Мұхаметжан Сералин – редактор, публицист
Б.Жақып
М.Сералин – публицист, қазақты дұрыс жолға салуға, сөз күшімен тәрбиелеуге ден қойған. Бұл – алтын арқау, асыл желі басқарушы, бастырушы М.Сералин публицистикасының өне-бойынан табылып отырады.
“Қазақ қай заманда Россияға қосылған” /А-п. 1911, №1/ деген тарихи-танымдық мақаласында М.Сералин қазақ елінің Ресейге қосылу тарихынан нақты деректер келтіреді. Автор 1738 жылғы 3 тамызда жазылған акт қағазына қол қойған 56 қазақтың рубасы ақсақалдарының тізімін хатқа түсірген. Мақала соңында бұл деректердің Крафт деген ғалымның “Принятие киргизами русского подданства” атты кітабынан аударылып алынғанын көрсеткен.
М.Сералин-редактор “Кеңесіп пішкен тон келте болмай-ды” мақалын басшылыққа алып, әр қадам басқан сайын жұртшылықпен ақылдасып, оқушылардың ақша жәрдемін, оқығандардың қалам жәрдемін – журналдың тоқталмай шығуының басты өлшемі деп білді. Ғабдрахман Жүсіпұғлының “Журналды жұмасына бір немесе айына екі мәрте шығару керек, бұған әрбір оқушылар жәрдем ету керек…” /А-п. 1911, №8/ деген пікір-ұсынысына “Жазылушы көбейсе, біз келмек жаңа жылға шейін тиісті хақімдерден рұқсат алып, журналды айына екі рет шығаруға тырысамыз” /А-п. 1911, №10/, – деп жауап береді. Редактор үнемі көппен кеңесіп отырады. Оған “Айқап оқушыларына” атты хатындағы мына сөздер дәлел: “Және бір сұрайық деген сөзіміз журналымыз осы тәртіппен шыға беруі жарай ма, болмаса, тәртібін өзгерту тиіс пе? Тиіс болғанда — қалайша өзгерту керек? Осыларды көрсетуін үміт етеміз” /А-п. 1911, №12/. Алғашқы бір жыл шығып, таралған-нан кейін де артқа қайырылып, не тындырылғанына шолу жасайды. “Он екі айдан бері “Айқап” жұрттың біразырағын оқуға үйір қылды. Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға бірсыпыра адамды үйретті. Заманымыздағы халық басында тұрған ең керекті болған мәселеміз жер әңгімесі хұсұсында (турасында) азды, көпті жұрттың ойын қозғауға себеп болды. Қазіргі жұрт құлақ сала қоймаса да, народный сот елді теңеруге, балаларды оқыту, сайлауға таласудың залалы хақында аз да болса қозғап жатыр…” /А-п. 1911, №12/, – деп журнал көтерген мәселелердің ең маңыздыларына ел назарын аударады. Сөзінің соңында алдымен матбұға қожасы Соснов-скийге, екінші жәрдем еткен Тәңірберген Тұрсынбековке, Сәдуақас Шорманов, Ғабділрахман Жүсіпов сияқты ел азаматтарына, үшінші бір жыл бойы “Айқапқа” жазып тұрған шәкірттерге “Алла разы болсын!” айтады.
Журналдың 1912 жылғы алғашқы нөмірі де басқарушы, бастырушы М.Сералинның оқырманға арнау сөзімен ашылған. “Қадірменді оқушылар! “Айқап” журналы Алла жеткізіп, екінші жасына аяқ басты” /А-п. 1912, №1/, – деп ағынан жарыла қуанған редактор, осы жылы “Айқап” қолға алатын басты-басты төрт мәселені көрсетеді:
“Биылғы жылы “Айқап” журналының алдымен қолға алатұғын мәселесі – былтырғыдай жер мәселесі болар, яғни алты алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру…
Жерден соңғы журналымыздың көп ой жүргізетұғын мәселесі таласу һәм партия болуды жоғалту хақында болар…
Үшінші мәселеміз, оқу һәм оқыту хақында…
Төртінші, қатын-қыздарымыздың кемшілікте тұрғандықта-рын халыққа ескерту” /А-п. 1912, №1/. Сонымен қатар, редактор М.Сералин үнемі халық пікіріне құлақ асып отырған. Осы мақалада да, “журналға сөз жазушылардың қай жердің адамы екендігі жазылса”, “Қазақтың шежіресі хақында кеңестер берілсе”, “Россия жұртының хал-ахуалын білдіріп отырса”, “Өлең-жыр жазылса екен” /А-п. 1912, №1/, – деген көпшілік пікірлерімен санасып отыратындығын байқатады. Мұның өзі журналдың тиімділігін арттырып, басылым беделін көтеруге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі екендігі көрініп тұр. “Оқушыларымыздың ақша жәрдемін, біліміміздің қалам жәрдемін күтіп тұрамыз” /А-п. 1912, №1/, – деп, журналдың тоқтамай, сапалы шығуына себепкер басты екі жайтты тағы да жұртшылық есіне салады.
1913 жылғы журналдың алғашқы нөмірінде “Қадірменді оқушылар!” Журналымыз үшінші жасына шығып, алдары-ңызға бірінші нөмірі келіп тұр. Мұнан былайғы айында екі рет шығып, шамасы келгенше оқушыларын риза етуге ұмтылады, журналымыз мұны бірінші міндет деп біледі” – осындай алға қойған мақсатты айта отырып, қазақ шаруашылығының жалпы ахуалы, жер мәселесінде отырықшылық қалыпқа ауысқан елдердің көріне бастауы, думаға депутат сайлаудың нәтиже-сіздігі, “Қазақстан”, “Айқап” басылымдарының шығуы және “Қырық мысал”, “Маса”, “Бақытсыз Жамал”, “Өрнек”, “Томыш”, “Шайыр”, “Көкселдір”, “Шежіре”, “Мұсылмандық кітабы”, “Қалқаман — Мамыр”, “Топжарған” секілді жаңа рухта жазылған кітаптардың дүниеге келуі сияқты мәселелерге шолу жасайды. Осы мәселелердің бәрі дерлік “Айқап” бетінде үзбей көрініс тауып отырғандығына ел назарын аударады. Өткен жылдардың жайсыз жағы ретінде “Қазақстан” газетінің ақша жоқтықтан жабылуын, Міржақып Дулатов окружной соттың хүкімі бойынша айыпты болып, бір жылға крипостыққа отыруға хәкім етілгенін, “Айқап” байқамай сөйлеймін деп жүз сом штраф тартқанын қамыға хабарлайды. Мұның бәрі – М.Сералин – публицистің қазақ қоғамында болып жатқан әрбір істі өз жүрегінен өткізіп, шын ел жанашыры болғандығының айғақтары.
М.Сералин – публицист үкімет саясатына үнемі бас изеп, қолдап отырған жоқ. Ол әсіресе қазақ халқының отырықшы-лыққа бет түзеуін қолдады. Егіншілікке үйреніп, қала салуын қолдады. Ол өзінің “Біздің дертіміз” /А-п. 1911, №3/, “Жер әңгімесі” /А-п. 1913, №13/, “Жер әңгімесі” /А-п. 1913, №17/, “Отырықшы болған қазақтар туралы” /А-п. 1913, №20/, “Шаһар Троицк” /А-п. 1911, №2/, т.б. мақалаларында қазақ халқын отырықшылыққа шақырады, отырықшылық пайдасын түсіндіреді, жер-су құқықтарына тоқталады. М.Сералин – публицист отырықшылық мәселесін көтере отырып, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын батыл сынға алып отырған кезі де болды. Мәселен оның: “Түпкілікті қоныс болуға жарай-тұғын жерлер шетке кетіп бітетұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз” /А-п. 1913, №20/, немесе “Соңғы он жыл ішінде үкімет… қырғыз- қазақтарды отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, көшіп азап шеккенше, отырықшы болып 12-15 десятина жер алып отырсын деген жоқ, жер ала алмағандардың жерін айламен кесіп алмақ” /А-п. 1911, №11/,– деп Ресейдің отарлау саясатының бетпердесін ашып берді, қатаң цензураға да қарамай шындық ахуалды ел құлағына жеткізе білді, үкімет шешімдерін батыл сынға алды. Біріншіден, отырықшылықты жақтап, өркениет көшіне қазақ қауымының ілесуін қолдауымен, екіншіден қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып отырған озбыр отаршылдық саясатты әшкерелеуімен де М.Сералин публицистикасының маңызы зор. Енді бірде орыстың заң жүйесінің қазақ дауын шешудегі дәрменсіздігін сынға алады: “жаңа болыстық соттар қазақы дау-жанжалды шешуге икемсіз… болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауының құны көбіне 300 сомнан асып кеткендіктен дау-дамай қалай шешіледі” /А-п. 1913, №20/, – деп түйіледі. Бұл түйінді шешу үшін “Қазақ әрекеттері” деген құқықтық норма-ларды жүйелі қалыпқа келтіретін кітап шығару керектігін алға тартады.
М.Сералин өз мақалаларында қазақ арасында оқу-білімнің өрістеуіне отырықшылық тікелей әсер етеді деген пікірді ұстанады. “Россия мемлекетінде бақытты болып тіршілік ету үшін ғылым, өнер керек, орысша тіл білу керек. Бұларды білу үшін мектеп һәм школ керек болатұғын болса, әлбетте мұндай істерді 4-5 үй біріге отырып істеп шығару мүмкін емес. Бұған қала болып жиылудан басқа ем жоқ” /А-п. 1912, №3/, – деп, ағарту саласындағы жетістікке жету үшін, қазақ қауымы бас қосып қала салу қажеттігіне көпшілік көңілін аударады. Бұл да ХХ ғасыр басындағы ірі қоғамдық-саяси проблемалардың бірі еді. Отырықшы болып, қала салып, мектеп ашсақ қана ілгері басып, ұлттық қасиеттерімізді сақтай отырып дами аламыз деген ойларды халық санасына сіңіре түсті. Ал бұл ойлардың әсер-ықпалы орасан зор болғандығын, тарихқа үңілген бүгінгі ұрпақ көзбен көріп отырмыз.
“Біздің қазақ жастары дүние күтуді екі нәрседен іздейді: біреуі-оқу оқып хакім болу (писарь, тілмаш секілді) яки мұғалім болып бала оқыту. Бұлары бек дұрыс, ләкін дүние осы екі жолға ғана тіреліп тұрған жоқ, басқа кәсіптерге, басқа орындарға неге кірмейді деп өкпелеймін… Алла тағала Құран шәріфте: “жақсылық істесеңіз ол да өзіңіз үшін” деген. Біздің бар болуымыздан, жоқ болуымыздан бөтендер үшін келіп кетер пайда, сор жоқ. Ойлаңыз жұртым!” /А-п. 1912, №3/, – деген публицистің жан дауысы кең жерге қанат жайған аз қазақ халқының әрдайым есінде болатын заманауи ірі жүкті көтеріп тұрған, қанатты сөздер. Ащы да болса, шындықты көрсетіп, қазақ қауымының жігерін жанып, намыс отын жағатын жарқын ойлар.
“Аз-артылып жатыр, көп-жетпей жатыр” деген проблема-лық мақаласында ғылым, өнер жолына түскен Торғай облы-сындағы қазақ балаларының стипендиясының көп-азын байқап, бағамдайды. “Орынборда ерлер гимназиясында – екі, реальный училище – алты, Троицкіде ерлер гимназиясында алты стипендия бар” /А-п. 1913, №1/, – деп нақты деректер келтіре отырып, сол стипендиялардың аздығын, оның өзін алып оқу орнын толық бітіре алмай жатқандардың бар екенін тілге тиек етеді. “Орыс болса, барын аямай баласын оқыта береді, біздің қазақ стипендия болмаса малын сатып, ақша шығарып, баласын оқытпайды” /А-п. 1913, №1/, – деп қамығады. “үш жүз қырық мың қазағы бар Торғай облысы жиырма бала оқытып жүргенінде, осындай халқы бар орыс губерниясының бір жылғы оқушылары екі мыңнан аса түседі”, – деп салыстырмалы деректер де келтіреді. Сол кездегі ауыр жағдай үшін, балаларды кінәламайды, қайта жалпы халықты білім жарығына тартады. “Осылай болған соң гимназия мен реальный училищелердегі оқитын балалардың санын көбейтіп, оларға жеткілікті жаңадан стипендиялар ашып беруіміз – мойнымыздағы мықты бір парыз” /А-п. 1913, №1/, – деп ой түйіндейді. Проблеманың шешімін табудың жолдарын іздесті-реді. Соған қазақ оқырмандарының ой қосуына түрткі болады.
1913 жылғы жазған бір бас мақаласында оқу-ағарту тақы-рыбына қайта оралып, жеткен жетістіктер мен кемшіліктерді сарапқа салады. “Оқу, оқыту жағына келсек, мұнда да шат-танарлық һәм қайғырарлық істер бар. Әр жерлерде “Төте” оқу менен балалар оқытылып жатқандығы, Ақтөбеде учительский школ ашылып, ел арасында әр жерде тәртіпті мектеп, медре-селер ашылып, балалардың оқулары, шәһарлардағы тәртіпті медреселер де һәм школдарда қазақ балаларының көп жиылу-лары көңілді біраз шаттандырады. Іликин, күзгі оқу маусымы басталған кезде Орынборск учительск школға жүзден артық бала орын сұрап, сегіз бала алынып, Қостанайдағы педагоги-ческий класқа отыз бала орын сұрап, сегіз бала алынып, қалғандарының орынсыз қалаулары әр жердегі двухкласный һәм волосный школдарға кіреміз деп талаптанған балалардың көбіне орын жетпей қалулары һәм күйінерлік, һәм шатта-нарлық іс. Шаттанарлық дегеніміз – оқушылардың көбеюші-лігі, күйінерлік дегеніміз соншама көп талапкерлердің орын таба алмай сандалып қалуы” /А-п. 1913, №1/, – деп ғасыр басындағы ағарту саласындағы болған жайларды айна-қатесіз көз алдымызға әкеледі. Публицистиканың мақсатының өзі де дер кезінде шешімін таппаған мәселелерді күн тәртібіне қою ғана емес, содан шығатын жолды іздестіріп, жөн сілтеу, бағыт беру екендігі осы мақаладан айқын аңғарылады.
М.Сералин – публицист қазақ тарихы мәселесіне үнемі көңіл бөліп отырады. Қазақ тарихының дұрыс жазылу керек-тігіне, шежіре қариялардың хатқа түсіріп, оны “Айқапқа” жариялау арқылы бір ізді етіп болашаққа жеткізуге баса назар аударады. Бұл оның “Қазаққа тарих керек пе?” мақаласында жан-жақты көрінді. “Біз өткен жылғы бірінші “Айқапта” қазақ халқының нәсілі турасында біраз ғана сөз қозғап едік. Мақсатымыз бұрынғы өткен ата-бабаларымыз қақында кітаптарда жазылып қалған сөз болса қариялардың да, кәрі құлақтардың да естіген сөзі болса да, “Айқапқа” жаза берсек, түбінде бір тиянақты іс болып шығар ма еді деген едік.
Біздің қазақ халқының бұрыннан жазылып келе жатқан белгілі шежіресі жоқ, ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан сөз болмаса. Қазақ халқында басқа жұрттардың білімділері жазған кітаптар бар, ол кітаптарда онша толық жазылмаған… Сондадағы сол кітаптардағы айтылған сөздерге құлақ салмай болмайды. Ол кітаптардың жазушыларының көбірегі орыс ғалымдары. Олардың біз туралы жазған сөздері, әлбетте, біздер үшін, әсіресе қазақ үшін онша көңілге қонымды шықпайды” /А-п. 1912, №7/,– деп қазақ тарихына қатысты анық, айқын ойын білдірді. М.Сералин өзі ғана бұл мәселені қозғағанымен іс бітпейтінін біле отырып, журнал басқармасы атынан сөз алып, көпті көрген көнекөз ақсақалдарды қазақ шежіресін жазуға шақырды: “Бір жұрттың жұрт болып бұ жалғанда тұра алуы үшін… өзінің кім екенін білуі керек. Өзін, өткенін, қандай адамдары келіп, кеткенін білмеген, ұмытқан жұрт жалғанда жұрт болып тұра алмайды. Бұл белгілі. Соның үшін “Айқапты” оқушы, азаматтар, сіздерден өтінеміз: өз білген-деріңізше һәм саққұлақ, ұғымды адамдардан, көпті көрген, естіген көне қарттардан сұрастырып, қазақтың бұрын қандай білгіш, жүйрік, шешен, ақын, жыршы, тапқыш би адамдары өткен. Қай мезгілде болған, қай рудан (білсе, қай жылы туып, нешінші жылы өлгеніне шейін), ата-баба… Соның бәрін қалдырмай түгел “Айқап” журналына жазып жіберсеңіз екен” /А-п. 1912, №6/,– деп елге өтініш айтты. Бұл да көш бастайтын көсем адам ісінің көрінісі болса керек. Дәл осындай шақыру, өтініштер негізінде “Айқапқа” хат-хабар, шежіре жайынан тұтас мақалалар да түсе бастады. Соның бірі журналда басылған К.Бәтішұлының “Қазақ шежіресі” атты шығармасы еді. Көлемі шағын болғанмен де көп деректердің басын қосып көрсеткен. “Алаштан екі бала туған – Сейілхан, Жәйілхан деген. Сейілханнан сегіз арыс Түрікмен. Жәйілханнан Майқы би… Майқы биден Өзбек, Сыбиян. Сыбиян Айырқалпақтан Қазақ, Созақ. Созақтан Қарақалпақ. Қазақтан үш бала туады. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс…”/А-п. 1911, №3/, – деп К.Бәтіш-ұлы қазақ шежіресін таратып жазады. Мұнан кейін “Айқап” бетінде қазақ тарихын жазуға қарсылық білдірген хаттар да жарияланады. Соның бірі – Е.Дүйсенбайұлы деген автор былай депті:
“– Құрметті редактор! Сіздің журналыңызды бір адамнан көріп оқыдым, іске сәт!
… “Айқаптың” бірнеше нөмірінде қазақтың ру-аталарын жазыпсыз һәм үміт еткенсіз білген кісілер толық қылып жазар деп… Әпендем! Біздің қазақ-өзбек халқына бірлік кіріп, басы қосылмай, “алты ауызды алаш” аталғаны сол ұру-ұруға бөлі-ніп, ұран шақырып партия болғаннан еді. Сіз журналыңызға жазып оны не қыласыз? Ұмытқан кісілер бола қалса есіне түсіп, қайтадан бір ел бір елді, бір ауыл бір ауылды шауып алып, бірлігі кете түссін деген жұмыс па?! Мұны газет-журналменен көрсетпей-ақ қазақ өзі де ұмытар емес… Бізге барша түрік халқына, арғын, найман, дулат, қоңыратты қойып бірақ тоқсан екі баулы өзбек болып табылу керек…” /А-п. 1912, №7/. Бұл әрине жазған адамның өз пікірі. Ал М.Сералин публицист болса, жаңағыдай теріс пікірді де жариялай отырып, қазақ тарихын білудің неге керек екенін жұртшылыққа тайға таңба басқандай етіп, анық ойлармен көрсетеді. Теріс пікірлі авторға жүйелі жауап білдіреді. Онда былайша ой түйеді: “Мінеки шежіре жазуды ұнатпаушының сөзі. Бұл сөздердің барлығы да қатасыз тауып айтқан сөз деп біз түсінбейміз. Біздің білуімізше қазақтың партиялығын күшейткен – қазақтың уру-ұруға бөлінгендігі болса, сол ұру-ұру болып бөлінуге түп себеп не болған? Сол ұру-ұрудан қазақ қанша залал көрген, асылында ұру деген не нәрсе, жасыл кілем бұрынғы ата-бабамыздың қалпын, жайын біліп істеген, білмей жаңылып істеген нәрселерін жазып, айтып халыққа түсіндіру керек дейміз. Тарих жазу, оқудан мақсат осы емес пе?! Аталардың үлгі боларлық ісі болса, қолға ұстап, залалды істері болса, ол істі енді істемей тастау үшін тарих керек емес пе?!
…Бұрынғы ата-бабаларымыздың нәсіл-нәсібін тексерген-діктен қазақ қайта жауласып кетіп, бірін-бірі шауып алар деген хәуіпке біз ортақ бола алмаймыз.
…Біздің нәсіліміз “Түрік”. Тарихтардың айтуына қараған-да ешбір атадан кем болмаған. Бір заманда бүкіл дүниені тітіретіп тұрған сол. “Түрік халқы” бұрынғы заманда өздерінің мәдениеті, өздерінің ғұрпы болған” /А-п. 1912, №7/.
Қазақ тарихы хақында М.Сералиннің айтқан бұл пікірлері қазір де құнды, өз мән-маңызын жойған жоқ. Шын мәнінде ата-баба шежіресі қазаққа жік-жікке бөліну үшін емес, өзінің түп-тарихын тура білу үшін қажет болғанын қалың көпшілікке айқын түсіндіріп бере алған. Оның бұл ойларының тағылым-дық мәні өз құнын жоймақ емес.
“Аштық хақында” /А-п. 1911, №7/ деген мақаласында жаздай жауын болмағандықтан егін, пішен шықпай қазақ шаруасының жайсыз болып тұрғандығына тоқталады. Әсіресе, Қостанай уезінің Шұбар, Сарой, Арал болысына қарағандар-дың аштық қаупі бар екенін айтады. Торғай облысының губернаторы ашаршылыққа жәрдем беруге жүз елу мың теңге сұратып алып, оны қақолдың кедейлерін тойындыруға бөл-мекші. Ал қазақ кедейлерінің мұқтажын ойлайтын адам жоқ екендігін, областной сомадағы жетпіс мың теңге ақшаны қазақ халқының мұқтажына жұмсауға сұрау керектігі әңгімеге өзек болады. М.Сералин өзінің публицистикалық мақаласында қазаққа төнген қауіп, нәубеттің бетін қайтаруға тырысады. Халық, ел атынан нақты деректермен сөйлеп, билік басында-ғылар назарын аударып, қиналған жұртшылыққа көмек қол ұшын созады. Мақаланың көтереген әлеуметтік жүгі осыдан-ақ көрініп тұр.
“Сырттай қарағанда М.Сералин патша әкімшілігі белгіле-ген программаны қолданғанымен, іс жүзінде журнал бетінде көтерілетін мәселелердің шеңберін кеңейтті. Ол Қазақстанның ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси жағдайын, экономика, право, тарих және мәдениет мәселелерін қамтитын бірнеше бөлімдер мен рубрикалар ашты”[40, 89 б.]. Ғасыр басындағы қазақ халқының алдында тұрған мәселелерді ресми орындар арқылы шешу тұрғысында да М.Сералин-публицист ел алдына нақты міндеттер қоя білді. “Жыламаған балаға емшек бермейді” деген ғой, һәр уақытта барымызды білдіріп, жоғымызды тиісті орындардан сұрап алып тұруымыз керек…” /А-п. 1911, №7/ – деп ел қамын ойлап, күрделі мәселелерді дер кезінде шешіп отыру керектігіне баса көңіл бөлді. Мәселен, 1912 жылы жарық көрген “Юбилей туралы” деген мақаласын-да, Романов әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толу мерекесіне қатысқан қазақ өкілдеріне мынадай күрделі саяси мәселелерді қоюды жүктеді:
Қазақтан Думаға депутат сайланатын болсын;
Қазақ жеріне бұдан былай қарашекпенділер келтіру тоқтатылсын;
Казак, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін;
Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен бірге қазаққа учаске берілсін;
Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыс пен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін;
Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұрасын /А-п. 1912, №5/,
Дәл осы тұста М.Сералин – публицистің қозғаған мәселе-лерінің қай-қайсысы болса да, бүкіл қазақ тұрмысын жақсар-туға, қазақ елдігін нығайтуға бағытталған шаралар еді. Профессор Б.Кенжебаев: “Мұхаметжан Сералин қазақ тілінде тұңғыш рет “Айқап” журналын шығарды; “Айқап” бірқатар қатасы, кемшілігі бола тұрса да, жалпы алғанда, демократтық-ағартушылық бағытта болды, қазақ тарихында прогресшіл роль атқарды: халықтың оянуына, саясат, шарушылық, мәде-ниет жақтан өсуіне көп әсер етті. …Сонымен, Мұхаметжан Сералин қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әрі көрнекті қоғам қайраткері, әрі көрнекті журналисі, ақыны” [151, 36-97 бб.] – деп атап көрсетті. М.Сералин “Айқап” бетіндегі мақалаларына “М.С.”, “Мыс”, “Басқарма” сияқты бүркеншік аттармен қол қойды. Журналда жарияланған публицистика-сында қоғамдық маңызы зор мәселелерді жан-жақты қамтып, қазақтың мақал-мәтелдерін қолданып, түйінді ойлармен өз ойын тұжырымдап, көпшілікке ұғымды тілмен, басты идеялар-ды нақты жеткізе білді. Әрі журнал шығару арқылы қазақтың қоғамдық ойын бір жерге топтастырып, ұлттық публицистика-мыздың таза қазақ тілінде қалыптасуына зор үлес қосты.