МҰҒАЛІММІН

Ұстаз — ақын ЕСТЕУ НҮСІПБЕКОВ
1972-1976 жылдар арасында жазылған поэмасы

«МҰҒАЛІММІН»

1. Уақытқа наз

Мұғаліммін мазасыз білім десе,
Көз майымды тауысты күнім неше.
Рахат тауып қалар ем бұл шақта да
Түн бойы оқып кірпігім ілінбесе…

Ой қуғанға, уақыт, сен борандайсың.
Зымырайсың, боз шаңға оранбайсың.
Сағым малтып мен жүрмін саған зар боп,
Бие сауым ат байлап оралғайсың.

Оралғайсың шабытты сәттерім боп,
Бір құрғатып ақ көбік ат терін көп.
Оқып, жазып, жан сарқып үлгерейін
Мұғалім боп, ақын боп, актерің боп.

2. Мінезім менің

Мұғаліммін жан оты жарқылдаған,
Минутым кем ой қуып шарқ ұрмаған.
Жүргіншімін қағаз жүк қолтықтаған,
Азаматтық ақ тыныс алқынбаған.

Жас ұрпағы елімнің — қан тамырым.
Мен — жүрекпін.
Қан құям, салқындаман.
Лүпіл қағып соғамын, лыпыл қағып,
Қуат құйған қажымас халқым маған.

Алқынғаным — ауыр мін — салқындауым.
Арқалауға әбді жоқ халқым дауын.
Тұруға тек тиіспін жас қалыпта,
Қолтық демеп сырқатқа шарпылмауым.

Мен ағуға тиіспін дариядай,
Терең түппен жылысып жадыра жай.
Бұлақ қосып бүйірден бұлқындырып,
Шежіре жай сұңғыла кәриядай.

Мен — сусынмын.
Дәуірім, халқым — жауын.
Ұлғайтады тасқынын тарғыл тауым.
Ұрпақ менен тілейді құяр бұлақ
Қайнарларым, бастауым сарқылмауын.

Оқымасам, білмесем жаңалықты,
Онда көзім шел қаптап ағарыпты.
Кеткенім жөн өйткенше бөгет болмай,
Шаң қаптырмай ақ сенім ағалықты.

3. Бір өмірге мың өмір

Мұғаліммін.
Жұмыскер жай адаммын.
Жас өренге мейірі бай адаммын.
Космос ашқан жанкешті болмағанмен,
Ұстаз деген атаққа сай адаммын.

Ой түзейді жас ұлан маған қарап,
Бой түзейді жас ұлан маған жанап.
Шәкірт пікір ұштайды мен арқылы,
Сондықтан да төтенше маған талап.

Балаға мен — әрқашан сая жаймын.
Асылымды бойда бар аямаймын.
Өреннің де қан құям жүрегіне,
Бағуандай гүл күткен аялаймын.

Ұландарым — ұятым, ар-намысым,
Бала — менің қуатым, алданышым.
Өткен түнім ұйқысыз, күлкісіз күн
Жас өреннің қанатты арманы үшін.

Iзденісім, еңбегім, тебіренісім,
Ақыл-ойым, жігерім — жер жемісім…
Бәрідағы балаға — оқушыма,
Ұстаз тұтып соңыма ергені үшін.

Шәкірт — менің мәртебем,
Мен — баспалдақ.
Мен арқылы шырқасын ол аспандап.
Мерейленем,
Бой сергіп жасарамын,
Жас ұланға ақ жарқын жол ашқанға-ақ.

Мектеп — ана,
Мен — аға оқушы үшін.
Ардақты атпын көңілге ой тоқушы үшін.
Алтын әріп мен болам бала ойында,
Өзі айтпаса,
Оны сен оқырмысың?!

Айтады олар әр жерде аға атын,
Бола біл тек жанына от жаға алатын.
Мұғалімнен өмірлі адам бар ма,
Бір өмірге мың өмір жалғанатын.

Жалғанады мың өмір мұғалімге.
Ақиқатты жалтармай ұғамын де.
Жақсы шәкірт — теңдессіз үлкен сыйлық,
Шапалақ соқ, қол ұсын мұғалімге.

4. Класс — менің сахнам!

Тықыршимын,
Ұйқысыз күн кешемін.
Шыт жаңа соны ойлармен жүздесемін.
Альпинистің азабын көрсемдағы
Кемімді іздеп
Шыңдардан із кесемін.

Тесіледі ескі қап,
Сене алмаймын.
Жаңалықсыз сабаққа ене алмаймын.
Түкпіріне жанымның бүгіп келер
Бір асыл сынығынсыз мен алдаймын.

Класс — менің сахнам, отты алаңым.
Сонда жанып, қып-қызыл шоқ боламын.
Шоқ болмасам, қып-қызыл от болмасам,
Онда тоқырап тот басып жоқ боламын.

Шынында мен класқа сертпен келем,
Қорғасындай зіл болып өрттен денем.
Жалғыз ой бар көкейде —
Шәкірттерді
Iзгіліктің аулына ертсем деген.

5. Үйренемін үлкеннен, кішіден де

Алыс түкпір — тұрағым,
Еңбеккермін.
Том-том кітап қаладан теңдеп келдім.
Сөре-сөре жинаған қазынам — кітап,
Жиылып кел, уақыт бөл, жөндеп көргін.

Қызықпаймын басы артық дәулетке көп,
Зияданы тыямын әуре етпе деп.
Бәсекешї аз емес ауылда да
Қойылмаған дәулетке, сәулетке шек.

Мұғалімде басты іс бар аңсар ауған,
Күндей күліп күттірер таңсәрі алдан.
Кеш жатсам да ұйқыдан ерте оянам,
Құсбегідей құр қалмас қан сонардан.

Басталады ал сонан еңбек күнім,
Өнеге, үлгі, тәрбие, теңдеп білім.
Жез қоңырау үнімен сабақ бастап,
Ой жеткізер көкейге мәндеп тілім.

Минут санап кластан класс барам,
Тылсым жұмбақ әлі мол сыр ашпаған.
Жан қазына қат-қабат,
Кім ақтарсын
Ұйып тыңдап, ынтыға сұраспаған?!

Сұрасады балалар, сыр ашады,
Жан домбыра құлағын бұрасады.
Ондай сабақ үстінде шәкірттердің
Маздатқандай боламын мен де ошағын.

Лезде ой, лезде күй боп ұласамын.
Терезесін жанымның күнге ашамын.
Сабақ сайын соны бел тың бастырып,
Жас жүздерге жып-жылы нұр шашамын…

6. Отаспаймын ұсақтықпен

Жұпынымын,
Бірақ та майда емеспін.
Табынтпаған ешбірі пайда, елестің.
Ұсақтықтан жиренем,
Арман қуам,-
Қалсамдағы тұсында қай белестің.

«Толған мақсат, алдымда толған таңдау» —
Мұқап қалмай, бір жарқын жолдан танбау.
Бас күйттеуге жаным қас,
Ар таразым —
Тапқанымды еңбекпен азырқанбау.

Қиындыққа досымнан бұрын барам,
Оны өткізем алдымен ұрынбадан.
Басқа үшін басымды бәй тіккенім
Талай жанға жұмбақ боп ұғылмаған.

Пайда көрсем, — жалмаңдап сұғынбаймын.
Қатер көрсем, — бой жасқап бұғынбаймын.
Көпті ойлаймын, дос-жардың, коллективтің
Мүддесіне күйінем, шығындаймын.

Қуанамын, —
Сұрылып олар озса.
Немесе бір биікке қолын созса.
Дем де, дес те беремін жүрек жарып,
Өмір сәні — досқа дос тілек қосса.

Мұғалімді қор етер аттамас қып,
Бес ауру бар:
Бірі — ұсақтық, бақталастық.
Екіншісі — тоқырау, жегенге тоқ,
Үшіншісі — бақастық, досқа қастық.

Төртіншісі — ойсыздық қуыс кеуде,
Шамасыздық дұрысты дұрыс деуге.
Жанбағысқа жалданып күн кешіріп,
Ой жүгіртпеу кісілік ірі істерге.

Бесіншісі — көз жұмып айлық табу.
Қатты қол сараңдықпен тайлық табу.
Жанын жалдап, бар ақыл, уақытын шашып,
Кәсіппен де қосымша байлық табу.

Көріп жүрмін сол ауру жұққандарды.
Көзге сүйел секілді шыққандарды.
Мұғалімнен шіріген жұмыртқа олар,
Оң мен солға ой салған жұрт та аңғарды.

Мен қашамын ой улар ұсақтықтан.
Қарақшыдай жеңіне пышақ тұтқан.
Мен — мұғалім,
Ел, қоғам тағдырына
Аңсары ауған,
Ой-пікірлі құшақты ұққан.

7. Жанарымда жұмыр жер.

Ұстазбын да,
Мен өзім — ақынмын да.
Қасиеті сан тарау затымның да.
Екшеймін
Құмнан алтын айырғандай
Ақыл-ойын жақыным, жатымның да.
Глобустай үйіріп жердің шарын,
Көз алдымда ұстаймын елдің бәрін.
Келіс сөзге екі елші қолын қойса,
Қаным ойнап кіреді менің де әрім.

Дипломаттар — дәнекер
Ұғынысса,
Тіл табысса, ізетпен жұғынысса.
Қас-қабағын күзетіп мәз боламын,
Дейді идеям:
— Өзіңше ұғым ұшта.
Тамыр тартқан халықтың бағынан бай
Толғантады елшіні алуан жай.
Жол ашады көзқарас күресіне,
Ұстасуға рингтегі балуандай.
Сондайда
Мен шығамын өнер сайлап,
Кейде сонау көз тартып шеткері аймақ.
Ол кезде мен саяхатшы тәріздімін,
Көз алдымда бар әлем тұрар сайрап.

Шарлап қайтам жұмыр Жер бөліктерін.
Мініп, түсіп ең жүйрік көліктерін.
Мұңайтпайды онда да
Аулым болып
Мені алқалап отандас серіктерім.
Шарлап қайтам ел-елді, өзен, көлді,
Жасыл мойнақ қыналы кезеңдерді.
Құла құмдар үстінен ұшып өтем,
Кездеспейтін бір қылаң безең белгі.
Алуан ағым ежелгі елді көрем.
Қуаң тартқан құла дүз жерді көрем.
Мен оларға су бөгеп, ГЭС орнатқан
Елімнің бейнесінен белгі берем.
Күңіренген күй көрем,
Нала көрем.
Бай, кедей боп бөлінген қала көрем.

Телмең қағып теңізден ұлу терген
Ана көрем,
Ши борбай бала көрем.
Бомба бұзған өртең үй — жарды көрем.
Протез қол қуарған шалды көрем.
Қос емшегі суалып
Дарда тұрған
Шала ұйтылған жас дене — Арды көрем.
Қала сайын не сұмдық табылады,
Аш, арық жұмыссыздар
Сабылады.

Перрон сырты жарбиған лашық жақтан
Бұрқыраған
Қолқаңа шаң ұрады.
Мырзасын да көремін, сұлуын да.
Ауған қыздың он өрім тұлымын да.
Үнді арудың бел соққан бұрымын да,
Бізге арналған жүректер жылуын да.
Өлең жазған кездестім ақынға да,
Ой талғамы маған тым жақынға да.

Еркіндікке ел бастап
Қаза тапқан
Лумумбадай ер жүрек батырға да.
Асуанды көрдім мен,
Асфаhанды,
Сусындатқан шөл дала, аш жаhанды.
Көрдім және жан-жаққа жамыраған,
Электр сым сүйреткен
Жас бағанды.

Сыр сұрасам арабтың мұңдысынан
Сөйлейді көп халқының тұрғысынан:
— Ніл жағасы құтылмақ, елге салса,
Садат сұмның сатқындық бұзғысынан.
Батысқа да барамын Балтық асып,
Датчандармен жағада қолтықтасып.
Шортан жүзер теңізге малтып көрем,
Тау толқыннан зәре ұшып…
Қорқып қашып…

Қара, сары, ақ құба шырай көрем.
Тек татулық тілеген рай көрем.
Бізден гөрі есепшіл,
Пайда қуғыш
Жандарға мен сірәде ұнар ма екем!?

Мұғаліммін мұнда да
Сыншыл жанмын.
Жаңалыққа, жаңаға ұмтыламын.
Мінін сезсем партнердің
Басымсынбай,
Тосын жайға
Сөз бұйда сыр бұрамын.

Дәуір, ұлы ел дарыған —
Хұзыр менде.
Тең тұтамын кеудемді ғалыммен де.
Атағы зор
Жер жарған сайыпқыран
Кездестім не сұңғыла шалыңмен де.
Бәрі-бәрі ұнатады сырласқанды,
Жан сандығы ауызын күнге ашқанды.

Жаратады түйгенім:
Барлық халық
Шалмағанын қылау бұлт күндї, аспанды.
Ұнатады тып-тыныш тіршілікті,
Оқ жұлмауын бап-балғын бір шыбықты.

Біле білсең,
Соңғы отыз соғыссыз жыл,
Солдаттарды бұрынғы жыршы қыпты.
Ұрандайды бар халық бостандықты,
Бостандық деп санатқа қосқан мықты.
Ұрандайды бар халық татулықты,
Тез қарыштап өрлер деп тату мықты.

Ынтық зармен шөліркеп
Барша халық
Біздің елге қарайды аңсары ауып.
Жолымызды зерттейді
Еліктейді,
Кейбіреуі білгішсіп, жаңсақ алып…
Бәріне де түсінем сабыр сақтап.
Айғай, қиқу салса да кейбір шатпақ.
Оқпанды ағын
Коғамның өз заңы бар,
Тоқтата алмас ешбір күш
Оны даттап.

Солай, құрбым!
Бой бағып үйде жатпай,
Демалыста ой жиям дамыл таппай.
Табиғаттың, қоғамның, ой өрістің
Сырын зерттеп жүремін
Дабырлатпай.

8. Оқушыммен мақтанамын.

Оқуыммен мақтанам,
Олар сансыз.
От жүрекпен өртене сүйем шамсыз.
Деп тілеймін таусыла:
Оза шауып,
Жүйріктерден сурылып шықса шаңсыз!
Деп тілеймін:
Қиынға қолын созса!
Арман қуып талаптың жолында озса!
Лек-легімен
Сиремей,
Қатар бұзбай,
Қалың нөпір қайысқан тобында озса!

Оқушым көп.
Бұл күнде озғаны бар.
Талант жолын биікке созғаны бар.
Менен озып ақын боп ел таныған,
Милы баспен ми бүріп жазғаны бар.
Ұшқыш та бар көкке ынтық,
Құйғыса аспан,
От ұшқындап жүзінен нұры тасқан.

Домбырада жүрегі қарс айрылған,
Күйші де бар бұрқанып күйі тасқан.
Суретші бар бояуы көз байлаған,
Қипыңы жоқ өнерден өзге ойлаған.
Токарь де бар темірден түйме ойып,
Жақсы ақыннан жаттаусыз сөз қоймаған.

Кездеседі зоотехник — ферма бастық,
Өндіретін қос норма ет пен астық.
Партиялық істе жүр кейбіреуі
Қолға жаққан сақа боп,
Етпей жастық.

Жас дәрігер біреуі рак буған,
Ауруларды не сұмдық
Құлаққа ұрған.
Қызыл жаға ГАИ де бар
Қату қабақ,
Жол бұзарлар жалынып «жылап» тұрған.

Биолог та табылды қоян баққыш,
Төстік қақтап тоғайда
Сояу жаққыш.
Кейбіреуі геолог тау мен таста,
Жер барлап,
Бұрғы толғап,
Жаяулатқыш.

Кейбіреуі ауылда тракторда.
Кездеседі егісте, қырат-қырда.
Ал біреуі малда жүр жұлдыз тағып,
Әке болып он жуан тұрақты ұлға.
Мен оларды көргенде:
Шалқып тасып,
Мерейленем, тұрамын кеудемді ашып.
Май құямын сезімнің оттығына,
Жүрмесін деп шәкірттер көңлі жасып.

Мұндайда мен жан шырыл торғайдаймын.
Шырылыма ес танбас зор қоймаймын.
От қамшымен үйіріп сабап алып,
Ой мен ақыл қорғалар ор қоймаймын.
Мен олармен мақтанамын.

Олар мені…
Маған ұстаз сол жастар болар ма еді!..
Әттең шіркін,
Бала боп қайта оралсам,
Дарын бұдан зорайып толар ма еді?!

Тұра алмасым сондықтан бір қалыпта.
Жүре алмасым сондықтан ырғалып та.
Жан қоймасын ақтарып
Дастан төгем,
Жетсін деп сусын болып сыр халыққа.

9. Шәкірттеріме (шегініс орнына)

1). Мен сендерді іздеймін.

Мен сендерді іздеймін:
Биіктерден,
Туған
Дара түлектей сүйікті елден.
Көз тартып коллективте
Жүр ме екен деп
Танылып тұнық термен.

Мен сендерді іздеймін:
Қиырлардан,
Будақ шаңды, боз жонды шиырлардан.
Көрсем деймін
Баяғы бала кезгі
Қуған күйі асау ой, үйірлі арман.

Мен сендерді іздеймін:
Қиындардан,
Қысқы боран, жазғы сұр құйындардан.
Партада алған білімнің бұлақтары
Болды ма деп зор өзен құйылғаннан.

Мен сендерді іздеймін:
Атақтардан,
Арылды деп балалық «шатақтардан».
Миуа ағаштай халқына шашу шашып,
Тұр ма екен деп
Мәуілжіп бұтақтардан.

Мен сендерді іздеймін:
Өренім деп,
Бір-бір иірім – әрқайсың
Тереңім деп.
Мен сендерді еңбек, іс, сөз, қимылдан
Замана боп
Күн сайын көремін деп.

2). Сендер мені іздеңдер.

Сендер мені іздеңдер:
Өздеріңнен,
Жастық оты жайнаған көздеріңнен.
Үлкен- кіші ортаны елеңдетіп,
Жұртты баурап сөйлеген сөздеріңнен.

Сендер мені іздеңдер:
Ойларыңнан,
Ой қуалап өсірген бойларыңнан.
Көлеңкесіз көңілмен дос көбейтіп,
Думандатып өткізген тойларыңнан.

Сендер мені іздеңдер:
Талаптардан,
Талап іздеп талмаған қанаттардан.
Өнер қуып, ой қуып жалықпаған
Арасынан іздеңдер санатты арман.

Сендер мені іздеңдер:
Қайраттардан,
Айға ұмтылған аспаншыл айбаттардан.
Тау толқыннан іздеңдер,
Тереңдерден,
Оңай өткел іздеме жайдақтардан.

Сендер мені іздеңдер:
Күресуден,
Тыңға ұмтылып,
Тың оймен сіресуден.
Даралықтан іздеңдер — өнер жолы
Кісі артынан іздеме,
Iлесуден.
Бауырларым!
Iздеңдер хаттарыңмен.
Жұрт ізеттеп шығарған аттарыңмен.
Сендер менің тілкештеп жүрегімді
Ап барасың тұс-тұсқа
Топтарыңмен.

10. Миллионның бірімін.

Жалғыз емен,
Мен мыңмын, миллионмын…
Аз болмайды асылы үш миллионның.
Асылдарды зерттеймін,
Алыптарды,
Алып туған толайым халықтарды.
«Жүзден — жүйрік, шығады мыңнан тұлпар»
Деген мәтел асаудай тізгін жұлқар.
Баба — дана,
Сөзіне бас иемін,
Бола алмайды бабасыз елде сұңқар.
Көрегендік іздеймін сұңқарлардан,
Ызғу, тездік іздеймін тұлпарлардан.

Тентек толқын телегей теңіз құшсын,
Деп күтемін:
Сақтасын бұлтарғаннан.
Әр замандас жанына үңілемін.
Сусыным деп жалынын сіміремін.
Кілең ізгі, тым нәрлі қасиет іздеп,
Күн нұрындай
Бойыма сіңіремін.
Дей алмаймын:
Дарамын, отпын, аймын.
Әйтседағы қатар топ
Көпке ұнаймын.

Естілсем деп халқыма әсем ән боп,
Бас қамымды ұмытып
Шапқылаймын.
Санымды айтсам: алпыс жыл есейіппін.
Мәнімді айтсам: алпыс жыл көгеріппін.
Fасыр бұрын — Ыбырай Алтынсарин,
Fасыр басы — Досанов, Көбеевпін.
Дақ қазірде ертістік Қабылбеков,
Атақ, даңқ шығарды дабылды етіп.
Абсаметов, ақ апай Нұртазина…
Қатарлары молайды,
Сабым бекіп.
Басқа да ұстаз аз емес
Жекелеген,
Көтеріліп биікке төтелеген.
Iзгіліктің аулына өрен бастап,
Жол көрсетіп бұраңыз,
Жетелеген.

Мен — солардың бәрімін,
Еңбеккермін.
Деп сенемін міндетімді дендетемін.
Бар міндетті адақтап болмасам да,
Жасқа
Азамат борышын теңдетемін.

11. Түйін. (Эпилог)

Мен дегенім — қалың «мен»,
Естеу емес.
Қалың «мендер» құрады іште кеңес.
Қалың «мен» де, Естеу де біреу болса —
Ел бақыты,
Басқадай ештеңе емес.

Мұғаліммін жаны ізгі, жаз дидарлы.
Дей алмаймын тартылмай аз күй қалды.
Ағытылар, ағылар мезгіл алда,
Тойым алда
Топ жарар сыны барға.

1972 жыл, Нарынқол
1976 жыл, Есік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *