ТАҢДАЙ
Дамуы. Эмбриогенездің 6-7 аптасынан бастап таңдайдың қалыптасуы жүреді. Бұл алғашқы ауыз қуысының ақырғы ауыз және мұрын қуыстарына бөлінуіне әкеледі. Ол үрдіс жоғарғы жақ өсінділерінің ішкі бетінде табақшалы төмпешіктің – таңдай өсіндісінің немесе таңдай табақшасының құралуымен басталады. Басында таңдай өсінділерінің шеттері төмен қарай көлбей салбырап, тілдің бүйір аймақтарында орналасқан. Кейін олар жоғарыға, әрі ортаға қарай көтеріледі, ал тіл болса төмен ойысады. Тіл төменгі жақтың ұзындығы мен енінің өсуіне байланысты пайда болған кеңістікке орнығады. Таңдай өсінділері бір-біріне тақала келіп, эмбриогенездің екінші айының аяғында ортаңғы жолақтың бойымен бірігеді. Бұл бірігу алдымен алдыңғы, біраздан кейін артқы бөліктерінде өтеді. Біріккен таңдай өсіндісі қатты және жұмсақ таңдайдың көп бөлігін түзейді. Таңдай өсінділерінің жоғарғы жақтың күрек тістік аймағын түзей бірігуінің нәтижесінде қатты таңдайдың алдыңғы бөлігі қалыптасады. Пайда болған тосқауыл ақырғы ауыз және мұрын қуыстарын оқшаулайды. Онымен қатар мұрын тосқауылының өсуі және оның қатты таңдаймен бірігуі өтіп, мұрын қуысы оң және сол мұрын камераларына бөлінеді. Таңдай өсінділерінің мұрын тосқауылымен байланысы жоқ артқы бөлігі, қосыла келе, жұмсақ таңдайды және тілшікті береді.
Таңдай пайда болған соң хоаналар, ауыз қуысына емес, мұрын камераларына ашылады. Мұрын камералары енді мұрын-жұтқыншақпен дефинитивті хоан арқылы байланысады.
Таңдай өсінділерінің толық дамуы өтпесе олардың шеттері толық бірікпейді де, балада қатты және жұмсақ таңдайлардың саңылаулары түзеледі.
Құрылысы. Қатты таңдай шырышты қабықшамен жабылған сүйекті тіректен тұрады. Шырыш асты негіз жоқ болғандықтан, шырышты қабықша сүйек қабығымен тығыз бірігіп кеткен. Шырышты қабықша көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен жабылған. Қатты таңдайдың жапсарының маңында шырышты қабықшаның эпителийі кей кезде созындылар құрайды. Жаңа туған нәрестелерде олар шоғырлана қабаттасқан эпителиоциттерден тұрып, түйреуіш басындай үлкендікке жететін эпителийлік денешіктер түрінде болады.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге ене орналасқан бүртіктерді түзейді. Онда коллагенді талшықтардың өзара қатты ұйыса орналасқан және сүйек қабығына қосыла өрілген қуатты шоғырлары болады. Қатты таңдайдың құрылымындағы бұл ерекшелік шырышты қабықшаның сүйекпен тығыз бірігіп кеткен жерлерінде (жапсар маңы, қызылиекке ұласар тұсы) айқын білінеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы мен сүйек қабығының арасындағы басқа жерлерде май тінінің жұқа қабаты орналасқан, бұл ауыз қуысының басқа бөліктерінің шырыш асты негізінің орналасуына сәйкес келеді. Қатты таңдайдың ортаңғы бөліктеріндегі шырышты қабықша мен сүйек қабығының арасында таңдайдың шырышты сілекей бездерінің тобы орын тебеді. Таңдай сілекей бездері құрылысы бойынша альвеолярлық-түтікшелі, тармақталған болады.
Жұмсақ таңдай мен тілшік шырышты қабықшамен жабылған сіңірлі – бұлшықетті тіректен тұрады. Жұмсақ таңдай мен тілшікте ауыз-жұтқыншақтық (алдыңғы) және мұрын-жұтқыншақтық (артқы) бөліктерін ажыратады. Олардың арасындағы гистологиялық шекара ұрықтар мен нәрестелерде жұмсақ таңдай мен тілшіктің имектерінде шамамен шырышты қабықшаның ауыз үстінен мұрынға иілу сызығы бойынша өтеді. Ересек адамдарда бұл шекара артқы (мұрындық) бетке ығысады да, бүкіл тілшік ауыз қуысына тән шырышты қабықшамен астарланады.
Жұмсақ таңдай мен тілшіктің ауызғы бетінің шырышты қабықшасы көпқабатты жазық мүйізденген эпителиймен көмкерілген. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге тереңдей енетін ұзын жіңішке бүртіктерді түзейді. Меншікті табақшаның тереңінде эластикалық талшықтардың жақсы жетілген аймағы болады. Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы жоқ. Одан әрі майлы элементтерге және шырышты сілекей бездеріне бай борпылдақ талшықты дәнекер тіннен құралған шырыш асты негіз жақсы білінеді. Бездердің шығарушы өзектері жұмсақ таңдай мен тілшіктің ауыз қуысына қараған бетіне ашылады. Бездердің жиынтығы тілшіктің ішкі бұлшықетті қабатында да аңғарылады. Тілшіктің негізін құрайтын көлденең-жолақты бұлшық ет тініне бірқатар ерекшеліктер тән. Оның бұлшықеті тарамдалады да, өзара анастомоздар құрады.
Жұмсақ таңдайдың мұрын қуысына қараған бетінің шырышты қабықшасы көпқатарлы кірпікшелі эпителиймен жабылған. Эпителийдің құрамында бокал тәрізді жасушалар бар. Бұл жердегі шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктері жоқ және ол эпителийден айқын көрінетін базальды мембрана арқылы бөлінеді. Эпителийдің үстіңгі бетіне ұсақ шырышты сілекей бездерінің шығару өзектері ашылады. Меншікті табақшаның астында эластикалық талшықтардың қабаты болады. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы мен шырыш асты негіз болмайды. Таңдайдың ауыз қуысына қараған бетінің шырышты қабықшасының мұрын қуысына қараған бетке өтер тұсында эпителий әуелі көпқабатты текшелі, содан соң көпқатарлы жыбырлағыш болады.