ҚЫЗЫЛИЕК

ҚЫЗЫЛИЕК

Қызылиектің екі бөлімін ажыратады. Олар вестибулярлық — ауыз қуысының кіреберісіне қараған және ауыз қуысының өзіне қараған – оральдық деп аталады.
Қызылиектің өзін үшке бөледі:
• Бекітілген бөлігі – ол сүйек қабығымен тығыз бірігіп кетеді.
• Аздаған аймақты алып жататын бос бөлігі – бұл бөлік тістің бетіне түйісе орналасып, одан айналмалы қуыс – қызылиек қалтасы немесе қызылиек жырасы арқылы оқшауланады.
• Тісаралық бүртікшелер – қызылиектің тістер арасындағы үшбұрышты аймақтары.
Қызылиек шырышты қабықшамен жабылған. Шырышты қабықшаның кей жері мүйізденетін көпқабатты жазық эпителиймен көмкерілген. Вестибулярлық бөліктің мүйіздену деңгейі жоғарырақ болады. Қызылиек қалтасы аймағындағы эпителий мүйізденбейді және тістің кутикуласымен бірігіп кетеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасын борпылдақ талшықты дәнекер тін түзейді. Тіннің құрамында әр түрлі бағытта орналасқан коллаген талшықтарының жуан шоғырлары болады, ол сүйектің қабығының құрамына ұласады. Меншікті табақша эпителийге тереңдей енетін ұзын бүртіктерді құрайды. Бүртіктер қызылиектің тістерге тікелей жапсарлас орналасқан бөлігінде қысқарады. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының дәнекер тінінің кей жерінде тіндік базофильдердің үлкен жиынтықтары болады. Табақшаның негізгі затына метахромазиялық қасиет тән, өйткені оның құрамында гликозаминогликандардың мөлшері мол болады. Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы болмайды. Қызылиек жақсы жүйкеленген. Эпителийде – бос жүйке ұштары, ал шырышты қабықшаның меншікті табақшасында – тұйықталған (капсуламен қапталған) және тұйықталмаған (капсуламен қапталмаған) нерв ұштары орналасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *