Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистика

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистика

Публицистика қай кезеңде де қоғамдық өмірде болған оқиғаларды шынайы көрсетуге бағытталды. Сөйтіп публицистика заманның түпнұсқа энциклопедиясына айналды. Әрбір кезеңдегі оқиғалар мен құбылыстар, қоғамдық маңызды мәселелерді көрсете отырып, публицист дәуірдің публицистикалық тарихын жасады.
ХХ-ғасырдың 40-шы жылдарындағы публицистиканың рөлі соның жарқын дәлелі бола алады. Ұлы Отан соғысы бүкіл халқымыздың өміріндегі сияқты әдебиет пен журналисти-каның дамуында да жаңа тарихи кезең қалыптастырды. Жазушыларымыз бен публицистеріміздің барлық күш-жігері мен таланты ортақ мүддеге-жауды тізе бүктіруге бағытталды. Қаһарлы күндерде мыңдаған қаламгерлер майдан шебіндегі қантөгіс ұрыстарға қоян-қолтық араласты, әрі сол сұрапыл күндердің шежіресін мәңгі өшпестей етіп халық жадына жазып кетті. Қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағдайларда, жедел сұраныс мезеттерінде көптеген жарқын публицистік шығармалар дүниеге келді. Олардың әрқайсысында майдан мен тылдың шындық шежіресі асқан шеберлікпен көрініс тапты. Орыстың жалынды ақын, публицисі Николай Тихонов:
“Сейчас на фронте воюют все народы Советского Союза. В строю рабочие, интеллигенты, молодые и пожилые люди. В строю русские, украйнцы, белорусы, грузины, казахи. Они ценят не всякое слово: холодное, равнодушное, пустое и аляпатовое слово они не ценят.
Если агитация плохая, она не агитация. Листовки только те нужны, что написаны яростью сердца. Поэтому не стыдно писателю создавать листовку, какую никто не может написать так, как он” [213], – деп сол кездегі сөз құдіреті мен қаламгер міндеті туралы айқын көрсеткен еді.
Сондықтан да Ұлы Отан соғысы жылдарында баспасөз материалдарының күллі мазмұны “Барлығы майдан үшін!” “Барлығы жеңіс үшін!” деген айбынды ұрандарға бағынды-рылып, публицистика аса зор ұйымдастырушылық сипат алды.
Жауынгерлерге үлкен күш-жігер берген еліміздің сөз зергерлерінің публицистикалық шығармалары отты жылдар шежіресінің өшпес парақтарына айналды. Мәселен, 1941 жылы Батыс майданының жауынгерлері жазушы Алексей Толстойға былай деп хат жолдады: “Сіздің “Халықтың қаны”, “Мен өшпенділіке шақырамын”, “Гитлер неліктен жеңіліске ұшырауға тиіс” деген мірдің оғындай өткір мақалаларыңыз Қызыл Армия бөлімдерінің айбынды сапында. Бұл мақалалар жауынгерлер мен командирлердің рухын көтереді, біздің жүрегімізде кек пен өшпенділік отын тұтатады,неміс басқыншыларына қарсы шешуші ұрыстар жүргізу үшін шынығып, ширай түсуімізге көмектеседі [214]. Мұның өзі сол кездегі публицистер еңбегіне берілген әділ бағалардың бірі еді.
Неміс басқыншыларының опасыз әрекеттеріне қарумен де, қаламмен де қарсы тұрған айтулы публицистердің бірі Илья Эренбург Орталық басылымдар мен майдандық газеттер беттерінде бір өзі 500-ге тарта мақала, очерктерін жариялады. Сол И.Эренбург майдандағы қазақ жауынгерлері туралы да екі бірдей очерк жазған. Соның бірі “Қазақтар” деп аталады. Публицист өз шығармасына қазақ халқының ежелден батыр халық екендігін, олардың майданның арғы шебіндегі таңғажайып ерліктерін арқау етеді. “Бір фриц маған былай деді: “Бізге қарсы айбарлы солдаттар болды. Олар түтеген оқтан тайынбай, бізге тұп-тура тап берді. Бұлардың қазақтар екенін маған соңынан айтты. Мен бұрын мұндай халықтың барын білмеуші едім…” Фрицтердің білмейтіндері көп еді. Оларға Ресейдің зор ел екенін айтты, бірақ, осындай зор елде зор адамдар тұратынын айтпаған еді” [215].
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ халқы елді, жерді қорғауға жаппай кірісті. Майданда да, тылда да қазақстандықтар асқан ұйымшылдық, ерен ерлік көрсетті.
Соғыстың алғашқы кездерінде, 1941 жылдың 25-26 мау-сымында Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің кезекті пленумы болды. Пленум партия және кеңес ұйымдарынан, республиканың кеңестік жер органдарынан “Отанның басты мақсаты – жауды жеңуге бәрін де бағыттап, барлық жұмысты қайта құруды” талап етті [216].
Соғыс жылдарында қазақ баспасөзі де сол ортақ мақсатқа қызмет етті. 1941-1945 жылдар аралығында республикада жалпы саны 229 газет шығып тұрды. Оның төртеуі – респуб-ликалық (қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде), 28 облыстық, 197 қалалық және аудандық газеттер болды. Бұл мерзімде республикалық “Лениншіл жас”, “Октябрь балалары” газеттері мен журналдар жабылып қалды, қазақ тілінде шығатын 13 об-лыстық газеттердің көлемі кішірейтілді. Оқу-ағарту саласын-дағы “Жаңа жазу” (қазіргі “Қазақстан мұғалімі”) газеті шығып тұрды. Аудандық газеттер листок, бюллетень түрінде жарық көрді. Тағы бір айта кететін мәселе-облыстық, аудандық газет-тер көбінесе орталық басылымдардан ресми материалдарды көшіріп басумен шектелді. Әдеби журнал да өз жұмысын тоқтатты. Тек 1944-1945 жылдарда Қазақстан Жазушылар Одағының органы ретінде үш айда бір шығатын “Майдан” альманағы жарық көреді.
Сұрапыл күндерде қазақ тілінде шығарылып тұрған майдандық газеттердің ролі де орасан зор болды. Олардың беттерінде оперативті түрде жарияланған әрбір материал жауынгерлердің намыс-жігерін өршітіп, ортақ жауға оқ болып атылды. Майдангер – журналист Әбдірашит Бектемісовтің “Майдангер көзімен” атты кітабының алғысөзінде: “Қазақ редакциясы өз төңірегіне қазақтың майдандағы ұл-қыздарынан тілшілер қауымын топтастыра білді. Бұл тілшілер материалды орысша да жазды, қазақша жібергендерін қазақ журналистері орыс тіліне аударып, газетке жариялап отырды… Қаһарман қазақ халқының жауынгер журналистері өз парыздарын жанын сала, мін-мүлтіксіз өтеді. Олардың қаламынан шыққан туын-дылар ел дегенде еміренген ерлерді ерлікке құлшындырды. Әр жүректе жауға деген өшпенділік отын тұтатты” [217, 6-7 бб.], – деп жазылды.
Соғыстың алғашқы жылында 10 майдандық, 10 дивизия-лық газет шықты, олардың екеуі қазақ тілінде жарық көрген 8-ші гвардиялық дивизияның “Отан үшін” және 105-ші кавалериялық дивизияның “Қызыл Семсер” газеттері еді. Сонымен бірге қазақ тілінде “Үгітші блокноты” және ондаған майдандық листоктар шығарыла бастады. 1942 жылдың 12 қарашасында алты майдандық қазақ газеттерінің алғашқы нөмірлері шықты. Олар: Батыс майданының — “Қызыләскер ақиқаты”, Брянск майданының – “Жауға қарсы аттан”, Волков майданының – “Майдан ақиқаты”, Бірінші Украин майданы-ның – “Отан намысы үшін”, Ленинград майданының – “Отан күзетінде” газеттері болды. Бұдан басқа да соғыс жылдарында 1-ші Белорус майданының “Қызыл Армия”, 2-ші Белорус – “Майдан ақиқаты”, 1-ші Прибалтика – “Жауға қарсы аттан”, 2-ші Прибалтика – “Суворовшы”, 3-ші Украин – “Совет жауынгері”, 4-ші Украин – “Сталин туы”, Волков – “Отан үшін ұрысқа”, Қиыр Шығыс – “Дабыл” майдандық газеттері жарық көрді [218, 167-169 бб.]. Майдандық газеттердегі қазақ әскери публицистикасының тұтас мектебін қалыптастырған қаламгер-лер қатарында: М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, С.Бәйішев, А.Елшібеков, Ә.Сәрсенбаев, Б.Бұлқышев, Ж.Жұмаханов, Д.Әбілев, С.Машақов, Х.Бекхожин, Қ.Сағындықов, С.Сейітов, Қ.Аманжолов, М.Әлімбаев, Т.Ақшолақов, З.Тұрарбеков, Ғ.Әбішев, Қ.Шәріпов, Ә.Нұршайықов, С.Машақов, М.Дінішев, С.Омаров, Ж.Молдағалиев, т.б. есімдерін ерекше атауға болады.
Майдандық газеттер авторларының ішінен Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің мақалаларын да кездестіреміз. Бұл көрнекті жазушылар жалынды публицистикамен оқ пен оттың арасындағы қазақ азаматтарына туған жердің ыстық сәлемін, туған елдің асқақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, Халел Әділгереев тәрізді ғалымдардың әдеби-тарихи мақалалары, Жамбыл Жабаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Жақан Сыздықовтың публицистикалық леппен жазылған өлеңдері де сол майдандық газеттердің бірінен-біріне көшіріліп басылды. Даңқты батырлар Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің және жауынгер – публицист Баубек Бұлқышев-тің очерктері, өлеңдері, афоризмдері де алғаш рет майдандық газеттерде басылды.
Осы уақытта республика баспасөзінің негізгі орталығы – “Социалистік Қазақстан” газеті болды. Жалпы саяси орталық басылымдар “Правданың”, “Известияның”, “Комсомольская правданың” беттерінде жарық көрген материалдармен қатар, республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінің бетінде де жауынгерлерді жігерлендіретін, тылдағыларға тың күш беретін қазақ қаламгерлерінің қуатты публицистикалық шығармалары көптеп жарияланды.
“Правда” газетінің 1943 жылы жарық көрген бір бас мақаласында баспасөз алдында тұрған ауқымды міндет былайша айқындалды: “Газет Отан соғысы майдандарының жайын, совет адамдарының еңбек майданындағы ерлігін үнемі баяндап отыруы керек, қиыншылықтарды бүркемелемей келешекте талай сыннан өтуге тура келетінін ашып айтуы керек, адамдарымызды ұлы орыс халқының және СССР-дегі тағы басқа халықтардың даңқты патриоттық, ерлік, өзінің туған жерін, өзінің мәдениетін, тілін, әдебиетін, көркем өнерін шын сүйгендік рухында тәрбиелеу керек” [219].
“Социалистік Қазақстан” газеті де сол мақсат-үдеден шыға білді. Газет редакциясына М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Б.Бұлқышев, Д.Әбілев, Қ.Шәріпов, тағы басқа майдандағы қазақ жауынгерлері рухқа толы хаттар жолдаса, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов тағы басқа жазушылар тылдағы тіршілікті, өнеркәсіп орындарын-дағы еңбек ырғағын көрсететін, халықтың жігер шоғын үрлеп, намыс отын лаулататын публицистикалық мақалаларын осы газет бетінде жарыққа шығарды.
“Социалистік Қазақстан” газетінің 1941 жылғы 20 июлдегі санында “Қазақ халқы Отанынан малын да, жанын да аямайды” деген атпен арнаулы үндеу, тілектерге бет арналды. Сондағы “Жеңеміз, біз, жеңеміз” деп аталатын шағын памфлетке М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов қол қойған. Үш қаламгер қазақстандық жазушылар, журналистер атынан былай деп үн қатады: “Адам баласының барлық игі ісіне, алдағы тілегіне түгел жауыққан фашизм жендеттерінің бірі Геббельс – “менің көзімше біреу мәдениет жайын сөз қылса, мен мылтығымның құлағын қайыра бастаймын”, — дегені, совет елінің мәдениет күштерінің жүрегіне атылар оқтай тиеді… Ұлы ақын Александр Пушкин айтқан “Улы анчар ағаштың тамырын тартпай, тұқылымен қопарып тастайтын күн туды” /СҚ. 1941, 20 июль, №169/. Үндеуден халық алдындағы серт пен келер күнге деген сенім байқалады. Тұтқиылдан тап берген жауға деген өшпенділік, қарапайым халыққа қажыр-қайрат беретін көтеріңкі патетикалық пафос сезіледі.
“Соғыс кезінде көркем прозаның шағын жанрлары – публицистика, очерк, әңгіме жанры көбірек дамыды. Халықты ерлікке үндеуде, майдан жауынгерлерінің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің еңбектегі табыстарын ерекше қарқынмен суреттеуде бұл жанрлар поэзиямен бірге ұшқырлық көрсетті.
М.Әуезовтың (“Ерлік-елдік сыны”, “Асыл елдің алып ұлы”, “Көркем әдебиеттегі отан сүйгіштік”), Ғ.Мүсіреповтің (“Шегінбелік бір адым да”, “Барлық адам баласының атынан”, “Горький айтқан жаңа адам”) Ғ.Слановтың, М.Иманжановтың публицистік мақалалары, С. Мұқановтың (”Жеңімпаз Қызыл Армия”), Т.Жароковтың (”Жойылсын жыртқыш залымдар”, ”Ажалды жеңген ту”), Ғ.Ормановтың (“Гвардеец достарға”, “Намыс”), Б.Бұлқышевтің (“Шығыс ұлына хат”), т.б публицистік мақалалары, памфлеттер мен очерктері, өлеңдері өткірлігімен, рухтылығымен ерекшеленді. Отанды сүюді, елдік ерлік салтын, адамдарымыздың патриоттық істерін негізгі тақырып етіп алды” [220]. Сондай-ақ “Социалистік Қазақстанның” 1942 жылғы 17-қарашадағы санында Мәскеуді қорғаған 28 батырдың ерлігіне арналған бет берілді. Сонда Ғабит Мүсірепов “Батырлар ұрпағы” атты публицистикалық мақаласында: “Жау жағасына мықтап жармасқан темір қол, жау маңдайына сарт етіп тиген темір жұдырық атақты Панфилов дивизиясыныкі де. Сол соққыны беріскен, әлем айызын түгел қандырып, дүние жүрегінен мәңгі ұмытылмас орын алған сол 28 асыл жас Қазақстан ұлдары да! Бұлар бір “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей әдейі іріктеп, сайлап шығарған топ емес, бірі малшы, бірі жұмысшы, бірі атшы, бірі күзетші болатын. Бұлардың көрсеткені елінің қанындағы қасиеті еді.
Дүниеге келген қауіптің алғаш жүрегін шайып, бетін қайтарысқан 28 ер дүние жүзінде азаттық тілейтін барлық елдерді қорғап қаза тапты. Олар – ұлы арыстың арыстандары. Оларға барлық ел риза, тарих риза /СҚ. 1942, 17 ноябрь/, – деген қанатты сөздер бар. Шын мәнінде соғыс жылдарындағы публицистика ерекше қуатты серпінге, жалынды, отты толғауларға суарылды. Қаламгердің бәрі дерлік күнделікті өмір ағымына ілесіп отыратын өршіл публицистиканы таңдады. Керек кезінде жау жүрегін өңменінен өтетін сөзбен түйреп алатын, обьектісін жойып, жоқ қылып жіберуге бағытталған, өткір сынға құрылған шығармалар да туды.
Профессор Т.Қожакеев: “Қазақ совет әдебиетінде памфлет жанры Ұлы Отан соғысы күндерінде айқынырақ көрінді. Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің, Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың неміс басқыншыларын, фашизмді әшкерелеген өшпенділікке толы, ашу-ызамен тепсіне жазылған тұста жарияланды.
Бұл жерде лирико памфлет деген терминді қолдануы-мыздың да сыры бар. Өйткені ол памфлеттерде сатира мен лирика, ыза мен пафос қатар пайдаланылады” [32, 170 б.], – деп жазыпты.
Қазақ әскери публицистикасының дамуына үлкен үлес қосқан М.Әуезовтің сондай шығармаларының бірі – “Ерлік – елдік сыны” деп аталады. “Ерлік” сөзінің терең мағынасын “Кілегей қара бұлтпын, келе де жаумай ашылман” сияқты ауыз әдебиеті үлгілерімен ашады. “Ерлік” қазақ тарихымен тікелей байланысты қасиет екеніне жұрт назарын аударады:
“Құрулы мылтыққа жолықтыр,// Құрсаулы жауға жолықтыр,// Ер сасқандай, етек басқандай күнге жолықтыр деген егес батаны ер Жәнібек өзіне-өзі осындайда берген.
“Қора толған қойымды,// Аш қасқырға тапсырдым,// Азу тіс балғадай,// Жас қасқырға тапсырдым”, – деген Қобыланды сөзі де осы күйден туған /СҚ. 1941, 30 июль, №177/. Автор ауыз әдебиеті үлгілерінен, батырлар жырынан мысалдар келтіре отырып, ұрпаққа бабалар салған жолменен ел қорғаудың сәті туғандығын жеткізеді. Фольклорлық дәстүрмен публицистиканы байытудың шын үлгісін көрсетеді. Батырлар жырынан тұтас көріністерді, шағын детальдарды тілге тиек етіп, қазақ жауынгерлеріне рух береді.
“Алтын анам – Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ… …Біз қанішер Гитлер басына әлі-ақ ажал оғын атамыз! Бекініп ұрған батыр ел бекерге білек сілтемес! Отан үшін! деген қасиетті ұранымыз – майданда шабуыл ұраны болса, тылда екі жүз миллион еліміздің ерлік серттерінің де ұраны. Қарсы шыдар қамал жоқ… …Қас қабірі қазулы. Жеңеміз де, жоямыз! Пәле бастаған олар болса, жеңісті тойлайтын біз боламыз. Ер елдің екі болмас серті осы!” /СҚ. 1941, 30 июль, №177/. Осы сөйлемдерден елге деген сүйіспеншіліктен туған лирикалық сезімді де, жауға деген ызадан туған сатиралық уытты да аңғарамыз.
Совет Одағы мен Ұлыбританияның Германияға қарсы соғыста бірігіп әрекет жасауы туралы 12-шілдеде қол қойылған келісімінен кейін көптеген ой-пікірлерге баспасөзден орын берілді. “Советтік Қарағанды” газетінің 17-шілдедегі нөмірінде Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың “Қанішер-лерді құртайық!” деген памфлеті жарияланды. “Қазақстан жазушылары мен ақындары… барлық халықтармен қол ұстаса отырып, барлық күш-қуатын және ақындық дарынын Отанымыз үшін, қанқұйлы жауды жеңіп шығу үшін жұмсайды.
Қанды ауыз кісі өлтірушілерді жер бетінен құрту үшін қолда бар күшті жұмсайық!” /Сов.Қ. 1941, 17 июль, №167/ – деген жолдардан полемикалық сарынды да, патетикалық пафосты да аңғарамыз. Мұнда “үнемі қадағалаған объектісін құртып – жоюды біржолата жоқ етуді, жоққа шығаруды мақсат ететін” [32, 170 б.] памфлетке тән жанрлық ерекшелік айқын көрінеді.
Қазақ әскери публицистикасында ерекше қолданыс тапқан жанрлардың бірі-көркем очерк болды. Мәселен, Ғ.Мүсірепов-тың “Социалистік Қазақстанда” жарық көрген “Ту да, намыс та біздің қолда” атты пішіндік жағынан да жазылу стилі тұрғы-сынан да өзгеше очеркі үлгі боларлық шығарма. Очерктің бас кейіпкері Тәуке қарттың майдандағы баласы Қазыбекке жазған хаты арқылы, автор бүкіл қазақ елі жүрегінің лүпілін, ерекше асқақ рухын ашып көрсете алған. “Қаракерім дөнен шықты, топқа салар кез осы! Қасқыр кірді бір қалыңға, соғып алар кез осы! Қалың елің теңселіп тұр, орын алар кез осы! Жарақты жауға кездесетін, енді кезек бізге тиді, ойран етер кез осы! Ел-де әскер, майданда ұлдар, жау ызасы жанға батты, намыстанар кез осы!” /СҚ. 1941, 16 июль/ – деген лепті жолдар, өлеңдей төгіліп түскен ойлар кімді болса да тебірентпей қоймайды. Ғабит – публицист шығармашылығында да фольклорлық дәстүрдің бек орныққандығын айқын аңғарамыз.
“Социалистік Қазақстан” газетінің бетінде соғыс жылдары эпистолярлық публицистика ерекше қарқынмен дамыды. “Майданнан хат” деген арнайы айдар да ашылды. Сол айдар арқылы майдандағы жауынгерлер өздерінің елге деген ыстық сәлемін ұдайы жеткізіп отырды. Елдегі, тылдағы еңбеккерлер майданға хаттарды да толассыз жолдады. Осы ретте алғаш “Комсомольская правда” газетінде орыс тілінде кейін “Социалистік Қазақстан” бетінде Ғ.Мүсірепов аудармасымен қазақша жарияланған Баубек Бұлқышевтің публицистикалық хаттарының алатын орнына тоқталмай кету мүмкін емес. Қазақ сөз өнерінің тарихында Баубек Бұлқышев есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Сонау 1943 жылы қазақ әдебиеті-нің классигі Ғабит Мүсірепов: “Оның очерк, мақалалары үлкен шеберлікпен жазылған. Совет журналист-жазушыларының алдыңғы қатардағыларының-ақ айта алатын сөздері. Баубек дүниелік мәдениетпен, әр ағымды философиямен жақсы таныс, ірі жазушы болғалы келе жатыр еді.
Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс-фашистеріне екеуі де тас шоқ-пардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк суреттеуімен жазып жүр” [221, 5-6 бб.] деп тебірене баға берді. Баубек шығармаларына ерекше сүйсінгені сонша, Ғабең кейін “Комсомольская правда” газетінде орыс тілінде жарық көрген Баубек публицистикасын қазақ тіліне төгілдіре тәржімалады. “Қазақ әскери публицисти-касы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ғалым Р.Ыдырысов өз зерттеуінде Баубек шығармашылығына тұтас бір тарау арнады. “Произведения Булкышева написаны в форме посвящений, посланий и писем острым языком, искренним слогом, полных глубокого смысла. Герой его произведения воплощает лучшие черты родного народа, его зов звучит зовом всего народа.
Мы более подробно остановились на публицистическом творчестве Баубека Булкышева потому, что тематика его произведений перекликается с тематикой других публицистов военных лет, в частности уже упоминавшихся нами М.Иман-жанова, А.Сарсенбаева, Д.Абилева, Ж.Жумаханова и других. Главное из этих тем – многообразная и суровая военная жизнь народа, дружба многонациональной семьи страны, патриотизм и интернационализм” [222, 17-18 бб.], – деген ғылыми байлам жасалды. Бұлқышев публицистикасының алатын орны туралы Ғ.Әбішевтің М.Қозыбаевтың, Қ.Әбілдаевтың, М.Серікбаева-ның, Н.Уәлиевтің, т.б. зерттеулерінде де баға берілді.
Қазақ публицистикасының теориясын зерттеуші, профес-сор Т.Амандосов өзінің ғылыми еңбегінде Б.Бұлқышев публи-цистикасына арнайы тоқталды [7,14-15]. Сондықтан да біз өз зерттеуімізде Бұлқышев шығармаларына көп тоқталмаймыз. Бірақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ публицистикасы-ның дамуын Баубек шығармашылығынсыз елестету мүмкін емес. Осыны ескере отырып, біз де қазақ публицистикасына Б.Бұлқышев әкелген негізгі компоненттерге тоқталуды жөн көрдік.
Баубек публицистикаға өлеңнен келді. Бұл оның шығармаларының басты ерекшелігінің бірі. Қаламгердің қара сөзбен жазғандарының бәрі де өлеңдей төгіледі, өлеңдей оқылады. Мысалы:
“…Тыныштық. Жел үнсіз, жапырақ тілсіз, құстар әнсіз, дүние түгел қалғығандай. Атылған оқ, жарылған бомба күрсілі де естілмейді. Ғажайып бір үнсіздік, тым-тырыс, таңертеңгі жер сілкінтердей қан майданның алдындағы тылсым тыныштық…” [221, 18 б.] – тыныштық, бейбітшіліктің шексіз құны мен өлшеусіз бағасын түйсіндіретін “Таң алдындағы тыныштық” атты өлең сияқты.
Немесе:
“…Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығысұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы “Елім-ай” деп сар даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында бір шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. “Елім-ай” елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда “Елім-ай” десе ол ант! Ол серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құймақ, Шығысұлы. Кел, шырқатып “Елім-айды” салайық. Қайғымен емес, жауға бермейміз елімізді деп, жігерленіп салайық, хасіретпен емес, ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз деп, серт бере салайық. Сен қайда болсаң да, біздің даусымыз қосылады”…[221, 30-31 бб.] Жүректен үзіліп түскен бұл моншақтарда ұйқас болмаса да, ішкі сезім иірімдері бар, ерекше рухты екпін бар, сонысымен де – Елім-ай” деген өлең болып құйылып түскен.
Тағы бірде: “…Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенің ең бір жақының, ең бір досың, ең бір ұстазың бар. Ол – ана: қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап уанбай жылап сенің іздейтінің – ана. Сен жан болып дүниеге келдің. Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол – ана. Ол саған бәрінен қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден де үлкен. Сондықтан да сен бір-ақ жанды білесің. Ол – ана.
Міне, анаға деген махаббат сенің құндақта жатқан күніңнен-ақ басталады. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес!..” [221,38-39] – бұл “Ана” атты өлең десек, артық айтқандық емес.
Осы ретте профессор Қ.Әбдезұлының “Публицистика жә-не лиризм екеуі екі бөлек құбылыс, әрқайсысының өз даралы-ғы барын ескермеуге болмайды. Жазушы творчествосының публицистикалығы дегенде, стильдік ерекшелік туралы айтқан болып шығатынымызды да ұмытуға болмайды. Лиризм қандай стильде жазылған шығармаға да тән болып келе беретіні анық” [223, 28 б.], – деген тұжырымы еске түседі. Баубек публицис-тикасындағы лиризм – оның басты өзгешеліктерінің бірі.
Баубек – публицист өз қаламын еркін сілтеді, табиғи жазды. “Қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық” [224, 6 б.] екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сөйтіп табиғатынан ақын қазақ халқының жан-дүниесін әлемге ақтарып салды. Баубек қаламының ұшында поэзия публицистикамен тоғысты. Оның шығармаларында бабалар жаны, екпінді, жігерлі, қайратты Махамбет рухы бар. Сол Махамбет рухы ел басына күн туған-да: “…Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. “Ереуіл атқа ер салмай” біздің ісіміз бітпейтін, нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығысұлы!” [221, 29 б.] – деп Баубек публицистикасы болып қайта жаңғырды.
Баубек публицистикасын жастық жігер, асқақ сезім, өшпес рух ерекшелейді. Сонымен бірге оның шығармаларында жоғары саналылық, жан-жақты эрудициялық қабілет, интеллектуалдық білгірлік, философиялық салмақты ой бар. Баубек жау шабуылы толастаған сәтте, жаңа шабуыл басталар шақта, окоптағы үзіліс кездерінде, ұйқысыз түндерде қаруды қаламға алмастырып отырды. Міне, сондай қиын-қыстау сәттерде Баубекке қан арқылы берілген тектілік, жан арқылы берілген ойлылық көмекке келді.
Баубек публицистикасының екінші бір өзегі – оның философиялық қуаты. Оған да мысал көп: “…Адам туады, адам өледі. Мұнда тұрған қайғы не? Бұл жаратылыс заңы. Біздің шығыс елдері “адам дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадың, аттануың керек” деседі.
Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әшейін ғана аттана бермейді: ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады…” [221, 9 б.] – мұнда – “Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,// Өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – деген ұлы Абайдың өмірлік философиясы, Абай рухы бар.
Енді бірде: “Өмір деген не? Жаңа туған адам дүние есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында бұраңы көп, оқабы көп ұзақ жол – өмір жолы. Адам бір жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұраң жолмен ол тез қозғалып, асыға ұмтылып, алға басады. Ол ширақ, ол шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан қорықпайды. Оған қымбат – сол бұраңы көп ұзақ жол. Мәңгілік өмір – бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып тұратын сол ұзақ жолда…” [221, 22 б.] – деп толғанады. Мұнда мәңгілік өмір философиясы жатыр.
Тағы бірде: “…О жастар! О құрбылар! Біздің заман таласта! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр! Бірақ біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида!..” [221, 27 б.] – деп заман жайлы тебірене сөз қозғайды. Мұнда заман, дәуір хақындағы оптимистік толғаулы терең ой бар.
Баубек публицистикасы өз заманының желбіреген туына айналды. Оған алып елдің түкпір-түкпірінен хаттар ағылды. Оның публицистикасы 40-жылдардың алып кеңістігінде үлкен резонанс туғызды. Бұл туралы Баубектің қаламдас досы Мұқан Иманжанов өз естелігінде Баубек хаттарынан үзінділер келтіреді: “Бірінші жарияланған “Өмір мен өлім туралы” әңгімесіне байланысты, өзі былай деп жазады: “Комсомольская правда” арқылы патриоттардан статьям жөнінде көп хат алам. Әсіресе, Украина мен Белоруссияның қыздары көп жазады. Редакция да құттықтап, материал сұрап 4-5 рет хат жазды. Мен бұл кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек…” [225, 137 б.]. 1943 жылғы 20 мартта жазған бір хатында: “Мені хат деген басып кетті… Совет Одағының бұрыш-бұрышынан келеді” [225, 137 б.], – дейді. Б.Бұлқышев публицистикасында өмір мен өлім, махаббат пен жауыздық категориялары табиғи түрде көрініс табады.
Баубек өз публицистикасының ерекшелігін өз сөзімен былайша ашады: “Біз поэзияны сүйетін едік. Бос уақытымызды философияға беретін едік. “Адам жүрегімен сөйлескің келсе – музыканы үйрен”, – деген сонау бір композиторға біз неше рет алғыс айттық екен! Біз музыканы жүрегімізбен тыңдаушы едік…” [221, 20 б.].
Сонымен Баубек публицистикасын қазақ әскери публи-цистикасының шыңына көтерген үш бастау бар. Ол – поэзия, философия, музыка. Осы үш тараптан құйылған қуатты күш, серпінді сезім, асқақ ой мәңгі оқылатын Бұлқышев публицис-тикасын туғызды. Жалпы публицистиканың синкерттілік сипаты бар екенін білеміз. Оның бойында поэзияның да, философияның да, музыканың да элементтері табылып жататындығына жарқын дәлел – Баубек публицистикасы. Баубек өз очерктеріне, мақалаларына, күнделіктері мен хаттарына өмірдің өз көркемдігін сіңіре білді.
Сөйтіп қазақ публицистикасын ерекше көтеріңкі пафос, оптимистік сарынға суарылған поэтикалық–философиялық бағытпен байытты.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Баубек публицистикасы-мен үндес, сарындас жазбалар ретінде Әбу Сәрсенбаевтың “Офицер күнделігін”, Мәлік Ғабдулиннің “Менің майдандас достарым”, Ғабдол Слановтың “Хаттар”, Бауыржан Момышұлының “Офицер күнделігі”, “Жауынгер тұлғасы”, Қасым Қайсеновтің “Жау тылында”, “Партизан соқпақтары” т.б. шығармалар шоғырын атау ләзім.
“Соғыс жылдарындағы публицистиканың басты ерекшелігі – абыржу мен күту халіндегі күрескер халыққа әсер ете білді. Өз халқымен үздіксіз байланыста болып, олардың ойлары мен сезімдерін білдіріп, оларды көмекке шақырды және әлем тыныштығы үшін асқан абырой мен үміт отын жақты. Соғыс жылдарындағы публицистика арқылы халықтың сол кездегі көңіл-күйін және заманның бет-бейнесін тануға болады” [226, 12-13 бб.].
Шынында да соғыс жылдарындағы қазақ әскери публицистикасы – елдің бүкіл сана-сезім, күш-жігерін ортақ жауды жеңуге жұмылдырды. Бұл кездегі публицистикалық шығармалар авторлары жоғары патетикалық пафосты, шешен тілді, халық даналығын өз ойларына өзек етіп қолданды. Қазақтың әскери публицистикасы ауыз әдебиетінің бай қазынасымен суарылып, тарихи аңыздардан, айтыстар мен мақал-мәтелдерден, жыраулық поэзия үлгілері мен шешендік сөздерден тамыр тартты. Және сол бай рухани мұра майдан-дағы және тылдағы деректі фактілермен, ақиқат оқиғалармен, баяндаудың қуатты мәнерімен астасып жатты. Соның нәтиже-сінде өткір тіл, ойды қысқа және дәл жеткізуге құрылған ға-жайып публицистикалық шығармалар туды. Соғыс жылдарын-да халықтың күшін бір ойға біріктіретін публицистика түрлері мен жанрлары орнықты. Мәселен үндеу, памфлет, күнделік, хат, очерк, мақала, публицистикалық қуаты бай өлеңдердің тууы соның дәлелі. Уақыт өте келе, 1954 жылы, Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезінде “Қазақ совет әдебиетінің жайы мен міндеттері туралы” жасаған баяндамасында Ғабиден Мұстафин Ұлы Отан соғысы дәуіріндегі әдебиетті сипаттай келіп: “…Әдебиеттің ең кенже жанрының бірі – публицистика зор күшке айналды. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Тоқмағанбетов сияқты аға жазушылардың халық ашуымен суарылған мақала, очерктері өз алдына, бұрын үні естілмеген Бұлқышев сияқты жастар окопта жатып жауын оқпен ғана атқан жоқ, өткір мақала, очерктермен де атып жатты” [227], – деп көрсетіпті. Соғыс күндерінде қазақ публицистикасы бойына ерекше оперативтілік дарыды. Сонымен бірге сөз қаруға айналды. Қаламгерлер жүрегінен туған публицистика бүкіл халықтың көңіл-күйін, үмітін, ашынуын, батырлығын, рухын қағаз бетіне айна-қатесіз көшірді. ХХ-ғасырдың 40-жылдарында қазақ публицистикасы жаңа биікке көтерілді. Ол ғасырлар бойғы қазақ халқының ой мен сезімнен өрілген өршіл рухы мен парасатының көрінісі бола алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *