Журналистика, көркем әдебиет және публицистика

Б.Жақып

Журналистика, көркем әдебиет
және публицистика

Әр түрлі ғылым салаларының өзіне тән негізгі ұғымдары болады. Мәселен әдебиет теориясында – “образ”, эконо-микалық теорияда – “тауар”, психологияда – “жан”, зоологияда — “жануар”, ботаникада – “өсімдік”, астрономияда – “жұлдыз”, т.б. негізгі ұғымдардың алатын орны орасан зор. Журна-листика теориясындағы сондай негізгі ұғым “бұқаралық ақпарат” ұғымы. “Іnformatіo” – латын сөзі, қазақша мағынасы – “мағлұмат беру, мазмұндау, хабарлау” болып келеді.
Шын мәнінде журналистиканың әлеуметтік қызметтің ерекше саласы ретіндегі мәні бұқаралық ақпарат жинақтауы-мен, өңдеуімен, дайындауымен және таратуымен айқында-лады. Журналистиканың негізгі күші – оның ақпаратты иемде-нетінгінде. Ақпарат журналистика мен аудитория арасындағы дәнекерлік рөлді де атқарады. Сондай-ақ журналистика жүйе-сінің алдындағы сан-салалы міндеттерді шешуге қолданы-латын қуатты құрал да – осы ақпарат. Ал оның қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызы өз алдына бөлек әңгіме. Радио мен теледидардың, газет-журналдардың тарататын ақпарат, мағлұ-маттары бұқараға, қалың көпшілікке арналады. Журналис-тиканың “Бұқаралық ақпарат құралдары” деп аталуының себебі де содан шығады. Бұқаралық ақпарат журналистер мен оқырманды, көрерменді, тыңдаушыны байланыстыратын алтын көпір іспеттес.
Ақпаратқа деген қажеттілік адамзатпен бірге туып, бірге жасасып келеді. Қоғамдық дамудың әр түрлі сатысында хабар таратудың әдісі мен тәсілдері, құралы әр түрлі болды. Алаңға немесе биік мінберге шығып халықтың алдында патшаның әмірін оқыған жаршылар, көрші мемлекеттерге көш түзеген елшілер мен жорық жайлы, қорғаныс, біріккен шабуыл жоспарының мән-жайын жеткізген жаушылар, жартастарға қашалып жазылған жазулар, үңгірлер қабырғасындағы суреттер мен белгілер, қазақ ішіндегі “ұзынқұлақ”, т.б. бәрі-бәрі ақпаратты жаһанға жария етудің қарапайым жолдары, өмірдің өзі тудырған көріністері еді. Көне түркілерден қалған “Қашық жердің хабарын керуен келтірер” деген мәтелдің өзегінде де ақпарат таратудың қарабайыр түрі көрініс береді.
Уақыт өте келе, қоғам өмірінде тың өзгерістер бола бастады. Ақпарат таратудың жаңа түрлері дүние есігін қақты. Адамзат өркениеті түрлі техникалық жетістіктер жемісін пайдалана отырып, хабар жеткізудің озық тәсілдеріне қол жеткізді. Дамыған, алдыңғы елдердің тәжірибесіне енген жаңалықтар ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ сахарасына да жетті.
Қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына іс жүзінде де, сөз жүйесімен де үлкен үлес қосқан тұлға Ахмет Байтұрсынұлы “Қазақ” газетінің 1913 жылғы шыққан алғашқы нөмірінде: “Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа жұрттың қасында, көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру, есту жоқ, өз пікірін айту жоқ” (Қ. 1913, №1) – деп ашып жазыпты. Сондағы Ахаң айтқан ой – ақпаратты иемденген жұртшылық қана білімді, парасатты, көзі ашық, білікті бола алмақ.
Кезінде теріс бағаланған, елі үшін еркіндікті аңсаған, ұлтжанды ойшыл қаламгер Ғұмар Қараш болса, ақпараттың бұқараға қажеттігін былайша түсіндіреді: “Мәдениеті, салты озық елдерге ақыл иесі адамдардың бір ауыз сөзі газет арқылы екі — үш күнде елінің басынан-аяғына оқылып, тыңдалып қалады. Пайдалы істі ынтымақпен істей қойысады… Залалды істің зардабын күнілгері біліп, сақтанысады. Бізде олай емес, елдің бір шетінде бүліншілік болып жау орнап жатса, екінші шетінің одан хабары жоқ, ойын-күлкімен болады. Қайғыны, шаттықты бірге көрмеген соң бізде ынтымақ та жоқ, ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ” (Қ-н. 1911, 16 наурыз. №1) Мұның өзі қазақ зиялыларының халық ішіне ақпаратты жедел, дер кезінде жеткізудің маңыздылығына мән бергендігінің айғағы. Сондай-ақ, Ғ.Қараштың осы сөздерінің өзінде публи-цистикаға деген зор қажеттілік көрініс тапқан.
Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құрал-дары туралы Заңындағы” “Жалпы ережелер” деп аталатын І-тарауда біз сөз етіп отырған мәселе жайлы мынадай түсінік бар: “бұқаралық ақпарат-тұлғалардың шектеусіз аумағына арналған баспа, аудиовизуальды және басқадай хабарламалар мен материалдар” [23]. Яғни “бұқаралық ақпарат” ұғымын – журналистік қызметтің негізгі жемісі деп қарауға болады. “Бұқаралық ақпарат” ұғымының мағынасын былайша таратып айтқанымыз жөн:
1. Ақпарат бұқараға бағытталады (яғни қоғамға, халыққа, аймаққа, кәсіп иелеріне т.б.)
2. Қоғамдық өмірдің әр түрлі саласындағы көпшілікке қажетті, олардың ойларындағы көкейкесті мәселелерге сәйкес келетін ақпарат болуы керек.
3. Жалпыадамзаттық биік мұраттарға ұмтылдыратын мәселелер бойынша жұртшылықтың біртұтас көзқарасын қалыптастыру қажет.
4. Бұқараның ақпаратқа қол жеткізуіне тиімді жағдай жасалуы (яғни тегін немесе аз ғана төлемақыға ақпарат тарату, жаңалықтарды жеткізудің қарапайым түрлерін пайдалану).
5. Аудиторияның бір мезгілде ақпарат алуын қамтамасыз ету мүмкіндігі. Яғни ақпаратты үздіксіз, тұрақты және мер-зімді түрде жеткізу. Теледидар мен радиода тұрақты уақытта хабарлар беріп отыру, ал газетте айдарлар мен циклдардың, беттердің реттілігін қадағалау.
6. Бұқаралық ақпарат құралдарына барлық қатысқысы келген азаматтарға ашық мүмкіндік беру.
Журналистік ақпарат – адамзат қалыптастырған жалпы ақпараттың құрамдас бір бөлігі болып саналады. Журналисти-кадағы ақпарат ұғымының басты екі мағынасы бар. Ақпараттың кең мағынасы – журналистика аудиторияға жеткі-зетін барлық мәліметтердің жиынтығы. Яғни көпшіліктің дү-ниетаным шеңберін ұлғайтатын хабарлар мен жарияланым-дардың бәрі де журналистік ақпарат болып табылады. Мақалалар мен очерктер, телефильмдер мен сазды хабарлар, радиоспектакльдер мен бейнеклиптер, жарнамалар мен теле-көпірлер, баспасөз конференциялары мен брифингтер, сөзжұмбақтар мен хабарландырулар, т.б. – БАҚ жүйесінде қолданылатын материалдардың кең спектрі түгел қамтылады.
Журналистикадағы ақпарат тар мағынасында үш түрлі ұғымды білдіреді: а) бұл – ішкі және сыртқы, халықаралық жаңалықтардың жиынтығы: ә) публицистиканың ақпараттық жанрлары: заметка, есеп, репортаж, сұхбат; б) ең шағын жанр заметканы кейде хабар, ақпар деп атаймыз.
Жалпы журналистикадағы ақпаратты мән-маңызына қарай бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Олар: а) оқиғалы ақпарат; ә) көркем ақпарат; б) публицистикалық ақпарат;
в) анықтамалық ақпарат; г) жарнамалық ақпарат; ғ) көңіл көтеретін ақпарат; д) түсініктемелі ақпарат; е) түсініктемесіз ақпарат.
Журналистиканың ақпараттық қызметі “Журналист – Текст – Аудитория” тізбегімен айқындалады. Журналист өміріндегі көрініс, құбылыс, оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып материал жазады. Сол материал қағаз бетіне түсіп немесе эфир арқылы аудиторияға жетеді. Аудитория – тың-даушы, көрермен, оқырман. Бұл қарапайым формула (Ж – Т – А) ақпарат теориясындағы тіке байланыс және кері байланыс ұғымдарынан туындап отыр. Оны кез-келген газет, радио, теледидар тәжірибесінен мысалға келтіріп, көрсетуге болады.
1848 жылы Шеннон Ақпараттың материалдық теориясын жасады. Оны Виннер басқару теориясымен ұштастырған. Кейбір теоретиктердің айтуынша: “Ақпарат дегеніміз хабар-дың ғана сипаты емес, хабар мен оны тұтынушының арасын-дағы қарым-қатынас сипаты. Өйткені тұтынушыға жеткен соң ғана хабар ақпаратты бөліп шығарады” [22,33]. Шындығында да текстің өзі тауар дейтін болсақ, журналист ақыл-ойының жемісі тұтынушыға жеткенде ғана оның ақпараттық сипаты айқындалады.
Журналистикадағы бұқаралық-ақпараттық процесс негізгі үш сатыдан тұрады:
1. Болмыстың бейнеленуі, өмірдегі оқиға, құбылыстың кескінделуі;
2. Шығарма тексінің жазылуы;
3. Аудиторияның тексті игеруі.
Осыдан келіп шығатын журналистік текстің үш қырын сипаттауға болады:
1. Текстің семантикасы (Семантика – грек сөзі – “Semantі-kоs” – “маңызды”, “көрсететін” деген мағынаны білдіреді”. Бұл оның болмыспен қарым-қатынасының сипатын білдіреді.
2. Текстің синтактикасы. (Синтактика – грек сөзі “Sіntaktіkos” – “құрылған” деген ұғымды білдіреді). Бұл текстің ішкі құрылымының сипаты.
3. Текстің прагматикасы. (Прагматика – грек сөзі “pragma” – “пайда, іс” деген ұғымды білдіреді). Бұл текстің аудиториямен қатынасының сипаты.
Әрбір журналист тексті дайындағанда мынадай шарттарды ескергені абзал:
а) Ақпаратта хабарланатын жайттар тың да, тосын болуы қажет.
ә) Хабардың аудиторияға түсініктілігі, көпшілікке жетімді болуы.
б) Ақпараттың құндылығы, маңыздылығы ескерілуі керек.
Бұқаралық ақпарат құралдары болмысты неғұрлым тұтас күйінде көрсетуге және дәл, әр қырынан бейнелеуге тырысады. Сондықтан да журналист шығармаларындағы ақпарат та мән-маңызына, қамтыған тақырыбына қарай төрт топқа бөледі.
Бірінші – дескриптивті (descrіptіo – лат. сөзі “баяндау, бейнелеу”) баяндаушы ақпарат. Мұнда негізінен нақты деректерге сүйене отырып баяндау тәсілі қолданылады.
Екінші – прескриптивті (preskrіptіo – лат. сөзі “алдын-ала көре білу”) көзқарастық ақпарат. Мұнда белгілі бір жайт туралы журналист көзқарасы, болжамы қоса беріледі.
Үшінші – валюативті (лат. valeo. итальян valuta – “баға, құн”) бағалаушы ақпарат. Мұндай тексте журналистің белгілі бір жайтқа берген бағасы байқалады немесе деректерді беру әдісінен-ақ бағалаушылық білдіріледі.
Төртінші – нормативті (лат. norma) іскерлік ақпарат. Яғни тексте “Не істеу керек?” деген сұраққа жауап беріледі.
Жалған ақпарат таратушылық та кейбір газет-журнал, беттерінде радио, телехабарларда кездеседі. Оны “дезинфор-мация” деп те атап жүр. Дезинформация – информация жоқ деген сөз емес. Дезинформация жалған ақпарат тарату – ақпа-раттың ерекше бір түрі болып табылады. Мұндай жалған ақпар тарату – аудиторияны шатастыруды, өмірде болмаған жайт-тарды, бұрмаланған мақсаттар мен құндылықтарды көрсетуге бастайды.
Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құрал-дары туралы” Заңының 26-бабында көрсетілгендей шындыққа сәйкеспейтін мәліметтерді таратқаны (дезинформация) үшін еліміздің заң актілерімен жауапқа тартылады [23].
“Не нәрсенің болса да теориясын пайымдамас бұрын, алдымен, оның өзін анық танып, біліп алған жөн” [24, 8 б.].
Шын мәнінде публицистика деген сөздің шығу төркіні жайлы айтсақ, бұл латынның publіcus – қоғамдық деген сөзінен шыққан. Бұдан аңғаратынымыз публицистика сөзінің этимо-логиясы “қоғамдық” деген сөзге тікелей қатысты.
Осы ойымызды нықтап,шегелей түсу үшін арғы-бергі сөздіктер мен зерттеушілер тұжырымына жүгінейік. Мәселен, Владимир Дальдің түсіндірме сөздігінде публицист сөзіне былайша анықтама берілген: “Публицист”, писатель более газетный, журнальный, по современным общим вопросам, по народному праву” [25, 535 б.].
Қазақ зерттеушілерінің ішінде публицистикаға тұңғыш анықтаманы Ахмет Байтұрсынов өзінің “Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде берді. А. Байтұрсынов публицистиканы көсем сөз деген қазақ сөзімен төркіндестіреді.
“Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айыры-латын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезін-дегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады” [1, 223-224 бб.]. Шын мәнінде публицистика әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәні бар бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін көтеретін, көпшілікке сол кезеңдегі басты міндет-терді аңғартып, саяси-әлеуметтік оқиғалардың сыр-сипатын ашып береді. Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, филосо-фиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып баяндайды. Публицистика дегеніміз – заман тарихы, дәуір тынысы, өмір шежіресі. Шежіре болғанда да күнделікті тіршіліктің рухани бейнесі, жанды көрінісі. “Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде” публицистикаға біршама жинақы айқындама берілген: “Көсем сөз (публи-цистика, лат. publіcus – қоғамдық) – әдебиет пен журналис-тиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы. Көсем сөздің мақсаты – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамдық ойға ықпал ету. Көсем сөздің осы мақ-сатқа орай қалыптасқан өзгеше стилі болады, оған айтыс рухы, сендіру, иландыру, ұйытуға бағытталған тәсілдер тән, көсем сөздің озық үлгілерінен шешендік сөздердің ізі аңдалатыны да содан.
Көсем сөз – мерзімді баспасөз бетіндегі көптеген жанрларға бірдей қатысты ұғым. Сондықтан көсемсөзшілер (публицистер) айтпақ ойы, оны жеткізу ыңғайына қарай кейде памфлет, кейде эссе, мақала, ашық хат, кейде фельетон жазып, жариялайды” [26, 122 б.].
Нағыз публицистикада әлеуметтік-тәрбиелік ықпал жасау-дың орасан зор күші бар, өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл-ойы мен сөздеріне әсер етудегі маңызды рөлді де атқарады. Публицис-тикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беру, дәлелдеу-дің айқындығы, өткірлік, барынша ықпал етуге ұмтылушылық тән.
Белгілі зерттеушілердің публицистика туралы, оның маз-мұны, пішіні, әдісі хақында айтқан тұжырымдары сан алуан. Олардың негізгі айтар ойы – қаламгердің қолынан шыққан кез-келген туынды немесе радио, теледидардан берілген кез-келген хабар публицистикалық шығарма емес.
Публицистика сипаттамасы туралы айтылған пікірлер де әр түрлі. Баспасөз теориясын зерттеушілер еңбектеріне көз жүгіртсек, бірсыпыра ғалымдар “публицистика – бұл ең алдымен кәсіпқой еместердің, бұқараның творчествосы” [27, 18 б.] деген пікір айтады. Сөз жоқ, публицистика творчест-воның басқа түрлерімен (көркем, ғылыми) салыстырғанда, көпшілік игеретін творчествоның бір түрі. Е.Прохоров, В.Ученова сияқты орыс ғалымдары осы пікірге жақын ой айтқан. Олар тіпті “қарапайым хабардың” өзі публицисти-калық үнмен естіледі, оқиғалық информация да қоғамдық пікірді қалыптастырады, информациялық заметкада публицис-тика басқаша көрініспен танылады” [28, 137 б.],– деген пікірді білдіреді. Ал енді бір зерттеушілер керісінше, “публицистика мен әдеби-көркем жанрлардың арасында айырмашылық жоқ” [29, 94 б.], – деп санайды.
Қоғамдық пікірге ықпал жасағанның бәрін де публицис-тика деп қарастыру тағы дұрыс емес. Өйткені, қоғамдық пікір көптеген факторлардың ықпалымен қалыптасады. Ізденістер барысында зерттеушілер негізінен публицистиканы қарастыра отырып, оның міндетін, функциясын, бейнелеу объектісін, мазмұнын, өмір шындығын бейнелеу әдістерін ескеру қажетті-лігімен келіседі. Бұл проблемаға айырықша көңіл бөлген ғалым – Е.П.Прохоров [28, 51 б.].
Публицистік творчествоның мәні туралы кейбір публицистердің ойлары да көңілге қонады. Орыстың белгілі журналисі Анатолий Аграновскийдің айтуынша, қай жерде ой болса, сол жерде публицистика белең алады. “Публицистика ойға құрылуға тиіс. Әдебиетші жазуға отырып, тақырыптың тамаша бұрылысын, жаңа сюжетті, жаңа сөздерді іздеген кезде, бұл ең алдымен, оқырманды ойдың жетегімен алып кету үшін жасалады… Жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады” [30, 5 б.]. Біздің пікірімізше ол ой – қоғамдық маңызы бар ой болуы керек. Өткендегі және бүгінгі публицистердің қайсыбірін алсақ та, ең алдымен, толғана білу қабілетін, оқырманмен ойын бөлісе білудің үлгілерін көреміз.
Публицист өз шығармасын қоғамдағы адамдардың қалың тобына арнап жазады. Ал мұның өзі шығарманың өзіне тән мазмұнын, пішінін, әдіс-тәсілін талап етеді. Бұл ерекшеліктер публицистиканың функциясымен, оның қоғам өміріндегі жалпы атқаратын рөлімен тығыз байланысты. Публицисти-каның мазмұны, пішіні мен әдіс-тәсілдері творчествоның аталмыш түрінің қоғамға ықпал етуінен әлеуметтік тәжірибеде бірте-бірте қалыптасты.
Дәл осы ретте қазақ оқығандарының публицистика туралы ой-толғамдарына жүгінуге тура келеді. Көсемсөздің алғаш анықтамасын берген А.Байтұрсынов: “Әлеумет, шаруалық, қазыналық, мектептік, соттық, саясаттық тағысын тағы сондай қоғамшылық істерін түзету, жаңалау, өзгерту керек болған кезінде халықты соған көсем сөз арқылы ұйытып, көбінің миына қондырып, көңіліне сіңіреді. Көсем сөз күндегі мәселе жайын сөйлейтін сөз болған соң, кезіндегі шығып тұрған газет-журнал жүзінде шығады. Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек…” [1, 224 б.] – деп публицистің қандай болу қажеттігін айқындап берген. Бұл сөзге илансақ, газет-журналға басылғанның бәрі публицистика, ал оны жазғандардың бәрі публицист емес екендігіне тағы да көз жеткізгендей боламыз.
Қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдары да публицистика туралы білім көкжиегін кеңейте түседі. Профессор Т.Амандо-сов: “Публицистика – өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы-шындық… Публицистика – адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап – түсіндіріп береді” [31, 128 б.], – деген ой түйеді.
“Публицистика белгілі бір болмыс – құбылысты тек әлеуметтік, саяси жағынан ғана алып бағаламайды, оны практикалық, рухани, моралдік, парасаттық жағынан да талдайды. Демек, ол өмірді, адам әрекетін бір-бірімен байланыста, өз ара бірлікте алып қарайды.
Публицистика нақтылы өмірден орын алып отырған мәнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика-фактінің, нақты оқиғаның жанры” [32, 127 б.], – дейді белгілі ғалым Т. Қожакеев.
Ал зерттеуші Т. Ыдырысов публицистика жайлы мынадай пікір білдіреді: “Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге, әр қилы қоғамдық шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға құбылысқа ерте, еліктіре білуі. Екінші сөзбен айтқанда, публицистика дегеніміз – саяси-көркем проза, қаламгердің әлеуметтік мәселелерді толғауы” [33, 71 б.].
Осы айтылған теориялық ұстанымдарды дамыту үшін, ең алдымен, публицистиканың пән ретіндегі сипатына аз-кем тоқталайық. Пән ретінде публицистиканың ерекшелігі, көп жағдайда, публицистің көтерген мәселесіне, тақырыбына, оқырман, тыңдаушы, көрермен қауымның назар аударуына байланысты. Публицист көтеріп отырған мәселесі төңірегінде ойын түйіндей келе негіздеп алып, содан әлеуметтік ой тудырады-ау деген пікірді байсалдылықпен түсіндіруге тырысады. Орынсыз нұсқаушылық пен артық дидактикалық сарын шығарманы құлпырта алмайды. Қайта оның ықпал етушілік күшін төмендетіп алады. Публицистиканың пән ретіндегі басты ерекшелігін түсіне білген публицист қана замана талабына жауап беретін шығарма ұсына алады. Сөйтіп публицистке саяси, өндірістік, техникалық немесе экономи-калық, рухани, әлеуметтік проблемаларды байқау аз, оның түп-тамырына, себеп-салдарына үңілу керек.
Публицистика туралы сөз еткенде, оның басқа салалармен ара-қатынасына назар аударып, олармен байланысына да көңіл бөлуіміз керек. Сонымен публицистика бір жағынан көркем әдебиетпен, поэзиямен, екінші жағынан жаратылыстану ғы-лымдарымен де байланысты. Сондай-ақ қоғамдық ғылым-дардың экономика, философия, саясаттану сияқты тармақ-тарымен де, бейнелеу өнері, сәулет өнері, музыка секілді өнер салаларымен де қабысады, тіпті, өнеркәсіп, ауылшаруа-шылығы, техникаға да қатысы бар. Жоғарыда аталған салалардың қай-қайсысының да өзіндік бет-бейнесі, өзіне ғана тән көріністері бар. Мәселен, көркем әдебиетте – роман, повесть, әңгіме, поэма, баллада, лирикалық өлеңдер, ғылымда – трактат, диссертация, реферат, техникада – жобалар, конструкциялар осы салаларды өзгешелеп тұратын болса, публицистикада – мақала, корреспонденция, репортаж, фельетон, очерктер творчествоның публицистикалық түрін ерекше айқындап бере алады.
Журналистика териясын зерттеуші ғалымдар “журналис-тика” мен “публицистиканың” арақатынасы, жақындығы, айырмашылықтары туралы көптеген тұжырымдар айтты. Олардың кейбіреулері бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда, кемшіліктерге де бой алдырды. Нәрлі, өміршең ойлар да жоқ емес. Енді осы мәселелерге қазіргі ұғым, түсініктер тұрғысынан қайырыла қарағанда, кейбір нақты тұжырымдарды санамалап көрсетуге болар еді. Ең алдымен, “журналистика” мен “публицистиканы” жақындастыратын жайттар:
− Журналистика да, публицистика да қоғамдық-саяси басқару қызметінің құрамдас бөліктері.
− Журналистика да, публицистика да көпшілікті тәрбие-леудің құралы.
− Журналистика мен публицистика қазіргі заманның тарихын, белгілі бір кезеңнің шежіресін жасауға қатысады.
− Журналистика мен публицистиканың барлық қызметі мен міндеті творчестволық қайнардан бастау алады;
− Журналистика мен публицистика қай кезде де саясат-пен, әлеуметтік-экономикалық қатынастармен, мемлекеттік аппаратпен, қалың көпшілікпен үнемі байланыста дамиды.
− Журналистика да, публицистика да аудиторияның қабылдауына бағытталады.
Сонымен бірге журналистика мен публицистиканың осындай ұқсастықтары, олардың бір-бірінен айырмашылық-тары жоқ деген сөз емес.
Алдымен журналистика туралы түсінігімізді бір жүйеге түсірейік.
Біріншіден, журналистика – әр алуан мекемелердің басын құрайтын ерекше әлеуметтік институт болып табылады. Бұл – газет, журнал редакциялары, кітап баспалары, теле-радио арналар, агенттіктер, баспасөз қызметтері мен баспасөз орталықтарынан, т.б. құралады. Жеке журналистік институттар олардың жұмыс процесін қамтамасыз ететін басқа да мекеме-лермен (ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі, облыстық, қалалық ақпарат департаменттері, ақпаратты таратумен, жеткізумен айналысатын ҚР Транспорт және коммуникация министрлігі, “Қазпочта”, “Қазбаспасөз”, “Қазақтелеком”, спутниктік байланысты жолға қоятын, телерадиохабарларды тарату қызметімен айналысатын бірлестіктер, полиграфиялық кәсіпорындар, т.б.) тығыз байланыста ғана айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алады. Журналистиканың оқу және ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етілуі университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысы негізінде жүзеге асады. Осының бәрі журналистиканың қоғам өмірінде өзгеше орны бар әлеуметтік институт екендігін айғақтайды.
Екіншіден, журналистика қызмет түрлерінің жүйесі болып табылады. Яғни, газет, журнал, кітап шығаруға, радио-хабарлар мен телебағдарламалар даярлауға, ақпарат агенттік-тері мен басқа да журналистика мекемелерінің жұмысын ұйымдастыруға, ақпараттық саясатты қалыптастыруға бағыт-талған қызметтер жиынтығы. Творчестволық ұжымдар құруға, қоғамдағы басқа да салалармен қарым-қатынасты, байланысты жандандыруға, журналистика саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге, маман кадрлар даярлауға арналған қызмет. Сондай-ақ бұл – ақпаратты жинақтау мен өңдеуді, газет, журнал, телевизия мен радиоға шығармалар әзірлеуді жүзеге асыратын творчестволық қызмет.
Үшіншіден, журналистика – мамандықтар жиынтығы. Газет тілшісі, журнал, баспа редакторы, фотожурналист, теле-журналист, радиожурналист, халықаралық журналист, қоғам-мен байланыс маманы сияқты негізгі мамандықтармен бірге журналистік қызметтің жүзеге асуына өз үлестерін қосатын басқа да мамандық иелері қазіргі заманғы журналистикада маңызды істер атқарады. Мәселен, байланыс инженерлері, видеодизайнерлер, менеджерлер, продюссерлер, режиссерлер, операторлар, полиграфия мамандары кәсіби журналистік істің өз деңгейінде болуына үлес қосатындығы сөзсіз.
Төртіншіден, журналистика – шығармалар жүйесі. Шығармалар жүйесіне – газет-журнал жарияланымдары, Ра-дио-телехабарлар, деректі-публицистикалық фильмдер, кітап-тар, ақпараттық текстер жатады. Сонымен бірге жариялан-байтын журналистік шығармаларды да ескеруіміз керек. Мәсе-лен, сценарлық жобалар, режиссерлік жоспарлар, бағдарлама сеткалары, сондай-ақ бөлім жоспарлары, нөмір жоспары, хаттарға шолу сияқты ішкі редакциялық материалдар да осы шығармашылық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Бесіншіден, журналистика – бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын ақпаратты тарататын және басылымдар мен бағдарламалардың түрлерін қалыптастыратын арналардың біртұтас жиынтығы.
Алтыншыдан, журналистика – БАҚ проблемаларын зерттейтін өзгеше ғылым саласы және оқу пәндерінің жиынтығы.
Ал енді публицистиканың да өзіндік ерекшеліктері бар. Оның журналистиканың ең басты саласы екендігінің өзінен көп мәселені аңғаруға болады. Бұрын – соңғы зерттеушілердің тұжырымдарында публицистика – бірде шығармашылық түрі ретінде, бірде жанр ретінде, енді бірде өзіндік өзгешелігі бар өнер ретінде, саяси қызметтің көрінісі түрінде, газет жанрларының жиынтық атауы түрінде, проблема көтеру құралы ретінде, әдебиеттің бір саласы ретінде, қоғамдық пікірді қалыптастыру тетігі түрінде көрініс табады. Бұл айтылғандардың бәрі де публицистиканың жан-жақты, әр алуан қасиеттерін білдіреді.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары орыс зерттеушісі М. Гус “публицистика” термині публицистика ұғымы туралы түйінді ойлар айтқан болатын [35, 1 б.]. Теоретиктің түсінігінше “публицистика” ұғымы “журналистикаға қарағанда кеңірек ауқымды қамтиды – Публицистика – мамандық, кәсіп ретінде адамзат қызметінің бір түрі. Өйткені өздерін публицис-тикалық іске арнаған адамдар, өз қызметін публицистика деп атайды. Сонымен бірге публицистика ғалымның, саясаткердің, суреткердің, қоғам қайраткерінің, экономистің, заңгердің, тарихшының қосымша кәсіп саласы болуы да мүмкін. Яғни санаткерлігі жоғары, ой-өрісі кең, қоғамның тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басатын кез-келген қызмет иесі публицист бола алады. Мысалы: мамандығы орманшы Әлихан Бөкейханұлы – өз заманының ғажап публицисі, сондай-ақ мамандығы заңгер Жақып Ақбаевты, ғалым-лингвист Ахмет Байтұрсынұлын, ақын Сәбит Дөнентаевты, шығыстанушы Барлыбек Сыртановты, теміржолшы Мұхаметжан Тыныш-баевты, дәрігер Санжар Асфендияровты, педагог Мәннан Тұрғанбаевты өз заманының өткір ойлы публицистері ретінде айтып та, жазып та жүрміз.
Публицистика деп – публицистикалық шығармалардың жиынтығын да түсінуге болады. Яғни, очерктер мен фельетондар, мақалалар мен ашық хаттар, эсселер мен репортаждар, т.б. жиынтығы.
Публицистика деп жекелеген авторлардың немесе бірнеше қаламгерлердің публицистикалық шығармаларын да атау-ға болады. Мәселен, Халел Досмұхамедұлының публицисти-касы, Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытұлының (Екеудің) публицистикасы, Шоқан, Абай, Ыбырай публицистикасы, т.б.
Белгілі бір тарихи кезеңдердің публицистикалық шығар-малар шоғырын да публицистика ретінде танимыз. Мәселен, Алаш қозғалысының публицистикасы, Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы публицистика, 50-ші жылдардағы публицистика, тәуелсіз Қазақстан публицистикасы.
Зерттеуші М.Густің пікірінше, әрбір жеке публицистика-лық шығарма өз алдына және публицистикалық шығармалар жинақталған күйінде, олардың мазмұны мен пішінінің өзгеруі процесінде, дамуы мен жаңғыруы түрінде ғылыми зерттеудің нысаны бола алады. Ол өз еңбегінде публицистикалық шығарманың ерекшеліктері мен пішіндері туралы, публицис-тикалық туындылардың қоғам өмірінде алатын орны мен дамуы туралы ғылымды – публицистика теориясы деп атауды ұсынды [35, 1 б.].
Сонымен публицистика терминін нақты өмір құбылыс-тарымен қатысты қарастырғанда, шығысславян, поляк, неміс және басқа тілдерде кең қолданылатын мағынасына үңілгенде, оны кең және тар ұғымда түсінуге болады. Бұл осы сөздің мән-маңызының өзгеріп отыруына да байланысты. Публицистика кең мағынасында журналистік шығарма түсінігін ғана білдірмейді, сонымен қатар бұл ұғым аясынан шығып, өзекті қоғамдық-саяси тақырыпқа көпшілік алдында сөйленген сөздерді де қамтиды. Публицистика тар мағынасында – ішкі заңдылықтары мен өзіне ғана тән ерекшеліктері бар шығармашылықтың өзгеше түрі.
Ойларымызды жинақтайтын болсақ, журналистика – белгілі бір қызмет саласы және әсер ету сферасы, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарын, ұйымдар мен мекемелердің басын құрайтын белгілі бір аппарат, әлеуметтік институт. Ал публицистика – белгілі бір нысаны, орны, функциясы, мазмұны, құрылымы мен пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар және қоғам мүшелеріне әсер ету тәсілдері бар тұтас шығармашылық түрі.
Журналистер – ақпараттар мен жарияланымдар, хабарлар даярлап, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуына дейінгі творчестволық процесті жүзеге асыратын адамдар. Публицистер – осы бұқаралық ақпарат құралда-рының негізгі мазмұндық жағынан байытылып, толығуын, басты, қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды күн тәртібіне қоюды жүзеге асыратын адамдар. Бірақ нағыз кәсіби публицист – сонымен бір мезетте танымал журналист болып та қызмет атқара береді.
Публицистиканың көркем әдебиеттен де өзіндік өзге-шеліктері бар. Ең алдымен, публицистика шығармашылықтың публицистикалық түріне, ал көркем әдебиет – шығармашы-лықтың көркем түріне жатады.
Екіншіден, “көркем әдеби шығармалар (әңгіме, хикая, роман) міндетті түрде сюжетке құрылады, портреттер ойдан шығарылады. Типтендіру, образ жасау, публицистиканың көркем жанрларына ғана тән келеді. Оның өзінде де очерк пен фельетон авторлары өздерінің кейіпкерлерімен міндетті түрде кездесіп, олардың портреті, мінез-құлықтары туралы біраз мағлұмат алады. Сөйтіп, әдеби шығарма көркем шындыққа негізделіп жазылса, публицистік шығармалар өмірдің нақтылы шындығына сүйеніліп жазылады” [31, 148 б.]. Яғни, көркем әдебиетте шарттылық басым болса, публицистика нақтылыққа негізделеді.
Үшіншіден, көркем әдебиеттің өзіне ғана тән жанрлар жүйесі болатыны сияқты, публицистиканың өзіне ғана тиесілі бай жанрлар палитрасы бар.
Төртіншіден, көркем шығармада жазушы өзінің негізгі идеясын, ойларын, идеалын оқиға желісі, адам образы, характерлер қақтығысы, картиналар, эпизодтар арқылы береді. Автордың оқырманға ұсынар идеясы оқиға дамуы, образдың өсу жолдары арқылы ашылып отырады. Ал публицист өз ойын оқырманға тікелей ұсынады. “Публицистика – автор мен оқырманның ашық әңгімесі айтылып отырған оқиғаға байланысты автордың көзқарасы мен сезімі – ашуы, таңырқауы, қуанышы, реніші айқын білініп отыруы керек” [36, 14 б.]. Публицистика автордан терең ой мен білімділікті, тіл шеберлігін, өршіл пафосты, логика тереңдігін талап етеді. Ол оқырманмен ашық сөйлеседі, қоғамдық маңызы бар оймен сөйлейді.
Бесіншіден, көркем әдебиетте жазушы көлемді шығар-малар жазу үшін бүкіл ғұмырын сарп етуі мүмкін. Мәселен, М.Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” романы, І.Есенберлиннің, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауиннің, С.Сматаевтың тарихи романдары, осы жазушы-лардың көп жылдық еңбегінің жемісі. Ал публицистикада белгілі бір тар уақыт шеңберінде айтылмаған ой көнеруі мүмкін. Сондықтан да көркем әдебиет бірнеше жылдар оқиғасын, тұтас бір дәуірді қамтыса, публицистика күнделікті өмір ағысына ілесіп отыруы керек. Профессор Э.Г.Багиров “Природу телевидения составляет не только то, что отличает его от кино, радио и печати, но и то, что их объединяет, что отличает их от традиционных средств информации” [37, 43 б.] – дегендей, публицистика табиғатын да оның журналис-тикадан, көркем әдебиеттен айырмашылықтары ғана емес, ұқсастықтары мен жақындықтары да құрайды.
Публицистика мен көркем әдебиеттің екеуі де сөз өнерінің салалары. Екеуінің де құралы – сөз. Осы тұрғыдан келгенде, публицистика мен көркем әдебиеттің ұқсастық жағы болады, олар бір-бірімен органикалық тығыз байланысады деген тұжырым да жасау артық емес.
Шындыққа жүгінсек, Аристофанның өткір сықақтарында, Т.Кампанелланың (“Күн қаласы”) асқақ үнді қоғамдық ойларында, Вольтер мен Руссоның, Дидро мен Сен-Жюстің, Ромен Роллан мен Анри Барбюстің шығармаларында, одан әрі Иван Грозный мен Курбскийлердің өзара жазысқан қатынас қағаздарында, Белинскийдің Гогольге хатында, Герцен мен Чернышевскийдің, Щедриннің туындыларында публицистика-лық сарынның кең орын алғандығын дәлелдеген А.Бочаревтің “Публицистика – әлеуметтік шындықтың жаңа құбылыстарын ашушы және талқылаушы ретінде тек әдебиеттің барлаушысы болып қана қоймайды, сонымен бірге роман мен повестердің көркемдік бояуына публицистикалық пафос деп аталатын дүние боп сіңісіп кетеді” [38], – деген сөзінің жаны бар. Ұлы орыс сыншысы В.Г.Белинский көркем әдебиет пен публи-цистиканы өнер ретінде қарап, олардың бір-біріне тым жақын екендігін айта келіп: “… что здесь нет, четко определенной пограничной линии, так она является скорее воображаемой, чем действительной, и на нее не покажешь пальцем, как на государство на карте…” [39, 318 б.] – деп жазған. Шын мәнінде көркем әдебиет пен публицистика үшін поэтикалық стилистика арсеналдары – эпитеттер, метафоралар, теңеулер, гиперболалар, литоталар және троптар мен фигуралардың палитралық барлық түрлері, сатира мен юморлық, пафостық құралдар өте қажет. Бұл көркемдік бейнелеу құралдарынсыз сөз өнерінің эмоциональдық нәрі әлсіреп, атқаратын функциялық дәрежесі төмендеген болар еді.
Егер публицистика тарихына қысқаша шолу жасасақ, тағы да әдебиет пен публицистиканың тоғысатын тұстарының көп екендігін аңғару қиын емес. Мәселен, Ресейде публицисти-каның жарқын көріністері ХVІ ғасырда пайда болды. Иван ІV мен князь Андрей Курбскийдің әдеби айтыстары, Иван Пересветовтің жазбалары, “Беседа преподобного Сергия и Германа валаамских чудотворцев” атты шіркеулер мен монастрлерге қарсы бағытталған өткір памфлет – соның үлгілері, XVІІІ ғасырда сатиралық журналдардың тарих аренасына шығуына байланысты Кантемирдің, Ломоносовтың, Новиковтың, Крыловтың публицистикасы туды. Кейінірек Радищевтің “Петербургтен Москваға саяхат” атты тамаша публицистикалық жолжазбасы шықты. Пушкиннің “Арзрумға саяхатын” да – публицистиканың жарқын үлгісі ретінде атауымыз керек. ХІХ ғасырда орыс публицистикасы жаңа түр, жаңа сипат саяси маңыз алды. Белинскийдің “Гогольге хаты”, Герценнің “Табиғат туралы хаттары”, Чернышевскийдің “Көр-кемөнердің өмірге эстетикалық қатынастары”, Добролюбовтың “Нағыз күн қашан туады” атты еңбектері ХІХ ғасырдағы публицистиканың шыңы, тамаша туындылары болып табы-лады. Бұл шығармалар феодалдық қоғамдық құрылысты және оның саясатын әшкерелеп, оның іргетасын шайқалтты.
Әлемдік энциклопедияда Ульрих Фон Гуттен, Эразм Роттердамский, Вольтер, Дидро, Марат, Робеспьер, т.б. шетел публицистерінің есімі ерекше аталады. Публицистиканың жазылу пішіндері де әр түрлі. Газеттердегі публицистикалық мақалалардан бастап, саяси өткір памфлеттер, тіпті публи-цистикалық романдар да бар. Бұған Горькийдің “Сары сайтанның қаласы” атты памфлеті, Чернышевскийдің “Не істеу керек” деген публицистикалық романы мысал бола алады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *