60, 70-жылдардағы публицистика
1961 жылы шыққан қаламгер Нығымет Ғабдулиннің “Өмір күйі” очерктер жинағында публицистің тақырып сан алуандығына зор мән бергендігін аңғарар едік. Мұнда шахтер өмірі де (“Оның өмір жолы”), қойшы тіршілігі де (“Шәмшинур”, “Арамза қозы”), шофер күйі де (“Өмір күйі”), құрылысшы жұмысы да (“Құрылысшының әңгімесі”), кеншілер келбеті де (“Кеншілер”), комбайншы, тракторшы, бақташы, оқытушы, колхоз басшысы (“Комбайншылар”, “Омар атайдың немересі”, “Бақташының баласы”, “Клавдия Максимовна”, “Жаңа председатель”) бейнелері шынайы өрнектеледі. Публицист қай тақырыпқа қалам тербесе де, оқиғаның өз ішінде жүреді, кейіпкермен кездеседі. Ол адам табиғатын зерттеп барып жазуға төселген. Жалпы публицистиканың басты мақсат-міндетінің бірі – адамды тану болса, Н.Ғабдуллин шығармалары замандас бейнесін жасаудың нағыз үлгілерінің өзі.
“Жылдар сырғып өтіп жатады, өмірде өзгерістер, жаңалықтар болып жатады… Егер барлап қарар болсаң, сол сырғанап өтіп жатқан әр жылдың өшпес шежіресі бар; қабындап туып жатқан, өріс алған өзгерістердің, сан-сала жаңалықтардың жыр болып төгілгендей, күй болып шертілердей ғажайып сырлары бар. Сондықтан да, өскендіктің, жетілгендіктің бүгінгі айғақтарын көріп қуана отырып, сол өрлеп-өркендеу жолының шежіресін, әр өткелінің тарихын білуге ынтығамыз. Бұл шежіре – тарихтан аталарымыз бен бабаларымыздың, ел сүйген абзал ардагерлердің ісін көреміз, ақыл сөзін тыңдаймыз. Өткен шежірені білуге біздің жұрт сондықтан да құштар” [256, 67 б.], – деген автор ойында көп мағына бар. Өмірдегі адамдармен жүздескенде, олар небір тарихи оқиғаларды әңгімелейді. Тура сол сырларды қағаз бетіне түсіріп, очерк, публицистиканың ішіне сыналап енгізіп отырса, шығарма шырайы ене түсетіндігін Н.Ғабдуллин жазбаларынан айқын көруге болады. Публицистика – дәуір үні, шындық шежіресі, – дейтін болсақ, Н.Ғабдуллиннің очерктері сол кезеңнің шындық шежіресін, сол замандағы адамдар характерін, іс-әрекетін, мақсат-мүддесін түп-түгел көз алдымызға әкеледі.
1964 жылы Қазақ мемлекет баспасынан Зейнолла Қабдоловтың “Адам” атты публицистикалық шығармалар томтамасы жарық көрді. Кітап тұтасымен Адамтануға арналған.
Автор өз толғанысын: “…Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек, ғұмыр кешпек, ал осынау бір-ақ рет берілер өмірде Адам болудан асқан бақыт бар ма?…
…Содан соң, Адам қандай шебер, қандай зергер десеңізші: Египет пирамидасы, Вавилон бағы, Зевс статуясы, Галикарнас мавзолейі, Артемида храмы, Александрия маягі, Рим коллизейі… Жер бетіндегі жеті ғажайып түп-түгел Адам қолымен жасалған…”[257, 3 б.] – деп бастайды. “Жамал” очеркіндегі Жамал – бір ғана мұнай қаласындағы оператор әйелдің ғана емес, соғыс тауқыметін бастан кешкен, ерлер үшін еңбек майданына бел шешіп кіріскен, ауыр жылдардың ауыртпалығын ақылымен жеңген, алыс Мәскеуге білім алуға барған қазақ әйелдерінің типтік бейнесі дәрежесіне көтерілген. “Менің елім” публицистикалық мақаласы ерекше екпінмен, асқақ оптимистік сарынмен, ақ өлеңмен, бір леппен жазылған. Мұнда: “Жасыл шүйгін кең жайлау, асау өзен, асқар тау, кербез орман, көркем бел, лебі жұпар ерке жел…
Аспаны бар ашық, таза, көк мөлдір, көлдері бар көз жасындай мөп-мөлдір… Бәрінен де жаны таза, бәрінен де сыры мөлдір ұл өсірген, қыз өсірген туған жер…” [257, 47 б.] – Қазақстан бейнесі жасалады. Кестелі сөзбен жібектей өрілген көркем суреттер жазушы қаламынан лықсып төгіледі. Темірлі, көмірлі Қарағанды, мұнайлы Гурьев, қорғасынды Шымкент, қолалы Павлодар, рудалы Өскемен, кенді Кентау мен Теміртау түгел қосылады Қазақстан әуеніне.
Жалпы 50, 60-жылдары публицистика ағыл-тегіл өлеңдей жазылатын, патетикалық пафос та, еркін толғау, шабытты шалқу да бар сөзге айналды. Сөз болғанда да қазақ тілінің бүкіл бояу-айшығын, мақам, екпінін, әуез, сымбатын бойына тоғыстырған асыл сөз. Соның бір мысалы – З.Қабдоловтың “Май сұлу” публицистикалық шалқымасы.
“Бүгін менің қарындасым – қарақат көз қарлығашым ерте тұрды, таңғы тәтті ұйқысынан оянды; терезеден баяу еніп, үнсіз келіп шашын сипап, ай маңдайын аймалаған, бетін өпкен майда лептен оянды. Қасын керді, қара көзін мөлдіретті, сылаң тұрды, қылаң ұрды күлімдей; жібек ернін үлбіретті қызғалдақтай – қырдың қызыл гүліндей назбен басты, терезесін баппен ашты… ой-хай шіркін, құшақтасты қос ару… Рас айтам, қараңдаршы табиғатты: ойды-қырды, күнді–нұрды, алуан сырлы үнді-жырды тамылжытқан сан бұлбұлды… неткен ғажап – Май сұлу!..
…Мен де келдім қарындастың қасына, Май сұлуды тамашалап ұзақ тұрдым терезеге асыла… Ғажап екен айнала: таңмен бірге тамылжыған әнші құстар үніне жасыл бақты кербез қала мажыра боп, тербеледі жай ғана. Осынау бір әсемдікті көргенде бұлбұл сайрап қоя берді менің-дағы кеудемде; қуанышым қайда сияр? – білмедім; жас баладай ойнақтадым, үлгіргем жоқ ойлап бәрін, – Қарындасым, жүр!- дедім…” [257, 51-52 бб.] – міне бұл бейбіт өмірдің жыры, тыныш тіршіліктің кейпі, бақытты ұрпақтың сөзі, асқақ сезімнің күйі, әсем табиғат әні. Публицистикадағы сөз образы деген – осы. Бұл жаны ақын, жаратылысы бөлек қаламгердің тебіренісі. Бұл дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсы. Кешегі Жүсіпбек Аймауытов, Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов тебіреністерінің ұшқыны бар, жаңа заманның жалыны және бар. Дәл осындай шалқымалар негізінде қазақ публицистикасының көркемдік қуаты арта түсті. Мұндай жүрекжарды сөз образына құрылған публицистикалық толғаулар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков шығармаларынан да кездеседі.
Ғафу Қайырбеков публицистикасы жанрлық жағынан екі түрлі: мақала және очерк. Автор шығармаларында осы екі жанрға тән талап түгел сақталған. Ғ.Қайырбеков публицистикасы өзіндік ерекше композициялық құрылымымен ерекшеленеді. Алдымен автор шығарма тақырыбын тауып қояды: “Дән сабағы – ән сабағы”, “Қарақазан Қарсақпай”, “Ер мен Есіл”, “Ақтеректер аясында”, “Құтты жыл құшағында”, т.б.
Ғафу “Қарқаралы басында” атты көлемді очеркінде еңбек адамдарының бейнесін жасайды. Ақын өз ісіне шын берілген қарапайым жандарды көргенде, дегбірінен айырылған тұлпардай өлең тілмен сөйлейді, поэтикалық шарықтауға, шалқуға ерік береді. Бір кездері орыс сыншысы В.Г.Белинский: “повестің төменгі және жеңілдеу түрі болып саналатын әңгіменің үстіне енді қоғам тұрмысының түрлі жақтарын сипаттайтын физиологиялық очерктер берік орнықты” [258, 160 б.], – деп жазған болатын. Бұл адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқын қабыстыра бейнелеу негізінде жантануға ұмтылыстан туған очерк түрі еді. Ғ.Қайырбековтің әлгі шығармасында осы қасиет көрініс тапқан. Оттай лаулап, жалындай жанып ой төгеді. “Алдымызда еңбегі жанған, арқасы кеңіген кең кеудесімен жақсы тыныстаған ел тұрды…
…Жарылқаушы, бәрін жаңартушы бір құдірет бардай. Ол құдірет – еңбек. Қуанатыны сол – сол құдірет өздерінің қолдарында. Оны ешкім тартып әкетпейді. Ол – мәңгі, ол – тұрақты. Оған сенеді. Бақытқа, бақыттылыққа деген сенімді көрдім осы адамдардан” [259, 22 б.] – деп шабыттана толғанады.
Ғ.Қайырбеков очерктерінің тағы бір ерекшелігі – ол ел, ауыл тұрмысындағы өзекті проблемаларды батыл ашады. Өрелі азамат Ақеділ ойлары арқылы қарапайым жандардың төңірегіндегі сырларды ашуға тырысады: “Осында біздің Бораш Қарқаралыға бір барып, “Батырлар жырын” алып келген. Жабылып оқып, оның да сау-тамтығы қалмай бара жатқан соң, сандыққа салдырып қойдым. Анда-сана оқуға жарасын деп” [259, 32 б.]. Ақеділ толғаған тағы бір ащы шындық бар. Ол – сауда орындарынан малшыларға арнап пима әкелуді өтінеді. Араға айлар салып, сол өтініш орындалады. Бірақ өкінішке орай автодүкен әкелген қысқы аяқ киімнің размері бірыңғай жиырма сегізінші болып шығады. Көпті көрген Әбсаттар ақсақал кино мен артистердің мүлде келмейтінін тілге тиек етеді. Осының бәрін кейіпкерлердің өз аузына сала отырып, публицист малды ауылдарға мәдени-тұрмыстық жағынан көмек керек деген түйінге келеді.
Ғ.Қайырбековтің тағы бір очеркі “Аққұм сапарында” деп аталады. Автордың шұрайлы тілі, табиғатты шебер суреттейтін қабілеті – мұнда да көрініс табады. Жаңадан салынған Алтыбай бөгеті мен ақ шаңқан шатырлы шопан үйлерін Торғай даласындағы соны өзгерістер ретінде бағалайды. “Бұл жаңалықтар халықтың еңсесін көтеріп жіберді, өмірге де, еңбекке де ерекше көзбен қарауға, жаңа сезім, құлшынуға себепкер болды” [259, 80 б.], – деп ішкі қуаныш толқынын жасыра алмайды. Автор адам мен табиғатты етене жақындастыра суреттейді. Кейіпкер Биағаң: “Жүзген, ұрғашы көде, изен, ебелек, майшағыр, селеу, бидайық дегендер – белгілі шөптер – олардың бәрі бар” [259, 80 б.], – дей келіп, осы өңірде өсетін тарлау, жапырақшайыр сияқты өзгеше шөптерді таныстыра кетеді. Сол арқылы Аққұм өңірінің табиғатын сүйсіне жеткізеді. “Биікте көз ашқан жұлдыз”, “Құлпырып аунаған қуаныш толқыны”, “Сары балды пышақпен тіліп қойғандай тіп-тік егін жұртында құшақ-құшақ алтын толқындар”, “Жаңа жауған жұқа қар ескі қардың жыртықтарын жамады да ақ жібекпен тегістейді жер бетін” сияқты теңеулер мен эпитеттерге толы тіркестер Ғафу публицистикасының көркемдік деңгейінің жоғарылығын айғақтайды.
60, 70-ші жылдардағы қазақ публицистикасы шұрайлы тілмен көркейе түсті. Бұл әсіресе сол кездері мол жазылған публицистикалық лепті мақалалар мен көркем очерктерде көрініс тапты. Осы кезең туралы сөз еткенде, профессор С.Қирабаев: “Қазақтың көркем әңгімелерімен жалғас, көсемсөз, очерк, ой толғанысы, өмірді бейнелі жолмен тануға ұмтылған публицистика да бұл дәуірде едәуір өркендеді. Бұған Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, С.Бақбергенов, Ә.Нұршайықов, Ә.Шәріпов, т.б. қатысты. Республика еңбккерлерінің өмірінен Ә.Нұрпейісовтің “Ақбидай туралы аңыз” (1965), Ж.Ысмағұловтың “Адам мерейі” (1968) атты очерктер кітаптары жарияланды. Ә.Әлімжановтың орыс тілінде шыққан “Ғасырлар мен континенттерден асып” (1973), Ә.Шәріповтің “Алыс жағалаулар” атты кітаптары олардың шетел сапарларынан алған әсеріне құрылды” [260, 166 б.]. Сол жылдарда жарық көрген Кәкімжан Қазыбаевтың “Рейхстагқа ту тіккен жігіт”, Әнуар Әлімжановтың “Диқан туралы аңыз”, Сырбай Мәуленовтің “Шыңдағы шұғыла”, “Диқан мерейі”, Ұзақ Бағаевтың “Жаңа арна”, Жұмағали Ысмағұловтың “Адам мерейі”, “Астана, алтын үзік ақ отаулар”, “Өркенді қала – Өскемен”, Нұрғазы Шәкеевтің “Менің таныстарым” очерктерінің көркемдік, түрлік, композициялық, тілдік тұрғыдан қазақ публицистикасының дамуындағы жаңа парақтарды ашқандығын айту абзал. Профессор Т.Амандосов өзінің “Қазіргі қазақ публицистикасы” атты зерттеуінде Кеңестік кезең публицистикасына, әсіресе А.Елшібеков, Ұ.Бағаев, К.Қазыбаев, Ә.Әлімжанов шығармаларына жан-жақты тоқталды. Қазақ публицистикасының жанрлық жіктелісін де егжейлі-тегжейлі қарастырды. Сондықтан да біз өз ізденістерімізде профессор Т.Амандосов тоқталмаған, кейбір қағаберіс қалған мәселелерге назар аудардық. Ал жалпы қазақ публицистикасының даму жолдарын қарастырып отырғандықтан, кеңестік дәуірдегі публицистиканы айналып өту мүмкін еместігі де түсінікті жайт.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында халқымыз Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтарынан, сталиндік әкімшілік-әміршілдік жүйе кесапаттарынан арыла бастады, саяси дамуда “жылылық шақ” туғаны белгілі. Бұл уақытта адамзат тарихында тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігіне ұшты, көптеген жаңа қалалар бой көтерді, зауыт-фабрикалар іске қосылды. Тың жерлерді игерудің алғашқы жемістері көрініс тапты. Осындай дүбірлі оқиғалардың шежіресі баспасөз бетінде жазылды. Әсіресе “Лениншіл жас” газетіндегі очерктер мен проблемалық мақалалардан жалпы қазақ публицистикасының даму белестерін айқын аңғаруға болады. 50-ші жылдары Абай Бейсенбаев, Әбдісаттар Бөлдекбаев редактор болған жылдары “Лениншіл жас” қазақтың талантты қаламгерлерінің ұстаханасына айнала бастады. Дәл осы жылдары Хайдолла Тілемісов, Баянжан Мәдиев, Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов, Төлеужан Исмайылов, Әбілфайыз Ыдырысов, Әбіқұл Ибрагимов, Зәкір Асабаев сияқты бір шоғыр публицистер келді. Олар газет публицистикасын жаңа биікке көтерді. Қазақ елінің әрбір күні, әрбір нәтижелі ісі тасқа басылып қатталып, тарих парағына жазылып жатты. 60-шы жылдары “Лениншіл жасқа” редактор болып келген Шерхан Мұртаза тұтас бір талантты қаламгерлер мектебін қалыптастырды. Газетте батыл сөйлейтін, өткір ойлар айтатын кез – дәл осы тұс. Академик С.Қирабаевтың 1957-1967 жылдар аралығын “Кеңестік қазақ әдебиетінің жаңғыру кезеңі” деп атауы да тегін емес шығар [260, 170 б.]. Кейінгі жылдардағы бір мақаласында Шерхан Мұртаза кеңестік идеологияның таптаурын қалыбын бұзған сол бір жылдар туралы былайша еске алады: “Бұл кезеңде газет қысымға қарамай, ұлттық мәдениет, ұлттық сана, ата дәстүр, ана тіл мәселелерін көп көтерді. Советтік дәуір қалжыратқан ұлттық нышандарды сәл де болса тірілту керек болды.
Дәл қазір, міне, ХХІ ғасырда да осы өзекті мәселелер өртеніп, тіл туралы дау көкпарға түсіп жатқанда, сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қатал цензура, тұмсыққа тұмылдырық киіп сөйлейтін заманды көзіңізге елесетете беріңіз. “Лениншіл жас” сол қыспақтың құрсауында жүріп те ұлт мәселесін айрықша көтерді. Бұл газеттің ерлігі еді.
Елуінші жылдардың орта тұсы мен алпысыншы жылдардың бас кезіне дейін бұл газеттің ауыр жүгін арқалаған алдыңғы буын басқа редакцияларға ауысты. Кәкімжан Қазыбаев “Жетісу” газетіне, Хайдолла Тілемісов радиоға… Әбілфайыз Ыдырысов журналистер дайындайтын ұстаз болды…
…Газетке шығыстағы Алтайдан Оралхан Бөкей келді. Батыстағы Атыраудан Фариза Оңғарсынова келді. Арқаның Ақселеуі қызметке алынды. Оңтүстіктен Қалдарбек Найманбаев, Мұхтар Шаханов…
Кілең тепсе темір үзетін жас дәурен. Кәрібай Ахметбеков, Оразбек Сәрсенбаев, Қадірбек Сегізбаев, Серік Әбдірайымов, Жүсіп Қыдыров… Сағат Әшімбаев… Қуанышбай Құрманғалиев… Жарасқан Әбдірашев…
Бұлар тек журналист қана емес, тұтас бір әдеби қауым.
Осылардың ұйытқысы болып, әдебиет – өнер бөлімін басқарып маңғыстаулық Әбіш Кекілбаев отырды…” [261, 141 б.]. Бұған Әнес Сарай мен Бексұлтан Нұржекеевті, Бекен Әбдіразақовты, Бек Тоғысбаевты қосыңыз. 60-шы жылдардағы қазақ публицистикасының барар жағалауы мен көрер көкжие-гінің ауқымы осы аталған қаламгерлер шығармашылығымен өлшенеді.
“Лениншіл жаста” шығармашылық ортаны қалыптасты-рудағы басты ұйытқы – редактор Шерхан Мұртазаның өзі болды. Сол кезде суреткердің еркін көсілуіне, өз қарым-қабілетін байқатуға ыңғайлы жанр – очерк болды. Публицист Шерхан Мұртаза очеркті өзгеше жазудың түрлі формасын көрсете білді. Композициялық ізденістерге барды. Бұрын-соңды кездеспеген жаңаша бастау, өзгеше оқиға өрбіту, тың тақырыпты қою, соны соқпақтар іздеу талаптарын редактор Шерхан өзіне де, өзін қоршаған басқа қаламгерлерге де қоя білді.
“Төсек тартып жатып та асқан табандылықпен, зор мақсатпен жұмыс істей берген Николай Островскийден бір шетел тілшісі: “Мұншама ерлік іс үшін рухани күшті қайдан аласыз?” – деп сұрағанда, жауынгер жазушы: “Көптің ісі үшін күрес жолындағы қиыншылықтың бәрін жеңуге күш береді”, – деп жауап қатқан” /ЛЖ. 1961, 11 январь/ Ш.Мұртазаевтың 60-шы жылдардағы “Қияға самғар қанат” атты очеркі осылай басталады. Газеттің бір бетін алған бұл топтама очеркте трактор жүргізуші, механизатор, болат балқытушы, зоотехник сияқты әр алуан мамандық иелерінің еңбек үстіндегі бейнелері сенімді суреттеледі. Оқиға сюжеті оқырманды қызықтырып, өзіне тартып отырады. Бір ғана Еламан бейнесін сомдауда, автор кейіпкердің ішкі ой-толғанысына ерік бере отырып, болат балқытушының ішкі жан-дүниесін қарапайым тілмен шебер жеткізеді.
Шерханның “Ұзақ түндегі қысқа ұйқы”, “Шахтер үні”, “Ел сенімі – ерге серт”, “Жауқазын”, “Қаздар қайтқанда” очерктерінен байқаған өзгешеліктер – бас-аяғы жұп-жұмыр оқиғалар желісіне құрылуы, қысқалық пен дәлдік. Оның очерк жазудағы тағы бір қыры – шығарманың тың композициялық формасын таба білетіндігі. “Бұлттар көшіп барады” очеркі /ЛЖ. 1960, 17 июнь/, “Династияның тууы”, “Инсаровтың ұрпағы”, “Өзін-өзі жеңген адам”, “Кран үстіндегі қыран”, “Жарыс бақталастық емес”, “Арманда шек жоқ екен”, “Отан оттан ыстық”, “Нэлла”, “Тас қақыратқан күш”, “Болат буын”, “Бұлттар көшіп барады” деген бірнеше тақырыпшаларға бөлінген. Олардың әрқайсысында Теміртау қаласындағы зауытта жұмыс істейтін, әр түрлі ұлт өкілдері Дәку Әбдиев, Николай Бенинский, Рахима, Михаил Булыгин, Назар Шалқаров, Бекен Дүйсебаев, Хасен Дүйсебаев, Нэлли, Владимир Конев, Еламан Байғазиев сынды кейіпкерлер бейнесі сомдалады.
Ш.Мұртазаевтың Араб елдеріне барған сапарынан жазған жолсапар очерктерінен де жаңалық лебін сеземіз. Бұрын-соңды қазақ публциситикасындағы жолжазбаларда көрген-білген оқиғалар автордың өз атынан баяндалатын. Ал “Сфинкс сөйлейді”, “Ніл сөйлейді” деген жолсапар очерктерінде Ш.Мұртазаев басқаша тәсіл қолданады. Ол араб еліндегі өзгерістер мен жаңалықтарды бірде көне ескерткіштердің қырағы кұзетшісі Сфинкс атынан әңгімелесе, енді бірде: “Мен – Нілмін! Мен Египеттің анасы боламын. Менің басым екі тарау, аяғым тоқсан тарау. Мен Ніл болам!” /ЛЖ. 1969, 5 август/ – деп Африканың ұлы өзені – Ніл атынан сөз алады. Бұл да публицистің ешкімге ұқсамауға тырысатын тапқырлығы мен ұтқырлығының көрінісі бола алады.
“…Оны көпшілік біледі екен. Мен де сол жігітті әдейілеп іздеп барғам-ды. Енді міне Василий Жихаров алдымда отыр. Үрпек шаш, орта бойлы қарулы жігіттің әңгімесі, ұзақ шежіресі үйіріп әкетеді. Қызық.” /ЛЖ. 1961, 20 февраль/ – деп, оқырманды оқуға тарта отырып бастайды өз очеркін қабырғалы қаламгер Қалдарбек Найманбаев. Очерктің тақырыбы да тартымды – “Жүрек сыр шертеді” деп аталады. Бұл очерктің де өзіндік ерекшелігі бар. Кейіпкердің негізгі мамандығы тракторшы бола тұра, автор оны палуандық тұрпаты тұрғысынан таныстырады. Қарапайым тракторшы жігіт палуандықтың қыр-сырын әбден меңгеріп, өз замандастарын жаттықтыруға қатыстырып, әсіресе, мектеп оқушыларына бапкер болады. Алқаптағы ауыр жұмыстан кейінгі бос уақытында ерінбей, жалықпай әрбір шәкіртінің шеберлігін шыңдайды. Көп қиындықтарды жеңе отырып, мектептегі күрес залын ашуға қол жеткізеді. Осының бәрін автор өз атынан баяндамайды. Кейіпкердің өзі жазған күнделігін рет-ретімен оқырманға таныстыра отырып, ой сабақтайды. Кейіпкер бейнесін оның өз күнделігі арқылы ашу – бұл да шығарма шырайын енгізетін, очерк композициясын құлпыртудың шебер қиюласқан түрі екеніне көз жеткіздік.
Сөйтіп бас редактор Ш.Мұртазаев, бас редактордың орынбасары Қ.Найманбаев болып ел ішінен өмірі өнеге боларлық қаһарманды іздеп тауып, елді елең еткізетін тың да тосын тақырыптарға баруға жол ашты. Бір ғана мысал: 1963 жылғы 23-майдағы газет санында автор Амантай Сағындықов “Суарылған болаттай” деген материалында: “Біз бірінші домна пешінің алып құрылысына кіргенде Нұрсұлтан мың градустық қызуға балқыған шойынды отша көсеп жатыр екен…” /ЛЖ. 1963, 23 май/, – деп жазыпты… Бұл – бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы жазылған алғашқы очерктердің бірі болатын.
“Лениншіл жасқа” 1967 жылы келген Оралхан Бөкеев өзінің алғашқы очерктерімен бөлек тыныс ала келді. Ол туралы Ш.Мұртаза кейінгі бір естелігінде: “Өзім басқаратын газетте оқта-текте “О.Бөкеев” деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аудардым… “О.Бөкеев” деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым.
Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінезі бар.
Бірақ автордың өзін елестете алмадым.
…Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман (редактордың орынбасары Т.Жанұзақов – Б.Ж.) кабинетке бір жап-жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып: – Мынау өзің айтқан… – дей бергенде,
– Айтпай-ақ қой таныдым, – деппін.
Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен.
Мен қашан:
– Отыр,- дегенше кекірейіп тұрды да қойды” [261, 45-46 бб.], – деп жазды. “Лениншіл жастың” 70-ші жылдардағы белсенді журналистері Жанат Елшібеков пен Жақау Дәуренбеков өздерінің сыр-сұхбатында: “Бізден сәл бұрын редакторымыз Шерағаңның –Шерхан Мұртазаевтың сонау Алтайдан Оралхан Бөкеевтің өзіндік қолтаңбасын жалғыз көркем очеркінен-ақ жазбай танығанын, сөйтіп оны аппаратқа, қызметке шақырып алғанынан хабардар едік” [262, 166 б.], – деп еске алады. Сөйтіп ағалары да, інілері де тамсанып ойға алатын Оралхан Бөкеев қазақ публицистикасының дамуына да бір серпіліс әкелді. Бұл оның очерктері мен мақалаларынан көзге ұрып тұр.
Басылымның 1967 жылғы бір нөмірінде Оралханның “Рахмет, Жүке!” атты диқаншы Жүнісбек Аусарбаев жайлы портреттік очеркі жарық көрді. Автор өз кейіпкерінің өмір жолын төрт кезеңге бөліп, өзгеше сюжеттік-композициялық құрылым түзеді.
“Он бес жас қайда,
Жарға ойнақтаған лақтай”, – деп, 15 жасында мектеп табалдырығын аттап, сауатын ашқанын айтады. “Қайда жүрсің жиырма бес, Тастан шыққан бұлақтай”, – деп, алғашқы махаббат оты көкірегінде оянып, отау құрып, қызықты өмір құшағына енген сәті суреттеледі. “Отыз келдің алыстан, Толықсыған сынаптай”, – деп, диқаншы, сушы болып күн-түн демей еңбектенгенін тілге тиек етсе, “Қырық астың кезеңнен, Суырған қыннан қылыштай” /ЛЖ. 1967, 28 январь/ – деп әрбір күнін еңбекпен өткеріп, жарының жағдайын жасап, балаларына қамқор әке атанып жүргендігімен оқырманды таныстырады. Очеркистің қазақ жыраулық поэзиясының қасиеттерін бойына сіңіргендігі бірден аңғарылады. Шығарманың басталуы, оқиғаның өрбуі қаншалықты соны болса, аяқталуы да соншалықты тосын.
“…Осынау өмірінің елеулі төрт кезеңін Жүнісбек Аусарбаев қазақтың ескі көз ақындары айтқанындай өткізді ме, әлде басқаша ма оны өздеріңіз бағдарларсыздар. Ал, мен алдыма келген әрбір нанды жер алдында “Рахмет, Жүке!” деймін” – очерк түйіні осылайша тұйықталады. Оралхан очерктеріне ой жеткізудің жүйелі мәнері, дәйектілік, астатөк стилі, сөздік қорының байлығы, тіл құнарлылығы тән. Бұл компоненттер оның әр шығармасынан айқын аңғарылады. “Сен не ойлайсың, осы?!” деген толғауы терең ойға құрылған публицистикалық очеркінде де бір өзгешелік бар. Ол өзгешелік – қаламгердің ішкі жан тебіренісімен, ой еркіндігімен, қиял кеңдігімен астасып жатқан ерекшелік.
“…Егер маған қайта ғұмыр беретін болса, сөз жоқ, осы өмірімді қайталар едім… … Мен замандастарымның бойынан әманда шын адамгершілікті іздеймін. Құдай-ау, менің құрбы-құрдастарым ойсыз болмаса екен деп тілеймін. Егер мен замандастарымнан интервью алсам, бәріне ортақ бір-ақ сауал қояр едім. Ол – “Сен не ойлайсың, осы?!” /ЛЖ. 1969, 14 ноябрь/ – қаламгер ойлары осылайша еркін төгіледі. Автор тетелес нағашысы Ұлықбек, бауыр ағайыны Жеңісхан туралы, олардың ауылдағы тұрмыс-тіршілігі жайлы ойларымен бөліседі. Олардың бейнелерін ішкі жан-дүниенің жабырқауы, жүрек лүпілі, көңіл күйініші, сезім сергелдеңі арқылы көрсетеді.
“Із екеу еді” очеркі /ЛЖ. 1966, 24 декабрь/ де өзгеше өріс іздеген туынды. Мәлік атты зоотехник жігіттің бойындағы қайсарлық пен төзімділік қасиеттер арқылы көпшілікті тәрбиелейді. Ойлануға мәжбүр етеді. Мәліктің боранды күні малды аман алып қалуы, өзінің сүйген қызын төзімділікпен алты жыл күтуі, елдің қаңқу сөзіне құлақ аспауы сияқты деталь, штрихтар, тіпті кейде ағысқа қарсы жүзген жанның өр, тәкаппар мінезін көрсететін тұтас эпизодтар арқылы жаңа адамның, ойлы адамның типтік бейнесін жасайды.
“Ол мынау, кереметіңнен айналайын, табиғаттың аясында жүріп, балалық шағында жете алмай жетімсіреп жүрген жүдеу өмірін есіне жалқы сәт болса да алмай, әсте де қыдырған, не сахнаға шықпағанын сезді. Ол бойындағы творчестволық қуатының қайнар көзі табиғатта, табиғат–анада екенін жақсы білді. Ол күн сайын осылайша Қаракөзбен сырласып жүрді. Ол дегенімізді оқырман қауым сезіп отырған шығарсыздар. Ол Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген артист, Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының белді актрисасы Зәмзәгүл Шәріпова” /ЛЖ. 1969, 19 август/, – деп жазады тағы бір портреттік очеркінде. Очерк тақырыбы – “Менің пірім – Қаракөз”.
60-шы жылдары басталған осы үрдіс 70-ші жылдары жалғасын тапты. Оралхан шығармашылығының ішкі қуат по-тенциалы бұрынғыдан да ашыла түсті. Оның шығармашылығы тар қыспақты жарып, арна бұзған, бұғаудағы қазақ халқының еркіндікке құлаш ұрған жан дауысы еді. Ол енді шығуға болмайтын Кеңестік шеңбердің ауқымынан да асып кетті. Оны тіпті біреу байқап, біреу байқамай да қалды. Мысал – 1971 жылғы көктемге арналған мерекелік нөмірдегі Оралхан жазған “Наурыз” атты публицистикалық толғауы. Қазақ үшін наурыз – жыл басы екенін 300 мың оқырманға жайып салу, ата-бабаның ғасырлар бойғы салт-дәстүрін еске салу – ерлікпен пара-пар еді. “…Мен бүгін түс көрдім… ақ отаудан бес биенің сабасындай кербез кемпір шықты да, маған күле қарайды екен деймін, маған қарайды да, өзіне ымдап шақырады, шақырып алып қолымнан жетелеп киіз үйге кіргізеді, киіз үйдің дәл ортасындағы жер ошақта буы бұрқырап тайқазан көже қайнап жатыр; бұл, – дейді ақ бәйбіше, – бұл наурыз көже, бүгін Ұлы істің ұлы күні, бүгін Жаңа жыл…” /ЛЖ. 1971, 25 март/ – деп басталатын шалқымадағы автор пайымындағы ақ отау – Қазақстан бейнесі. Ол кезде атын да айтуға болмайтын наурыз көже – қаймана қазақтың ортаймайтын ырыс, құты. “…Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күнінде бәр-бәріңізді құшағыма қысып көктемгі мерекелеріңізбен, жаңа жылдарыңызбен құттықтасам да артық емес еді. Әттең құшақ жетпейді… Уа халайық! Ұлы істің ұлы күнінде Наурыз көжені көксегенім рас еді, әттең, қайнатып берер анам алыста. Уа, халайық менің қолымнан бір-ақ нәрсе келіп тұр, риза бол. Ұлы істің ұлы күні құтты болсын! Ақ көп, уайым жоқ болсын! Мұны айтып отырған тіпті де, осынау жолдардың иесі емес, жо-жоқ, бұл ақ тілектің авторы он алты мен жиырма бестің арасындағы қыз-жігіттер. Ал қағазға түсірген жиырма бестен асқан мен, О.Дәулетов” /ЛЖ. 1971, 25 март/ – деп аяқталады. Ол кезде, кеңестік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кезде, жалпақ жұртқа наурыз, наурыз көже, Ақ отау, Ұлы істің ұлы күні туралы айтудың өзі үлкен саяси қателік болып саналатын. Бірақ жастар газеті мен Бөкеевтің бұл батылдығы баспасөз бен публицистика тарихында алтын әріптермен жазылып тұруға керек. “О.Дәулетов” – Оралханның бүркеншік есімі. “Лениншіл жастың” 1972 жылғы бір нөмірінен “О.Садақбайұлы” деген атпен қазақ балет өнері, оның басты тұлғасы Болат Аюханов туралы жазылған “Аққулар аспанда емес” деген тамаша очеркті кездестірдік /ЛЖ. 1972, 21 июнь/. “О.Садақбайұлы” да – Оралханның бүркеншік фамилиясы екені көрініп тұр. Жазу стилінің өзі соны айғақтайды.
Жалпы, Оралхан – публицист өнер тақырыбына көп жазды, жай ғана хабарлау, баяндау сарынында емес, зерттеу, талдау, таразылау, болжау тәсілдерін қолдана отырып жазды. Оған сұхбаттың дөңгелек стол басындағы әңгіме пішінінде Сағат Әшімбаевпен бірігіп жазған “Театрға таныс бейтаныс лек келді” /ЛЖ. 1972, 6 май/, қазақ эстрадасының болашағы хақындағы “Жас өнерге – кең өріс” сұхбаты (С.Әшімбаевпен бірге) /ЛЖ. 1972, 13 май/, т.б. дәлел. Әсіресе Оралханның “Шара” атты портреттік очеркінің өзгеше композициялық құрылымынан жас публицистерге үйренер жайттар баршылық. Алдымен өнер туралы толғаныс, сосын қазақ би өнерінің іргетасын қалап, дамуына ат салысқан Шара Жиенқұлованың опера мен балеттегі, театр мен кинодағы рөлдері, шетелдік гастрольдері түгел баяндалады. Ең тосын жаңалығы: Алматыдағы Ташкентский көшесінің бойындағы өзі туған үйге барғандағы биші Шара бастан кешкен көңіл-күй иірімдерінің асқан табиғилығы. “Сонда оның көз алдына тұлымы желпілдеп, секіріп ойнап жүрген кішкентай қыз елестейді… Жаз жайлауға шыққанда бес-алты жасар ботакөз қыз қырдың қып-қызыл гүлін кешіп, мөп-мөлдір болып төңкеріліп тұрар аспанмен астасқан сонау… сонау көкжиекке зыр жүгіріп бара жатар. Кейде батуға айналған күнді жібермей ұстап қалам деп, алтын алауды қақ жарып кұн нұрымен жарысып ойнар. Қызыл толқынға шомылған қызғалдақтар үп етіп жел тұрса болды мың бұралып билеп алты жасар қызға иіліп сәлем берер. Сонда бүкіл дала, бүкіл тау ән салып билеп тұрар еді. Би дегеннен әлі хабары жоқ алты жасар қыз әлдебір тылсым күштің үйретуімен өз-өзінен билеп, енді мәңгі-бақиға қайталанбайтын балалық-тың рахатты күлкісіне батар…” /ЛЖ. 1972, 16 декабрь/ – міне Шара бишінің бейнесін осылай сомдайды. Би оған табиғаттың берген өз сыйы екенін сөз образымен әсерлі жеткізеді.
Сөз жоқ, Оралхан публицистикасы қазақ баспасөзіне жаңа тыныс, соны леп әкелді. Ол алдыңғы толқын ағалары тарапынан да, кейінгі толқын інілері тарапынан да сондай бағаға ие болды. Белгілі сыншы Б.Ыбырайымов: “Алпысыншы жылдардың соңында студент деген атқа іліккен бізге сол кездегі ізденімпаз жас журналист О.Бөкеевтің “Лениншіл жас” газетінде жарияланған суреттемелері қара сөзбен жазылған жырдай, бойды буған, буырқанған ағыл-тегіл сезімін ірке алмай лықсып жатқан сырдай әсер ететін” [263], – деп ақтарыла жазды. Оралханның өзі де жалпы әдебиетке журналистика арқылы келгенін, кейбір очерктерінің кейін повестке айналғанын көрсетіп кетті: “Мені әдебиетке әкелген журналистика. Ауылда жүріп жазған материалдарым “Ленин-шіл жаста” үзбей жарияланып тұрды… – Мысалы, өз басым Қызылқұм өңіріндегі шопандар ауылын біраз уақыт, дәлірек айтқанда, бірнеше күн аралағаным бар. “Құм мінезі” повесін жазғанымда сол сапарда көргендерім кәдеге жарады” [263]. Сол сапарда Бөкеев алдымен осы аттас очерк жазды. “Құм мінезі” очеркі – Оралханның публицист ретіндегі тұғырын биік деңгейге жоғарылатқан шығарма болды. Очерктің тақырыбының өзі оқырманды ойлануға шақырады. Автордың меңіреу құмнан мінез іздеуінің өзі жаңалық. Жалпы Оралхан – очеркист өз творчествосы арқылы бұрынғы таптаурын стильден қашып, тым тосын эксперименттерге барды. Ол құм мен сол құмда туып, құмда өскен адам арасындағы ұқсастықтарды іздейді. Сол арқылы кейіпкердің ішкі психологиясын ашуға тырысады. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңіледі. Бұрынғы очерктердегі сияқты адамның сыртқы бейнесін, яғни оның атақ, даңқы, орден, медалін тізбелеп, киімін, сыртқы бет-әлпетін ғана жұқалтаң көрсетуден қашады. Кейіпкер монологын оның образын ашу мақсатына пайдаланады: “– Құм да менің өзім секілді,- деп ойлады Егінбай, ала жаздай жайлауға көштім. Орталықтан 100-150 шақырым шалғайдағы Жамбыл тауын адақтап шықтым. Сонау Сәтенбай жайлауының ояқ-бұяғында мен отырмаған төбе жоқ. Күзде шуап қайта көштік. Енді міне, илеуіне кірген құмырсқадай алты-жеті ай бойы осы қыстақты паналаймыз?..” /ЛЖ. 1972, 18 ноябрь/. Дәл осы тұста Оралхан публицис-тикасының тағы бір ерекшелігін айтуға тиіспіз. Ол – автордың кейіпкер сөзін күшпен иіп, әдеби тілдік нормаға салуға әуреленбейтіні. Мәселен, ояқ-бұяғында, шуап сияқты ауыз-екі тілде қолданылған сөздердің сол қалпында берілуінің өзі шығарманың шынайылығын, жалған жасандылықтан гөрі таза табиғилыққа жақындығын көрсетеді. Қаламгер сонысымен ұтады.
Кейіпкердің ішкі жан-тебіренісін, өзек-жарды ойларын құм мен қойшы арасындағы диалог арқылы жеткізеді. Бұл да Оралханның өзіне ғана тән стиль ерекшелігінен туындап жатыр.
“Құм күлетін… Құм сөйлейтін… Құм жырлайтын… Құм толғататын… Құм ән айтатын.. Құмның тілін жетік білетін Егінбай сан рет сырласып, ұзақ сонар әңгіме шертісер еді.
– Ей, Қызылқұм, баяғыдай неге көшпейсің?
– Халқымды тастап, қайда қаңғырамын?
– Арманың бар ма?
Арманым жоқ, айтпағым бар: шығысым – Шудан, батысым кең дала Арқадан, оңтүстігім – Луговой, Меркеден, сонау Таластан келген малшылардың көкпар тартып, көкайыл болар қызығы, төскейде мал, төсекте басы қосылар думаны кей кезде даңғазаға айналғаны несі, қымыз бен шұбатқа бүйірі қызар жұрт “автолавканы” аңдып, арақ көрсе аттандауы қалай? Күні кешегі жүгірген аң, ұшқан құстан тұқымдық қалдырмай бер жағы шаһар Жамбыл, ар жағы Фрунзеден келіп түні бойы машинаның жарығымен аң аулаулары қалай?” /ЛЖ. 1972, 18 ноябрь/. Міне осы үзіндінің өзінен де Оралханның бөлек қолтаңбасы бірден байқалады. Біріншіден, автор құм мен адам диалогы арқылы қойшы Егінбайдың сана түкпіріндегі өзін мазалаған ойларын жеткізеді, ішкі жан дүниесін ашады; Екіншіден, құмды даланың жанды образын жасайды; Үшіншіден, сол кезде белең алып келе жатқан, қазақ даласына мысқалдап еніп, батпандап орнап жатқан ғасыр проблема-ларын қозғайды. Араққұмарлық пен Аңқұмарлықтың алдын алғысы келген, ұлтты сол зобалаңнан сақтандырғысы келген жанайқай бар мұнда. Бірі – адамды аздыратын адам экология-сы, екіншісі – туған жерді тоздыратын табиғат экологиясы.
Оралхан қазақ очеркіне композициялық ізденістерді де батыл сіңірген публицист екендігін айттық. Дәл осы “Құм мінезі” очеркінің өзінде сол бар. Кейіпкердің жеке ойымен басталған очерктің бір тұсында, оның өмірбаяны туралы деректер қиюластыра беріледі. Онан кейін тағы да Егінбай бейнесін ашатын ой-толғаныстар, монолог, диалогтардан кейін, автордың құмды ауылға жетуінің өзі проблема болғандығы туралы әңгімеленеді. Тағы да кейіпкер ойы, қойшы толғанысы. Бір қызығы автордың қойшымен кездесіп әңгімелескені туралы бір ауыз сөз жоқ. Шығарманың шырқау шегі – Егінбайды бораған құмның басып қалған сәті. Оқиға желісі ерекше ширығып, құм мінезі мен адам болмысы астастырыла көрінетін тұсы да осы. Айдаладағы қойшының ауыр да азапты өмірі де осы жерде көрінеді.
“…Әлгінде ғана жым-жырт жел мен жерге табынып жатқан құм әп-сәттің арасында ойран-асыр болды. Өз-өзінен бұрқырап, з-өзінен шамырқанып, құйынша құйғытып аспанға тік шапшып көтерілді. Аспанға көтеріліп алып маңайын шола қарады. Сонан соң бұған дейін ешқашан естімеген, өкірген әлде өксіген үн шығарды да лап берді…” /ЛЖ. 1972, 18 ноябрь/. Табиғат та адам сияқты. Көп қиындыққа төзеді, көп нәубетті көзбен көреді, азапты жеңеді. Түбі бір сәтте бәрін кешірмей, бүкіл дүниенің астаң-кестеңін шығарып, тапап кетуі мүмкін. Бұл табиғаттың атынан сөз алған автордың негізгі түпқазық ойы, адам атаулыға үлкен ескертуі.
“…Алдындағы сексеуілден шап беріп ұстап, көзін жұма екпетінен құлаған Егінбай бұдан әрі не болғанын білген жоқ. Әйтеуір қалың шуыл, зор майданның астында мың миллион ат үстінен тапап өткендей қалде жатыр. Екі-үш сағат өткен соң құмның көшуі де аяқталды да, маңайды құлаққа ұрған танадай тыныштық басты. Қызыл құмға тірідей көміліп қалған денесін зорға дегенде аршып алып үйіне қарап еді, орнында екен… Сосын, темірсым қоршаудағы отарына қарап еді – қой жоқ. Құммен бірге көшіп кеткендей бос жатыр. Есі шыға құм көшкен ізбен дедек қағып жүгіріп бара жатты…” /ЛЖ. 1972, 18 ноябрь/.
Оралханның осы сапары, сол сапардан туған шығармасы туралы аға жазушы Ш.Мұртаза былай дейді: “Лениншіл жасқа” қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім…
…Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып-білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған.
Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, шопан үйі,қойы, иті, т.б.
Ал, Оралханның көзімен қарағанда мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен…” [261, 46-47 бб.].
Очерктің аяқталуы да басқаша, іс-қимыл, әрекет, жанталас, мінез үстінде тұжырымдалады:
“…Әне, Егінбай жүгіріп барады… Құм көшкен ізбен қойын қуып барады. Бәрібір Егінбай қуып жетеді! Өйткені ол азапты ерттеп мінген азамат, өйткені ол сексеуілдің шоғындай мәңгі маздап тұрар жігерлі, Данкодай жұлып алып ту ғып ұстар жүрегі, асқақ арман, ізгі тілегі бар, майысқанмен сынбайтын құмның өз ұлы – тума баласы еді” /ЛЖ. 1972, 18 ноябрь/. Міне шығарманың түйіні де, шарықтау шегі де осы. Оқырманның көз алдында шағын ғана очеркте кейіпкер бейнесі, оның жан тебіренісі, мінез-құлқы, қайтпас қайсар тұлғасы, азапты жеңген асқақ образы түгел ашылып бітті.
Очеркте қолданылатын алтын арқаудай бір сөйлем бар. Ол – “Алқара аспаннан тағы да бір самолет ұшып өтті…” деген. Бұл – біріншіден, публицистикадағы уақыт пен кеңістіктің бейнесі. Өзінің осы тақылеттес тағы бір шығармасы туралы Оралхан былай депті: “Әрине. Ештеңе көрмесең, ештеңе білмесең, не жазасың? Білу – мәселенің бір жағы ғана. Ол повесте (“Қар қызы” – Б.Ж.) менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түйсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа жасайтын ықпалы” [263]. Дәл осы белгілер “Құм мінезінде” де айқын көрініс тапқан. Екіншіден, кейіпкердің өтіп бара жатқан өмірінің көрінісі. Үшіншіден, аспанды қақ жарып, қазақ даласына төніп келе жатқан ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері, адамзат өркениетінің алып та ұшқыр келбет-көрінісі. Біз қазір айтып жүрген жаһанданудың алғашқы белгілері де бар мұнда.
Бұл очерк кейін жазылған “Құм мінезі” повесіне бастау болғанын айттық. Жалпы Оралхан творчествосы туралы сан алуан пікірлер бар. Орыс қаламгері Игорь Штокман: “У О.Бокеева несколько иначе взаимоотношение со своими героями, да и сам “рисунок” его прозы соврешенно другой: мягкий, акварельный. Драматизм ее – внутренний…” [264] – деп жазыпты. Шын мәнінде Оралхан публицистикасының бояуы да соншалықты әр алуан, әрі ішкі бұлқыныс иірімдеріне толы. Бөкеев публицистикасының біз байқаған өзгешеліктері ретінде мынадай белгілерді көрсетуге болады:
1. “Қара сөзбен жырлайтын” шұрайлы тіл кестесі; 2. Ауыз әдебиетінен, жыраулар поэзиясынан еркін сусындағандығы; 3. Ой еркіндігі; 4. Тақырыпты тауып қоюдағы, романтикалық асқақ сезімді тақырыптың өзіне сіңіре білу ерекшелігі; 5. Философиялық толғау тереңдігі; 6. Таза ұлттық табиғаты, ұлттық бояудың қанықтығы; 7. Өнердің сан-саласын зерттеп, түсініп жазу шеберлігі; 8. Қиял кеңдігі; 9. Табиғат пен кейіпкер бейнесін сабақтастыра суреттеуі; 10. Диалог, монологты шебер пайдалануы; 11. Өмірге кеңістік пен жалғыздық мәселесі тұрғысынан қарауы; 12. Сөз образы, табиғат бейнесі, адам тұлғасының шебер тұтастырылуы; 13. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне бойлай білуі (психологизм).
Бұл компоненттердің қайсыбірі Оралхан шығармашылығы арқылы қазақ публицистикасының бойына сіңген жаңа белгілер болатын. 60-шы жылдардың аяғы 70-ші жылдардың бас кезінде “Лениншіл жас” газетіне келген Оралхан осы басылымда “Айтылмаған ән”, “Мен сені көп іздедім”, “Аяулым – менің ауылым”, “Тоғызыншы валл”, “Сен не ойлайсың, осы?!” атты шығармаларымен жаңаша ойлайтын, тосын да тың суреттейтін, ең бастысы адамның ішкі дүниесін ашатын буырқанған бір толқынды ала келді. “Оралхан Бөкеев шығармаларынан көзге ең алдымен түсетін ұнамды сипат – характерлердің ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын көрсетуі, әрекеттердің психологиялық тұрғыдан жан-жақты дәлелденуі.
…Оқиғаның қым-қуыт дамуынан гөрі тереңнен толғану, ойлану кейіпкер тебіренісі, іштей арпалысы басым. Шығармаларында автор ойы мен кейіпкер ойы тұтасып, шығарманың көркемдік табиғатына әсер етуі осыдан болса керек. Суреткер туындыларының бәрінде де жас адамның ойы, кейіпкердің мінез-құлық, психологиясы нәзік берілген. Жалпы нәзіктік мынау тіршіліктің жанды суреті, жас адамның ішкі тебіренісі секілді” [265, 16 б.].
Сөйтіп қазақ публицистикасы бұл жылдары жаңа идеялық, соны стильдік-көркемдік нақыштармен байи түсті. Қазақ публицистикасының дамуында ұлттық психологиялық-көркемдік бағыт айқындала бастады.
“Лениншіл жас” бетінде проблемаға кең орын беріліп отырды.Бұл ретте академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Бошайдың үш қарасы” атты проблемалық очеркі бірден көзге түседі.
“Құлан – қара,
Бұлан – қара,
Жел мая!..” Бұл үш қара аттың үшеуі де Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының аттары. “Құлан – қара” мен “Бұлаң – қара” – бәйге аттары, “Желмаясы” – жорға” /ЛЖ. 1972, 19 август/, – деп басталады Ғабең ойы. Тілі шұрайлы, тартымды жазылған шығармада Ғ.Мүсірепов – Ат спортын көтеру керектігіне, халық дәстүрін жаңғыртып, жаңартып отыруға ел назарын аудартады.
Газет проблеманы көтеріп, аяқсыз қалдырмайтын жолға түскен. Осы мақалаға үн қосып, тарлан жазушы Тәкен Әлімқұловтың “Ат – ердің қанаты” проблемалық мақаласын жариялайды. “Делебе қоздырып, бүйір қыздыратын мәселеге үн қосуды тілейтіндіктен, толғанысты ойды ортаға салғымыз келеді. ..Ғабит бұндай адамдарды атпаз деп атапты. Өте орынды атақ! Соны сөз” /ЛЖ. 1972, 30 август/, – деп қаламгер ат баптауға ерекше мән беру керектігіне, ол елдігіміздің басты бір белгісі, қазақ намысының көрінісі екендігіне тоқталады. Газет мұнымен де тоқталмайды. Жоғарыда Ғабең жазған атпаз Бошай Кітапбаевтың өзі сөз алады. Оның тура осы тақырыпқа “Ат шабады, Бап та шабады” атты толғанысты проблемалық мақаласы жарық көреді. Бұл жүйрік жылқыны тану өлшемдерін ашып жазған танымдық жазба. Ұлы Абай мен Ілиястың “Топтан озар жылқының алдымен көзге түсер белгілері: ауыз омыртқасы шығыңқы, сағағы жұдырық көлденең сиятын кең болса, жылқының тынысты болатыны сол ғой. Жүйрік аттың тісі мен азуы да осал болмайды, азудың арасы күре тістен неғұрлым алыс болады. Тұсарлықтың тұсындағы жуан сіңір одырайып, бөлек тұрса, екі саусақпен ұстағанда бармақ жеңіл айқасса – бұл да бір назар аударарлық белгі. Қасқыр кеуделі, қысқа бақайы, қақпан белдігі, томар шоқтығы – мұның қай-қайсысы да жақсы аттың, жүйрік аттың қарапайым жұрт тани беретін жайттары” /ЛЖ. 1972, 2 декабрь/, – деп жазады атпаз азамат.
Осы үш шығарманың үшеуінің де тақырыбы – бір, көтеріп отырған проблемасы да – жалғыз. Ол – қазақ ішінде атадан – балаға жалғасып келе жатқан ат баптауды үзіп алмау. Бұл бір жағы ұлттық ата дәстүрімізге адалдықтан туған жүрекжарды ойлар болатын.
Талантты публицист Тельман Жанұзақовтың “Қойшының қосағы” /ЛЖ. 1972, 7 октябрь/ проблемалық мақаласының да айтары – тың, тосын. Әдетте атақ та, даңқ та, мақтау мен марапат та қойшынікі болып келеді. Шопан әйелдерінің ауыр да қиын еңбегі бар екені еленбей жатады. Сондықтан да автор қойшы әйелінің қиын еңбегін нақты мысалдармен ашып көрсету арқылы, қойшы қосағына моральдік демеу көрсету, қолдау қажеттігі проблемасын көтереді. Оған тиісті маманның жауап пікірі қоса беріледі. Сөйтіп газет көтерілген мәселенің дер кезінде шешімін табуына да ұдайы көңіл бөліп отырады.
Публицистикадағы тақырып пен проблема бір-бірімен тығыз байланысты. Кейде тақырыптың өзінен проблема көрініс береді. Проблема бір ғана фактімен шектелмейді, онда бірнеше фактілер жүйесі көрсетіледі. 70-ші жылдардағы публциис-тикада қоғам өмірінде орын алып отырған сан алуан шешімін таппаған мәселелер тақырыпқа өзек болды. Әрі өмірден орын алып отырған проблемалар тек айтылып, хабарланып қана қойған жоқ, ол терең талданды, ақырында сол түйткілді шешудің жолдары іздестірілді. Қазақ публицистикасының көш-керуеніне өзіндік ізденістерімен, қанаты кеңге жайылған шығармашылық қуатымен, парасат-пайымымен, көркемдік көкжиегімен келіп қосылған қаламгердің бірі – Ақселеу Сейдімбеков. А.Сейдімбеков “Лениншіл жас” газетінің ұстаханасында шыңдалып, “Социалистік Қазақстан” газетінде өз шеберлігінің қырларын көрсете білді. 80-ші жылдары “Білім және еңбек” журналына бас редактор болған жылдарында да қазақ публциситикасын танымдық, көркемдік тұрғыдан дамытуға үлес қосты. Ақселеудің алғашқы тырнақалды туындылары “Лениншіл жас” газетінде 60-шы жылдары басылды. 70-ші жылдардағы жастар газеті тігінділерінен де оның есімі жиі кездеседі. Оның осы кездегі публицистикасының басты бір ерекшелігі – күнделікті өмірдегі проблемаларды аңғарымпаздығы, және сол проблемаларды дер кезінде қозғай білуі. Бұған мысал ретінде “Малды ауылдың проблемалары” айдарымен берілген “Сөз орайы келгенде…” мақаласын /ЛЖ. 1972, 5 сентябрь/ алуға болады. Сол кездегі шалғай малды ауылдардағы еңбек көрсеткіші жоғары. Шын мәнінде ауыл шаруашылығы көп ілгері дамыған кез еді. Бірақ малшы тұрмыс-тіршілігінде проблемалар да жоқ емес. Публицист сол түйткілдерді көре біледі. Мәселен, малшы ауылында көшпелі монша көрінбей кетті, автодүкендер де ат ізін салмағалы қашан, мәдени-тұрмыстық қызмет сылбыр, шаштараз, киім тігушілер қарасын көрсетпей кетті, оқитын кітап жетіспейді. Публицист осы проблемаларды тізбелеп жеткізіп қана қоймайды, соны шешу үшін тиісті құзырлы орын, мекемелер іске кірісу керектігін түйіп айтады.
“Ақ шаңқан үйлер керек” атты проблемалық мақаласында жайлаулардағы қараша үйлердің күні өткендігін, қазір жаңа үлгіде жасалған киіз үйлер өндірісін жолға қою керектігін мәселе етіп көтереді. “Сонымен қырда малшы, ойда пішеншінің киіз үйге мұқтаж болып отырғаны аян екен. Және де кәукиген қараша үйлер емес, ыстықта сая, суықта пана болатын келісті үйлер қажет” /ЛЖ. 1972, 23 ноябрь/, – деген түйінді ой айтады.
“Құралай” бетінде жарық көрген “Қолда барда алтын-ның…” атты проблемалық мақаласында жалпыадамзаттық мәселені қозғайды. Азайып бара жатқан құланның, сиреп бара жатқан ақбөкеннің қазақ даласының көркі екенін еске алады. Қай жерде қанша құлан қалғандығына дейін санамалап береді. Дала еркелеріне қырғидай тиетін аңқұмарларға тосқауыл қою керектігіне назар аударады. Кешегі Сәкен жырлап өткен киіктердің күн санап азайып бара жатқандығы қаламгер жанына батады.
“Сөз соңында айтарымыз, осынау ғажайып аңның өсіп-өркендей беруі үшін ең басты шарт – туған жер топырағын сүйетін әр азаматтың қамқорлығы” /ЛЖ. 1972, 20 сентябрь/, – деген тоқтамға келеді. Мұның бәрі қазақ публицистикасында-ғы проблемалық бағыттың берік орныққандығын дәлелдейтін айғақтар.
А.Сейдімбеков репортаж жанрының да шебері. Үнемі оқиғаның басы, қасында жүретін журналист үшін бұл бір ыңғайлы жанр екені түсінікті. Оның табиғат көріністерін суреттеуінен де бір табиғилық лебі еседі.
“Арқаның биылғы жазы жаңбырлы болып тұр. Оның өзі көк иық етіп ұзақ сілбірейтін сары жауын емес, әуе ашық, күн жарықта тақиядай бұлт ойнап шыға келеді де шелектеп төге салады…” /ЛЖ. 1972, 9 июль/, – деп басталатын “Сарыарқа-ның жаңбыры-ай” репортажы сәтті жазылған. Оның жас шахтер мен қарт шахтердің әңгімесінен басталатын “Қызыл экспресс” мақаласына /ЛЖ. 1972, 29 ноябрь/ Қарағанды кенішінің өткені мен бүгіні өзек болады. Ал “Оныншы балқыма осылай келді” репортажында /ЛЖ. 1972, 10 декабрь/ Қазақстан магниткасындағы шойын балқытушыларды жұмыс үстінде көрсетеді. Еңбегімен елге әйгілі болған металлург Алтынбек Дәрібаев бригадасы туралы бұл шығарма шынайы жазылған. 70-ші жылдары “Лениншіл жас” газеті бетінде көп-көп диспуттар ұйымдастырылды. Бұл оқырманның ой-өрісін өсіруге көп ықпал етті. “Арай” клубында берілген Ақселеу Сейдімбек ұйымдастырған “Жолдастық. Достық. Махаббат” тақырыбындағы диспут соның бір дәлелі. Материалда 12 студенттің ойы беріледі. Бұл бір жағынан студенттер ортасынан жазылған репортаж іспеттес. Екіншіден сұхбат элементтері мол көрінеді. Журналист өз ойын сәтті тұжырымдайды: “Иә, диспут аяқталды, бірақ “Жолдастық. Достық. Махаббат” туралы әңгіме еш уақытта таусылмақ емес.
Сырласқан жастар тарасып жатыр. Бәрінің де көзінде қуаныш, көңілдерін аяулы сезім тербейді, диспуттың жалғасы әркімнің өз жүрегінде кеткен сияқты…” /ЛЖ. 1972, 13 декабрь/. Бұл – оқырманды ойлануға, ойласуға, бүкіладамзаттық биік мұраттарға жетуге тәрбиелеуге бастайтын тиімді тәсіл екені айқын. Жалпы 70-ші жылдарда кең қолданылған осындай әдіс-тәсілдерді қазіргі басылымдарымызда қайта қолдануымыз керек-ақ.
А.Сейдімбеков – публицистің “Құрылыс штабы” корреспон-денциясы, “Жақсы ұстаздың берері ұшан-теңіз” суреттемесі, “Желкілдеп өскен жетпіс мың” мақаласы, “Қала қақпалары” корреспонденциясы, “Гакку”– жастар ансамблі” суреттемесі, “Өмірмен өрелес жігіт” очеркі, т.б. көптеген шығармаларында кеңестік кезеңдегі еңбек адамдарының, қарапайым азаматтардың адал, еңбексүйгіш, өнерге берілген бейнелері жан-жақты ашылды.
Журналист Жанат Елшібековтің “Шағалалар жылай ма осы?..” атты очеркі назар аудартады. Очеркте бір жылы лирикалық бояу да, оптимистік ойға құрылған романтикалық сезім де бар. Тақырыптың өзінен жаңалықтың лебі еседі. Очерктің басты тақырыбы – адам тағдыры, Балқаш көлінің бір жағалдауындағы балықшылар өмірі. Басты кейіпкер – Төлеухан Садуақасов атты азамат.
“…Штурвалда тұрған жігіт қимастықпен қиқулаған шағала соңынан ұзақ көз жазбастан, қарап қалған, сыңар шағаланың көк әлеміне сіңіп, көрінбей кеткеніне де біраз уақыт. Әйтсе де жігіт құлағынан әлсін-әлсін теңіз еркесінің сиқырлы сұңқылы кетпей қойды. Терең ой тұңғиығына шомған ол қасындағы серіктерін де ұмытып, осы бір мезет өзін жалғыз сезінгендей…” /ЛЖ. 1972, 28 октябрь/, – деген жолдарды оқығанда әрбір оқырман кейіпкермен қоса ой құшағына шомады. Кейіпкермен бірге ой ойлатып, бірге іс-әрекет атқаруға тарта білу – міне публицистің шеберлігі де осында.
“…Кәтен, шағалалар жылай ма, осы?
?.. ”.
Өз сауалына өзі жауап іздейді:
“– Шағалалар үнемі қуаныштан шаңқылдай бермес. Олардың кей сәттердегі тынымсыз қиқулағаны – жылағаны шығар. Шағалалардың да өз тобындағы бірін жоғалтып, немесе кездейсоқ айырылып, жалғызсырайтын кездері болар, ә?” – бұл балықшы Төлеуханның ойы. Ол түсінде де ақ қанатты шағалаларды көреді. Күбірлейді. Сөйлеп жатады. Сондағы сөздер: “Шағалалар жылай ма, осы?” – очерктің негізгі арқауы да осы. Қайталанып отыратын бұл сауал арқылы автор сан алуан кейіпкер бейнесін ашады. Сыңар шағала қалай жыласа, мынау кеңістікпен бетпе-бет келген жалғыз жігіт те мұңданады. Ол оқуға барады, ерке теңіз, ауылы, теңіз толқындары, балықшы достары елестейді. Теңізсіз ол жалқы сияқты. Қайта ауылға оралады… Балқаш қаласында училищеде оқып, моторист-капитан мамандығын алады. Сонда жүргенде анасы дүние салады.
Қатқан көлдің үстімен оқудан келе жатқан балықшы жігіттің есіне Анасы түседі: “Анасы былтыр алдынан шығып күтіп алып еді. Ол енді дүниеден өткен. Жігіт өксіп-өксіп жылады… “Бала болсам бір жөн, Жігіт басыммен жылағаным не?”, – деп өзіне-өзі тоқтау айтады. Очерк “Шағалалар жылай ма, осы?” /ЛЖ. 1972, 28 октябрь/, – деген сұрақпен аяқталады. Ж.Елшібек – публицист сыңар шағала мен жалғыз балықшының бейнесін астастыра суреттейді. Адам кей-кейде бастан кешетін шым-шытырық ойлар, өзімен жеке қалғандағы ой иірімдері, көрген түсі, бәрі-бәрі кейіпкердің сыртқы кейпін ғана емес, ішкі жан-дүниесі, ішкі әлемін ашуға қызмет етеді. Психологизмге толы, ойлы публицистиканың бір жарқын үлгісі бұл. Зерттеуші Б.Майтанов: “Басты идеялық – эстетикалық факторға саналатын суреткер тұлғасы – жанр, сюжет, стиль принциптерінен туған бейнелеу бірліктері: портрет, пейзаж, диалог, монолог, автор төл сөздері арасындағы қарым-қатынасты реттеп, саралап отыруға тиіс негізгі ұйымдастырушы күш” [266, 4 б.], – деп жазыпты.
“Шағалалар жылай ма, осы?” атты очеркте осы көркемдік компоненттердің бәрін де кезіктіруге болады.
70-ші жылдары газетте жарияланған Сағат Әшімбаевтың “Ұлы дарын”, Мұхтар Шахановтың “Күнге тартқан кеурен” шығармаларында қаламгер келбеті ашылады. Төлен Қаупынбаевтың “Нан”, “Бағар көбейсін, Жолеке”, “Председатель”, Орысбай Әбілдаевтың “Қырғызбай”, Серік Әбдірайымовтың “Сол бір сұрапыл күз”, Мағираш Қожахметованың “Тамаша, өмір, тамаша”, Болат Бодаубаевтың “Бір күн, бір түн”, Мархабат Байғұтовтың “Шынар”, Жақау Дәуренбековтің “Кенді Алтай қаһармандары” очерктері мен суреттемелерінде еңбек адамдарының портреті жасалады. Дәл осы очерктерде бірде пейзаж, бірде диалог, бірде монолог арқылы кейіпкер бейнесі көркемдік жоғары деңгейде ашылады. Сейдахмет Бердіқұловтың газеттің 4 нөмірінде жарияланған “Азияның бас керуен сарайы” атты жолсапар очеркінде автордың төл сөздері мен диалог шебер қиюластырылады. Басылым бетінде очерктің жаңа түрлері де көрініс тауып отырған. Мәселен, Мағираш Қожахметованың “Тамаша, өмір тамаша” очеркіне (социологиялық сипаттама) деген айдар тағылады. Оңтүстік Қазақстандағы Ленгір ауданының тарихы кейіпкер монологы түрінде көрсетіледі. “Бұдан елу жыл бұрын аудан территориясында бірде-бір мәдени орын жоқ-ты. Қазір мұнда 44 клуб, 3 кинотеатр, 47 село кітапханасы бар, бұларда 171 адам жұмыс істейді. …1927 жылы – 1 соқа ғана болды. Қазір 567 трактор, 147 комбайн, 468 атвомашина бар” /ЛЖ. 1972, 4 июль/, – дейді кейіпкер.
Автор салыстырмалы тәсілмен “Елу жылда ел жаңарғанын” сенімді жеткізе білген. Ордабек Шаяхметовтың “Атабай аңызы” шығармасына (документті очерк) деген айдар қойылса, Боранғали Ырзабаевтың “Су” атты шығармасына (экономикалық очерк) деген ат тағылады. Жомарт Әбдіхалықовтың “Он тоғызыншы көктемім”, Ырым Кененбаевтың “Жүрегімді жарып шығар сырым бар”, Мерғали Ибраевтың “Середа және оның серіктері” суреттемелерінде де тың пішіндік ізденістер кездеседі. Марат Қабанбаевтың “Тырналар тізіліп барады”, “Жиырма жас екі айналып келмес маған”, Күләш Ахметованың “Біз жиырма алтыдамыз”, Жәнібек Кәрменовтің “Табысу”, Жанболат Аупбаевтың “Сен мені ойладың ба?”, Тұрсын Жұртбаевтың “Сол қыздың атын ұмыттым…” атты шығармаларынан да қазақ көсемсөзіне қосылған мүлдем жаңа толқынның буырқанған лирико-романтикалық күйі бой көрсетеді.
Өзінің Жазушылар съезінде сөйлеген бір сөзінде әлемге әйгілі суреткер Шыңғыс Айтматов: “Егер шығарма оқырман жанын толқыта алмаса, оның эстетикалық ой-дүниесін байытпаса, оның жақсылық пен жамандыққа деген көзқарасын айқындауға көмектеспесе, онда не айтылса да, қандай шектен тыс пайдалы және маңызды нәрселер қозғалса да, қандай тақырып пен проблемалар көтерілсе де, ол нағыз өнер емес. Өнердің мұндай заңын шетқақпай етпеу керек. Ол да Жердің өзіне тартуы заңы сияқты” [267], – деп жазыпты.
60-шы, 70-ші жылдардағы “Лениншіл жасты” парақта-ғанда, біздің байқағанымыз – басылым шын мәнінде жастар рухының айнасына айналған. Қазақ публицистикасының дамуындағы бұл – бір арқауы алтын кезең. Публицистика оқырманның ойын байытқан, сезімін сергіткен, жақсылық пен жамандыққа деген көзқарасын айқындауға көмектескен кезең. Психологиялық, социологиялық, философиялық және көркемдік-эстетикалық талаптардың бәрін бойына сіңірген қазақ публицистикасы шын мәнінде өнерге айналған кезең. Дәл осы жылдары публицистика өз оқырманының ой жиегімен бірге қанатын кеңге жайып, оқушы талғамымен бірге өсіп дамыды. Бұл ретте “Айна”, “Жазира”, “Өркен” сияқты жастардың пікірталас клубтарында ұйымдастырылған диспуттардың да маңызы зор болды.
Десек те, 60-шы, 70-ші жылдарда жарық көрген шығармалардағы әсіреқызыл, жасанды суреттеу, асыра мақтау, мадақтау, жалаң ұраншылдық сияқты заман туғызған кемшіліктер де болды. Мәселен,
“Адам! Осы бір сөздің қауызында қаншама мағына, мазмұндылық пен іскерлік, сұлулық пен кемеңгерлік сыйып тұр десеңізші!” немесе “Мектеп! Осынау жалғыз сөздің ар жағында қаншама мән-мағына бар!” сияқты бір сөздің байыбына бару үшін ұзақ сонар жаттанды лепіруге бой алдыру, шығарманы дәл осылай бастауға үйірлік тіпті 80-ші жылдарға дейін көрініс тауып келді. Сондай-ақ очерк, репортаж, суреттеме жазғанда, міндетті түрде табиғат суретінен бастау, кейіпкерді таң елең-алаңнан тұрғызу, күннің арқан бойы көтерілгеніне ерекше мән беру сияқты таптаурын тәсілдер қолданылды. Оған: “Таң елең-алаңда бидайлы алқапта жалғыз “Волга” жүйткіп келеді”, “Жүйектің шетіне жете берген кезде бізді орта бойлы, дөңгелек жүзді келген аққұбаша қыз күлімдеп қарсы алды”, “Қоңыр күздің сәске бір шағында көк жүзіне күлімдей көтерілген күн асқақ Алатаудың бетегелі баурайын алтын арайымен нұрландырып жіберді”, “Ол бір шөкім бұлтсыз аспан жонында қалықтап ұшқан тырналар керуеніне ұзақ қарады”, “Ол өндіріс алаңына әдеттегіден ерте келді”, “Біз отырған машина Қосасарға тұмсық тірегенде күн батуға арқан бойы қалған еді”,- деген сияқты мысалдарды мол-мол келтіруге болады. Бәрінен де ойлантатыны – осы тектес, осы сөйлемдерге ұқсас бастау, түйіндеудің бір шығармадан екінші біреудің жазғанына сәл өзгеріспен көшіп жүре беретіндігі. Мұндай жасандылық пен жадағайлықтан арылу керек-ақ. Бұл – публицистика дамуының өткен тәжірибесінен алатын сабақтар.