Омыртқадағы оқ!
Мен екі рет ауыр жарақаттанған кісімін. Бірақ екеуінде де саптан шыққаным жоқ.1942 жылы полк комондирі кезімде омыртқама оқ тиді. Санбатқа жеткізгенше ес-түсімді білген жоқпын. Есімді жисам, етпетімнен жатыр екенмін. Жанымда дәрігер бірдеңе деп баж-бұж етіп тұр. Бақсам, сөзі мен туралы екен. «Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек» деп безек қағады.
— Сонша не боп қалды? — дедім дәрігерге.
— Омыртқаңызда оқ қадалып тұр, жолдас капитан, — деді дәрігер одан сайын дегбірі кетіп.
— Сізді дереу госпитальға жөнелтуіміз керек.
Тістеніп, әрең дегенде қолымды жеткізіп, арқамды сипасам. Расында да оқ бар екен.
— Скальпедің бар ма? — дедім дәрігерге.
— Жоқ!
— Өткір бәкің бар ма?
— Жоқ.
— Ұстараның жүзі бар ма?
— Бар!
— Ендеше соны спиртпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!
— Олай етуге болмайды, жолдас капитан…
— Болады! Бұйырамын! Орындамасаң атамын! — деп етпеттен жатқан күйімде оң жақ жамбасымдағы кабураның аузын ағыта бастадым. Батырға да жан керек деген емес пе, дәрігер дереу айтқанымды істеуге кірісті. Ол арқамды кескілей бастағанда пистолеттің сабын сындырардай қысып, тісім шықырылған мен жаттым.
— Мінеки, жолдас капитан, оғыңыз! — деп дәрігер әлден уақытта омыртқама тіркелген оқты алып, алақаныма салды. Жарамды таңдырып алып, арқамнан алынған оқты мені санбатқа жеткізген Блоха деген жауынгерімнің қолына ұстата салып, жаумен ауыр жұмыс жүргізіп жатқан полкке қайтадан жеттім. Бірнеше күні жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып, бірде қара қотырланып, бірде қыши бастап, өзінен-өзі жазылып та бітті.
(с) Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» романы диологынан үзінді