Рахымжан Дүйсенбаев – публицист

Рахымжан Дүйсенбаев – публицист

Б.Жақып

“Дала уалаятының газетінің” журналистік мектебінде шыңдалған, талантты публицистердің бірі – Рахымжан Дүйсенбаев.
Орыс зерттеушісі И.Лаптевтің ертеректегі кітабында ол туралы мынадай дерек келтіріледі: “Господин Дуйсенбаев – уроженец Каркаралинского уезда, Семипалатинской области. Как человек “образованный”, он не прочь иногда употребить иностранное слово (хотя сравнительно редько), он принад-лежит к числу и молодых киргизов – (казахов – Б.Ж.), стараю-щихся о чистоте языка литературного, обыкновенно испещрен-ного множеством арабских, сартовских, а еще более татарских слов” [145, с. 76]. “Рахымжан Дүйсенбаев және басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер болып істеді” [40, 38 б.]. “Генерал – губернатордың кеңсесінде аудармашы болып істеген Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед (Дінше) Сұлтанғазин мен Рахымжан Дүйсембаев (астын сызған біз – Б.Ж.) “Дала уалаятының газетінің” де аудармашылары болған” [135, 81 б.]. “Газеттің қазақ тіліндегі шығарушылары Дінмұхамед Сұлтанғазин, Асылқожа Құрманбаев, Рақымжан Дүйсенбаевтың жазғандарын редакциялық мақалалар деп қарауға болады. Үшеуі де қазақ баспасөзінің тарихынан елеулі орын алатын, ғалым, аудармашы болуымен қатар, газет бетінде халқымыздың мәдениеті, әдебиеті, тілі тарихы, шаруашылық мәселелері жөнінде деректі мақалалар жариялаған білімдар жандар. Бұл мақалалар қазіргі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихын зерттеушілер үшін құнды материалдар екені сөзсіз” [143, 14 б.]. Яғни Рақымжан Дүйсенбаев “Дала уалаяты газе-тінің” шығарушыларының да бірі болған, сол газет редакция-сында әдеби қызметкер болып қызмет атқарған. Газеттің 1895 жылғы қараша айындағы санында мынандай бұйрық тексі бар: “Семей болысының қазағы Рахымжан Дүйсенбаев генерал-губернатор кеңсесіне мемлекеттік қызметке алынсын, оның тегіне және біліміне қарай кеңсе қызметкерлерінің үшінші разрядына жатқызылсын”. Бұйрықта Р.Дүйсенбаевтың шені болмағаны да жазылған. 1897 жылдың 5 қаңтарында ол кіші аудармашылық қызметке тағайындалады [146, 153-154 бб.].
Оның “Атбасар оязындағы қазақтардың жаһатгерлігі” (1895, №44) атты корреспонденциясы ерекше тақырыпқа арналған. “Бұл ояздағы қазақтардың егін шаруасына айналысқанына көп болған. Осы уақытта астыққа бола олардан ешкім орыс қалаларына бармайды. Қайта артылған астықтарын қалаға өздері сатады. Бір жылда әлденеше мың пұт астық алатын егіншілер бар” /ДУГ. 1895, №44/, – деп басталған корреспонденцияда қазақ даласындағы жаңа кәсіп түрлері үлгі ретінде жазылады. Егіншіліктің қырдағы қазаққа берер пайда-сының мол екенін айта отырып, балық өсірумен айналысқан қазақтар да бар екенін үлгі етеді. “Байғара Отбайұғлы деген қажы Жалтырша деген көлге балық салып өсірейін деп ойлапты. Ауылдастары оны мазақ қылып күліпті. Бір жақтан 16 табан балық тауып алып, сол Жалтырша көлге салған екен. Биыл сонда табан балықтың сыймай жүргенін көріп ауылда-сының бәрі таң қалыпты. Осы күні қазақтар сонан балық аулайды. Нашарлар қысқы азыққа қалдырады. Әйтеуір көп адамға нәсіп болып тұр” /ДУГ. 1895, №44/, – деп әңгімелейді. Автордың негізгі ойы – қазақ даласында жаңа кәсіптермен айналысудан қымсынбау керек. Егіншілік, балықшылық деген де өнер екендігі. Бұл салалар халықтың шаруасын, жағдайын көтереді – деген тұжырым-түйін жасайды.
“Саудагерлердің қалайша қазақты жейтіні” (1895, №40) сын корреспонденциясы өмірлік нақты деректерге құрылған. Қыр қазағының қолында ақша болмайды. Бары – өсірген азын-аулақ малы. Қалаға киім алу үшін барған қазақтар ылғи сау-дагердің алдауына ілігетіндігін жазады. Лапкедегі пұлға (мата-ға – Б.Ж.) қызыққан қазаққа саудагер несиеге береді де, “Мы-салы, қол ақшаға 10 тиынға сататын кезін 25 тиыннан береді” /ДУГ. 1895, №40/, – деп ашынады қаламгер. Саудагерлер не-сиеге бердім деп 6-7 кез шытты 1 қойға айырбастай салатынын жазады. Бұл – әрине саудагердің арам кәсібі екенін сынға ала-ды. Қыр қазағы жуас, затқа қызыққыш, аңқау екеніне күйінеді.
Мақала соңында өзі көзімен көрген бір оқиғаны баяндайды. Екі атты бір жаяуды көреді. Екі атты – саудагерлер, жаяу – қыр қазағы. Қазақ 8 кез шыт алып бір қой бермек болған. Қойы жоқ болған соң бере алмайды. Ал саудагерлер алдындағы жалғыз сиырын қуып кетпек болады. Енді осының ақ-қарасын анықтауға момын қазақты биге апара жатыр. “Би саудагердің тамыры шығар, оның ісін орнына келтіреді ғой” /ДУГ. 1895, №40/, – деп қынжылады автор. Былай қарасақ жай ғана, күнде болып жатқан оқиға сияқты. Бірақ публицистің көтеріп отырған мәселесі – қоғамның үлкен дерті, ол әділетсіздік дерті. Қалың қазақтың бәрі де саудагердің тұзағына түскен заманнан шығудың жолын іздейді. Оқырманға ой салады. Әділдігін айтады. Пікір қалыптастырады. Публицистің қолынан келер ісі де – сол.
“Дала уалаятының газетінде” қызмет істеуі Р.Дүйсенбаев үшін үлкен мектеп болды. Газетте Шоқан, Ыбырай, Абай салған ағартушылық дәстүр ашық жалғасын тапты. Сол кезде өзін ағартушы-публицист ретінде елге танытқандардың бірі де осы – Рахымжан Дүйсенбаев еді. Ол “Харіп турасының сөзі” (1897, №10) атты көлемді мақаласында қазақ жазбасы мен оны дамыту жолдары туралы салмақты пікір айтты. “…Араб жұртының харпін ешбір қазақшаға түзетпей сол жұртта қалай жазылса, сол бойымен алған еді. Және де бұл араб әліпбиінің қазақ сөздерін жазуға толық емес көп кемдігі бар һәм қайсы бір харіптері керексіз артық екені де оқу білетіндерге белгілі” /ДУГ. 1897, №10/, – дей келе араб харпімен жазудың дұрыс еместігін, қазақ тіліндегі 12 дауысты харіптердің қамтыл-майтындығын дәлелдейді. “Араб әліпбиінде қазақ тіліне кемдігі, шатағы бар. Харіптері басында бір түрлі жазылады, аяғында, ортасында әр қилы болып, баланың басын қаты-рады”,– деп шын қиындықтың шетін шығарады. Ал сауатты ел болу үшін ең алдымен қазақ үшін оңай қылып түзетілген харіп керек екенін алға тартады. Бұл басты мәселе екенін: “Әліпби шықпай тұрып ғылым, білім жоқ. Онсыз бола алмаған. Әліпби шыққаннан кейін ғылым, білім де шықты” /ДУГ. 1897, №10/, – деп нақты тарихи дәлелдермен Ағылшын, Француз, Италия, Германия, Испания, Америка халықтары әліпбиін мысалға келтіріп көрсетеді. Публицист өз ұстанымында Дінмұхамед Сұлтанғазин ұсынған қазаққа оңайлатылған орыс әліпбиіне көшу керектігі туралы пікірді жақтайды. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде сөз болған бұл мәселе әлі де өзекті. Ы.Алтынсарин, Д.Сұлтанғазин, Р.Дүйсенбаевтар ұсынысы қабыл болып, кириллица харпіне жұртшылық түгел көшті. Бұл біздің ғылым, білімнің дамуына оң ықпал еткенін қазіргі өмірдің өзі көрсетіп отыр. Дәл осы ретте, Р.Дүйсенбаевтың: “Егерде біз өз көшімізге қарай шамамыздың келгенінше ескі әліпбиді жетпегенін қосып түзетсек, аз-мұз қате кетсе соңына бір ғұлама шыға келсе түзетер, онша тілден көп білмесек те үлкен қателер бұл турадан кете қоймас” /ДУГ. 1897, №10/, – деген тұжырымының дұрыстығын заман ағысы көрсетті.
“Қазақ халқының өнер оқуын біле бастауы” (1898, №15) мақаласы алдыңғы ойдың жалғасы іспеттес. Мұнда Орынбор, Торғай облысында, Қостанайдағы әйел балалары оқитын прогимназия, Шымкентте, Әулиеата оязына қарайтын Қарақыстақ елінің қазағы Нұрмамбет Бақыұғлы, Тапқан елінің биі Әлімбек Бөкенұғлы мектеп-медресе ашуға күш салып жатқандығын қуана хабарлайды. Бұл – ХІХ ғасырдың аяғындағы оқу-білімге сусаған халықтың өмірін көрсететін айнадай деректер. Автор қазақтың ішінде әлі де мектептердің аздығын айта келіп, “Анық өнер, білім оқулары оқылады, жетіліп оқыған учительдермен жақсылап салынған школда” /ДУГ. 1895, №15/], – деп тура жолды нұсқайды. Өнер, білім оқу деген тек шариғат жолын білдіретін құранды ғана оқу емес, “кен қазу, егін салу, ағаш өсіру, билік айтып тергей білу, сондай дүниеге керек істі білу турасы”, – деп жаңа бағыттағы мектептер ашуға шақырады, мектеп ашқандарды бүкіл халыққа үлгі етіп көрсетеді. “Қазақтың нанғыштығы” (1896, №2) мақаласы қазақтың ырымшылдығы мен сенгіштігі туралы жазылған. Бұл бір ерекше тақырыпты қозғайды. Қараңғы-лықтан, білместіктен ұйықтама (летаргиялық ұйқы), талма ауруларымен ауырған адамдарды тірі күйінде жерге көмудің орын алатындығын қынжыла баяндайды. Қарқаралыда бір Қойбағар деген кісінің қабірінен күңіренген үн шығады, иттер үреді, сонда да қазып алмайды. Қыр қазақтары Зайсан уезінде бір биді көміп жатқанда, күңіренген үн шығады, оны бүкіл ел, тіпті ішінде ер жеткен өз баласы да тастай қашады. Алтынсарыұғлы Ибраһим айтқан 1875 жылы болған бір оқиғаны да баяндайды. Онда да бір әйелді тірідей көміп, баласы жылай беріп, ақыры ешкім бармай Ыбырайдың өзі көрден қазып алса, шынымен әйел тірі болып шығады. Бірақ бір күннен кейін жантәсілім етеді /ДУГ. 1896, №2/.
Осы нақты өмірде болған жайларды мысалға ала отырып, Рахымжан Дүйсенбаев қазақтарды сондай сұмдықтардан сақ-тандырады. Адамның тірі екендігін білдіретін бірнеше белгі-лерді санамалап жазады. Надандықтан арылып, кейбір ауыр-ған, талып қалған, шала-жансар адамдарды тірідей көмбеу ке-ректігін қал-қадерінше түсіндіреді. Кейбір адамның бір-екі күннен соң, не 10 күнге шейін сауығып кететіндігін айтып, көрде дауыстаған адамды құтқару керектігіне сендіреді. Пуб-лицистиканың бір мақсаты – сендіру, иландыру екені белгілі. Бұл публицистикалық мақаланы оқыған адам ақиқатқа сен-беске лажы қалмайды. Көрген – білгені аз, нанғыш халық үшін мұндай мақалалардың дер кезінде өз пайдасы болған да шығар.
Р.Дүйсенбаев қазақ халқының ұлт ретінде дамуының және жер бетінде сақталып қалуының негізі – дамыған, алдыңғы қатарлы экономикада деп білді. Оның “Мал шаруасы осы бойында тұрғанда қазаққа пайдалы ма?” (1889, №2, 5, 18) атты тақырыптағы циклды публицистикалық мақалалары қоғамды әлеуметтік зерттеудің негізінде жазылған. Автордың ойынша, әрі таптық, әрі отарлық қанауға ұшырап отырған қазақ халқын басқа ұлттар қатарына ешкім де жеткізбейді. Халықтың өзі шын талаптанғанда ғана, жақсылыққа қол жеткізеді. Көшпелі-ліктің салдарынан заман ағысына ілесе алмай келе жатқан қазақ халқы отырықшылыққа бой үйретуі керектігін айтады. Отырықшы болайық, бір жұтта малдан айырылып қалмас үшін, қысқы азықты жазда дайындайық, қора салайық, арзанға кетпесін десек – малдың тұқымын жақсартайық! Малдан алынатын өнімді өзің өңдеп, ұқсата біл /ДУГ. 1889, №3, 5, 18/. Дүйсенбаев – публицист елін осындай іске көшуге, бар ынта-жігерімен шақырады.
“Волостнойлардың һәм оязный мекемелердің почтовойла-рына лау мінгізуді қойғызғаны турасында” (1895, №45) деген мақаласында: “Мәселен лауға кедейдің жалғыз атын алып кетеді. Бір-екі айда атыңның басын қайтарып алсаң жақсы, әйтпесе ол да жоқ. Мен осындай әдіспен 250 ат жинап алған болысты білемін” /ДУГ. 1895, №45/, – деп ашына жазды. Осы сияқты ұлықтардың әділетсіздігін “Қырда билет бергенде қылатын қысым” деген сын корреспонденциясында да жазып, қарапайым халықты алдаушы алаяқтарды әшкереледі. Қорған-сыз, момын, жуас, кедей жұрттың атынан сөйлеп, жоғын жоқтады, мұңын мұңдады.
“Қазақ арасында жылқы ұрлауды қойғызу туралы” (1896, №42), “Қырдан келген хабарлар” (1895, №32) деген мақалаларында барымта, ұрлық сияқты керітартпа кеселдің, ел арасын бұзып, ірітетін, ауыз бірлікке жеткізбейтін пасық әдеттер екенін ащы сынға алады. Осы тектес “Ұрылар туралы тағы бірнеше сөз” (1899, №28) деген мақаласында: “Науқас адам ауруын айтады”, – біз, қазақтар, сонымызды айтамыз, ылғи партия болып жіктелетінімізді, барымтаны айтамыз. Барымта қазақтың қазіргі өмірінің басты кеселдерінің бірі… Қазақта барымтаның жойылмай келе жатқандығын мен мынамен түсіндіремін. Барымтаны кім жасайды? Даланың күштілері – болыстар, билер, старшындар тағы басқа сондай ықпалы жүретін бай адамдар жасайды. Олар өздері ұрлама-ғанмен қолдарына ұры ұстайды, барымта малын иемденеді. Күштілер қолдамаймын десе, жай қазақтың бір де біреуі барымтаға бармас еді. Барымта қазақтың ұлттық әдеті емес, ол – бай- шонжарлардың, болыс-билердің шығарғаны, әлдінің әлсізге көрсеткен қыспағы” /ДУГ. 1899, №28/. Бір қызығы – түсініктемеде редакция мақала авторымен келіспейтіні көрсетіліп, басқалардың бұл мәселе жөніндегі пікірлерін жіберуі сұралады. Публицист – Дүйсенбаевтың шындықты айтуы ел басқарып отырған ұлықтардың шымбайына батып кетсе керек. Р.Дүйсенбаев қай мәселені қозғаса да, қай тақырыпты қамтыса да жеріне жеткізе жазады, ащы тілмен, өткір ойлармен, ақиқаттың алдаспанымен кемшілік атаулыны тіліп түседі. Бұл оның батылдығын көрсетіп қана қоймайды, ел ішіндегі қиюы кеткен қисынсыз жайттарды көрген соң қайнап шыққан ыза-кегін аңғартады. Публицист Р.Дүйсенбаевтың ақжарма ойлары – өз заманының үні, сол замандағы халықтың тілі екендігін байқаймыз.
Ол ертегі мысалдар жазып, қазақ өміріне бейімдеп жариялауы арқылы да қоғамдық пікір қалыптастырып отырды. “Қайырымсыз патшадан қулығын асырған уәзір туралы” (1895, №31), “Түйе, түлкі, қасқыр, һәм жолбарыс” (1896, №43) атты ертегілерінде ақылдының күштіні жеңгендігі туралы, қорқау-лық пен жауыздық, жасырын зымияндық жайында сөз қозғай-ды. “Дала уалаятының газеті” бетінде білікті жазушылардың ертегіні көптеп жазуында үлкен мән бар. Қазақ оқығандары ертегі, мысал арқылы астарлап болса да Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын, бейбастақ әрекеттерін сынға алып отырады. Бұл елге өз ойын жеткізудің бірден-бір төте жолы болатын. Р.Дүйсенбаевтың да ертегі, мысал жазуының басты себебі – сол. Оның ертегілерін шартты фельетонның ертегі түріне жатқызуға әбден болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *