АҢ-ҚҰС ТУРАЛЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР #3

  1. Қарлығаш көктем жаршысы.
  2. Құстың жүні санаулы.
  3. Құс көк сеңгірге бір қонады.
  4. Құс қонбаған- көл жетім,
    Ел қонбаған- жер жетім.
  5. Құс жаманы- саңғығыш,
    Адам жаманы- қаңғығыш.
  6. Құс жеткен жеріне қонады.
  7. Құстың алғанынан, салғаны қызық.
  8. Қаз шөлде жүрсе де,
    Көзі көлде болады.
  9. Құзғын жемтік
    Көрмесе жүре алмайды.
  10. Қарғамен жолдас болсаң,
    Шоқығаның боқ болар.
    Бүркітпен жолдас болсаң,
    Тамағың тоқ болар.
    Аққумен жолдас болсаң,
    Тәнің пәк болар.
  11. Құс патшасы- бүркіт,
    Аң патшасы арыстан.
  12. Қарға қазға еліктеймін деп,
    Сирағын сындырыпты.
  13. Қарғаның «қарқ» дегені өзіне сүйеу.
  14. Қарашада қаз қайтарар.
  15. Қаз ұшса көлді үйрек иеленеді.
  16. Құс жаманы сауысқан,
    Ағаш жаманы азған.
  17. Қақылдаған тауық тумай қоймас.
  18. Қарғаның бір көзі оқта,
    Бір көзі боқта.
  19. Қаз келсе жаз келер,
    Қарға келсе қатқан болар.
  20. Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,
    Адам баласы үшін азапқа түседі.
  21. Қыран көзіне сенеді,
    Қырағы өзіне сенеді.
  22. Құс қарығына, ер жарығына.
  23. Қара құс басып жейді,
    Сұңқар шашып жейді.
  24. Қайырсыз сұңқардан,
    Қайырлы тұрымтай артық.
  25. Қараша үйде сұңқар бар,
    Ораздыға жолығар
  26. Құртақандай торғай да, өз ұясын қорғайды.
  27. Қу ағашқа құс қонар.
  28. Ластың досы – шыбын.
  29. Құлан басына күн туса,
    Қодығына қарамас.
  30. Құлан қырдағ құндыз суда.
  31. Қаз бен үйректің панасы – көл,
    Жетім мен жесірдің панасы — ел.
  32. Қасқалдақтың қанындай қат.
  33. Құс балапаны үшін торға түседі,
    Ата баласы үшін азапқа түседі.
  34. Қағынан жеріген құлан, қаңғырып өлер.
  35. Қаршығалыға қоян кездеспейді.
  36. Құс баласы қырымға қарайды,
    Ит баласы жырымға қарайды.
  37. Құзғын-қарға ас таңдамайды.
  38. Құланға ерген шиеге аунайды.
  39. Қарға мақтанып сұңқар болмас,
    Есек мақтанып тұлпар болмас.
  40. Қарға мың шаөырғанымен жаз болмайды,
    Қаз бір шақырса жаз болады.
  41. Қарғаның жүзіне бір кесекғ
    Жаманның жүзі бірге есеп.
  42. Құсы жоққа тұрымтай сұңқармен тең,
    Аты жоққа қотыр тай тұлпармен тең.
  43. Қатты жердің қадірін құлан білер,
    Орман-тоғай қадірін бұлан білер.
  44. Құлан ату не теңім, киік атпай,
    Киік ату не теңім, үйде жатпай.
  45. Құланның қасуына мылтықтың басуы.
  46. Құлан семірген жеріне жынын шашады.
  47. Құланның оттауы бірге,жуасуы бөлек.
  48. Құлан қағын қорғайды.
  49. Мезгілсіз шақырған қораздың,
    Айдарын жұлмақ керек.
  50. Оралды құлан ақсағын білдірмес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *