«Қазақ» газетіндегі публицистика

Б.Жақып

«Қазақ» газетіндегі публицистика

ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтары газет-журнал шығаруға басты назар аударды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан құтылудың, ұлт бостандығы үшін күресудің бірден-бір жолы – баспасөз бетінде халыққа сөз айтып, елдің санасында сілкініс туғызу арқылы қазақ азаматтығына қол жеткізу деп білді. Бұл үшін өзге дамыған елдер тәжірибесін үлгі ретінде ұсынды. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың мына пікірі соның дәлелі: “Халыққа газеттің осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады.
1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын газет һәм журналдың есімі жиырма бір мың төрт жүз отыз бес, Францияда сегіз мың тоғыз жүз қырық, Германияда сегіз мың, Италияда үш мың бір жүз жиырма, Россияда екі мың елу сегіз екен. …Бізде құр алақан болғанымыз жоқ. “Айқап” журналы шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз” /Қ. 1913, №1/.
Бұл сол кездегі зиялылардың бәрін де терең толғантқан мәселе болды. Сол себепті әр жерде газет шығару ісі қолға алына бастады. “Егер бүкіл ХІХ ғасырдың бойында небәры 70-80 кітап шығарылған болса, ХХ ғасырдың алғашқы 17 жылының ішінде (1900-1917), толық емес мәлімет бойынша, қазақ тілінде 200-ден астам кітап шығарылған. Революциядан бұрын қазақ тілінде барлығы 14 газет, бір журнал шыққан (Астын сызған біз – Б.Ж.) [40,111]. “Револциядан бұрын қазақ тілінде шыққан газет-журналдар сан жағынан көп болмаға-нымен (14-15), олардың беттерінде елдің тарихы, шаруашылық жағдайлары, мәдени өмірі мен ғалымдар, жазушылар туралы көптеген құнды мақалалар басылды” [149, 6 б.].
Төңкеріске дейінгі қазақ тұрмыс-тіршілігінің айнасына айналған газет-журналдардың қай-қайсысы да белгілі-бір дәрежеде қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді қамтыды. Ол басылымдардың әрқайсысы жеке зерттеу нысанасына айналып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан өз бағасын алатын күн туды. Төңкеріске дейін шыққан басылымдар библиографиясын жасап, кейбір газеттердегі мәтіндерді көшіріп қайта бастыру ісіне бүкіл ғұмырын арнаған, зерттеуші ғалым Ү.Сұхбанбердина революциядан бұрынғы баспасөздің сандық көрсеткіші туралы былай дейді: “Революциядан бұрын қазақ тілінде 14 газет, бір журнал шыққан. Олар: “Түркістан уалаятының газеті”, (1870-1882), “Дала уалаятының газеті” (1888-1902), “Серке” (1907), “Қазақ газеті” (1907), “Дала” (жылы белгісіз), “Қазақстан” (1911-1913), “Ешім даласы” (1913), “Қазақ” (1913-1918), “Айқап” (1911-1915), “Алаш” (1916-1917), “Бірлік туы” (1917), “Сарыарқа” (1917), “Ұран” (1917), “Үш жүз” (1917), “Тіршілік” (1917)” [149,6].
Ғасыр басындағы оқығандардың баспасөз туралы, оның рөлі хақындағы ойлары да бір-біріне ұқсас. Мұның өзі – олардың алға бір ғана мақсат қойғандығынан да болар. “Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті…” [161] – деп жазды ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов. Міне осы ойлардың бәрі жиылып кеп қазақ зиялыларының нағыз ұлттық басылым “Қазақты” шығаруына түрткі болды. Жоғарыда аталған 15 басылымның ішіндегі қазақ публицистикасының дамуын сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерген де осы “Қазақ” газеті еді. “Қазақ” газеті “Айқапта” шала піскен мәселелерді дұрыстап пісірді. Сонымен қатар “Қазақпен” қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз “Қазақ” газеті ғана болды…” [162, 53 б.].
“Қазақ” газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін Орынборда шығып тұрған, ұлттық баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлкен ықпал еткен басылым еді. Оның редакторы – Ахмет Байтұрсынов, шығарушысы – Мұстафа Оразаев болды. Газетте Бөкейханов, Дулатов, Шәкәрім, С.Дөнентаев, М.Шоқаев, М.Жұмабаев, Б.Майлин, тағы басқа қазақ қаламгерлерінің публицистикалық, көркем шығармалары жарық көрді. Сол кездегі қазақ саяси өмірі мен қоғамдық ойының белсенді өкілдері ұлттық басылым төңірегіне тоғысуы – кездейсоқ жағдай емес еді. Оларды бірлесе қимылдауға, қосылып іс-әрекет жасауға итермелеген – ғасыр басындағы қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси ахуал, елдің ауыр халі болғандығына көзіміз енді жетіп отыр.
Демек, “Қазақ” газеті – сол кезеңнің шындық шежіресі, өмірлік айнасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосып, болашаққа бағыт-бағдар берген қоғамдық ойдың өлшемі еді.
Бұл басылымның қазақ халқының ұлттық даму жолындағы маңызды ролі жайында көптеген пікірлер бар. Солардың ішінде де газет туралы сол кезеңдегі ел зиялыларының нақты тұжырымдарға құрылған ойлары ерекше әсер қалдырады. Мәселен, Алаштың ардақты азаматтарының бірі – Смағұл Сәдуақасов өзінің “Қазақ әдебиеті” атты тарихи-талдау очеркінде: “… Айқаптан” кейін 1918 жылы қазақ әдебиетінің мақтанышы болған “Қазақ” газеті шықты. Бір ғажабы, “Айқап” мұсылман мектептерінде оқитын әдебиетші жастардың белсене қатысуымен, күш-жігерімен шығып тұрса, “Қазақ” газеті орыс мектебінде оқитындардың күш-жігерімен шықты” [159] – деген пікір айтыпты.
Ал Мұхтар Әуезов Ташкентте шыққан “Шолпан” журналында 1923 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі” атты тарихи-әдеби сын мақаласында былай деп жазыпты: “Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – “Қазақ” газеті. “Қазақ” газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді.
Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қал-пында өтті… “Қазақ” газетінің бетіндегі бағыт пен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көзқұлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін атқарады…” [163].
1923 жылы “Ақ жол” газетінде жарық көрген “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында М.Әуезов “Қазақ” газеті мен оның редакторы А.Байтұрсынов жөнінде салиқалы ой сабақтайды. “Қазақ” газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзынырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш” [152].
“Ақжолда” шыққан жоғарыдағы мақаласында, халыққа ой салып, шуақты күндей шапағатын төккен басылымның сол кездегі ролін Әуезов дәл көрсете білген. Қалың көпшілікке баспасөз органының ықпалының аса зор болғандығын Мұхаң былай бағалайды:
“…Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған “Қазақ” газеті болатын” [152].
Бұл келтірілген үзінділер – “Қазақ” газетінің тарихтағы алатын орнын дәлме-дәл анықтай түседі.
Ғасыр басындағы қоғам қайраткері, біртуар тұлға Халел Досмұхамедұлы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма тергеу-шілеріне 1930 жылы 14 сентябрьде берген жауабында “Қазақ” газетінің шығу тарихын, қандай бағыт ұстанғанын, қоғамдағы алатын орнын айқын көрсетеді: “…Появилась в Оренбурге газета “Казах”, во главе которой стали А.Байтұрсынов и М.Дулатов. Газета выступила с определенной национально-демократической программой, сумела вокруг себя сплотить значительную часть учительства и учащихся татарских медресе Галия и Хусаиния и др. в гор. Оренбурге и Уфе; выпускала значительное количество брошюр, книжек культурно-просве-тительского характера. Значительная часть интеллигенции со средним и высшим образованием примкнула к “Казаху”. Букейханов стал одним из главных руководителей “Казаха”, принял платформу “Казаха”, хотя активно не имел возможности участвовать. Т.О. возник центр, объединивший и руководивший тем слоем казахского населения, который был разбужен 1-ой русской революцией. Газета давала руководя-щие статьи по политической жизни казахов, открывала дикуссии и была объединителем тогдашней политической мысли” [164]. Міне бұл – “Қазақ” газетінің бүкіл қазақ халқының саяси орталығы болғандығын дәлелдейтін айғақ. Сол кезде өзге жұрт өкілдері “киргиз” деп өз атымызбен де атамай, кемсіте қарайтын кезде ұлт намысын қозғайтын мұндай мінбер елдігіміздің қалыптасуы үшін де қажет еді. Басылымның негізгі мақсат – міндетін газетті шығарушылар алғашқы нөмірдегі беташар мақалада-ақ көрсетіп берді: “Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін “Қазақ” қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы” /Қ. 1913, №1/. “Қазақ” газетін шығарушы азаматтардың қазаққа азаттық әперудегі тура жол ретінде — публицистикалық қызметті таңдағандығы осы алғашқы беташар мақаладан-ақ көрініп тұр.
Губернатор, генерал-лейтенант Сухомлиновтің “Қазақ” газетін шығаруға рұқсат беру жөніндегі Ресейдің баспасөз жөніндегі бас басқармасына жолдаған шешімінде “Қазақ” газетінің қамтитын мәселелері мен тақырыптары анық белгіленді. Онда мынадай мәселелер көрсетілген:
Нұсқаулар мен мемлекеттік жарлықтар.
Мемлекеттік Думаның және Мемлекеттік Кеңестің жұмысы.
Сыртқы және ішкі хабарлар.
Қазақтардың тарихы мен тұрмысы.
Әдеп, тарих, этнография мен мәдениет.
Экономика: сауда, қолөнер кәсібі, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы.
Халық ағарту: мектеп, тіл мен әдебиет.
Гигиена, медицина және ветеринария.
Фельетондар.
Корреспонденциялар мен жеделхаттар.
Жергілікті хроника.
Иллюстрация.
Почта жәшігі.
Хабарландырулар [165].
“Қазақ” газетінің бетінде қазақ публицистикасын дамыту-ға үлес қосқан авторлар көп. Олардың әрқайсысының мұрасы жеке зерттеу нысаны болуға лайық. Мәселен, Жанша Сейдалин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаев, Жұмағали Тілеулин, Жүсіпбек Басығарин, Есенғали Қасаболатов, Хайретдин Болғанбаев, Нәзипа Құлжанова, Мырзағазы Есболов, Мұстафа Оразаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, Мағжан Жұмабаев, Қошмұхамед Кемеңгеров, Сәбит Дөнентаев шығармаларында ғасыр басындағы оқығандарды толғандырған зор саяси, экономикалық, рухани мәселелер қозғалды.
“Қазақ” газетінің бетінде ең көп жазған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов қоғамдағы барлық мәселелерді қозғап, болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, шолу жасап, кейбір кезек күттірмейтін жайттарға дер кезінде үн қатып, елді қауіп-қатерден сақтандырып, қазақты ұлттық бостандық жары-ғына бастап отырды. Олар Ресейдің отаршылдық саясатын әшкереледі, Қытайдағы қазақтар жайына да назар аударды, Қазақ даласының ішкі жағдайын үнемі назарда ұстады, сыртқы саясат мәселесімен, халықаралық байланыстармен елді таныстырып отырды, бірінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын жан-жақты қамтыды, қазақтан әскерге адам алу мәселесінде оңтайлы шешім қабылдады, Ақпан төңкерісіне көзқарастарын білдірді, жеке Қазақ Автономиясын құруға шақырды. Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси істерге газет арқылы белсене араласты, елде публицистиканың басқарушылық, ба-ғыт берушілік, ағартушылық, ұйымдастырушылық, насихат-таушылық, үгітшілік функцияларын жүзеге асырды. Бұл тұрғыдан келгенде “Қазақ” газетінің публицистері қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық болды, экономика, ауыл шаруашы-лығы, егіншілік мәселелерін сөз етті, жер мәселесін шешуге ұйытқы болды, оқу-ағарту, оқулықтар жасау, кітаптар шығару, әліппе, емле, жер игеру, кәсіп істеу, мәдениет, дін, әдебиет, баспасөз, тіл проблемаларын шешуге көпшілікті ұйыстырды. Қазақтың оқыған зиялы қауымын бір ойдың, бір мақсаттың төңірегіне – ұлт азаттығын алу үшін күресуге жұмылдырды. Осыдан-ақ “Қазақ” газетіндегі публицистиканың – революция алдындағы қоғамдық ойдың нағыз орталығы болғандығын көруге болады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *