ОСЫ ЖҰРТ ЖАНҒАЛИДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

ОСЫ ЖҰРТ ЖАНҒАЛИДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Қаншама сүйкімді жырлар жазып, қаншама жүйелі топтамалар берсе де, қаншама қуатты кітаптың авторы болса да, қазақ әдеби сынының оң көзіне ілігіп, өзіне лайық әділ бағасын ала алмай жүрген әдемі ақындарымыздың бірі – Жанғали Набиуллин. Белинский, Добролюбов, Чернышевскиі, тіпті Писареві болмаған пұшайман әдебиеттің бейшаралығы осында енді.
Қай-қай жағынан да білікті, ең алдымен, әсіресе, азаматтығы биік Белинскийлер Пушкиндермен, Лермонтовтармен ғана шектеліп қоймай, астанадан әбден аулақта жатқан еңбеккер де дарынды ақындарын ауыздарынан тастамай, үнемі айтып жүрген. Кольцов пен Никитин секілді әбеқоңыр ақындарының өзін аспанға көтеріп, әдебиет тарихына сүйреп кіргізген-ді. Біздің сыншыларымыз, көңілдеріне келсе де айталық, дарындарын былай қойғанда, кісілігінің өзімен де Белинскийлердің бақайынан келмейтін еңсесіздер, әдебиеттің көшбастары, серкесі болуға жарамаған бақай есептің өкілдері ғана!
Біздер, қазақтар, талант-дарынға аса бай елміз. Олар үзбей, үзілмей, лек-легімен келіп жатады, келіп жатады. Әрине, оп-оңай емес, қысылып-қымтырылып, жан-жағына жалтақтап, көрместі көріп, көшке ілесіп кетеді әйтеуір! Бірақ олардың біреуін, ең болмаса біреуін қолынан жетектеп, жалпақ жұртқа жария қылған бір де бір қазақ әдеби сыншысын көре алмадық. Таланттарды тауып, маңдайынан сипап, бата беріп жүргендер әдеби сыншылар емес, ақындар, ақын ағалар, жазушылар: Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Ғали Орманов, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев сияқты асыл ағаларымыз. Мұқағали Мақатаевты да, Жұмекен Нәжімеденовті де, Өтежан Нұрғалиевті де, Қанипа Бұғыбаеваны да, Күләш Ахметованы да, тіпті Тұманбай екеумізді де, әдебиетке алып келген сыншылар емес, осылар. Біздерді жаңылмай тапқан да, тапқандарына қуанған да

сол ардагер ұстаздар. Біз олардың алдында мәңгі-бақи қарыздармыз.
Жанғалидың жағдайы басқаша еді. Шалғайда туып, шалғайда тұрақтап қалды. Бір-екі рет Алматыға келмек болып әрекет етіп көріп еді, ол әрекеттен ештеңе шыға қоймады. Біздің басымыздан сипаған дуалы ауыз қаламгерлерге оның қолы жетпеді. Сол туған жерінде, Жайықтың жағасында жалғыздан жалғын шауып жүре берді. Бірақ әдебиет көшінен қалып қойған жоқ. Қай кезде болмасын сол ұзақ көштің үнемі жуан ортасында болды. Сөйтіп жүріп-ақ Әбділдә ағасының назарына ілікті. Ол: «Таяуда менің көзіме «Қазақ Совет поэзиясының антологиясында жарияланған «Асыққан жөн» деген бір өлең түсті. Авторы Жанғали Набиуллин деген жас ақын екен. Өлеңі маған ұнады. Мен мұндай өлеңдерді оқып қана қоймай, дәптеріме жазып аламын» деді республикалық жас ақын-жазушылардың семинар-мәжілісінде сөйлеген сөзінде.
1968 жылы әдеби жыл қорытындысында баяндама жасаған Ғафу Қайырбеков та осыған ұқсас бір ірі сөз айтқан-ды. «Ауқымды тақырып, биік идеяны жырлауға мүмкіндігі мол, алғашқы ауру – еліктеуден алыстап, өз орбитасына қарай тартқан өзгеше мінезді ақынды көрдім» деген-ді.
Ағыл-тегіл, көл-көсір кезінде айтудайын айта білетін қайран Ғафекең Жанғали талантының тамырын дәл басқан. Шынында да әйгілі әдеби планеталардың тартылыс күшінен ерте құтылып, өлең-жыр ғарышында өз орбитасынан өмірі ауытқып көрмеген Жанғалидың тақырыптарының өзі ешкімге ұқсамайды. Көз жүгіртіп көрелік: «Сөзіме сенбеген әйел», Жауапсыз хаттар», «Тілқағыс», «Электрлі білектер», «Шын шақыру», «Өзгенің әйелі», «Жек көр мені», «Еркектер үшін ертегі», «Соңғы шырпы», «Қаратпа сөйлем», «Қара ниет туралы ақ өлең», «Әулие тыныштық», «Төрт миллиардтың бірі», «е2-е4», «Тобылғы түндер», «Бұғымүйізді ойлар», «Ашық сабақ», «Түсірілмеген фильмнен ән», «Қауын тасыған Жирентөбел», «Нүкте және көп нүкте», «Үркер суға түскен күн»…т.б.

Жанғали басқа әріптестеріне тек өлең жазғанымен ғана ұқсайды. Ал өлеңдеріне үңілер болсақ, ол мүлдем басқа ақын. Оның өмірді көруі де, көріп қана қоймай, қабылдауы да және оны суреттеуі де барынша бөлек.
…Қара судай қалғыған қараңғыда-
Жүру қайда!-
Мен өзім жүзіп келем.
…Кідірсе сәл кідірген шығар күндер
Кешке қарай әтештің айдарында.
…Ойға шомған көлдерім қойнаудағы,
Құлыншақтай бой жазған бұлақтарым.
…Мен өтірік айтпаймын
Қара жерді –
Өзім жатар моламды басып тұрып.
…Жұқарды ма төзім де бекем-берік,
Сілеусін қар жатқандай бетімде еріп,
Налып кеттім,
Тұрмысқа бір шығудан
Күдер үзген кәрі қыз секілденіп!

Мұндай-мұндай мысалдарды қанша қажет болса, сонша келтіруге болады. Олар көп. Өйткені Жанғалидың табиғаты, жазуының өзі яки стилі осындай. Антон Чехов «Стиль дегеніміз -Адам» деп дәл айтқан.
Егер мен «Жанғали-суреткер ақын» десем, онда менің түк айтпағаным. Өйткені суреткер емес ақын — ақын емес. Ал суреткерлік дегеніміздің өзі – дарын, талант, ерекше құбылыс деген сөз. Ескерте кететін бір нәрсе — суреткерліктің өзі әртүрлі, әрқилы болады.
…Жүрдік сосын
алтын кірпік көктемді
Бөліп байлап бұрымына қыздардың.

…Ал күміс күлкің де
Бой жетпес
сымдарға қалыпты ілініп.
Бұл тармақтар маған ұнайды. Ұнағанда да жай ғана ұнап қоймады, қатты ұнайды. Неге? Неге екенін сезем. Бірақ түсіндіре алмаймын. Поэзия дегеннің ұлы қасиетінің өзі осында болуы керек. Бұл енді барып тұрған құпия! Бұл енді жұмбақ! Бірақ бүкіл поэзия жұмбақтан тұрады десек, онда қателесеміз. Анық. Тіптен анық. Соқырға таяқ ұстатқандай шынайы бейне-образдар да болады. Оларға да таң қаласың. Оған да таңданасың.
Күн туралы Жанғали:
…Бес құрлықты аймалап бес ұлындай
Күліп тұрды алтын күн аспанымда- десе,
қала туралы:
… Бұрын аяз жастанған Бөрібасар
Өреді енді
Диван мен кереуеттен,-дейді.
Немесе, қауын тасыған Жирентөбел жайында
… Тас қорадан өрген ол
Тас көшемен
Тас базарға жетеді тастай қатып,-дейді.
Көп мысал емес. Шағын-шағын үзінді. Бірақ шымқай көріністер. Алғашқы екі жолдағы жарқын көрінісі тұтас көру үшін, автор басқа бір планетаның обсерваториясында отыруға тиіс. Тиіс, бірақ нағыз дарын сол суретті өзі туған жұмыр жерде тұрып-ақ көз алдына келтіре алған. Елестетіп қана қоймаған, махаббатқа толы үлкен сомсурет жасай білген.
Екінші мысалды тағы да бір қайыра оқып шығып, сәл ойланып көріңізші! Қалай көремін десеңіз- солай көріңіз! Қалай түсінем десеңіз — солай түсініңіз! Ойдың өрісі кең. Әттең!

«Бөрібасар» деп нақтыламау керек еді. Бөрібасар ғана ма?! Ол болса ештеңе емес. Иттің де бір абыройлысы, еңбегі сіңгені ғой!
Қандендерді қайда қоясың?! Күн сайын диван мен керуеттен өріп жатқан қандендер аз ба?! О заман-ай! Жалпы заманның өзі иттердің заманына ауып бара жатқан жоқпа па осы?! Адамдар бомж болып, босып кетті. Ішетін тамағы, киетін киімі, жататын баспанасы жоқ. Ал иттер қалы кілем. Жұмсақ диван үстінде. Қайсысы қожайын, қайсысы ит? Әлде өлеңдегі әңгіме өтірік пе?! Жоқ, өтірік емес. Шындық. Барып тұрған шындық. Кәдімгі иттер туралы туынды. Бірақ әлеуметтік үлкен дүниені қоса көтеріп тұрған терең толғау.
Жанғали сұмдық сезінгіш. Керемет байқағыш. Оның ақындық қырағы көзі өзгені де, өзін де қылп еткізбей бағып, тексеріп отырады. Адам жанының ықпыл-жықпылын, ию-қию қалтарыстарын ерінбей ақтарады.
… Елу жылың тебінде жусап жатып,
Қиын екен жаяулап қусаң бақыт,- дейді ақын.Оқыс ой. Жылқың емес, жылың тебінде жусап жатыр. Бір сөздің орнына бір сөз түсіп кеткендей. Сөйте тұра дұрысы сол: жылқы емес, жылдар.
…Бір жәнтіктің балтыры сыздамаған,
Ауырмаған басы да бір шыбықтың!
Ал керек болса! Әдетте адамның ғана балтыры сыздаушы еді. Әдетте адамның ғана басы ауырушы еді! Мына бір егіз тармақта адам емес – жәнтік. Жәнтік түгіл, шыбығыңның өзі етіңнен ет кесіп беретін біртуғаның тәрізді. Тәрізді деймін. Шынында да жақынымыз емес пе? Егер біздер, адамдар, дүйім табиғатқа туысымыздай қарамасақ, жақынымыздай жанымыз ашымаса, дүние не болар еді?!


Ақынның ертеден кешке шейін бағатыны – айналасы яки адамдар. Оның аккумуляторы да — сол, төңірегі. Жинақтап айтқанда — Өмір.
… Бір ғажабы
Сұлулардың көзінше
Біреулерге ренжи де алмайсың.
Мұндай тармақтарды талдау үшін, бір емес, бірнеше парақ керек. Бірақ оқырмандарға сенімсіздік білдірмей, оны аңғарымпаз ағайындардың өздеріне қалдырдық.
…Жауабын да соңынан берейінші,
Сол «соңынан» бұйырса екеумізге.
Білмеймін-ау
Ұмыта алар ма екенмін!
деген тармақтардың тұсында өзіңнен өзің елеңдеп, сәл сасып қаласың. Бұл психологиялық сәттер. Бұл – ойдың, сезімнің оқыс мінез көрсетуі. Асығып бара жатып- тоқтау, ұша беріп-қону тәрізді құбылыс. Поэтикалық ұтымды тәсіл.
… Айна алдына галстук таға барсам,
Костюм киіп,
Тұр екем жалаң аяқ-дейді ақын бір өлеңінде. Өзін-өзі қалт жібермей қадағалаудың классикалық үлгісі. Әдетте біздер өзгенің кемшілігін көруге бармыз, өзіміздің осалдығымызды көруге жоқпыз. Өзіңді өзің бақылау, өз пенделігіңді өзің әжуа қылғаннан асқан қандай кемеңгерлік болуы мүмкін. Әттең! Әттең! Адамдар соны түсінбейді. Түсінгілері де келмейді. Адам-адамзаттың моделі. Өзін өзі түбегейлі зерттеген, әбден білген, көзі жеткен кісі кез келген характерді жасай алады. Біздің әрқайсымыздың бойымызда дәлдір де, данышпан да, адал да, арам да, періште де, пері де — бәрі де бар. Тұтас қалпында болмаса жасауға солар жетіп жатыр.
Жанғали – тынымсыз ізденіс үстіндегі талант. Ал ізденіс
үстіндегі ақында ешқашан тоқырау болмайды. Оның өлеңдерінен біз осыны байқаймыз.
Мойындауым үшін мен өзімді өзім
Келем маңдай терімді құрғатпастан — дейді ол.
Жарайсың, Жанғали! Құрғатпа теріңді!!
Босатпа тізгініңді!
Ертелі-кеш жаңа өлең тумаса да,
Ертелі –кеш орнымда отырамын!- деп едің ғой бір өлеңінде. Сол орныңнан қозғалма!Ең үлкен қасиет — өз орнынан табылу. Қозғалма! Безіп кетпе! Сені іздеген өлең-жыр сені сол орныңнан табатын болсын! Бір келгенде болмасаң, екінші келгенде болмасаң- өлең мен шабыт іздегенін қояды. Көңілі қалады. Құдай оның бетін аулақ қылсын!

Қадыр Мырза Әли
// Жас алаш.- 2001.- 22 желтоқсан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *