ЕРІН
Еріннің үш бөлігін ажыратады: терілік, аралық және шырышты (3 сурет). Еріннің негізін көлденең-жолақты бұлшық еттер құрайды.
Еріннің терілік бөлімін сыртынан базальды мембрананың үстіне орныққан көпқабатты жазық мүйізденетін эпителий қаптап тұрады. Эпителийдің астында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің қабаты орналасқан. Дәнекер тін эпителийдің ішіне кіре орналасқан биік бүртіктерді түзейді. Бұл аймақтың құрылысы теріні еске салады, оның дәнекер тінінің құрамында май, тер бездері және түкті шаштар анықталады.
Еріннің аралық бөлігі өз кезегінде екі аймаққа бөлінеді. Ол аймақтар сыртқы және ішкі немесе тегіс және бүрлі деп аталады. Сыртқы аймақта эпителий тіні көпқабатты мүйізденген, терілік бөліммен салыстырғанда жұқарақ және мөлдір болады. Түкті шаштар мен тер бездері жойылады, май бездері сақталынады. Бездердің басым бөлігі үстіңгі ерінде орналасып, көбінесе ауыз бұрышы (езу) маңында шоғырланады. Эпителийдің астында орналасқан дәнекер тін қабатының бүртіктері терілік бөлімдегі бүртіктерден аласа болып келеді. Жаңа туған нәрестелердің ерінінің ішкі жағы эпителиалдық бүртіктермен қапталған, оларды кейде бүрлер деп те атайды. Бұл бүртіктер бала есейген сайын бірте-бірте тегістеледі түсіп, жойылады. Ересек адамда еріннің аралық бөлігінің ішкі аймағының эпителийі сыртқы аймақтағыға қарағанда үш-төрт есе қалыңырақ болады және мүйізденбейтін эпителиймен қапталады. Ішкі қабатта, әдетте, май бездері болмайды. Эпителийдің астындағы талшықты дәнекер тін жоғарғы қабатқа кіре орналасып биік бүртіктерді құрайды. Олардың құрамында көптеген қан капиллярлары анықталады. Мөлдір де жұқа эпителийден көрініп тұрған қан еріннің бұл аймағына қызыл түс беріп тұрады. Сондықтан бұл аймақты еріннің қызыл жиегі деп те атайды. Сонымен қатар бүртіктерде жүйкелік аяқтамалар мол болып, еріннің қызыл жиегіне жоғары сезімталдық қасиет береді.
3 сурет. Бала ерінінің сагиттальды кесіндісі. (В.Г.Елисеев, Ю.И.Афанасьев, Е.Ф.Котовский бойынша)
І – терілік бөлімі
ІІ – аралық бөлімі
ІІІ – шырышты бөлімі
1 – көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителий
2 – шырышты қабықшаның меншікті табақшасы
3 – шырыш асты негіз
3а — сілекей бездері
4 – қаңқалық бұлшықет тіні
Еріннің шырышты бөлігі көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған. Бірақ, эпителийдің жоғарғы қабатының жасушаларында аздаған кератин түйіршіктерін көруге болады. Эпителий бұл жерде еріннің басқа аймақтарына қарағанда қалыңырақ. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы аласа бүртіктерді құрайды. Бұл жерде шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы жоқ, сондықтан меншікті табақша еріннің шырыш асты негізіне ұласады. Екеуінің арасында айқын шекара байқалмайды. Шырыш асты негізде еріннің сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері орналасады. Олардың көлемдері әртүрлі болады, ең үлкендері бұршақ дәнінің мөлшеріне дейін жетеді. Құрылымы жағынан олар альвеолярлық-түтікшелі болып келеді. Өндірілген өнімінің сипаты бойынша олар шырышты-белокты бездерге жатады. Шығару өзегі еріннің үстіне ашылып, көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған.
Шырыш асты негіз көлденең-жолақты бұлшықетіне жалғасады. Шырышты бөліктің шырыш асты негізінде артериялар және еріннің қызыл етіне де таралатын кең веналық өрім орналасады.