Жүсіпбек Аймауытовтың көркемдік бағыттағы публицистикасы

Б.Жақып


Жүсіпбек Аймауытовтың көркемдік
бағыттағы публицистикасы

“Өзінің журналистік жолын “Алаш”, “Сарыарқа”, “Абай” басылымдарынан бастаған Жүсіпбек Аймауытовтың публи-цистикасы Кеңестік кезеңде жалғасын тапты.
“Абай” журналында, “Сарыарқа” газетінде басылған кейбір мақалаларында жазушының Совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы бұрмалаушылықтарды, жекелеген белсенді-лердің, асыра сілтеушілердің қылығын большевиктерден көріп, оларға тіл тигізген кезі де болды. Бірақ Жүсіпбек бұл райдан тез қайтты. Алашорда үкіметінің негізгі сырын, мақсатын түсініп, олардан бойын аулақ салып, Совет өкіметі жағына шықты”[198, 22 б.], – деп жазды академик С.Қирабаев.
1919 жылы 1 желтоқсанда Семей қаласында Кеңес өкіметі қайта орнады, губерниялық революциялық комитет құрылды. Оның үні ретінде 1919 жылдың 4 желтоқсанынан бастап “Қазақ тілі” газеті шыға бастады. Бұл басылым жетісіне бір рет, кейінірек 3 реттен 2500 таралыммен шығып тұрған [199, 76 б.]. Бірте-бірте оның тиражы 3000-ға жетеді [200]. 1920 жылдың жаз айларында Мәннан Тұрғанбайдың орнына Жүсіпбек Аймауытов редактор болып тағайындалады. Бірақ аз ғана нөмірлері сақталған сол жылдағы газеттен Жүсіпбектің өз атымен шыққан мақаланы жолықтыра алмадық. Десек те “Басқармадан” деген тақырыптағы шағын материалдарды Жүсіпбек жазған деп жорамалдадық. Жазу мәнері, сөз саптауы Аймауытов стиліне келетін бір мақала “Кедей сөзінің” ілгешегіне жауап” атты тақырыпта жарық көрген. Онда: “Қазақ тілі” қазақ әйелінің әлі жетілмегендігін де, кейде қыз боп ағасы, не туысқаны жазатынын да біледі. Басына бостандық алған қызды да, қорғалап құлдықта қалған қызды да өнеге алсын, не сақтансын деген мақсатпен басады… неше қыздың қолы қойылып жазылса да, “мен жазған жоқ едім” деген кісі әзір шыққан жоқ. Газет – сот емес… Өйткені мақсат қол тексеру емес, әйел теңдігіне, еркіндігіне қызмет ету…
“Қазақ тілі” – төңкеріс жолындағы езілген таптың, әсіресе әйелдің еркін жақтайтын газет. “Кедей сөзі” жолдасымыз әйелдің еркіне қиғаш қараса, өзі біледі” /ҚТ. 1921, 31 желтоқсан, №112/, – деп сынға сынмен жауап береді, полемизмге барады, өз газеті ұстанып отырған бағыттың дұрыстығын дәледейді, қазақ әйелінің теңдік алуы үшін газет те үлес қосу керектігіне назар аударады.
Редактор Аймауытов газет бетінде “Қызылдар майданы” айдарымен Кеңес өкіметіндегі саяси ахуалмен таныстыратын бір тектес заметкалар ұйымдастырып отырған. Олар “Врангель бөліне бастады”, “Күнбатыс майданы” /ҚТ. 1920, 28 қазан, №98/, т.б. тақырыпшалармен жарияланды. Және бұл хабарларды РОСТА-дан алып, газеттер мен телеграф агенттігі арасындағы байланысты жолға қоюда, тәжірибеге енгізуде көп еңбек сіңірген.
“1920 жылы 16 ноябрьде “Ұшқынның” орнына РКП(б) облыстық бюросы мен Қазақстан Советтерінің Орталық Атқару комитетінің органы болып “Еңбек туы” газеті шыға бастады” [189, 84 б.]. Жүсіпбек сол газеттің редакция алқасының құрамына Орынборға шақырылады. Өзінің осы газетте жарық көрген “Жастар кім?” атты мақаласында қазақ жастарының жікшілдіктен аулақ болып, ең алдымен ұлтқа адал қызмет ету керектігін түсіндіреді. Жастарға Сұлтанмахмұт Торайғыровты үлгі етеді.
“Бұрынғы оқығандарға жастар сын тағатын. Не деп? – “Ескішілсіңдер, байшылсыңдар, баққұмарсыңдар… ылғи әдіспен жүремін деп көзге көрінерлік берекелі іс шығара алмадыңдар” деп …Бұрынғы оқығандардың бойында, ісінде міндері болса, ол үшін мүлде айыптауға болмайды …Жастардың көбінесе іске кіріскені соңғы төңкерістен бері қарай. Аз уақытта жастардың өндіріп істегені болмаса да, келешекте адал қызмет қылуына, көздеген мақсұтынан, тұтынған жолынан таймай халықты түзу бастауына үміт туғызады… Кешегі өткен Сұлтанмахмұт жас біткенге бас еді. Ақ жүректік, әділдік, турашылдық, ерлікте Махмұд сынды жігітті қай дұшпаны кемітер?!” /ЕТ. 1920, 25 желтоқсан, №21/ – деп, небәрі 31 жастағы жігіт ағасының өзінен кейінгі жастарға оң жол нұсқауы таңдандырады, ел үшін ерте есейген азаматтың ойларының салмақтылығы аңғарылады. Осы тұста “Қазақтар” атты әйгілі тарихи еңбек жазған М.Б.Олкоттың: “Жеңіске қолы жеткеннен соң большевиктер қазақтарға Советтік “үстемдіктің” сабақтарын үйрете бастады” [201] – дегені еске түседі. Ж.Аймауытов – публицист көрегендікпен қазақ жастарын Кеңес өкіметінің жікшілдікке бөлу сияқты әккі саясатынан алдын-ала сақтандырып отырғандығы көрініп тұр. Жікшілдік болғанда да аға мен інінің, ата мен баланың арасындағы, ұлттық тамырды үзіп тастайтын пиғылдан сақтандырады.
Арада аз уақыт өткеннен кейін Ж.Аймауытов 1921 жылдың 21-ақпанында “Еңбек туы” газетінің редакторы болып тағайындалады. Бұл кездегі газет тігінділерін, өкінішке орай, кездестіре алмадық. Сол жылы күзге салым Жүсіпбек Семейге оралып, ондағы түрлі саяси қызметке араласады. Алаш ардақтыларымен үнемі байланыста жүреді. Сөйте жүріп “Қазақ тілі” газетін басқаруға араласып, белсенді түрде жазып тұрады. Жүсіпбектің “Қазақ тілінде” басылған “Топалаң уағындағы той” мақаласы ерекше назар аударарлық. Онда автор елдегі отаршылық нәубеті туралы сөз қозғап, халық күйзелісіне жаны ауырады. Тарихшылардың деректеріне қарағанда: “Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу орасан зор қиыншылықтарға ұшырады. 1921 жылдың жазында республиканың едәуір бөлігін қуаңшылық жайлады. Оның алдында қатты жұт болып, ол кей жерлерде малдың 80 процентіне дейін қырылуына әкеп соққан еді. Ашығушылар саны республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды, олар 1921 жылғы қараша айында – 1 миллион 508 мың, 1922 жылдың наурыз айында – 2 миллион 303 200 адам болды, мамыр-маусым айларында бұл сан едәуір азая бастады.
1921 жылдың жазында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің декретімен Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары ашығушылар қатарына қосылды. Аштыққа індет қосылды. 1922 жылдың маусым айына қарай Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар саны халықтың жалпы санының 82 процентіне дейін жетті” [372, 82-83 бб.]. “Республикада 1920 және 1923 ж. жүргізілген ашаршылық санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30%-ке дейін азайған. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100%-ін қамтып, олар түгелдей дерлік босып, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды” [71, 582 б.]. Жүсіпбектің айтып отырған топалаңы – осы ел басына түскен ауыр қиыншылық. Орынбордағы халық ағарту комиссариаты жазушылар съезін шақырмақ болады. Аймауытов — публицист съезд өткізуге өз мақаласында ашық қарсы болады: “Жолдастар-ау! Ойласаңдаршы! Қазақстанның басына қандай ауыртпалық түсіп отыр. Осы күнде съез жасайтын, сейіл құратын, әңгіме соғатын заман ба? — Қазақстанның үштен екі есебі жоғалғалы тұрғанда не бетімізбен жасаймыз, әдебиетті гүлдендіреміз деп аузымыз барып сөйлейміз… өзгені тастап мезгілсіз ажалмен алысуға атқа міну керек… Съез құрамыз деу – елдің бір жағына топалаң келе жатқанда бір жағы той қылып жатқанымен бір есеп” /ҚТ. 1921, 12 маусым, №123/ – деп ащы болса да шындықпен санасу керектігін жазып, билік басындағыларға тоқтау айтады. Жүсіпбектің осы жазғанының өзі – шын деректерге құрылған шынайы публицистиканың ел тарихымен, халық шежіресімен астасып жатқандығына айқын дәлел. Сол кездерде Мұстафа Шоқай сынды ел зиялылары 1921-22 жылғы ашаршылық туралы “ол революция әкелген апат, кезеніп тұрып, халықтың малын тартып алудың салдары” [202, 104 б.], – деп тіліп айтты.
Жүсіпбектің “Қазақ тілі” бетіндегі баспасөз тақырыбына жазған мақалаларынан бүгінгі журналистика тәжірибесінде үлгі аларлық ойлар көп. Соның бірі “Тілшілерге” деген мақаласында: “Газеттің бетінде “Ел хабаршылары” деген бөлім бар. Ел хабары не болып қалды? Көремін: үнемі біреуді жамандау, қорлау, жауап беру, тайталас. Бұл қалай? Ел деп жазатын өзге хабар жоқ па? …Қазақтың қай елін алсаң, партия, ерегес яки күндестіктен сау емес, өтірікті, өсекті, шағымды сабау… Ел ішінде жүріп, елдің сырын алғандай болдым. Елден жіберген хабарлардың оннан бірі шын болса қуанар едік. Оның өзі шын болмайды. Ылғи өтірікті, өсекті басты деп, газетке бос сөз басатын өсекші көріп, халықтың газет оқудан көңілі қалады” /ҚТ. 1923, 30 маусым, №53/ – деп жазады. Осындағы Жүсіпбек айтқан “біреуді жамандау, қаралау, жауап беру, тайталас” көрінісі біздің қазіргі шығып жатқан кейбір газеттерімізде кездесіп қалады. Өткеннен сабақ алар болсақ, бұрынғы зиялыларымыздан қалған “жақсы сөздің — жарым ырыс” екендігін естен шығармауымыз қажет-ақ.
Аймауытов – публицистің өндірте жазып, жариялаған жылының бірі – 1924 жыл. Осы жылы Жүсіпбектің мақала, фельетондары “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Қазақ тілі”, “Қызыл Қазақстан”, “Жас қайрат”, “Жас қазақ” басылымдарында бірінен соң бірі жарық көрді.
Оның “Ел газетке не жазбақ?” “Газет тілі қалай түзеледі?” проблемалық мақалалары да бүгінгі таңда өз мәнін жойған. Алғашқысында: “Ішкі-сыртқы хабар, үкімет қаулысы, бұйрық- жарлығы, съездің протоколы елдің оқуына онша қызықты көрінбейді… елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тілі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ, кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші “тәуіп” те, “пайғамбар” да емес… Ел: “жазбасам маған серт, баспасаң саған серт!” деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады”/Е-і Қ. 1924, 5 мамыр, №210/,– деп журналистиканың тиімділігі мәселесін сөз етеді. Бұл ойлардың қазір де маңызы зор. Жүсіпбек публицистикасының өміршеңдігіне дәлел – бұл. Сөйте отырып, сол кезеңдегі баспасөзге қандай мәселелерді жазу керектігіне жұртшылық назарын аударады: “…Қысқаша айтқанда елдің газетке жазатын хабарлары мынау:
1. Шаруа жайы; 2. Әкімшілік, сот жайы; 3. Әйел теңдігі, жастар тұрмысы” /Е-і Қ. 1924, 5 мамыр, №210/. Осы өзі атаған тақырыптардың қай-қайсысына болса да Жүсіпбек – публицист қалам тербеді, сол мәселелер төңірегінде көпшіліктің қоғамдық пікірін қалыптастырып отырды. “Газет тілі қалай түзеледі?” деген проблемалық мақаласында: “орысшадан аударылған, орысшаға жанасқан сөздерге қарасақ, томармен жүрген қазақ арбадай миыңды, жүйкеңді түйгіштеп, зырқылдата жөнеледі” /Е-і Қ. 1925, 25 қараша, №405/, – деп кейиді. “Еңбекші қазақтың” 396 – санын алып, сондағы кездесетін тілдік, стилдік қателерді дұрыс аударылмаған сөз, сөйлемдерді мысалға келтіріп тұрып, жеңіл юморымен, батыл сын айтады.
1924 жылы 1 қазаннан бастап Жүсіпбек Тәшкент қаласындағы Қазақ институтында оқытушылық қызметке кіріседі. Сонда жүріп “Ақ жол” газетін шығару ісіне тікелей араласады. С.Қожанов, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Д.Ысқақов, А.Байтасов, Қ.Кемеңгеровтермен бірге газеттің бет-беделін көтеруге белсене ат салысады. “Ақ жолдың” бетінде “Жарасымды сүгіреттер”, “Көшпелі Көжебай”, “Радио хабарлары” фельетондары, “Тінікейді не ойландырды”, “Қойшы тастамақ” очерктері, “Қазақта жезөкше бар ма?”, “Ташкентте ойын-сауық кеші”, “Үлгілі мектеп”, “Пара алу тоқтала ма”, “Қазаққа пайдалы жас талап” т.б. мақалалары жарық көреді. “Ақ жол” газетінде қызметте жүріп, Жүсіпбек сол басылымның қосымшалары ретінде “Сәуле” әдеби журналын (1924) және “Шаншар” сықақ журналын (1925) шығаруды қолға алады. Сол журналдардың редакторы болады. Қазақтың алғашқы сатиралық журналын шығару арқылы және көптеген фельетондар жазу арқылы Жүсіпбек қазақ сатиралық публицистикасының негізін салушылардың бірі болды. Тұңғыш күлкі журналының алғашқы нөмірінде Жүсіпбек – редактордың “Шаншар” кім?” деген бас мақаласы жарияланып, онда сықақ басылымының бағыт-бағдары айқындалды. “Қазақты ел қыламыз, жұртшылық жасаймыз, кедейдің сауатын ашып, саңылау жібереміз, өнерлі – ғылымды жұрт санатына қосамыз, шаруасын берекелендіреміз деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, аяқтай басы шарадай болып жүрген азаматтарды көзден шоласыз…
Заманға мойын ұсына алмай, жаңалыққа көне алмай, ескіні қолдан бере алмай, сең соққан балықтай оршып, арындап жүргендер де аз емес… “Шаншардың” мақсұты: елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан қия басқанды біздеп жараламақ” /Ш-р. 1925, №1/, – деп өзінің екпінді ақ өлең стиліне салып, күлкі журналының шығу мақсатын көрсетеді.
Сол кезде Семейде шыққан “Таң” журналының бетінде М.Әуезов: “Оқушының ойы мен сезімін күлкісіз салқын түспен тәрбиелейтін баспасөздің ішінде күлкі сынды болып шықса, тәуір сөздің тұздығы болады. Бұл да тәрбиеші, бұл да ой сезімді бастайтын жетекші, басшы, бірақ бұның өзгелерден әдісі бөлек. Бұның өзгеден айырмасы сыртқы пішінінде ғана. Күлкі журнал да ой жетілдіріп, сезімді ұстартпақ. Сондықтан ол күле отырып, біле отыр дейді. Ойнап отырып, ойлап отыр. Біреудің мініне күлсең, өзің сол міннен бойыңды арши отыр дейді… Қазақтың аз да болса, ілгері қарай басып келе жатқан өнер-білімінің тұсында “Шаншар” мезгілімен шыққан жур-нал… Қазақ баспасөзіне жаңа қосылған түр, жаңа өрнектің бұдан да артып, көп жасауына тілеулеспіз /Т. 1925, №3/, – деп баға береді, сықақ журналының оқырманы да көп болатынын атап өтеді.
“1924 жылдың ақырында Түркістан Совет республикасы таратылып қайта құрылды. Осыған байланысты бұрын оның қарамағында болып келген Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақ АССР-не қосылды” [189, 107 б.]. Осыған байланысты қазақтың біраз оқығандары Ташкен қаласына бас қосып, саяси –публицистикалық қызметті барынша тиімді жүргізуге әрекет етті. 1925 жылы көкек айының 11 мен 16 күндері “Ақ жол” газеті тілшілерінің І конференциясы өткендігі – назар аударарлық жайт. Оны өткізуге А.Байтасов, Т.Жүргенов, Қ.Кемеңгеров, С.Баймақанов, О. Жандосов, т.б. азаматтармен бірге Ж.Аймауытов та басшылық жасаған. Сол жиылыстың соңында, баяндамаларды ескере келіп, “Тілшіліктің он екі парызы” деген құжат қабылдаған. Олар қысқартып айтқанда мынадай болып келеді: “1.Жұрт қызметіне араласа жүру керек; 2. Қырағы болу керек; 3. Материалды мезгілінде жіберу; 4.Басқармамен байланыс мықты болсын; 5. Әр нәрсені жазып ал; 6. Әр мәселені бөлек жаз; 7. Сөзді кестелі қылып, қысқа жаз; 8. Хабар жазудың техникасын үйрен; 9. Дұрыс жазуға үйрен; 10.Газеттің әсерін байқа; 11. Шын газетші бол; 12. Газеттің күзетшісі бол” [203, 27 б.]. Сонау 20-жылдары айтылған ойлар болса да, қаперге алатын жайттар бар мұнда.
Ж.Аймауытов – публицист 20-жылдары қоғамда орын алған сан алуан мәселелерге жұртшылық назарын аударып, әр проблеманың шешімін табуға ұлттық көзқарас тұрғысынан келіп отырады. Мәселен қазақ жазуындағы емле, таңбалау мәселесіне арнап “Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба” /Е-л Қ. 1924, 26 ақпан, №178; 28 ақпан №179/, “Жазу таңбаларымызды азайту туралы” /Е-л Қ. 1924, 15 наурыз, №189/, “Қазақ тілін жүргізу қазақша оқуда”/Е-л Қ. 1924, 28 наурыз, №190/, “Емлені өзгертуге жоба” /АЖ. 1924, 11 ақпан, №403/ “Жазу мәселесі туралы соңғы сөз” /Е-л Қ. 1924, 25 мамыр, №209/ сияқты бірнеше талдамалы мақалалар жария-лады. Негізінен бұл ретте Жүсіпбек: “Жазу машинкасына лайықтап Ахмет ағайдың шығарған қаріптері бар… Ахмет ағайдың шығарған таңбалары осы күннен бастап баспаха-наларға арналып жасалса, жақсы-ақ болар еді. Онда хат тану бір жола жеңілденіп, орыс жазуының қатарына келер еді” /Е-л Қ. 1924, 26 ақпан, №178; 28 ақпан №179/ – деп Байтұрсынов ұсынған жазу тәртібін қолдайтындығын білдіреді.
Жүсіпбек шаруашылық, оқу-ағарту, ән-күй мұраларын жинақтау, жастар тәрбиесі, әйел теңдігі, терминология, денсаулық, тәрбие, отырықшылық, әдебиет тақырыптарында көптеген мақала, очерктер жазды. Баспасөз бетінде шыққан фельетондары мен сын мақала, корреспонденцияларында қоғамдағы келеңсіз жайттарды күлкі етіп, жеңіл әзілмен қағытып, қазақ ішіндегі саудагерлік, парақорлық, сәнқойлық, боғауызшылдық, жалқаулық, кадр тұрақсыздығы, жікшілдікті, т.б. залалды қасиеттерді шенейді.
Тағы бір айта кететін жайт – Жүсіпбектің кестелі, жібектей төгілген тілі. Бұл әсіресе оның очерктерінде айқын көрініс табады. “Сұлтанмахмұт Торайғырұлы” атты тарихи-танымдық, портреттік очеркі – соның дәлелінің бірі ғана. Әсіресе Сұлтанмахмұт туып-өскен Баянаула тауын суреттегендегі, пейзаж жасаудағы, бай тілмен сөз кестелеудегі Жүсіпбек – публицистке тән ерекшелік көзге бірден түседі. “Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барқын, мойыл; қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ; шөккен алыптай жарқыраған Сабынды көл, сол қолтығында түндей түнерген Шойынды көл, жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көк орай шалғын, көк балауса жасыл жапырақ, гүл, жеміс, тау іші ың-жың аң, бұта толған жыршы құс…” [204, 3 б.] – деп төгіліп түсетін ерекше мәнер, екпін, түп негізі ауыз әдебиетінде жатса да, Жүсіпбек қаламы арқылы қайта жаңғырған публицистік шеберліктің, шынайы суреттің, жоғары көркемдік деңгейдің, жырдай оқылып оқырманды еліктіріп, ертіп әкететін қасиеттің нағыз көрінісі. Жүсіпбек публицистикасын ерекшелейтін басты белгінің бірі де – осы. “Көркем сөздің көк майсасы” (Д.Әбілов) атанып кеткен Жүсіпбектің аллитерация мен ассонансты, бояуы қанық теңеулер мен эпитеттерді, көркемдік бейнелеу құралы, қазақ тілінің шұрайлылығын көрсететін өзгеше пафосты публи-цистикаға әкелуі – үлкен жаңалық еді. Кейінгі публицистер шығармаларында, әсіресе, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мәуле-нов, Ғ.Қайырбеков, О.Бөкей публицистикасында бұл дәстүр қазақ публицистикасына берік орнап қалды. Ол – публицисти-кадағы есілген ғажайып әуезділік пен көсілген әсем көркемдіктің астаса көрініс табуы. Сөйтіп Ж.Аймауытов қазақ публицистикасында өзінің тұтас мектебін қалыптастырып кеткен біртуар тұлға болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *