұрпаққа, алдыңғы буынға, кейінгі буынға барынша таныстырып, кеуделеріне патриоттық сезімді ұялату мақсатында дәріптедік! Түсіністікпен қарарсыздар!
Теріскейдегі Қазақтың санын көбейтем, өсемін- өнемін деген ниетпен Солтүстікке көшіп барған, енді көшетін, болашақта көшіп баруға ниеті бар адамдар мына телеграм каналға тіркелуін сұраймын. Осы телеграм арқылы араласып, бір бірімізге демеу болайық.
Канал сілтемесі міне:
https://t.me/joinchat/JdFWL4R846lkMGIy
Қосылыңыздар ағайын. Мақсаты ұқсас әр адам бізге маңызды.